Қазақстан Республикасының өнеркәсiп және сауда министрлiгi жайлы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 1 тамыз N 1054. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997.05.20. N 851 қаулысымен

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда министрлiгi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн. 
 
        Қазақстан Республикасы 
       Премьер-министрiнiң 
       бiрiншi орынбасары 
                                        Қазақстан Республикасы 
                                        Министрлер Кабинетiнiң 
                                        1995 жылғы 1 тамыздағы 
                                            N 1054 қаулысымен 
                                             Бекiтiлген 
 
               Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және 
                     сауда министрлiгi туралы 
                         Е Р Е Ж Е 
 
                      I. Жалпы ережелер 
 
        1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда министрлiгi құру туралы" 1994 жылғы 13 маусымдағы N 1730  U941730_ Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда министрлiгi (бұдан былай - Министрлiк) өнеркәсiпке, сыртқы экономикалық байланыстар мен сауда саласына басшылық жасайтын орталық мемлекеттiк басқару органы болып табылады. 
      2. Министрлiк тiкелей Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне бағынады және республиканың мемлекеттiк бюджетi қаржысының есебiнен ұсталады. 
      Министрлiк өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қаулылары мен Қазақстан Республикасы Кабинетiнiң шешiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады. 
      3. Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады: 
      жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, өнеркәсiп және сауда салаларының қызметiн үйлестiрiп, республиканың өндiрiстiк кешенiн мемлекеттiк басқару; 
      өндiрiс әлеуетiнiң тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз етудi көздейтiн өнеркәсiптi дамытудың тұжырымдамаларын әзiрлеу, кооперациялық байланысты дамыту, ғылыми сыйымдылығы мол және бәсекеге төтеп бере алатын өнiмнiң шығарылуын арттыру, белсендi ғылыми-техникалық, инвестициялық және әлеуметтiк саясат жүргiзу; 
      сыртқы экономикалық байланыстарды ұйымдастыру, шет елдермен ынтымақтастық, өнiмдi экспорттау және импорттауды дамыту, әлеуметтiк рынок конъюнктурасын зерделеу және оның дамуын болжау, халықаралық көрмелер, жәрмеңкелер өткiзуге қатысу;<*> 
      Ескерту. 3-шi тармақтың 4-абзацы жаңа редакцияда - ҚРМК-нiң 
               1995.09.11. N 1251 қаулысымен.
 
                  II. Министрлiктiң негiзгi функциялары 
 
        4. Министрлiк өзiнiң негiзгi мiндеттерiн басшылыққа алып: 
      кен-металлургия, машина жасау, химия және халық тұтынатын тауарларды өндiру кешендерiнiң кәсiпорындары мен ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз етедi; 
      қоғамдық өндiрiс пен халықтың өнеркәсiп өнiмi мен халық тұтынатын тауарларға деген қажеттiлiгiн болжау негiзiнде, сондай-ақ әлем рыногының конъюнктурасы мен әлемдiк шаруашылыққа кiрiгудiң керектiгiн ескере отырып, өнеркәсiп пен сыртқы және iшкi сауда салаларын дамытудың мемлекеттiк басым бағдарламаларын әзiрлеп, жүзеге асырады; 
      өнеркәсiп пен саудадағы мемлекеттiк меншiктi монополия-сыздандыру, мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi; 
      өнеркәсiптегi берешегiн өтей алмайтын қарыздар болып қалған залалды өндiрiстердi (кәсiпорындарды) сауықтыру жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға белгiленген тәртiп бойынша қатысады; 
      кәсiпкерлiкке, шағын және орташа бизнеске шетел инвестицияларын тарту мәселелерi бойынша қолдау көрсетедi; 
      орталықтандырылған ресурстардың есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық бағдарламалар мен өнеркәсiп жобаларын дайындауға белгiленген тәртiппен қатысады;<*> 
      өнеркәсiпке шетел несиелерi мен инвестицияларын тарту және пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады; 
      ұлтаралық өнеркәсiптiк құрылымдар мен бiрлескен кәсiпорындарды құру процесiне қатысады; 
      өнеркәсiптi дамытудың болжамдарын әзiрлейдi және талдау жасайды, басқа министрлiктермен бiрлесе отырып, өндiрiс қуаттарын дамыту, олардың пайдаланылуын жақсарту және өндiрiстiң техникалық деңгейiн арттыру жөнiндегi ғылыми-техникалық және инвестициялық саясатты қалыптастырады; 
      экспорт пен импорттың тиiмдiлiгiн арттыру және материалдық ресурстар баланстарының құрылымын жақсарту мақсатында өнеркәсiпте шет елдермен тиiмдi кооперациялық байланыстар жасап, дамытуды қамтамасыз етедi; 
      өнеркәсiп орындарындағы қалдықсыз және экологиялық тұрғыдан таза технологиялар мен қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларын әзiрлеу мен енгiзудi ұйымдастырады; 
      Қазақстан кәсiпорындарының халықаралық рынокта бәсекелесу қабiлетiн зерделейдi және оны арттыру жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрлейдi; 
      өнеркәсiп пен саудадағы басқарудың тиiмдi ұйымдастыру нысандарын әзiрлеу мен енгiзудi жүзеге асырады; 
      iшкi резервтердi айқындау есебiнен өнеркәсiптегi шикiзат ресурстарын ұтымды пайдалану жөнiндегi шараларды әзiрлейдi;<*> 
      мемлекеттiк өнеркәсiп орындарын қайта құру мен қайта бағдарлауды белгiленген тәртiппен жүзеге асырады; 
      шетел инвестицияларды кеңiнен пайдалану арқылы өндiрiстi технологиялық жағынан жаңғырту жөнiндегi шараларды әзiрлейдi; 
      тұтыну рыногын дамытуға мемлекеттiк қолдау көрсету жөнiндегi шараларды жүзеге асырады; 
      өнеркәсiп өнiмi бойынша материалдық баланстарды әзiрлеуге қатысады; 
      шетел инвестицияларын пайдаланудың тиiмдiлiгiн талдайды және өнеркәсiп кешенiне шетел капиталының қосылуына көмектеседi; 
      өнеркәсiптегi қауіпсiздiк пен еңбектi қорғау жөнiнде бiрiңғай саясат жүргiзедi; 
      пайдалы қазбалардың жекелеген кенiштерiн бiрлесiп игеруге, концессияға беру жөнiндегi халықаралық тендерлердi ұйымдастыруға қатысады; 
      мемлекеттiк өнеркәсiп орындарының, бiрлестiктердiң, ұйымдар мен басқа да құрылымдық құралымдардың қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi ережелердi, жарғыларды және басқа нормативтiк құжаттарды белгiленген тәртiппен бекiтедi; 
      меншiктiң әртүрлi нысандарына негiзделген нарықтық инфрақұрылымдарды қалыптастыруда өндiрiс кәсiпорындары мен сауда ұйымдарына методологиялық және ұйымдық-экономикалық көмек көрсетедi; 
      өнеркәсiптiң стратегиялық мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн қаржы және валюталық қаражатқа деген қажеттiлiктi дәлелдейдi және тиiстi органдарға белгiленген тәртiп бойынша ұсыныстар енгiзедi; 
      министрлiктiң және республиканың өнеркәсiп және сауда кешенiне кiретiн мемлекеттiк бiрлестiктер мен ұйымдардың ақпаратпен қамтамасыз ету жүйесiн құруға қатысады; 
      министрлiктiң құрамындағы кәсiпорындардың өз өндiрiстерiн жұмылдыру жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады; 
      сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында халықаралық және үкiметаралық жобаларды даярлауға қатысады; 
      келiссөздер жүргiзедi және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң тапсыруы бойынша халықаралық келiсiмдер мен шарттарды жасайды және олардың орындалуын бақылайды; 
      iшкi және әлемдiк тұтыну рыногының конъюнктурасын талдау негiзiнде азық-түлiк және азық-түлiк емес халық тұтынатын тауарларды өндiру жөнiндегi ұсыныстарды даярлайды және оларды тиiстi мемлекеттiк басқару орындарына табыс етедi; 
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiленген тәртiпке сәйкес тауарлардың (жұмыстар мен қызметтердiң) экспорты мен импортына лицензия берудi жүзеге асырады; 
      өз құзыры шегiнде тауарларды қайта экспорттаумен байланысты мәселелердi шешедi; 
      сыртқы экономикалық және өнеркәсiптiк ынтымақтастықтың тиiмдi нысандарын енгiзу жөнiндегi жұмысты үйлестiредi; 
      шетелдердiң ұйымдары мен фирмаларының сыртқы сауда мәселелерi жөнiндегi ұсыныстарын қарайды және осы мәселелер бойынша белгiленген тәртiппен ұсыныстар дайындап, табыс етедi, сыртқы экономикалық байланыстарға қатысушылармен тауар айналымы және төлемдер, жеткiзiлiмдердiң көлемi мен кезектiлiгi туралы келiссөздер жүргiзедi; 
      валюта-несие мәселелерiн ұйымдастыру жөнiндегi шараларды әзiрлеу мен жүзеге асыруға қатысады, Қазақстан Республикасының Кеден комитетiмен "Қазақстан Республикасының кеден iсi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес кеден мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды;<*><*> 
      Қазақстан Республикасының шет елдермен сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiмет аралық комиссиялар мен комитеттердiң, халықаралық ұйымдар мен органдардың (ГАТТ, ВТО, ЮНКТАД, ЭКО, ЭСКАТО және басқалары) жұмысы мен халықаралық экономикалық қатынастар жөнiндегi конференциялар мен конгрестерге, симпозиумдар мен мәжiлiстерге қатысуы үшiн басқа министрлiктермен бiрлесе отырып, өнеркәсiп пен сауданы дамытуға қатысты мәселелердi даярлайды, сауда мен өндiрiстiк, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту жөнiндегi мәселелердi талқылап шешу үшiн Қазақстан Республикасына келетiн шетелдiк делегацияларды қабылдайды; 
      Қазақстан Республикасының шет елдермен сауда-экономикалық байланыстарын дамыту жөнiнде ақпарат-насихат жұмысын жүргiзедi; 
      Қазақстан Республикасының қатысуымен шетелде салынатын объектiлердiң iрi инвестициялық жобаларын тәуелсiз техникалық-экономикалық сараптамадан өткiзудiң тетiгiн әзiрлеу мен оны ұйымдастыруға қатысады; 
      сауда конъюкнтурасы мен республика тұтыну рыногының жай күйiн зерделейдi және оны дамыту жөнiнде болжамдар жасап, ұсынымдарды әзiрлейдi; 
      халық тұтынатын тауарлардың көтерме саудасы бойынша жәрмеңкелер өткiзу жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады; 
      сауда құрылымдарында Қазақстан Республикасының "Тұтынушыларқұқығын қорғау туралы" Заңы талаптарының сақталуына бақылау ұйымдастырады, халық тұтынатын тауарларға деген стандарттар мен техникалық шарттарды өзгерту және бекiту жөнiндегi ұсыныстарды қарауға қатысады; 
      республика аумағында сауда қызметiн жүзеге асыратын меншiктiң барлық нысандарындағы кәсiпорындар үшiн мiндеттi сауда ережелерiн әзiрлейдi және бекiтедi, сондай-ақ осы ережелердiң сақталуына бақылау жасайды; 
      халыққа сауда қызметiн көрсетудiң прогрессивтi әдiстерi мен нысандарын насихаттайды, сауда мен қоғамдық тамақтандырудың отандық және шетелдiк озық тәжiрибесiн зерделейдi және енгiзедi, сауда жарнамасын дамытуға мүмкiндiк жасайды; 
      қолданылып жүрген заңдарға сәйкес республиканың шетелдегi сыртқы қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады; 
      әлеуметтiк даму және министрлiктiң жүйесiндегi қызметкерлердiң еңбек, тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық жағдайлары мен оларға медициналық қызмет көрсетудi жақсарту жөнiндегi шараларды жүзеге асырады. 
      Ескерту. 4-шi тармаққа өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлдi - ҚРМК-нiң 1995.09.11. N 1251 қаулысымен.  
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.04.29. 
               N 520 қаулысымен  P960520_

                      III. Министрлiктiң құқықтары. 
 
        5. Министрлiктiң өзiне жүктелген функцияларына сәйкес: 
      мемлекеттiк кәсiпорындардың оларға берiлген мемлекеттiк басқару органдарының құқықтары мен қызметтерiн орындауына бақылау жасауды жүзеге асыру;<*> 
      басқа ведомстволармен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығы туралы келiсiмдер мен шарттарды әзiрлеуге қатысуға; 
      республиканың өнеркәсiп және сауда кәсiпорындары мен бiрлестiктерiнiң басшы қызметкерлерi резервiн орналастыру мен даярлау мәселелерiн белгiленген тәртiппен шешуге; 
      өз құзыры шегiнде нормативтiк құжаттар шығаруға, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулылары мен жарлықтарын орындау үшiн өнеркәсiп және сауда бiрлестiктерi мен кәсiпорындары үшiн мiндеттi шешiмдер қабылдауға және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға; 
      өнеркәсiп және сауда кәсiпорындарынан, сыртқы сауда ұйымдарынан Министрлiкке жүктелген мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпаратты сұратып алуға; 
      өз құзырының шегiнде мемлекеттiк кәсiпорындарды, ұйымдар мен мекемелердi құру, қайта құру және тарату жөнiндегi мәселелердi белгiленген тәртiппен шешуге; 
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi тарапынан өзiне берiлген құқыққа сәйкес мемлекеттiк кәсiпорындардың мүлкiн иеленуге, пайдалануға және басқаруға; 
      көп салалық және ұлтаралық холдингтердi құру жөнiндегi құрылтай құжаттарын дайындау жұмысына қатысуға; 
      халық тұтынатын тауарлардың қорын белгiленген тәртiппен қалыптастыруға; 
      мүдделi органдармен келiсiп, уақытша жұмыс топтарын, үйлестiру, ғылыми-техникалық және басқа да кеңестер мен ведомствоаралық сараптау комиссияларын құруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсiбi, сыртқы экономикалық қызметi мен саудасы мәселелерi жөнiнде мәжiлiстер өткiзуге; 
      халықаралық көрмелер, жәрмеңкелер, аукциондар, симпозиумдар мен басқа да шаралар өткiзу жөнiндегi жұмыстардың ұйымдастырылуына қатысуға, жарнамалық-баспа қызметiн жүзеге асыруға; 
      өнеркәсiптi, сыртқы экономикалық қызмет пен сауданы басқару саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар әзiрлеуге және белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қарауына енгiзуге; 
      кәсiподақтармен және олардың бiрлестiктерiмен еңбек және өзге әлеуметтiк-экономикалық мәселелер бойынша салалық (тарифтiк) келiсiмдер жасауға құқығы бар. 
      Ескерту. 5-шi тармақтың екiншi абзацы жаңа редакцияда - ҚРМК-нiң 1995.09.11. N 1251 қаулысымен.
 
            IV. Министрлiктiң қызметiн ұйымдастырудың 
                   негiзгi мәселелерi 
 
        6. Министрлiктi Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қызметке тағайындалатын және босатылатын министр басқарады. 
      Министрдiң орынбасарлары болады, оларды министрдiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қызметке тағайындайды. Министрдiң орынбасарлары арасындағы мiндеттердi министр белгiлеп, бөледi. 
      7. Министр Министрлiктiң жұмысын ұйымдастырады және оның қызметi үшiн дербес жауап бередi. 
      Министр бұл мақсатта: 
      министрлiктiң қызметiн басқаруды жүзеге асырады, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес барлық мекемелерде, кәсiпорындар мен ұйымдарда оның мүддесiн бiлдiредi және сенiмхатсыз Министрлiктiң атынан iс қимыл жасайды; 
      Министрдiң орынбасарлары мен Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларына жүктелген мiндеттердiң орындалуы үшiн жауапкершiлiктiң деңгейiн белгiлейдi; 
      қолданылып жүрген заңдарға сәйкес Министрлiктiң орталық аппараттарына қызметкерлердi қызметке қабылдайды және босатады, ынталандыру шараларын қолданады және тәртiптiк жаза белгiлеп, тартқызады; 
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң тарапынан бөлiнген қаржы шегiнде Министрлiк орталық аппаратының штаттық кестесi мен оны ұстауға арналған шығыстар сметасын, сондай-ақ Министрлiктiң құрылымдылық бөлiмшелерi мен ведомствоға қарасты ұйымдардың штаттарын және олар туралы ережелердi бекiтедi; 
      республикада белгiленген тәртiп бойынша шарт негiзiнде компаниялардың, бiрлестiктер мен сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi сауда үйлерi мен басқа да кәсiпорындардың бiрiншi басшыларын қызметке тағайындайды және босатады; 
      Министрлiктiң қарамағындағы кәсiпорындар мен ұйымдардың құрылымына өзгерiстер енгiзедi. 
      8. Министрлiкте құрамында министр (алқа төрағасы), қызметi бойынша министрдiң орынбасарлары, сондай-ақ Министрлiк жүйесiнiң басқа да басшы қызметкерлерi бар алқа құрылады. 
      Министрлiктiң алқасы өз мәжiлiстерiнде Министрлiктiң құзырына қатысты мәселелердi қарайды. 
      Алқаның шешiмдерi министрдiң бұйрығымен iс жүзiне асырылады. Министр мен алқа арасында пiкiр алшақтығы туындаған жағдайда министр туындаған келiспеушiлiктер жайында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiне баяндай отырып, өз шешiмiн iс жүзiнде асырады, ал алқа мүшелерi де өз тарапынан пiкiрлерiн баяндауға құқылы. 
      9. Министрлiк республиканың заңдарына сәйкес және өз құзiретi шегiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы Президентi және Министрлер Кабинетiнiң актiлерi мен осы Ереженiң негiзiнде, олардың орындау үшiн бұйрықтар мен нұсқамалар шығарады және ведомствоға қарасты барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң мiндеттi түрде орындау үшiн нұсқаулар бередi. 
      Ескерту. 9-шы тармақтың екiншi абзацы алынып тасталды - ҚРМК-нiң 1995.09.11. N 1251 қаулысымен. 
      10. Министрлiктiң департаменттерi мен басқармалары оның негiзгi құрылымдық бөлiмшелерi болып табылады. 
      11. Министрлiктiң орталық аппараты қызметкерлерiнiң санын, еңбек ақы қорын қоса алғанда, оны ұстау үшiн бөлiнетiн қаржы мөлшерiн, сондай-ақ басқару құрылымын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi. 
      12. Министрлiк заңды тұлға болып табылады, банкте есеп айырысу, бюджеттiк және валюталық шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өз атауы қазақ пен орыс тiлдерiнде жазылған мөр бар. 
      13. Министрлiк ғимараттарды, құрылыстар мен басқа да мүлiктi олардың қызметiне және өз жұмысының мақсаттарына сәйкес иелену мен пайдалануға құқылы. 
      Министрлiк жедел есеп және бухгалтерлiк есепке алуды жүзеге асырады және статистикалық есеп берудi жүргiзедi. Министрлiктiң лауазымды тұлғалары мемлекеттiк есептiлiктi бұрмалағаны үшiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауап бередi. 

          V. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және жою 
 
        14. Министрлiктi қайта ұйымдастыру мен жою Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады