Жасы толмағандардың қылмыстары және оларды қылмысқа, өзге де қоғамға жат іске тарту жайындағы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы

Күшін жойған

Қаулы Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы 1986 жылғы 19 желтоқсан N 19 Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2002.04.11. N 6 нормативтік қаулысымен. ~P02006s

      Жасы толмағандардың қылмыстары және оларды қылмысқа, өзге де қоғамға жат iске тарту жайындағы iстер жөніндегі сот тәжiрибесінің қорытындыларын, Алматы қалалық және Жезқазған облыстық соттары председательдерінің СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Жасы толмағандардың қылмыстары және оларды қылмысқа, өзге де қоғамға жат iске тарту жайындағы iстер жөнiндегi заңдарды соттардың қолдану тәжiрибесi туралы" 1976-жылғы 3-декабрьдегi N 166 қаулысын орындау барысы туралы хабарларын талқылай келiп, Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Пленумы соттардың осы категориядағы iстер жөнiндегi заңдарды дұрыс қолдануын негiзiнен қамтамасыз етiп келе жатқанын атап көрсетедi.
      Сонымен қатар соттардың жұмысында жасы толмағандардың қылмыстарына қарсы күрестiң тиiмдiлігін төмендететiн елеулi кемшiлiктер бар. Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Жезқазған, Қостанай, Торғай, Целиноград облыстарының және Алматы қаласының бiрқатар соттарында көптеген iстер бойынша сотқа беру кезеңi формальды түрде жүргiзiледi, онда, әдеттегідей, анықтауға жататын мәселелер (айыпкердiң жеке басы туралы деректердiң толықтығы, қылмыстың себептерi және оның жасалуына ықпал еткен жағдайлар, қылмысқа қатысқан ересек адамдардың болғандығы, бұлтартпау шарасын қолданудың дұрыстығы және басқалар) толық көлемде қаралмайды, iстердi соттың қарауына әзiрлеуге байланысты, мәселен, сотталушының заңды өкiлдерiн, еңбек коллективтерінің және қоғамдық ұйымдардың өкiлдерiн шақыру туралы барлық мәселелер тегiс шешiлмейдi. Жасы толмаған айыпкердi судьяның жеке өзiнiң қаулысымен сотқа беру әлi де орын алуда.
      Кейбiр соттар iстердi қараған кезде жасы толмағандардың заңды өкiлдерінің процессуалдық праволарының бұзылуына жол бередi.
      Жасы толмағанды ересек адамдардың маскүнемдiкке, наркотиктi пайдалануға, қылмысқа және өзге де қоғамға жат iске тарту мән-жайлары әрдайым толығымен әрi жан-жақты анықталмайды, ересек адамдар көбінесе жазаланбай қалады.
      Кейбiр соттар жекелей жаза тағайындау принципiн сақтамайды. Жасаған iс-әрекетінің қоғамға қауiптiк сипаты мен дәрежесiн, кiнәлi адамның жеке басы туралы деректердi ескергенде қоғамнан оқшауламай-ақ түзеуге және қайта тәрбиелеуге мүмкiн болатын жасөспiрiмдерге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау әлi жойылған жоқ. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға сотталған жасөспiрiмдердi қайта тәрбиелеуге және түзеуге жұртшылықты қатыстыру мүмкiндiгiн соттар жете бағаламайды. Мұндай реттерде жасы толмағанға қоғамдық тәрбиешi тағайындау туралы мәселе сирек шешiледi. Қоғамға елеулi қауiптi болып табылмайтын қылмыстар туралы iстердi қарағанда, соттар жасы толмағандарға қылмыстық жазалардың орнына тәрбиелік сипатындағы ерiксiз шараларды өте сирек қолданады.
      Үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдағанда соттар жасы толмаған сотталғандарға Қылмыстық кодекстiң 41-1-статьясында көрсетiлген міндеттердi әрдайым жүктеп отырмайды немесе заңда көрсетiлмеген мiндеттердi жүктейдi.
      Қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жан-жақты анықтау, жасөспірімдерді семьяда, мектепте, өндiрiс орнында тәрбиелеудегi кемшiлiктер мен олқылықтарға өткiр әрi принциптi көңiл бөлу, әкімшiлік органдары мен лауазымды адамдардың право бұзушы жасы толмағандардың тәртiбiн бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ осы мәселелер бойынша шығарылатын жеке ұйғарулардың сапасын арттырудың қажеттігі туралы заң талаптарын және СССР Жоғарғы Соты Пленумының түсіндiрмелерiн көптеген соттар әрбiр іс бойынша орындап отырмайды.
      Кассациялық және бақылау инстанцияларындағы соттар және толмағандардың қылмыстары туралы iстердi қарағанда бiрiншi инстанциядағы соттар жол берген қателердi барлық жағдайларда дер кезiнде толығымен анықтап және жойып отырмайды.
      Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді:
      1. Республика соттарының назары СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Жасы толмағандардың қылмыстары және оларды қылмысқа, өзге де қоғамға жат iске тарту жайындағы iстер жөнiндегi заңдарды соттардың қолдану тәжiрибесi туралы" 1976-жылғы 3-декабрьдегi N 16 қаулысында және оған кейiннен енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларда көрсетiлген басшылыққа алынатын түсiндiрмелерінің тиiстi орындалмай келе жатқанына, мұның өзі осы категориядағы iстердi сот әдiлдiгiнiң дәрежесiн төмендететiндiгіне аударылсын.
      Соттарға аталған кемшiлiктердi жою және жасы толмағандардың жасаған қылмысының алдын ала және оны түбiрiнен жою жөнiндегi мiндеттердiң ойдағыдай шешiлуiне барынша көмегiн тигiзе алатындай сот қызметiнiң дәрежесiн қамтамасыз ету мiндеттелсiн.
      2. СССР Жоғарғы Соты Пленумының аталған қаулысының 2-тармағында көрсетiлгендей айыпкер 18 жасқа толғанға дейiн жасаған қылмысы үшiн оны сотқа беру мәселесi сотқа берген кезде оның жасы толғанына қарамастан тәртiптеу мәжілісінде ғана шешiлетiндігін соттар қатаң орындауы қажет. Бұл талапты сақтамау қылмыстық iстер жүргiзу заңын айтарлықтай бұзу болып табылады.
      Соттар бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алудың негiзділігiне, мұндай шара жасы толмағандарға ерекше жағдайларда ғана қолданылуы мүмкiн екендігіне тәртiптеу мәжiлiсiнде аса көңiл бөлуге тиiстi. Осы талаптар сақталмаған және жасы толмағанды қамауға алу негiзделмеген кезде сот оны бұзуға немесе неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыруға мiндеттi.
      3. Жасы толмағанның жеке басы, оның тәрбиелену жағдайы, оқуы, жұмысы туралы деректердi неғұрлым толығырақ анықтау үшiн соттар жасы толмағанның заңды өкілдерiн, оның жұмыс iстейтiн, оқитын және тұрғылықты жерiндегі еңбек коллективтерінің, жұртшылықтың, жасы толмағандардың iстерi жөнiндегі комиссиялар мен инспекциялардың өкiлдерiн, ал қажет болған реттерде жасөспiрiмнiң ата-анасы жұмыс iстейтiн жердегi еңбек коллективтерінің, жұртшылықтың өкілдерiн сот мәжiлiстерiне қатыстырғаны жөн.
      Аталған өкілдердi шақыру мәселесi, әдеттегідей, сотқа беру кезiнде шешiлуi тиiс.
      4. Соттар жасы талмаған айыпкердiң қорғану правосына кепiлдік беретiн қылмыстық процесс нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етсiн, Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 24-статьясының 1-бөлiгiне сәйкес мұндай iстер бойынша қорғаушы айып тағылған кезден бастап қатынасатындығын ескерсiн. Мұндай ретте қорғаушы айып тағу және айыпкерден жауап алу кезiнде ғана емес, сонымен бiрге жасы толмаған айыпкердiң қатысуымен не өзiнiң немесе оның қорғаушысының өтiнiштерi бойынша жүргiзiлетiн басқа тергеу амалдарына да қатыса алады. Өтiнiш болған кезде, сондай-ақ соттың инициативасы бойынша, қорғаушының сотқа беру кезiнде iске қатысуы мүмкiн.
      5. СССР Жоғарғы Соты Пленумының аталған қаулысының 7-тармағына сәйкес соттар жасы толмаған сотталушының ақыл-есінің кемдiгі туралы деректер болған кезде психиатрия, балалар мен жасөспiрiмдер психологиясы саласындағы мамандарды қатыстыра отырып экспертиза жүргiзуi және жасөспірiмнiң ақыл-есінің кемдiк дәрежесiне, қылмыстық және басқа да мән-жайлардың сипатына қарай Қылмыстық кодекстiң 10-статьясына сәйкес қылмыстық жаза орнына тәрбиелiк сипаты бар ерiксiз шара қолдану мәселесiн шешу керек.
      6. Соттар осы категориядағы iстер бойынша алдын ала тергеудiң сапасына талапты арттыруы тиiс. Егер қылмыс атүстi тергелсе, iстiң дұрыс шешiлiнуiне елеулi маңызы бар мән-жайлар (жасы талмағанның нақты жасы, өмiр жағдайы мен тәрбиеленуi, ересек азғырушылар мен өзге де қатысушылардың болуы, қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайлар) анықталмаса және сот тергеуінде оларды жою мүмкiн болмаса мұндай iстер қосымша тергеуге қайтарылуға жатады. Басқа жағдайларда жасы толмағандардың қылмыстары туралы iстерде тергеу кезiнде жiберiлген тергеу кемшiлiктерiне соттар жеке ұйғару арқылы көңiл бөлуге тиiс.
      7. Жасы толмағандарды қылмысқа, маскүнемдікке, наркоманияға және басқа да қоғамға жат iске тарту жайында iстердi қарағанда соттар ересек адамның қылмыстық жауаптылығы оның қылмысқа тартқан адамының жасы толмағандығын жетік бiлгенiнде ғана емес, сонымен бiрге iстiң мән-жайлары бойынша бiлуi мүмкiн және бiлуге тиiс екендігінде де туатынын ескерулері керек.
      8. Жасы толмағандар қылмыстардың едәуiрiн мас күйiнде және ересек адамдардың қатысуымен жасайтынын ескере отырып, соттар осындай әрбiр іс бойынша жасөспiрiмнiң алкогольдiк немесе наркотиктік мас күйге дейiн жетуiне немесе оған спирт iшiмдiктерiн, наркотик заттарды заңсыз өткiзуге ересек адамдардың қатысуы мүмкiндiгiн тексеруге және оларды жауапқа тарту мәселесiн шешуге мiндеттi.
      Жасы толмағанның спирт iшiмдiктерiн, наркотиктердi пайдаланғандығы туралы деректерi бар әрбiр іс бойынша соттар жасы толмаған алкоголизмнен немесе наркоманиядан ерiксiз емдеуге мұқтаж ба, сол жағдайды зерттеп және соған негiздер болған кезде емдеу тағайындауға тиiс.
      9. Соттарға жасы толмағанды қылмыс жасауға тартқан және оған қатысқан ересек адамның іс-әрекеттері қылмыстық кодекстің жасөспiрiммен бiрлесiп жасаған қылмыс және жасы толмағанды қылмысты iске тарту жауаптылығы көрсетiлген статьяларының жиынтығы бойынша жасы толмағанның Қылмыстық кодекстiң 10-статьясында көрсетiлген жасқа толғанына қарамастан, дәрежелеуге жатқызылады деп түсiндiрiлсiн.
      Мұндай жағдайда қылмыстық кодекстiң 10-статьясында көрсетiлген жасқа толмаған жасөспіріммен бiрлесiп жасалған қылмыс бiр топ адам жасаған қылмыс ретiнде дәрежеленбейді, өйткенi жасөспiрiм қылмыстың субъектiсi емес.
      Сондықтан ересек адам, қылмысқа қатысу түрiне қарамастан, осы қылмысты тiкелей жасаушы ретiнде қаралуға және оның іс-әрекеттері сонымен бiрге жасы толмағанды қылмыстық iске тартқаны үшiн жауаптылық көрсетiлген Қылмыстық кодекстің 201-статьясының 1-бөлігі бойынша дәрежеленуге тиiс.
      10. Ересек адамның iс-әрекеттерінің салдарынан жасы толмаған қылмыс жасауға әзірлене бастаған сәттен бастап жасы толмағанның қылмысты iске тартылуы аяқталды деп саналады. Егер жасы толмаған қылмыс жасаудан бас тартса, ересек адамның iс-әрекетi жасы толмағанды қылмыстық iске тартуға оқталуы ретiнде бағалануға тиiс.
      11. Ересек адамның жасы толмағанның қылмысы немесе өзге де қоғамға жат iсi есебiнен еңбексiз табыс табуға бағытталған iс-әрекеттерiн жасы толмағанды арамтамақтықпен күн көру (Қылмыстық кодекстiң 201-статьясының 11-бөлігі) мақсаты үшiн пайдалану деп түсiну керек.
      12. Жасы толмағанды қылмысқа немесе өзге де қоғамға жат iске, маскүнемдiкке, наркоманияға тартудың қоғамдық ерекше қауiптi екенiн ескере отырып, соттар айыпкерлерге қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза шарасын тағайындау туралы мәселенi шешкен кезде жасы толмағандардың қылмысты немесе өзге де қоғамға жат iске тартылуының түрлерi мен тәсiлдерiн, ересек адамның және жасы толмағанның жасын, келтiрген зиянды зардаптарды ескеруi керек және жеңілірек жазаны ауырырақ жазамен сiңiру принципiн қолданып қана емес, сондай-ақ, қажет болған ретте, заңның ауырырақ белгiлеген статьясындағы шектен асырмай қосу принципiн қолдануға тиiс.
      13. Соттар осы категориядағы iстер бойынша жасы толмаған сотталушының жеке басы туралы деректердiң жазаның түрi мен мөлшерiн тағайындауға ерекше маңызы барын ескерiп, бұл деректерді толық және объективтi түрде зерттеуге тиiс.
      Жасы толмаған сотталушыны терiс сипаттайтын деректер оның жеке басына қатысты сипаттама ретiнде жаза тағайындағанда ескерiлуге тиiс, бiрақ олар жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар ретiнде бағалана алмайды.
      14. Соттар iстiң нақты мән-жайларын, жасаған iс-әрекеттiң қоғамдық қаупінің сипаты мен дәрежесiн, ауырлататын және жеңiлдететiн мән-жайларды сана дамуын, тәрбие жағдайын және сотталушының жеке басын сипаттайтын басқа да деректердi ескере отырып, әрбiр іс бойынша жасы толмағанға белгiленетiн жазаның түрi мен мөлшерiн айқындауға жекеше көзқарас жасауға мiндеттi жасы толмағандарға негізсiз бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау фактiлерi түбiрiнен жойылуға тиiс.
      Қоғамға үлкен қауiптi болып саналмайтын қылмыстар жасаған жасы толмағандар жөніндегi бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза шараларын, шартты жазаға соттауды, үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыруды, ал қажет болған жағдайда, қылмыстық жаза шараларының орнына Қылмыстық кодекстiң 10-статьясының 4-бөлігінде көрсетілген ерiксiз тәрбие беру сипатындағы шараларын кеңiнен қолдану қажет.
      3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға бiрiншi рет сотталған жасы толмағанға үкiм қабылдағанда сот әрбiр жағдайда оған Қылмыстық кодекстiң 41-1-статьясында көрсетiлген мiндеттердi жүктей отырып, үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыруды қолдану мүмкiндiгi туралы мәселенi талқылауға, үкiмде сол мiндеттердiң орындалу мерзiмiн және жағдайларын көрсетуге міндеттi.
      Шартты түрде соттауды және үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыруды қолданғанда (Қылмыстық кодекстiң 40, 41-1-статьялары) соттар сынау мерзiмiнiң орындалуының кейiнге қалдырылуының маңызын, сотталғандарға, оның ата-аналарына және өзге де заңды өкiлдерiне сотталған адамның өзiне жүктелген мiндеттердi орындамауының, қоғамдық тәртiптi, еңбек тәртiбiн бұзуының, жаңа қылмыс жасауының салдарынан болатын зардаптарын түсiндiруге мiндеттi.
      Сот мәжiлiсiнiң протоколында бұл жөнiнде тиiстi жазу болуы керек.
      15. Жасы толмағанға тәрбие беру сипатындағы ерiксiз шаралар, шартты жазаға соттау, үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру, бас бостандығынан айыруға байланысты емес басқа да жаза шараларын қолданған жағдайда сондай-ақ жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатқанда соттар оған қоғамдық тәрбиешi тағайындау туралы мәселенi талқылауы тиiс. Бұл кезде үкiмнiң қаулы ететiн бөлiгiнде жасы толмағандардың iстерi жөнiндегi комиссияға осындай тәрбиешi тағайындау мiндеттелген нұсқау келтiрiлуге тиiс.
      16. Осы категориядағы әрбiр іс бойынша соттар жасы толмағандардың қылмыстар жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды мұқият анықтауы және оларды жоюға шаралар қолдануы тиiс.
      Жасы толмағанның мiндеттерiн орындамауының немесе қоғамдық тәртiптi, еңбек тәртiбiн бұзуының, не жаңа қылмыс жасауының себептерi бойынша шартты жазаға соттаудың немесе үкiмнiң орындалуын кейінге қалдырудың күшiн жоюға байланысты материалдарды қараған кезде соттар жасөспiрiмнiң қоғамға жат мiнез-құлқының себептерiн, сынау мерзiмiнiң немесе үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру мерзiмiнiң iшiнде оның тәртiбiн бақылауды жүзеге асыру процесінде жол берiлген кемшіліктерге байланысты себептердi анықтауы, жеке ұйғарулар шығаруы, бұл ұйғаруларда қажет болса, осындай бақылауды тиiсiнше жүзеге асырған лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы мәселе қоюға тиiс.
      Жасы толмағандарды тәрбиелеудегi кемшiлiктер мен олқылықтарға, олардың тұрмыстық айналасындағы және басқа жайларға байланысты жеке ұйғаруларын соттар жасы толмағандардың iстерi жөнiндегi комиссияларға, ал қажет болған реттерде жасы толмағанның ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi жұмыс iстейтiн еңбек коллективтерiне де жiберуге тиiс.
      17. Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөнiндегi сот коллегиясы, облыстық және Алматы қалалық соттары iстердi кассациялық және сот бақылауы тәртiбiмен қарағанда үкiмнiң заңдылығын және дұрыстығын мұқият тексерiп, қателер мен заңның бұзылуын толық жоюға, оның дұрыс әрi бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етуге шаралар қолдануы керек.
      18. Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының мына қаулыларының күшi жойылды деп танылсын: "Республика соттарының CCP Одағы Жоғарғы Соты Пленумының "Жасы толмағандардың қылмыстары және оларды қылмысты және өзге де қоғамға жат iске тарту жайындағы iстерi жөнiндегi заңдарды соттардың қолдану тәжiрибесi туралы" 1976-жылғы 3-декабрьдегi N 16 қаулысын орындауының барысы туралы" 1978-жылғы 22-июньдегi N 9 қаулысы; "Республика соттарының ССР Одағы Жоғарғы Соты Пленумының "Жасы толмағандардың қылмыстары жайындағы және оларды қылмысты және өзге де қоғамға жат iске тарту жайындағы iстер жөнiндегi заңдарды соттардың қолдану тәжiрибесi туралы" 1976-жылғы 3-декабрьдегі N 16 қаулысын орындауының барысы туралы" 1980-жылғы 27-июньдегi N 3

қаулысы; "Республика соттарының ССР Одағы Жоғарғы Соты Пленумының 
"Жасы толмағандардың қылмыстары жайындағы және оларды қылмысты және 
өзге де қоғамға жат iске тарту жайындағы iстер жөніндегi заңдарды  
соттардың қолдану тәжiрибесi туралы" 1976-жылғы 3-декабрьдегi N 166  
қаулысын орындауының барысы туралы" 1982-жылғы 3-сентябрьдегi N 4 
қаулысы.
     
     Оқығандар:
          (Қасымбеков Б.А.) 
          (Икебаева Ә.Ж.) 
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады