Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 қарашадағы № 958 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Сәкенұлы Қуантыровқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 29 қарашадағы
№ 958 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2018 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның (бұдан әрі – Меморандум) 9-бабына сәйкес

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Меморандум осы Хаттамаға А қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

2-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

      2022 жылғы " " _________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Хаттаманың және оның А қосымшасының мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Экономикалық ынтымақтастық жәнедаму ұйымы үшін

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму
ұйымы арасындағы өзара
түсіністік туралы меморандумға
өзгерістер енгізу туралы
хаттамаға
А қосымша

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум

      Бұдан әрі жеке алғанда "Тарап" және бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – "Үкімет" немесе "Қазақстан Республикасы") және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – "ЭЫДҰ"),

      Ұйымға мүше болып табылмайтын мемлекеттермен қатынастар орнатуды көздейтін ЭЫДҰ туралы конвенцияның 12 (b)-бабына және ЭЫДҰ қызметіне мүше емес мемлекеттердің қатысуына мүмкіндік беретін Конвенцияның 12 (c)-бабына сәйкес осы Өзара түсіністік туралы меморандумды (бұдан әрі – "Меморандум") жасасу арқылы өз ынтымақтастығын нығайтуға және кеңейтуге ниет білдіре отырып,

      ЭЫДҰ органдарындағы әріптестіктер туралы кеңестің [C(2012)100/REV1/FINAL] әріптес елдердің ЭЫДҰ органдарына қатысуы үшін негіздер белгілейтін қарарын және ЭЫДҰ мүшелері "[ЭЫДҰ] жұмысына қатысатын әріптес елдердің саны артып келе жатқанын" және "мүшелердің басымдықтарына сәйкес осы барынша белсенді және әртүрлі және икемді қарым-қатынастардағы өзара қызығушылыққа негізделген өзара іс-қимылды құптағанын" мойындаған "Жаһандық ынтымақтастыққа сенім: ЭЫДҰ-ның келесі онжылдыққа пайымын" 2021 [С/MIN(2021)16/FINAL] назарға ала отырып,

      өздерінің көптен бергі өзара іс-қимылы тұрғысынан (Үкімет пен ЭЫДҰ ұлттық реформалар бағдарламасын іске асыруды қолдау үшін экономикалық саясаттың көптеген салаларында ынтымақтасады және 2008 жылдан бастап олардың өзара іс-қимылы айтарлықтай нығайды:

      Қазақстан Республикасы ұзақ уақыт бойы ЭЫДҰ-ның бірқатар өңірлік бастамаларының, оның ішінде Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі бағдарламаның, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі желінің, "Жасыл" экономика жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі арнайы жұмыс тобының және Табиғи ресурстарды пайдалану негізінде даму мәселелері жөніндегі саяси диалогтың белсенді қатысушысы болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы ЭЫДҰ бейінді комитеттерімен және олардың көмекші органдарымен ынтымақтастықты кеңейтті.

      2014 жылы ЭЫДҰ Үкіметке Елдік бағдарламаның қатысушысы болуды ұсынды. 2015 жылғы 22 қаңтарда ЭЫДҰ Бас хатшысы мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасында бірқатар саяси және институционалдық реформаларды жүзеге асыруға ықпал етуге арналған екі жылдық Елдік бағдарламаны іске асыру туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 2017 жылы Елдік бағдарлама 2018 жылдың соңына дейін ұзартылды. Осы бағдарламаның арқасында Қазақстан Республикасы ЭЫДҰ-ның бірқатар комитеттері мен олардың экономикалық саясаттың әртүрлі салаларына жататын көмекші органдарының жұмысына қатысу деңгейін арттырды, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның көптеген құқықтық құжаттарына қосылды.

      Елдік бағдарлама шеңберінде екі Тарап әлеуметтік интеграцияны ескере отырып, орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен әртараптандырылуын нығайту, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ үздік экологиялық нәтижелерге қол жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасының ұлттық реформаларын жүзеге асыруға ықпал етуге ниеттенді. Бұдан басқа, Тараптар ЭЫДҰ стандарттарын Орталық Азия өңірі ауқымында ілгерілету бойынша бірлесіп жұмыс істеді, бұл бастапқыда Елдік бағдарламамен декларацияланатын мақсат болды)

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап. Меморандумның мақсаты

      Осы Меморандумда Тараптар ынтымақтастығының шарттары айқындалған.

      Осы Меморандумның шеңберінде жүргізілетін кез келген іс-қимыл ЭЫДҰ-ның Жұмыс бағдарламасы мен бюджетіне енгізілуге жатады және екі Тараптың қағидалары мен жұмыс әдістеріне сәйкес іске асырылатын болады.

2-бап. Ынтымақтастық салалары

      Тараптардың осы Меморандум шеңберіндегі ынтымақтастығы мынадай бағыттарды қамтитын, бірақ олармен шектелмейтін бірқатар негізгі салаларға шоғырланады:

      1) мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;

      2) қоршаған ортаны қорғау және "жасыл экономика" саласындағы саясат;

      3) фискалдық саясат;

      4) денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік интеграция;

      5) білім және кәсіби дағдылар;

      6) бәсекеге қабілеттілік, инвестициялар және іскерлік ахуал;

      7) қазақстандық дамуға ресми көмек (бұдан әрі – ДРК) жүйесін дамыту;

      8) бәсекелестік, мемлекеттік меншік және жекешелендіру мәселелері;

      9) сауда;

      10) агроөнеркәсіптік кешен;

      11) табиғи ресурстарды басқару;

      12) тамақ қауіпсіздігі, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау;

      13) ғылым, технологиялар және инновациялар;

      14) ШОК және кәсіпкерлік;

      15) өңірлік даму саясаты;

      16) экономикалық зерттеулер және статистика;

      17) халықаралық көмектің тиімділігі;

      18) көлік; сондай-ақ

      19) орнықты даму саласындағы мақсаттар.

      Осы Меморандумның шеңберінде жасалатын іс-қимылдар күнтізбелік жылда екі рет: ағымдағы жұмысқа шолу жасау және келесі жылға арналған басым жобаларды айқындау мақсатында I тоқсанда бір рет және басымдықтарды талдау, ал қажет болған кезде қайта қарау мақсатында III тоқсанда бір рет Тараптар өкілдерінің қарауына жатады.

3-бап. Ынтымақтастық нысандары

      1. Тараптар мыналарды қамтитын, бірақ олармен шектелмейтін әртүрлі құралдардың көмегімен ынтымақтасады:

      1) зерттеулер, ұлттық саясатқа шолулар және талдаудың өзге де түрлері;

      2) ақпарат алмасу;

      3) ЭЫДҰ жұмысының қағидалары мен әдістеріне сәйкес екі Тарап жүргізетін неғұрлым сапалы талдау үшін негіз ретінде статистикалық деректермен және басқа да мәліметтермен алмасу;

      4) бірлескен іс-шараларды, семинарлар мен тренингтерді ұйымдастыру;

      5) жалпымемлекеттік және өңірлік іс-шаралар мен іс-қимылдарға қатысу;

      6) екі Тараптың сарапшылары мен ресми тұлғалары арасындағы, атап айтқанда, ЭЫДҰ персоналы мен сарапшыларының Қазақстан Республикасына миссиялары мен іссапарлары шеңберінде, сондай-ақ Тараптар арасындағы жекелеген жазбаша келісімдерге сәйкес Қазақстан Республикасы министрліктерінің немесе ведомстволарының ресми өкілдерін ЭЫДҰ-ға іссапарға жіберу шеңберіндегі ынтымақтастық;

      7) ЭЫДҰ жұмысының қағидалары мен әдістеріне сәйкес ЭЫДҰ органдары мен жобаларының жұмысына Үкімет өкілдерінің қатысуы үшін жағдай жасау;

      8) Қазақстан Республикасының ДРК жүйесін дамытуға жәрдемдесу;

      9) Үкіметтің ЭЫДҰ стандарттарын әзірлеуге орындылғына қарай және ЭЫДҰ жұмысының қағидалары мен әдістеріне сәйкес қатысуы;

      10) ЭЫДҰ жұмысының қағидалары мен әдістеріне сәйкес Қазақстан Республикасының ЭЫДҰ-ның әртүрлі құқықтық құралдарына қосылуына жәрдемдесу; сондай-ақ

      11) ЭЫДҰ стандарттарына қатысты Үкімет жүзеге асыратын экономикалық саясатты мониторингтеу, бағалау және салыстырмалы талдау.

      2. Тараптар осы Меморандумға 1-қосымшада келтірілген 2022 –2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына (Action Plan) сәйкес бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізді.

      Ынтымақтастық шеңберіндегі кез келген басқа нақты іс-қимылдар осы Меморандумға сәйкес Тараптар арасында жасалатын жекелеген жазбаша келісімдерде көрсетілуі мүмкін. Егер Тараптар осындай жекелеген жазбаша келісімдерде өзгеше келіспесе, осы Меморандумда келісілген Жалпы ережелер қолданылатын болады.

4-бап. Қаржыландыру

      1-қосымшада көрсетілген өзге де жағдайларды қоспағанда, осы Меморандум шеңберінде жүргізілетін барлық іс-қимылдарды Үкімет қаржыландыратын болады. ЭЫДҰ қызметі осы Меморандум шеңберінде қаржы қаражаты болған жағдайда жүзеге асырылады.

      Үкіметтің қаржыландыру жөніндегі кез келген міндеттемесі осы Меморандумға сәйкес Тараптар арасында жасалатын жекелеген жазбаша келісімдерде көрсетілуге тиіс. Мұндай жағдайларда мүмкіндігінше әр Тараптың заңнамасына, атап айтқанда, Қазақстан үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Тараптар осы Меморандумға 2-қосымша ретінде қоса берілетін Үлгілік Келісімге сәйкес халықаралық келісімдер жасасады.

5-бап. Зияткерлік меншік

      1. Тараптар зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың және сақтаудың маңыздылығын мойындайды. Осы Меморандум Тараптардың бірде-біріне, осындай жұмыс осы Меморандум шеңберінде немесе оның шеңберінен тыс жүргізілгеніне қарамастан, оған қатысты авторы немесе зияткерлік меншік құқықтарының иеленушісі басқа Тарап болып табылатын қандай да бір жұмыстарды пайдалану құқығын бермейді.

      2. Осы Меморандумның шеңберінде Тараптардың бірлескен қызметінің нәтижесінде жасалған, авторлары екі Тарап болып табылатын кез келген бірлескен жұмысқа зияткерлік меншік құқықтары Тараптардың бірлескен иелігінде болады. Тараптардың әрқайсысының, екінші Тараптың жұмысқа қосқан үлесінің тиісінше расталуын ескере отырып және үшінші тұлғаларға пайдалану құқығын беру үшін әрбір Тарап басқасының алдын ала жазбаша келісімін алуға күш салған жағдайда осы жұмысты жеке пайдалануға және кез келген нысанда қайта шығаруға құқығы бар.

6-бап. Ақпаратты ашу

      1. Тараптар аталған Меморандумды және осы Меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын қызметке қатысты ақпаратты Тараптардың тиісті ішкі қағидаларына сәйкес жұртшылыққа ашуға құқылы.

      2. Тараптар арасындағы кез келген құпия ақпарат алмасу Тараптардың құпия ақпаратты ашумен байланысты тиісті ішкі қағидаларымен және рәсімдерімен келісілуге тиіс. Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың құпия және (немесе) құпияландырылған ақпаратын қорғау бойынша шара қолданады.

7-бап. Тараптардың жауапкершілігі

      1. Тараптардың әрқайсысы өз қызметі үшін, сондай-ақ әрекетті және әрекетсіздікті қоса алғанда, өз қызметкерлерінің және (немесе) сарапшыларының қызметі үшін жауапкершілікте болады.

      2. Осы Меморандумның шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтің салдары немесе онымен байланысты басқа Тарапқа және (немесе) оның қызметкерлеріне/сарапшыларына келтірілген залал немесе зиян үшін, осындай залал немесе зиян Тараптың ("Бірінші тараптың") және(немесе) оның қызметкерлері/сарапшылары іс-қимылдарының салдары немесе нәтижесі болып табылатын жағдайларды қоспағанда, Бірінші тарап жауапкершілікте болмайды. Бұл жағдайда Бірінші тарап басқа Тарапқа және (немесе) оның қызметкерлеріне залалды өтеуге және зияннан қорғауға міндеттенеді.

8-бап. Миссияларды ұйымдастыруға жәрдемдесу

      1. ЭЫДҰ күнделікті ынтымақтастықты және ақпаратқа қолжетімділікті жақсартуды қамтамасыз ету мақсатында ЭЫДҰ қызметкерлерін немесе сарапшыларын Қазақстан Республикасына іссапарға жібере алады. Осы өзара идея және тәжірибе алмасу Тараптардың ынтымақтастығын нығайтуға және тереңдетуге қызмет ететін болады.

      2. Тараптар халықаралық шартқа сәйкес құрылған халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ, оның қызметкерлері мен сарапшылары, Қазақстан Республикасындағы тағайындалған немесе миссия құрамындағылар, сондай-ақ ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің және Қазақстан Республикасының аумағында ЭЫДҰ кеңестеріне қатысатын басқа мемлекеттердің өкілдері 1946 жылғы 13 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалануға тиіс екенін мойындайды. Осыған байланысты Үкімет, атап айтқанда:

      1) ЭЫДҰ қызметкерлері тұрақты немесе уақытша пайдаланатын үй-жайлардың қол сұғылмаушылығын құрметтеуге;

      2) кеңестер, семинарлар мен жұмыс кеңестерін өткізу үшін уақытша енгізілетін барлық құрал-жабдықтарды кедендік баждардан босатуға; сондай-ақ

      3) ЭЫДҰ-ның барлық қызметкерлері мен сарапшыларының, сондай-ақ ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттер мен ЭЫДҰ кеңестеріне қатысатын басқа да мемлекеттер өкілдерінің Қазақстан Республикасынан келуіне, болуына және кетуіне жәрдемдесуге міндеттенеді.

      3. ЭЫДҰ лауазымды адамдар мен қызметкерлерді Қазақстан Республикасынан немесе оның кез келген министрліктерінен немесе ведомстволарынан (бұдан әрі – "жіберуші мекеме") ЭЫДҰ штаб-пәтеріне олардың ортақ түсінігін дамыту және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша жәрдемдесу, сондай-ақ ЭЫДҰ жұмыс бағдарламасы мен бюджетін іске асыру мақсатында іссапарға жіберуді қарайды. Өз кезегінде Үкімет те ЭЫДҰ персоналы мен сарапшыларының Қазақстан Республикасына, оның министрліктеріне немесе ведомстволарына (бұдан әрі – "қабылдаушы мекеме") іссапарға жіберілуін қарайды. Кез келген іссапар ЭЫДҰ, жөнелтуші мекеме немесе қабылдаушы мекеме және мүдделі лауазымды адамдар, қызметкерлер немесе сарапшылар арасындағы жеке жазбаша келісімнің мәні болып табылуға тиіс, онда ЭЫДҰ жұмысының қағидаларына, саясатына және әдістеріне сәйкес іссапарға жіберу шарттары айқындалуға тиіс.

      ЭЫДҰ қажет болған жағдайда аты-жөндері екі Тараппен келісілуге тиіс қазақстандық лауазымды адамдар мен қызметкерлердің ЭЫДҰ жұмысына қатысу қажеттігін растайтын хаттарды және басқа да құжаттарды беру жолымен осы адамдардың қабылдаушы елге кіруіне жәрдемдесу үшін барлық ықтимал шараларды қабылдауға келіседі.

9-бап. Дауларды шешу

      1. Осы Меморандум ынтымақтастық және өзара іс-қимыл рухында жасалған. Тараптар осы Меморандумды түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дауды реттеу үшін достық келіссөздер жүргізеді.

      2. Егер Тараптар жоғарыда келтірілген тармаққа сәйкес бейбіт жолмен реттеуге қол жеткізе алмаса, осы Меморандумды түсінуден, қолданудан немесе орындаудан, оның ішінде оның әрекет етуінен, жарамдылығынан немесе оның тоқтатылуынан туындайтын немесе оған қатысты кез келген қайшылықтар, келіспеушіліктер немесе талаптар 2012 жылғы Төрелік соттың тұрақты палатасының Төрелік регламентіне сәйкес түпкілікті және міндетті төрелік талқылау жолымен шешілуге тиіс. Төрешілердің саны бірге тең болуға тиіс. Төрелік талқылаудың тілі – ағылшын тілі. Төрелік талқылауды өткізу орны – Париж, Франция.

10-бап. Негізгі байланыстар

      Әрбір Тарап осы Меморандумның орындалуына жалпы жауапты, оның ішінде осы Меморандумға сәйкес жүзеге асырылатын іс-шаралар үшін жұмыс жоспарларын жасауға жауапты өз өкілін тағайындайды:

      Қазақстан тарапынан: Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

      ЭЫДҰ тарапынан: ЭЫДҰ Жаһандық байланыстар және ынтымақтастық жөніндегі директор Андреас Шааль.

11-бап. Қолданылу кезеңі және өзгерістер

      Осы Меморандум оған қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады. Осы Меморандумның қолданылуы Тараптардың жазбаша келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Меморандумға өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылады.

12-бап. Қолданысын тоқтату

      1. Осы Меморандумның қолданылуы Тараптардың бірі екінші Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберген күннен бастап үш ай өткен соң тоқтатылуы мүмкін.

      2. Мұндай жағдайда Тараптар қажеттігіне қарай осы Меморандумға сәйкес басталған іс-шаралардың тиісті және ұйымдастырылған тәртіппен аяқталуына кепілдік беретін іс-қимылдарды келіседі.

      3. Үкімет немесе ЭЫДҰ осы Меморандумның қолданылуын тоқтатқан жағдайда, Үкімет осы Меморандумның қолданылуы тоқтатылған күнге дейінгі кезеңде ЭЫДҰ шеккен немесе қайтарымсыз жасаған шығыстарды жабады.

      2022 жылғы " " _________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Меморандумның мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Экономикалық ынтымақтастық жәнедаму ұйымы үшін

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму
ұйымы арасындағы өзара
түсіністік туралы
меморандумға
1-қосымша

2022–2025 жылдарға арналған іс-қимылдар жоспары (Action Plan)


Іс-шара

Аяқталу нысаны

Жауапты орындаушылар

Орындалу мерзімі

ЭЫДҰ-мен саясатқа шолуларды жүзеге асыру шеңберіндегі жұмыс

1

Қазақстанда мемлекет қатысатын кәсіпорындарды корпоративтік басқару бойынша шолу

Шолу

ҰЭМ

2022-2023

2

Парасаттылық бойынша шолу

Шолу

СЖҚІА (келісу бойынша)

2022-2023

3

Қосылған құнның жергілікті тізбектерін оңтайландыру II кезең

Шолу

СИМ

2022-2023

4

Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу

Шолу

СЖРА ҰСБ (келісу бойынша)

2023-2025

5

Sustainable Infrastructure Programme Asia (SPA), донор үшінші тарап қаржыландыратын төрт жылдық жоба

Шолу

ҰЭМ, ИИДМ, ЭГТРМ, ЭМ, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ (келісу бойынша)

2022-2024

6

"Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Мемлекеттік басқару реформасына қатысты диалогқа жәрдемдесу: кешенді қатысу туралы ұсыныс" шолуы

Шолу

ҰЭМ

2023

7

ЭЫДҰ және KazAID Қазақстанда ДРК жүйесін дамыту жөніндегі жол картасы

Шолу

СІМ

2023-2025

8

Трансферттік баға белгілеу бойынша жоба

Шолу

Қаржымині МКК

2023-2025

9

ЭЫДҰ-ның "Қазақстандағы бәсекелестік құқық және саясат" атты екінші сараптамалық шолуы

Шолу

БҚДА (келісу бойынша)

2024-2025
 

10

Донор-үшінші тарап қаржыландыратын ЭЫДҰ-ның Орталық Азия бойынша бәсекеге қабілеттілік туралы есебі

Шолу

ҰЭМ

2024

ЭЫДҰ құқықтық құжаттарымен байланысты жұмыс

11

ЭЫДҰ-ның жемістер мен көкөністер жөніндегі схемаларына және сұрыптық сертификаттауға қосылу

Қосылу

СИМ
(Техникалық реттеу және метрология комитеті, "Қазақстан стандарттау және метрология институты" РМК),
АШМ

2023

12

Халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде лауазымды адамдарды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу

Қосылу

СЖҚІА (келісу бойынша)

2025

13

Капитал қозғалысын ырықтандыру кодексіне және ЭЫДҰ-ның ағымдағы көрінбейтін операцияларын ырықтандыру кодексіне қосылу

Қосылу

ҰЭМ, ҰБ (келісу бойынша), Қаржымині, СИМ, ҚНРДА (келісу бойынша)

2025

ЭЫДҰ-ның талдамалық құралдары

14

Мына құралдар бойынша семинарлар өткізу:
ЭЫДҰ көрсетілетін қызметтер саудасының шектеулілік индексі (Services Trade Restrictiveness Index, STRI), OECD Trade Facilitation Indicators, Trade in Value Added (TiVA)

Семинар/вебинар

СИМ, БҚДА, "QazTrade" АҚ, (келісу бойынша), Қаржымині

жыл сайын

15

МЕТRО ЭЫДҰ сауда моделі бойынша семинарлар өткізу
(ЭЫДҰ-ның әлемдік нарықтарды талдауға арналған құралы)

Семинар/вебинар

СИМ, "QazTrade" АҚ (келісу бойынша)

жыл сайын

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

      БҚДА – Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі;

      "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы;

      СЖҚА – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет);

      ҚНРДА – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі;

      "QazTrade" АҚ – "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" акционерлiк қоғамы;

      СЖРА ҰСБ – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы;

      Қаржымині МКК – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті;

      ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;

      Қаржымині – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;

      СИМ – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі;

      СІМ – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі;

      ИИДМ – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі;

      ЭГТРМ – Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі;

      АШМ – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;

      ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;

      ҰБ – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму
ұйымы арасындағы өзара
түсіністік туралы
меморандумға
2-қосымша

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы үлгілік келісім

"[Жобаның атауы]" жобасы

      Бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" және бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап. Шарттың нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – "ЭЫДҰ") ["Жобаның атауы"] жобасын (бұдан әрі – "Жоба") жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) Жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.

      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап [XX] айды құрайды.

2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Үкімет Жобаны іске асыруға арналған шығыстарды жабу есебінен ЭЫДҰ-ға ХХХХ ([сомасы жазбаша] ЕВРО) сомасында жарна беруге міндеттенеді.

      2. Осы Келісімге қол қойылғаннан және ЭЫДҰ-дан тиісті шот [немесе төлемнің тараптармен келісілген басқа кестесі] алынғаннан кейін жарна толығымен төленуге жатады.

      3. ЭЫДҰ осы жарнаға қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасына қосылған әкімшілік шығындарды өтеуді төлеуді көздейтін ЭЫДҰ-ның қаржылық ережелеріне және басқа да тиісті қағидаларына, саясаты мен рәсімдеріне сәйкес билік етеді. Жалпы қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес шығыс ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетілетін болады және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап. Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаны осы Келісімге қосымшада келтірілген техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырады.

      2. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Үкіметке Жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндау нысанында есеп береді.

      3. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Үкіметке баяндау түрінде қорытынды есеп береді.

      4. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Үкіметке шығыстар туралы жылдық есеп береді.

      5. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Үкіметке шығыстар туралы қорытынды есеп береді.

      6. Үкімет қаржылық есептілікке қойылатын талаптар ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепті ұсыну арқылы сақталатынына келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      Тараптар Жобаны жүзеге асыру үшін бір-біріне өзара жәрдем көрсетеді және қажетті мәліметтер береді.

      Тараптар арасындағы кез келген қарым-қатынас мына мекенжайларға жіберіледі:

      Үкімет үшін: [ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ТАРАПЫНАН НЕГІЗГІ БАЙЛАНЫС ЖАСАУШЫ АДАМДЫ КӨРСЕТУ].

      ЭЫДҰ үшін: [ЭЫДҰ ДИРЕКТОРАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАЙЛАНЫС ДЕРЕКТЕРІ ЖӘНЕ ТАҒЫ СОЛ СИЯҚТЫ].

5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Кез келген нысандағы Жобаның нәтижелері ЭЫДҰ-ның айрықша меншігі болып қалады.

      2. Үшінші тараптардың құқықтарын, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның құжаттарды құпияландыру мен құпиясыздандыруға қатысты қағидалары мен саясатын ескере отырып (егер бұл қолданылса), ЭЫДҰ Үкіметке ағымдағы жарна қаражатынан қаржыландырылатын қызмет шеңберінде дайындалған жарияланымның немесе жарияланымдардың қағаз көшірмелерін коммерциялық емес мақсаттарда пайдалану, көшіру және тарату құқығын береді. Үкімет сондай-ақ мұндай құжаттарды өзінің веб-сайтында және/немесе министрліктер мен басқа да мемлекеттік органдардың веб-сайттарында орналастыруға, сондай-ақ олардың толық мәтінін тек оқуға мүмкіндік беретін форматта (html 5) бөлісуге құқылы.

      3. Үкімет ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын қажет болған жағдайда әрқашан тиісті түрде мойындайды және көрсетеді.

      4. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен нысанына қарамастан қорытынды есепті бірінші жариялау құқығын өзіне қалдырады.

      5. Қорытынды есеп Үкіметтің Жобаға қосқан үлесін мойындауды қамтиды. Үкіметтің символы басылым мұқабасының артқы жағында немесе басылымның ішінде жоғарыда аталған танудың жанында орналастырылады.

      6. Үкіметтің меншігі болып табылатын және Жоба барысында ЭЫДҰ-ға берілген кез келген деректер немесе ақпарат Үкіметтің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ өз есебін дайындау мақсатында және тұтастай алғанда жобаны жүзеге асыру үшін көрсетілген деректер мен ақпаратты пайдалануға және (немесе) қосуға құқылы.

6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімнен немесе оған қатысты, оның ішінде бейбіт жолмен реттелуі мүмкін емес оны бұзудан, қолданылуын тоқтатудан немесе жарамсыздығынан туындайтын кез келген дау, келіспеушіліктер немесе талаптар 2012 жылғы Төрелік соттың тұрақты палатасының Төрелік регламентіне сәйкес төрелік талқылау жолымен шешілуге тиіс. Төрешілердің саны бірге тең болуға тиіс. Төрелік талқылаудың тілі – ағылшын тілі. Төрелік талқылауды өткізу орны – Париж, Франция. Осы арқылы Тараптар төрелік соттың кез келген шешімін жою немесе орындауға жатпайды деп тану мақсатында оны даулау құқығынан бас тартады.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ештеңе де халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап. Өзгерістер енгізу

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылады және жеке хаттамалармен ресімделеді.

9-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Ол екі Тарап одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін қолданылады және толық күшін сақтайды.

      2022 жылғы " " _________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Экономикалық ынтымақтастық жәнедаму ұйымы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады