ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТI МЕН МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТI АППАРАТЫНЫҢ IС БАСҚАРМАСЫ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕНI БЕКIТУ ТУРАЛЫ

Күшін жойған

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТIНIҢ ҚАУЛЫСЫ 5 наурыз 1994 ж. N 245. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 18 тамыздағы N 914 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Министрлер Кабинетiнiң 18.08.1994 N 914 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi

      Аппаратының Iс Басқармасы туралы қоса берiлiп отырған Ереже

      бекiтiлсiн.

      2. Қоса берiлiп отырған тiзбеге сәйкес Қазақстан Республикасы

      Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылған деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының

      Премьер-министрi

  Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1994 жылғы 5 наурыздағы
N 245 қаулысымен
Бекiтiлген
 

      Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер

      Кабинетi Аппаратының Iс Басқармасы туралы

      Ереже


      I. Жалпы ережелер

      Iс Басқармасы Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының қаржы-шаруашылық бөлiмшесi болып табылады. Оның негiзгi мiндетi - Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының қызмет атқаруын қамтамасыз ету, оның қызметкерлерiне шаруашылық, көлiктiк және емдеу-сауықтыру қызметiн көрсету, сондай-ақ Iс Басқармасына ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар мен ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметiне тiкелей басшылық жасау мен бақылау жүргiзу.

      Iс Басқармасы заңды тұлға болып табылады, өзiнiң балансындағы қаржы мен материалдық құралдарға иелiк етедi, Ұлттық банктiң облыстық басқармасының Алматы бөлiмшесiнде есеп айырысу және арнаулы есепшоттары, Қазақстан Әлем банкiнде валюталық есепшоты, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және қазақ, орыс тiлдерiнде өзiнiң аты жазылған дөңгелек мөрi, тиiстi мөрлерi мен штамптары болады, ол басқа мекемелер мен ұйымдарда Аппараттың мүддесiн бiлдiредi және қорғайды.

     

      II. Функционалдық мiндеттерi мен құқықтары

     

      Iс Басқармасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Премьер-министрiнiң Iс Басқармасының құзыретiне жататын қаржы-шаруашылық қызметi мәселелерi жөнiндегi қаулылары мен өкiмдерiнiң, Аппарат басшылығының бұйрықтары мен өкiмдерiнiң орындалуын ұйымдастырады және бақылайды. Ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар мен ұйымдардағы iстiң жай-күйiн талдайды және бақылайды, олардың жұмысын жетiлдiру мен орын алған кемшiлiктердi жою жөнiнде шаралар қолданады.

      Аппараттың Кадр саясаты бөлiмiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының құрылымы мен штатындағы жекелеген өзгерiстер туралы, сондай-ақ Iс Басқармасының құрылымына тiкелей енетiн лауазымдарға жауапты қызметкерлердi тағайындау туралы ұсыныстар енгiзедi. Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының штаттық кестесiн бекiтедi және техникалық қызметкерлердi тағайындауды жүзеге асырады.

      Тапсырылған қызмет құжаттарын орындайды әрi азаматтардың жазбаша және ауызша өтiнiштерiн қарайды, олар жөнiнде тиiстi шаралар қабылдайды.

      Аппараттың бөлiмдерiмен және басқа бөлiмшелерiмен өзара iс-қимылды жүзеге асырады, республикалық, жоспарлы әрi ағымдағы шараларды, соның iшiнде Президенттiң Резиденциясында үкiметтiк делегацияларды қабылдау жөнiндегi шараларды даярлауға әрi өткiзуге қатысады.

      Сыртқы экономикалық қызмет мәселелерi жөнiндегi ұсыныстарды өз құзыретiнiң шегiнде енгiзедi және шешедi.

      Аппаратта қаржы, бюджет және штат тәртiбiнiң қатаң сақталуын қамтамасыз етедi.

      Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратын ұстауға байланысты бухгалтерлiк есептеу операцияларын жүргiзедi. Ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар мен ұйымдардағы есептеулер мен есеп берулер жөнiндегi әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады, олардың қызметiн қаржыландырады әрi тексеру жүргiзедi. Тексерудiң нәтижесiн қарайды және солар бойынша тиiстi ұсыныстар енгiзедi.

      Бюджеттiң жобасын әзiрлейдi және оның орындалуының жиынтық есебiн жасап отырады. Ордендер қоймасындағы мемлекеттiк наградалардың әрi олардың құжаттарының есебiн жүргiзедi және сақталуын қамтамасыз етедi.

      Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппараты қызметкерлерiнiң жұмыс iстеуiне қажеттi жағдайлар жасайды, оларды ұтымды орналастыру және жұмыс орындарын жиhазбен, байланыс құралдарымен және ұйымдастыру iсiнiң техникасымен жарақтандыру мәселелерiн шешедi.

      Кәсiподақ комитетiмен бiрлесiп Аппарат қызметкерлерiнiң тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелерiмен шұғылданады және емдеу-алдын алу, санаторий-курорт қызметiн көрсетудi қамтамасыз етедi. Емдеу-сауықтыру бiрлестiгiнiң, оның медициналық және санаторий-курорт мекемелерiнiң қызметiн бақылауды жүзеге асырады. Аталған бiрлестiктiң басшы қызметкерлерiнiң және оған ведомстволық бағыныстағы бөлiмшелердiң бiрiншi басшыларының кандидатураларын келiседi және бекiтуге табыс етедi.

      Авиация және темiр жол билеттерiн броньдауды, сондай-ақ Аппарат қызметкерлерi мен олар үшiн төлемдi Iс Басқармасы жүргiзетiн санаттағы адамдардың қызметтiк жүрiп-тұруына арналған автомобиль көлiгiнiң қызмет көрсетуiн белгiленген тәртiппен ұйымдастырады.

      Алматы қаласында халықаралық, республикалық және басқа шаралар өткiзу барысында қонақ үйлерiнде орынның броньдалуын қамтамасыз етедi. Аппарат басшылығының келiсiмiмен үкiметтiк телефондар орнатуға рұқсат бередi.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясындағы рұқсаттама режимi туралы Ережеге сәйкес Президенттiң Резиденциясындағы және Республика алаңы, 13 үйдегi рұқсаттама режимiнiң қатаң сақталуына бақылауды жүзеге асырады әрi жауап бередi.

      Iс Басқармасының құзырына кiретiн қаржы-шаруашылық мәселелерi жөнiнде Президенттiң, Премьер-министрдiң, Аппарат басшылығының қарауына ұсыныс енгiзедi.

      Тиiстi республикалық министрлiктермен, ведомстволармен, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен өз мiндеттерiнiң ауқымындағы мәселелердi шешедi.

      Өз құзыретiнiң шегiнде, қолданылып жүрген заңдардың, Президенттiң жарлықтары мен қаулыларының, Министрлер Кабинетi қаулыларының, Премьер-министр өкiмдерiнiң, Аппарат Басшысы бұйрықтарының негiзiнде және соларды орындау үшiн ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар мен ұйымдардың орындауы үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады.

      Жаңадан басталған және қайта жаңартылған құрылыс объектiлерiнiң жобалық-сметалық құжаттамаларын белгiленген тәртiппен бекiтедi, ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындардың аяқталған құрылысын және жөнделген ғимараттары мен құрылғыларын пайдалануға қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк және жұмыс комиссияларын тағайындайды, негiзгi құралдарды Iс Басқармасы балансының есебiнен шығарады және басқа ұйымдарға бередi, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар мен ұйымдардың негiзгi құралдарын есептен шығарудың және берудiң актiлерiн өз бұйрығымен бекiтедi.

      Ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру және тексерiс жүргiзу барысында бюджеттiң орындалуына әрi қаржы тәртiбiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асыруға қажеттi есеп берулер мен мағлұматтарды сұратады және алады.

      Кредиттерге иелiк етушi ретiнде жұмыс iстейдi, ағымдағы есепшотты алады және жабады, Iс Басқармасына ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды құрады және таратады. Ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар мен ұйымдардың бiрiншi басшылары мен бас бухгалтерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Шаруашылық қызметiнiң негiзгi нәтижелерi үшiн осы мекемелердiң басшы қызметкерлерiне сыйақы төлеуге рұқсат бередi.

      Ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар туралы тиiстi ережелердi (жарғыларды) бекiтедi.

      Iс Басқармасын Республиканың Президентi тағайындайтын Iс Басқарушысы басқарады. Iс Басқарушысының Министрлер Кабинетi тағайындайтын екi орынбасарлары бар. Орынбасарлардың арасындағы мiндеттердi бөлудi Iс Басқарушысы жүзеге асырады.

     

      III. Құрылымы және жұмысты ұйымдастыру

     

      Iс Басқармасының құрылымына: қаржы және бухгалтерлiк есептеу, шаруашылық-тұрмыстық, емдеу-сауықтыру секторлары, сондай-ақ көшiру-көбейту бюросы енедi.

      Дербес баланстары бар ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындар: Өндiрiс-пайдалану бiрлестiгi (ӨПБ) баспаханасымен, Өндiрiс-пайдалану кәсiпорыны (ӨПК), Баспахана, "Байқоңыр" кәсiпорны, Инженерлiк орталық, асхана, "Алматы", "Жетiсу" және филиалдарымен "Қазақстан" қонақ үйлерiн қоса Қонақ үй шаруашылық бiрлестiгi тiкелей бағыныста болады.

      Бұл ұйымдардың функционалдық мiндеттерi олар туралы тиiстi ережелермен айқындалады.

  Қазақстан Республикасы
 
 
  Министрлер Кабинетiнiң
1994 жылғы 5 наурыздағы
N 245 қаулысымен
Бекiтiлген
 

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi

      жойылған кейбiр шешiмдерiнiң

      Тiзбесi

     

      1. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Қазақ ССР Министрлер Советiнiң Iс Басқармасы Автомобиль шаруашылығының министрлiктерге және ведомстволарға жеңiл автомобильдермен қызмет көрсетудiң тәртiбi туралы" 1969 жылғы 7 шiлдедегi N 425 қаулысы.

      2. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1969 жылғы 21 тамыздағы N 856 өкiмi.

      3. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1969 жылғы 17 желтоқсандағы N 736 "Қазақ ССР Министрлер Советi Iс Басқармасының мәселелерi" қаулысы.

      4. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Қазақ ССР Министрлер Советi Iс Басқармасының Шаруашылық басқармасы туралы" 1970 жылғы 25 мамырдағы N 335 қаулысы.

      5. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1982 жылғы 13 желтоқсандағы N 508 өкiмi.

      6. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1986 жылғы 2 шiлдедегi N 181 өкiмi.

      7. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Қазақ ССР Министрлер Советiнiң Iс Басқармасы туралы Ереженi бекiту туралы" 1989 жылғы 29 наурыздағы N 107 қаулысы.

      8. Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Қазақ ССР Министрлер Советi Iс Басқармасының құрылысы мен штат саны туралы" 1989 жылғы 10 қарашадағы N 346 қаулысының 1 және 2 тармақтары.

      9. "Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Қазақ ССР Министрлер Советi Iс Басқармасының құрылымы мен штат саны туралы" 1989 жылғы 1 қарашадағы N 346 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1990 жылғы 13 маусымдағы N 248 қаулысы.

      10. Қазақ ССР Министрлер Кабинетi Премьер-министрiнiң 1990 жылғы 28 желтоқсандағы N 308 өкiмiнiң 2 тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады