"Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 1177 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған:

      1) Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі ‒ Кешенді жоспар);

      2) жекешелендіру объектілерін Кешенді жоспарға қосу және одан алып тастау жөніндегі әдістеме бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген жекешелендірілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізіміне енгізу өлшемшарттары (қағидаттары) осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына (келісу бойынша) осы қаулыға 6-қосымшаға сәйкес өткізілуінің, қайта ұйымдастырылуының, таратылуының мерзімдерін, тәсілдерін, сондай-ақ өзге де шарттарын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқармасы айқындайтын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының еншілес, тәуелді ұйымдарының және онымен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың тізбесін бекіту ұсынылсын.";

      көрсетілген қаулыға 6-қосымшада тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өткізілуінің, қайта ұйымдастырылуының, таратылуының мерзімдерін, тәсілдерін, сондай-ақ өзге де шарттарын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқармасы айқындайтын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының еншілес, тәуелді ұйымдарының және онымен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың тізбесі".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 1177 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 908 қаулысымен
бекітілген

Жекешелендіру объектілерін Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына қосу және одан алып тастау жөніндегі әдістеме

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жекешелендіру объектілерін Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына қосу және одан алып тастау жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – әдістеме) "Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына (бұдан әрі – Кешенді жоспар) жекешелендіру объектілерін қосу және одан алып тастау кезінде қолданылады.

      2. Осы әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жекешелендіру объектісі – мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдардың акциялары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестері, ұлттық басқарушы холдингтердің еншілес және тәуелді ұйымдары және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар;

      2) Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) – "Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 сәуірдегі № 314 Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      3) мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген талаптарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарға ие орталық атқарушы орган немесе орталық атқарушы органның ведомствосы. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мүлікке қатысты құқықтарды өзге мемлекеттік органдарға берген жағдайда Заңда көзделген тиісті саланың уәкілетті органы туралы ережелер осындай мемлекеттік органға қолданылады.

2-тарау. Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына жекешелендіру объектілерін қосу

      3. Кешенді жоспарға жекешелендіру объектілерін қосу мынадай реттілікпен жүзеге асырылады:

      1) мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің өздеріне ведомстволық бағынысты квазимемлекеттік сектор субъектілерін жекешелендірудің орындылығы тұрғысынан олардың қызметіне осы әдістеменің 4-тармағында көзделген өлшемшарттарды ескере отырып талдау жүргізуі;

      2) мемлекеттік органдардың өздеріне ведомстволық бағынысты заңды тұлғараларға қатысты, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жеке және заңды тұлғалардың жекешелендіру объектісін Кешенді жоспарға қосу туралы мәселеге бастама жасауы не Қазақстан Республикасының Үкіметі, Президенті Әкімшілігі басшылығының тиісті тапсырмасының болуы;

      3) тиісті саланың уәкілетті органының жекешелендіру объектісіне қатысты салалық қорытынды және монополияға қарсы органның ұстанымдар дайындауы;

      4) Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия жанындағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының (бұдан әрі – жұмыс тобы) ұсынымдар дайындауы;

      5) жекешелендіру объектісін Кешенді жоспарға қосу туралы мәселені Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізу;

      6) Мемлекеттік комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда жекешелендіру объектісін Кешенді жоспарға қосуды көздейтін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізу.

      4. Жекешелендіру объектілерін Кешенді жоспарға қосу жөнінде ұсыныстар қалыптастыру мақсатында мемлекеттік органдар, ұлттық басқарушы холдингтер жыл сайын 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде квазимемлекеттік сектордың ведомстволық бағынысты субъектілерінің қызметін мынадай өлшемшарттардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келуі тұрғысынан талдайды:

      1) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 192-бабының 1-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келмейтін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы;

      2) квазимемлекеттік сектор субъектісінің Кодекстің 24-бабының 3-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келуі (шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері);

      3) монополияға қарсы органның акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындарды, заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды бәсекелес ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы;

      4) заңды тұлға қызметінің маңызды аспектілері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау құқығын бермейтін акциялардың бақыланбайтын пакетін (қатысу үлестерін) иеленуі;

      5) Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалған жобаның өзін-өзі ақтау мерзімінің басталуы;

      6) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың осы тауар нарығында болуының монополияға қарсы орган ұсынған мерзімінің басталуы;

      7) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының атына жеке кәсіпкерлік субъектілерінен тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісін сатып алу туралы ұсыныстардың түсуі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 7) тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттар қызметі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етумен, стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар объектілерді пайдаланумен және күтіп-ұстаумен байланысты заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына, Президенті мен Үкіметінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын объектілерге қатысты қолданылмайды.

      5. Мемлекеттік органдар, ұлттық басқарушы холдингтер мына мемлекеттік органдарға:

      1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға;

      2) тиісті саланың уәкілетті органына;

      3) монополияға қарсы органға бір мезгілде өтінішхат жіберу арқылы жекешелендіру объектісін Кешенді жоспарға қосу туралы мәселеге бастама жасайды.

      Объектіні Кешенді жоспарға қосу туралы өтінішхатта:

      1) объектінің меншік иесі туралы деректер;

      2) объект туралы, оның ішінде соңғы үш жылдағы қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы деректер;

      3) объектіге үшінші тұлғалардың құқықтарымен салынған ауыртпалықтың бар/жоқ екені туралы мәліметтер;

      4) объектіні жекешелендіру орындылығының негіздемесі;

      5) осы әдістеменің 11-тармағына сәйкес жекешелендіру объектісі туралы мәліметтер қамтылады.

      Мемлекеттік органдар, ұлттық басқарушы холдингтер осы әдістеменің 4-тармағына сәйкес жүргізілген талдаудың қорытындысы бойынша Кешенді жоспарға жекешелендіру объектісін қосу туралы мәселеге бастама жасауды жыл сайын 31 қаңтарға дейін жүзеге асырады.

      6. Тиісті саланың уәкілетті органы қолдаухатты алған күннен бастап немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі, Президенті, Әкімшілігі басшылығының тапсырмасы түскен күннен бастап, егер тапсырмада өзге мерзім белгіленбесе, күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға салалық қорытындыны жібереді.

      Салалық қорытындыда:

      1) отандық, шетелдік және бірлескен кәсіпорындардың үлесін айқындауды қоса алғанда, саланың ағымдағы жай-күйін бағалау;

      2) жекешелендіру объектісін Кешенді жоспарға қосудың орындылығының негіздемесі не мемлекеттің экономикалық мүддесін ескергенде оны жекешелендірудің орынсыздығының негіздемесі;

      3) объектіні жекешелендірудің не объектіні мемлекет меншігінде қалдырудың болжамды әсерін бағалау;

      4) объект жекешелендірілген жағдайда болжанатын тәуекелдерді (қауіп-қатерлер және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін немесе Қазақстан Республикасы қоғамының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету) бағалау;

      5) тәуекелдер (Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қауіп-қатерлер) болмаған жағдайда есеп-қисаптар мен негіздемелер қамтылады.

      Қажет болған жағдайда салалық қорытындыда жекешелендіру объектісі бойынша шешім қабылдау үшін маңызды өзге де ақпарат қамтылуы мүмкін.

      Егер жекешелендіру объектісін Кешенді жоспарға қосуға бастаманы тиісті саланың уәкілетті органы жасаса, қосу туралы өтінішхатпен бірге салалық қорытынды жіберіледі.

      7. Монополияға қарсы орган қаралып отырған объектінің дамуы мен тиісті тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне әсерін ескере отырып, өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұстанымын жібереді.

      8. Осы әдістеменің 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің ұстанымдарын алғаннан кейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұсынылған материалдарды негізділігі тұрғысынан қарайды және орынды болған жағдайда объектіні Кешенді жоспарға қосу туралы мәселені жұмыс тобының қарауына шығаруды қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша бастамашы мемлекеттік орган және тиісті саланың уәкілетті органы мәселені Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне сәйкес жұмыс тобының отырысында сапалы қарау үшін қосымша ақпарат ұсынады.

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жұмыс тобының отырысы өткізілгенге дейін 3 (үш) жұмыс күні бұрын мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті хабарлама жібереді.

      9. Жұмыс тобы мәселе бойынша оң шешім шығарған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі осы мәселені Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 сәуірдегі № 314 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік комиссия туралы ережеге сәйкес Мемлекеттік комиссияның қарауына шығаруды қамтамасыз етеді.

      10. Мемлекеттік комиссия оң ұсыным берген кезде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізуді қамтамасыз етеді.

3-тарау. Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарынан жекешелендіру объектілерін алып тастау

      11. Егер:

      1) жекешелендіру объектісінің қызметі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етумен, стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар объектілерді пайдаланумен және күтіп-ұстаумен байланысты болса;

      2) жекешелендіру объектісі Қазақстан Республикасының заңдарына, Президенті мен Үкіметінің актілеріне сәйкес иеліктен шығарылуға жатпаса;

      3) соттың күшіне енген шешімімен жекешелендіру объектісінің қызметі тоқтатылып қойған болса не меншік иесін ауыстыру жөніндегі операцияны жүзеге асыруға тыйым салынса;

      4) жекешелендіру объектісі банкроттық және (немесе) оңалту сатысында болса;

      5) жекешелендіру объектісінде үшінші тұлғалар алдында шарттық міндеттемелер болып, жекешелендірілетін болса, оларды орындау мүмкін болмаса;

      6) жекешелендіру объектісін өткізу мемлекеттің экономикалық мүдделеріне сәйкес келмесе, оның ішінде технологиялық байланысты процестерді іске асыруды қамтамасыз ету және (немесе) объектіні мемлекеттік меншікте қалдыру қажет болған жағдайда жекешелендіру объектісін Кешенді жоспардан алып тастау туралы мәселеге бастама жасалады.

      12. Жекешелендіру объектілерін Кешенді жоспардан алып тастау мынадай реттілікпен жүргізіледі:

      1) жекешелендіру объектісін Кешенді жоспардан алып тастау туралы мәселеге мемлекеттік органдардың бастама жасауы не Қазақстан Республикасының Үкіметі, Президенті Әкімшілігі басшылығының тиісті тапсырмасының болуы;

      2) тиісті саланың уәкілетті органының және монополияға қарсы органның жекешелендіру объектісіне қатысты салалық қорытындылар дайындауы;

      3) жұмыс тобының мемлекет иелігінен шығару және жекешелендіру мәселелері бойынша ұсынымдар тұжырымдауы;

      4) Мемлекеттік комиссияның ұсынымдар тұжырымдауы;

      5) Кешенді жоспарға түзетулер енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеу, келісу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізу.

      13. Жекешелендіру объектісін Кешенді жоспардан алып тастау туралы мәселеге бастама жасауды мемлекеттік органдар осы әдістеменің 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген уәкілетті органдарға бір мезгілде өтінішхат жіберу арқылы жүзеге асырады.

      Жекешелендіру объектісін Кешенді жоспардан алып тастау туралы өтінішхатта осы әдістеменің 11-тармағында көзделген өлшемшарттардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келетіндігі көрсетілген жекешелендіру объектісін Кешенді жоспардан алып тастау орындылығының негіздемесі болуға тиіс.

      14. Тиісті саланың уәкілетті органы өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күні ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы әдістеменің 6-тармағында көрсетілген мәліметтерді қамтитын салалық қорытынды жібереді.

      Егер жекешелендіру объектісін Кешенді жоспардан алып тастауға тиісті саланың уәкілетті органы бастама жасаған болса, онда осындай хатпен бірге салалық қорытынды жіберіледі.

      Монополияға қарсы орган өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік
15 (он бес) күн ішінде қаралып отырған объектінің дамуы мен тиісті тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне ықпалын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұстанымын жолдайды.

      15. Мемлекеттік органдардан осы әдістеменің 5-тармағында көрсетілген ұстанымдарды алғаннан кейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орынды болған жағдайда мәселені жұмыс тобының қарауына шығаруды қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша бастамашы және тиісті саланың уәкілетті органы мәселені жұмыс тобының отырысында сапалы қарау үшін қажетті материалдарды ұсынады.

      16. Жұмыс тобы мәселеге қолдау көрсеткен кезде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы мәселені Мемлекеттік комиссияның қарауына шығаруды қамтамасыз етеді.

      17. Мемлекеттік комиссия оң ұсыным берсе, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті қаулы жобасын әзірлейді және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізуді қамтамасыз етеді.

      18. Кешенді жоспарға қосылған объектілерді жекешелендіру мерзімін бір реттен асырмай және үш жылдан аспайтын мерзімге ауыстыруға жол беріледі.

      Кешенді жоспарға қосылған объектілерді жекешелендіру мерзімдерін ауыстыруға байланысты мәселелер осы әдістеменің 13, 14 және 15-тармақтарында көзделген тәртіппен қаралады.

      Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен асатын объектіні жекешелендіру мерзімдерін ауыстыру мәселесін Мемлекеттік комиссия қарайды.

      Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен аз объектіні жекешелендіру мерзімдерін ауыстыру мәселесін жұмыс тобы қарайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады