Әкімшілік право бұзушылық туралы заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы

Күшін жойған

Қаулы Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы 1989 жылғы 31 наурыз N 2. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы N 18 Нормативтік қаулысымен

      Әкімшілік право бұзушылық туралы заңдарды соттардың қолдану практикасын жинақтап қорыту нәтижелерін талқылай келiп, Пленум олардың осы категориядағы iстердi қарау жөнiндегi қызметiнде елеулi кемшiлiктер мен қателiктер бар екендiгiн атап көрсетедi. 
      Көптеген реттерде материалдар Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы кодекстiң жасалған әкiмшiлiк право бұзушылықтың мән-жайын және право бұзушының кiм екенi жөнiндегi мәлiметтердi анықтау туралы 249-статьясының талаптарына сай келмейдi, ал соттар олардың толық болуына тиiсiнше талап қоймайды. 
      Iс-әрекетiнде қылмыстық жауапқа тартуға болатын нышандары бар адамдарды әкiмшiлiк жауапқа тарту фактiлерi кездеседi, сонымен қатар iс-әрекетiнде әкiмшiлiк қылық көзделмейтiн адамдарды әкiмшілік жауапқа тарту жағдайлары аз емес. 
      Әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн бұзушылық туралы iстер бойынша әкiмшiлiк қадағалау белгiлеудiң негiздiлігі әрдайым тексерiлiп отырмайды, қадағалаудағы адамның iс-әрекетi iшкi iстер органдарының бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкiмшiлiк қадағалау жасау туралы Ереже бойынша көзделген ережелердi бұзушылық болып табыла ма, соны анықтайды. 
      Қоғамдық орындарда спирт iшiмдiктерін iшуге немесе мұндай орындарға мас күйде келуге байланысты әкiмшiлiк право бұзушылық туралы iстер бойынша бұдан бұрын жасалған право бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдануға байланысты мән-жайлар әрдайым толық зерттелiп отырмайды, соңғы право бұзушылықтың мәнi және басқа мән-жайлар жан-жақты анықталмайды. 
      Кейбiр соттар Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы кодекстiң 178-статьясының 3-бөлiгi бойынша соттың адамды әкiмшiлiк жазаға тартуы мүмкiн болатын жағдайларды ескермейдi. 
      Ұсақтап ұрлау туралы iстер бойынша судьялар бұл әкiмшілік жауапқа әкеп соқтыратындай ұсақтап ұрлау болып табыла ма немесе қылмыстық жаза көздейтiн едәуiр ұрлық па, соны әрдайым анықтап отырмайды, ұрланған заттың саны (салмағы, көлемi), бағасы, оның халық шаруашылығы үшiн маңыздылығы туралы мәлiметтердi айқындамайды. 
      Судьялар әкiмшiлiк право бұзушылық ретіндегi ұсақ бұзақылықты қылмыстық жаза қолданылатын iс-әрекеттен ажыратқан кезде қателiктерге жиi-жиi жол бередi. Адамға күш көрсетiп, жәбiрленушінің денесiне зақым келтiру арқылы бұзақылық iс-әрекет жасаған адамдарды әкiмшiлiк жауапқа тарту фактiлерi жойылмаған. Бiрқатар реттерде адамдардың Қылмыстық кодекстiң 97, 99-статьяларының нышандарына жататын iс-әрекетi ұсақ бұзақылық деп бағаланады. 
      Судьялар семьядағы ұрыс-жанжал фактiлерi жөнiндегi материалдарды қараған кезде қателiктер кездеседi. Iс-әрекетi қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысы жоқ адамдар кейде әкімшілік жауапқа тартылады. 
      Ұсақ алыпсатарлық туралы істерді қараған кезде судьялар право бұзушылықтың мән-жайын үстіртін зерттейді, сатып алынған және қайта сатылған товарлардың мөлшерін, санын, бағасын, тапқан пайданың мөлшерін, айыпкердің пиғылының бағытын анықтамайды. 
      Милиция қызметкерінің немесе халық жасақшысының заңды жарлығына немесе талабына қасақана бағынбау туралы істер бойынша анықтама органдары мен судьялар бұл бағынбаушылық милиция қызметкерінің немесе жасақшының қоғамдық тәртіпті қорғауға байланысты қойылатын заңды талаптарын орындамауға байланысты болуға тиіс екендігін әрдайым ескеріп отырмайды. 
      Мас күйінде ұсталған және осындай жағдайда милиция қызметкерлерін балағаттап қорлаған, өздерін милиция органдарына жеткізуге қарсылық көрсеткен адамдардың іс-әрекетін судьялар әртүрлі бағалайды. Бұл право бұзушылықтың бәрі бірдей дербес квалификациялана бермейді. 
      Заңда көзделмеген жазаны қате қолдану не жазаның заң санкциясында көзделген ең аз немесе ең көп мөлшерінен ауытқу фактілері кездесіп отырады. 
      Әкімшілік право бұзушылық туралы кодекстің 37-статьясын бұза отырып, кейбір соттар әкімшілік жауапқа тартудың ескіру мерзімі өтіп кеткен соң жаза қолданады. 
      Право бұзушы келтірген мүліктік залалды өтеу мәселесі жөнінде қате шешім шығару фактілері аз емес. 
      Әкімшілік право бұзушылық туралы кодекстің 271-статьясында көзделген істерді қарау мерзімдері әрдайым сақталып отырмайды. 
      Әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулыларының орындалуына байланысты қателіктер кездеседі. 
      Осы категориядағы істер көшпелі мәжілістерде сирек қаралады, әкімшілік право бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар қажет болған реттердің бәрінде бірдей енгізіліп отырмайды. 
      Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді: 
      1. Республика соттарының назары әкімшілік право бұзушылық туралы істерді қарау жөніндегі жұмыста орын алып отырған кемшіліктерді жоюға, әрі жоюға, әрбір істің заңды қатаң сақтау негізінде уақытылы және дұрыс қаралуын қамтамасыз ету қажеттігіне аударылсын. 
      2. Әкімшілік право бұзушылық туралы іс келіп түскен кезде судья бұл іс Әкімшілік право бұзушылық туралы кодекстің 216-статьясына сәйкес соттың қарауына жата ма, соны анықтауға тиiс. Iстің қарасты еместiгi анықталған ретте iс қаралмастан оны жiберген органға немесе лауазымды адамға қайтарылады. 
      3. Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы кодекстiң 249-статьясына сәйкес әкiмшiлiк право бұзушылық туралы протоколда оның жасалған датасы мен орны, протоколды жасаған адамның қызметi, фамилиясы, аты, әкесiнiң аты; право бұзушының кiм екенi туралы мәлiметтер; әкiмшiлiк право бұзушылық жасалған орын, уақыт және оның мәнi; сол право бұзушылық үшiн жауаптылық көздейтiн нормативтiк акт; егер бар болса, куәлар мен жәбiрленушiлердiң фамилиялары, адрестерi; тәртiп бұзушының түсiнiктемесi, iстi шешу үшiн қажеттi өзге де мәлiметтер көрсетiлуге тиiс екендiгiн ескерiп, соттар әкiмшiлiк право бұзушылық туралы келiп түсетiн материалдардың толық болуына қажеттi талап қойып отыруы керек. 
      Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы iсті қарауға қабылдаған судья жеткiзiлген адамның кiм екенiн анықтауға, сотқа берiлген материалдарда және әкiмшілiк жауапқа тартылып отырған адамның түсініктемесінде баяндалған мәлiметтердi ескере отырып, оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға, қажет болған реттерде куәларды шақыртуға немесе қосымша материалдар сұратып алдыртуға мiндеттi. 
      4. Әкiмшiлiк қадағалау тек қана iшкi iстер органдарының бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкiмшiлiк қадағалау жасау туралы Ережеде көзделген негiздер бойынша белгiленуi мүмкiн екенiн ескерiп, соттар қадағалау ережелерiн бұзу туралы iстердi қараған кезде оны белгiлеудiң және ұзартудың заңдылығы мен негiздiлігін тексеруге тиiс, бұл орайда қадағалау алты айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге қолданылатыны ескерiледi. Қажет болған реттерде қадағалау бұрын белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн тағы да алты айға ұзартылуы мүмкiн, бiрақ бұл сол қылмыс үшiн соттылығын жоюға немесе соттылығынан арылуға арналып заңда көзделген мерзiмнен аспауға тиiс. 
      5. Қоғамдық орындарда спирт iшімдiктерiн iшуге немесе осындай орындарға мас күйде келуге байланысты әкiмшiлiк право бұзушылық туралы iстер бойынша судья бұдан бұрынғы право бұзушылық үшiн әкiмшілiк жаза қолдануға байланысты мән жайларды толық зерттеуi және Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы кодекстiң 178-статьясының 3-бөлігі бойынша жыл iшiнде тап сондай право бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жазаға тартылған адам жасаған әрекет үшiн ғана жаза қолданылуы мүмкiн болатынын ескерiп, қаралып отырған право бұзушылықтың мәнiн анықтауы қажет. 
      Осы iстер бойынша, егер iстi қарау кезiнде адамның iшкi iстер органдарына қарасты право бұзушылық жасауға кiнәлi екендiгi (Әкiмшілік право бұзушылық туралы кодекстiң 178-статьясының I және II бөлiктерi) анықталған реттерде де, судья iстi бұл органдардың қарауына бермей, өзі шешiм қабылдайды. 
      6. Соттар СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Маскүнемдiк пен алкоголизмге қарсы күрестi күшейтуге бағытталған заңдарды соттардың қолдану практикасы туралы" 1985-жылғы 1-ноябрьдегі N 15 қаулысының 3-тармағында баяндалған түсiнiктемелерге сәйкес, СССР Жоғарғы Советi Президиумының "Маскүнемдiкке қарсы күрестi күшейту туралы" 1985 жылғы 16-майдағы Указының 2-статьясында көзделген жұмысшылар мен қызметшiлерге өндiрiсте спирт iшiмдiктерiн ішкені немесе жұмысқа мас күйде келгенi үшiн, сондай-ақ осы статьяда аталған басқа да право бұзушылық үшiн әрі тәртiптiк, әрі әкiмшiлiк жазалау шараларын бiр мезгiлде қолдану, егер бұл право бұзушылық жұмыс уақытында жасалған ретте, мүмкiн болатынын ескеруi керек. 
      Кәсiпорынның, мекеменiң, ұйымның бөлмелерiнде, территориясында жұмыстан тыс уақытта спирт ішімдiктерiн ішу немесе мас күйде келу әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соқтырады. 
      7. Судьялар ұсақтап ұрлау туралы iстердi қараған кезде ұрлық әкiмшiлiк жауапқа әкеп соқтыратын ұсақтап ұрлау ма, немесе қылмыстық жаза қолдануды көздейтiн елеулi ұрлық болып табыла ма, соны анықтауы, ұрланған заттың бағасын (50 сомға дейiн) ғана емес, сондай-ақ оның санын, салмағын, мөлшерiн және халық шаруашылығы үшiн маңыздылығын ескеруi қажет. 
      Судьялар келтiрiлген залалды заттай өтету мүмкiн болмаған жағдайда қолданылып жүрген коэффициенттер мен нарықтарды ескерiп, право бұзушылардан ұрланған заттың құнын өндiру арқылы залалдың орнын толтыру жөнiнде шаралар қолдануы керек. 
      8. Ұсақ бұзақылық, милиция қызметкерiнiң немесе халық жасақшысының заңды жарлығына немесе талабына қасақана бағынбау және ұсақ алыпсатарлық туралы iстердi қараған кезде жасалған право бұзушылықтың барлық мән-жайын толық зерттеп, анықтау қажет, бұл орайда аталған право бұзушылықты жасамаған азаматтарды негiзсiз әкiмшiлiк жауапқа тартуға да, қоғамға қауiптілік сипаты мен дәрежесi жағынан iс-әрекетi қылмыстық жаза қолданылатын iс ретiнде қаралуға тиiс адамдарды мұндай жауапқа тартуға да жол берiлмеуге тиiс. 
      Мұндай iстердi қараған кезде судья егер тәртiп бұзушыға әкiмшiлiк әрекет ретiнде тағылған іс-қимыл Қылмыстық кодекстiң 200, 171-1 және 168-статьяларына сәйкес көзделген қылмыстық жаза болып табылады деген тұжырымға келсе, ол қосымша тексеру жүргiзiп, қылмыстық іс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн iстi прокуратура, милиция органдарына жiберу жөнiнде қаулы шығарады. 
      9. Егер әкiмшiлiк право бұзушылық туралы iстi қараған кезде адам заңға қарсы басқа да әрекет жасап, ол үшін әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екені анықталса, судья тәртiп бұзушыға әкімшілік жаза қолданып, тиiстi материалдарды әкiмшiлiк право бұзушылық туралы протоколды рәсiмдеуге праволы лауазымды адамға немесе органға жiберуге тиiс. 
      10. Әкiмшiлiк право бұзушылықты жасауға кiнәлі адамдарға жаза қолданған кезде даралап қарау принципін қатаң сақтау қажеттiгiне соттардың назары аударылсын. Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы кодекстiң 32-статьясына сәйкес судья жаза қолданған кезде жасалған право бұзушылықтың сипатын, право бұзушының кiм екенін, оның кiнәсiнiң дәрежесiн, мүлiктiк жағдайын, жауапкершіліктi жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескеруге тиiс. 
      Әкiмшiлiк жаза заңның санкциясына қатаң сәйкес қолданылуға тиiс. Жазаның басқа түрiн, жазаны заңда белгiленген ең көп мерзiмнен асырып, немесе төменгi деңгейден кемiтiп қолдануға жол берiлмейдi. 
      Жасалған право бұзушылықтың маңызы шамалы болған жағдайда судья тәртiп бұзушыны әкiмшілік жауапкершіліктен босатып, ауызша ескертумен шектелуi мүмкiн. 
      11. Право бұзушылықтың алдын алуға жұртшылықтың назарын аудару, әкiмшiлiк право бұзушы адамдардың төңiрегiнде ымырасыздық пен моральдық айыптау ахуалын туғызу мақсатында, қажет болған реттерде, iстер қоғамдық ұйымдар мен еңбек коллективтерінің өкiлдерiн қатыстыра отырып қаралсын және кеңiнен жарияланатын болсын. 
      12. Қазақ ССР-нің Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы кодексiнің 280, 

 

288-статьяларына сәйкес әкiмшiлiк жаза қолдану туралы халық судьясының 

қаулысы тұжырымды болып табылады және оған әкiмшiлiк право бұзушылық 

туралы iстер бойынша іс жүргiзу тәртiбiмен шағым беруге болмайды, алайда 

прокурордың протесті бойынша оны халық судьясының өзі, сондай-ақ 

прокурордың наразылығының бар-жоғына қарамастан жоғары тұрған халық 

сотының председателi бұзуы немесе өзгертуі мүмкiн.

     13. Облыстық және Алматы қалалық соттары әкiмшілік право бұзушылық 

туралы iстердi шешудiң заңдылығы мен негiзділігiне сот қадағалауын 

күшейтсiн. 

     

     Мамандар:

          (Қасымбеков Б.А.) 

          (Икебаева Ә.Ж.) 

      

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады