Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 тамыздағы № 588 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы Серік Мақашұлы Жұманғаринге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 23 тамыздағы
№ 588 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі,

      екіжақты экономикалық қатынастарды, екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мақсатында,

      теңдік, өзара тиімділік қағидаттарын және халықаралық құқықтың басқа да қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      екі мемлекет арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуға өзара мүдделілікті ескере отырып,

      екіжақты экономикалық және сауда қатынастарын дамытуға және нығайтуға, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді алмасуды көтермелеуге ниет білдіре отырып,

      шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы интеграциялық байланыстарды қолдау және өзара тиімді даму үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар ұзақ мерзімді әріптестік, тең құқылық қағидаттарын, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына және Әзербайжан Республикасының заңнамасына сәйкес өз мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

2-бап

      Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында және өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ынтымақтасып жұмыс істейтін шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін қолайлы жағдайлар жасайды және екінші Тараптың мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін іс-әрекеттерден аулақ болады.

3-бап

      Тараптар осы Келісімнің негізінде және өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына қарамастан, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдеседі.

4-бап

      Көрсетілетін қызметтер мен жөнелтілген тауарлардың көлемі, номенклатурасы, бағалары, сондай-ақ өзара есеп айырысу қағидалары мен шарттары шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында жасалатын тиісті шарттарда көрсетіледі. Егер Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында өзгеше көзделмесе, Тараптар шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында жасалған шарттардан туындайтын міндеттемелер бойынша жауапты болмайды.

5-бап

      Тараптар өз құзыреті шеңберінде сауда байланыстарын көтермелеу, сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеу және өзара мүддені білдіретін мәселелер бойынша тәжірибе алмасу мақсатында бизнес-форумдар, көрмелер, жәрмеңкелер, іскерлік кездесулер, консультациялар мен келіссөздер өткізеді.

6-бап

      Тараптар өз құзыреті шегінде өз мемлекеттері арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға, кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және өзара мүдделілікті білдіретін басқа да салаларда қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдеседі.

7-бап

      Тараптар экономикалық, заңдық және басқа да ақпаратпен, сондай-ақ осы Келісімді орындауға жәрдемдесетін енгізілген өзгерістері бар тиісті заңнамалық актілердің мәтіндерімен алмасу бойынша екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайтады.

      Осы Келісімнің негізінде Тараптардың кез келгені алған ақпарат осындай ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімі болған кезде ғана Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес үшінші тарапқа берілуі мүмкін.

      Осы Келісімнің шеңберінде мемлекеттік не коммерциялық құпияны құрайтын таратылуы шектелген ақпаратпен алмасу жүзеге асырылмайды.

8-бап

      Тараптар инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды, сондай-ақ өз мемлекеттерінің заңнамаларына және екіжақты халықаралық шарттарға сәйкес бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді.

9-бап

      1. Төлем теңгерімінде елеулі қиындықтар, сыртқы қаржылық қиындықтар немесе олардың қаупі болған жағдайда осы Келісімде ештеңе де Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптардың капитал қозғалысымен байланысты төлемдерге немесе аударымдарға қатысты шектеу шараларын қабылдауға немесе қолдауға кедергі ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған немесе қолдау көрсетілетін кез келген шаралар:

      a) мән-жайларға байланысты Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарына сәйкес келуге;

      b) екінші Тараптың коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне артық нұқсан келтіруді болғызбауға;

      c) осы баптың 1-тармағында баяндалған мән-жайлар орын алған кезде қажеттілік шектерінен шықпауға;

      d) уақытша болуға және осы Келісімнің 1-тармағында көрсетілген жағдай жақсарған сайын біртіндеп жойылуға;

      e) кемсітпеушілік негізде қолданылуға тиіс.

      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген немесе сақталған кез келген шектеулер немесе олардағы кез келген өзгерістер туралы екінші Тарап хабардар етілуге тиіс.

      4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес кез келген шектеулерді белгілейтін Тарап өзі қабылдаған шектеулерді қарау үшін екінші Тараппен консультациялар өткізе алады.

      5. Мұндай шектеулердің қолданылу аясын айқындау кезінде Тараптар өздерінің экономикалық бағдарламалары немесе даму бағдарламалары үшін неғұрлым маңызды болып табылатын экономика секторларына артықшылық бере алады. Алайда мұндай шектеулер экономиканың белгілі бір секторын қорғау мақсатында белгіленбейді және сақталмайды.

10-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің заңды және жеке тұлғалары арасында бірлескен кәсіпорындар құруды көтермелейді.

11-бап

      Осы Келісімде ештеңе де Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес екіжақты ынтымақтастықтың қосымша шарттарына қатысты Тараптардың жекелеген халықаралық шарттар жасасу құқығын шектемейді.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты туындайтын келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

13-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 14-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы бір Тарап екінші Тараптың тиісті хабарламасын алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.

      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданылу кезеңінде осы Келісімнің шеңберінде шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында жасалған шарттарда көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      20___ "____" _________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде алшақтықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Әзербайжан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады