Торғай облысының ауыл шаруашылығы өндiрiсiнде "Росконтракт" Федеральдық контракт корпорациясы" Россия акционерлiк қоғамы инвестицияларының жобасын мемлекеттiк қолдау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 21 мамыр N 621

      Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына шет ел инвестицияларын тарту, республиканың ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрудi арттыру мақсатында және "Шет ел инвестициялары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Астық және өзге де ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру мен ұқсату үшiн жағдайлар жасауға бағытталған ұйымдастырушылық және басқарушылық шаралар кешенiн жүргiзе отырып басты мiндетi Державин, Есiл, Жақсы, Қима және Октябрь аудандарының ауыл шаруашылығы кәсiпорындарына шет ел инвестицияларын тарту болып табылатын инвестициялық жобаны Қазақстан Республикасының Торғай облысында жүзеге асыру жөнiндегi Торғай облысы ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң және "Росконтракт" Федералдық контракт корпорациясы" Россия акционерлiк қоғамының (бұдан былай - "Росконтракт" корпорациясы) бастамасы мақұлдансын.
      "Росконтракт" корпорациясы шет ел инвесторы (шет елдiк заңды ұйым) болып табылады, тиiстi кепiлдiктердi шектеусiз пайдаланады және Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңдарда көзделген шет ел инвесторларына ұлттық режим беру принципiне сәйкес iс-әрекет етедi.
      2. Торғай облысының аталған аудандарында инвестициялық жобаны жүзеге асыру шет ел капиталын тарту, сондай-ақ жоба шеңберiнде инвестордың ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сатудан алған пайдасының бөлiгiн өндiрiсте қайта инвестициялау негiзiнде атқарылатын болады деп белгiленсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi және Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi "Росконтракт" корпорациясымен бiрлесiп тиiстi облыстардың әкiмдерiмен ұсыныстарды алдын ала келiсе отырып Торғай және оған жақын облыстардың қызмет көрсетушi және ұқсатушы кәсiпорындарын оларды ауыл шаруашылығы өндiрiсi мен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн ұқсату үшiн пайдалану және аймақты өнеркәсiптiк өндiрiс өнiмдерiмен, тамақ өнiмдерiмен жабдықтау жөнiндегi сауда жүйесiн жасау, сондай-ақ инвестордың өзге де мұқтаждарын қамтамасыз ету мақсатымен "Росконтракт" корпорациясына жалға беру, сату немесе сенiмдi басқаруға беру жөнiндегi ұсыныстарды қарайтын болсын.
      4. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, Торғай облысының әкiмi ауыл шаруашылығы өндiрушiлермен және "Росконтракт" корпорациясымен бiрлесiп қазақстандық депозитарда ипотекалық шарттардың (ипотекалық куәлiктердiң), кепiлдiк келiсiмдердiң, ипотека мен кепiлдiкке байланысты өзге де құжаттардың мiндеттi түрде сақталуын көздей отырып жылжымайтын және басқа да мүлiк кепiлдiгiнiң ипотекасы келiсiмдерiнiң шарттарын, оларды хаттау мен тiркеу тәртiбiн белгiлесiн.
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне аталған жоба шеңберiндегi инвестициялық шараларды қаржыландыру үшiн қажеттi қаржы институттарын, өкiлдiктерi мен банктерiн құруда "Росконтракт" корпорациясына жәрдем көрсету ұсынылсын.
      6. Қазақстан Республикасының Кеден комитетi "Росконтракт" корпорациясының және оның кәсiпорындарының мұқтажына арналған материалдық және қаржы ресурстарын әкелу мен әкету кезiнде Кеден одағы туралы Келiсiм нормаларының сақталуын қамтамасыз етсiн.
     Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрi


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады