"Міндетті әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен тағайындаудың және төлеудің шарттары, тәртібі туралы" уақытша нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 13 сәуір N 411

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      Қоса беріліп отырған "Міндетті әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен тағайындаудың және төлеудің шарттары, тәртібі туралы" уақытша нұсқаулық бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
1999 жылғы 13 сәуірдегі  
N 411 қаулысымен      
бекітілген         

Міндетті әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі
жәрдемақыларды мемлекеттік бюджетті қаражаты
есебінен тағайындаудың және төлеудің шарттары,
тәртібі туралы Уақытша нұсқаулық

      1. Осы уақытша Нұсқаулық 1999 жылдың 1 қаңтарынан 17 сәуіріне дейінгі кезеңде міндетті әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен тағайындау және төлеу процесінде қалыптасатын қатынастарды реттейді.

1. Жалпы ережелер

      1. Міндетті әлеуметтік қамсыздандыруға жататын адамдар, тиісті жағдайларда олардың отбасы мүшелері осы уақытша Нұсқаулықта көзделген тәртіппен әлеуметтік жәрдемақылардың мынадай түрлерімен қамтамасыз етіледі: 
      жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы; 
      жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы; 
      баланың тууына арналған жәрдемақы; 
      жерлеуге арналған жәрдемақы. 

      2. Осы уақытша Нұсқаулықта көзделген міндетті әлеуметтік жәрдемақылар міндетті әлеуметтік қамсыздандырылуға жататын адамдарға негізгі жұмыс орны бойынша мынадай тәртіппен төленеді: 
      мемлекеттік мекемелер - Қазақстан Республикасы бюджеті шығыстарының экономикалық жіктелімінің 113 ерекшелігі бойынша еңбекақы қорын үнемдеу есебінен; 
      басқа жұмыс берушілер - өз қаражатының есебінен. 
      Мемлекеттік мекемелер мен басқа да жұмыс берушілердің іс жүзінде жүргізілген әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қалпына келтіруі Қазақстан Республикасының "1999 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Заңына сәйкес мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен жүргізіледі.

 
2. Жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы 

 
      3. Жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы науқастануға (жарақаттануға), протез салдыруға, жүктілігін жасанды жолмен тоқтатуға, отбасының сырқаттанып қалған мүшесіне күтім жасауға, карантинге, туберкулезбен немесе кәсіби ауруына байланысты уақытша басқа жұмысқа ауысуға байланысты және басқа да жағдайларға байланысты жұмысқа уақытша жарамсыз болған жағдайда тағайындалады және төленеді. 

      4. Белгіленген тәртіппен берілген жұмысқа жарамсыздық парағы, ол жоғалған кезде оның көшірмесі жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақыны тағайындау және төлеу үшін негіз болып табылады. 

      5. Ауырған кезде жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы жұмысқа жарамсыздықтың алғашқы күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы (МӘСК) мүгедектігін белгілегенге дейін төленеді. 

      6. Жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы жұмыс істейтін азаматтарға орташа айлық жалақысының есебімен төленеді. Бұл ретте жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақының мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген шамасынан аспауы тиіс. 
      Егер жұмысқа уақытша жарамсыздық оның алдындағы тоқсанда басталып ағымдағы тоқсанда аяқталатын болса, онда жәрдемақыны есептеу мен оның мөлшерін айлық шектеу тоқсанға тиістің айлық есептік көрсеткіш қолданыла отырып, екі рет жүргізіледі. 

      7. Қызметкердің еңбек жарақатын алуына немесе кәсіби ауруға шалдығуына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақыны, жұмысқа жарамсыздығы басталған күннен бастап жұмысқа шыққанға немесе мүгедектігі белгіленгенге дейін орташа жалақысының жүз проценті мөлшерінде жұмыс беруші төлейді. 

      8. Қызметкер демалыс кезінде уақытша жұмысқа жарамсыздыққа ұшыраған кезде жәрдемақы берілмейді. Егер жұмысқа жарамсыздық демалыс аяқталғаннан кейін де жалғасса, жәрдемақы демалыс аяқталған күннен бастап төленеді. 

      9. Жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы: 

      жұмысқа уақытша жарамсыздығы қылмыс жасаған кезде алған жарақаттың салдарынан пайда болған қызметкерлерге; 

      соттың ұйғарымы бойынша қызметкерді мәжбүрлеп емдеу уақытына (жүйке ауруларынан басқа); 

      қызметкердің қамауда болған уақытына және олардың кінәсі анықталған жағдайда сот-медициналық сараптама уақытына; 

      қызметкердің ішімдік ішудің, есірткі және уытты заттарды пайдаланудың салдарынан болған ауруына немесе жарақатына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыздығы кезінде төленбейді. 

      10. Қызметкердің жұмыстан шығарылуының дұрыстығы туралы дау кезеңіндегі жұмысқа уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы, жұмысқа қайтадан орналастырылған жағдайда бірінші күннен бастап төленеді. 

      11. Қызметкерлерді заңдарда белгіленген жағдайларда мерзімді медициналық тексеру жүргізу уақытына жәрдемақылар төленбейді. 

      12. Әскери оқу немесе тексеру жиыны не оқу орындарында өндірістен қол үзбей оқуына байланысты берілген қосымша демалыс кезеңінде жұмысқа уақытша жарамсыздыққа ұшыраған жағдайда, жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы, көрсетілген кезеңнің аяқталуы бойынша жұмысқа уақытша жарамсыздықтың алғашқы күнінен бастап төленеді. 

      13. Қызметкер қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жұмыстан (лауазымнан) шеттетілген кезеңде жұмысқа уақытша жарамсыздық пайда болған кезде жәрдемақы төленбейді. Егер жұмысқа уақытша жарамсыздық жұмысқа рұқсат етілгеннен кейін де жалғасатын болса, жәрдемақы жұмысқа жарамсыздықтың алғашқы күнінен бастап төленеді.

 
3. Жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы 

 
      14. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы толық жалақысы мөлшерінде жүктілігі және босануы бойынша демалыстың бүкіл кезеңі бойы төленеді. 

      15. Белгіленген тәртіппен берілген жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы, ал ол жоғалса - оның көшірмесі жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы тағайындау және төлеу үшін негіз болып табылады. 

      16. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы бүкіл демалыс уақытына төленеді. Жүктілігі және босануы бойынша демалыстың күндері босанғаннан кейінгі күндермен бірге 126 күнтізбелік күнді құрайды және жәрдемақы бір жолы төленеді. Босануы қиын болған немесе екі және одан көп бала туған жағдайда жәрдемақы 140 күнтізбелік күн үшін төленеді. 

      17. Бала үш жасқа толғанша оған күтім жасау үшін жалақысы сақталмастан демалыста болған кезде босанған және осы кезеңде жұмысқа кірмеген әйелдерге жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы төленбейді. Егер жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақыға құқығы бала үш жасқа толғанша күтім жасау жөніндегі демалысы аяқталғаннан кейін пайда болса, жәрдемақы жалақысы сақталмастан демалыс аяқталуының алғашқы күнінен бастап төленеді. 

      18. Жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы қамауда болған уақытына, кінәсі анықталған жағдайда сот-медициналық сараптама уақытына, сондай-ақ соттың белгілеуі бойынша мәжбүрлеп емдеу уақытына (жүйке ауруларынан басқа) төленбейді. 

      19. Жұмыстан босатылуының дұрыстығы туралы дау кезеңінде жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы жұмысқа қайта орналастырылған жағдайда жәрдемақы алу құқығы пайда болған күнінен бастап төленеді.

 
4. Баланың тууына арналған жәрдемақы 

 
      20. Баланың тууына арналған біржолғы жәрдемақы жұмыс істейтін әйелдерге тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңда белгіленетін мөлшерде төленеді.
      Баланың анасы жұмыс істемейтін жағдайда жәрдемақы жұмыс істейтін баланың әкесіне немесе ол болмаған жағдайда іс жүзінде баланы күтуді жүзеге асырушы жұмыс істейтін адамға беріледі.
      Екі және одан көп бала туған жағдайда біржолғы жәрдемақы әр балаға төленеді.

      21. Жәрдемақыға құқығы бар ата-анасының қайтыс болуына байланысты алынбаған баланың тууы кезіндегі біржолғы жәрдемақы, басқа ата-анасына немесе іс жүзінде баланы тәрбиелеуші өзге адамға беріледі.

      22. Егер бала өлі туса баланың тууына арналған біржолғы жәрдемақы төленбейді.

      23. Жұмыс беруші үшін өтініш пен баланың тууы туралы анықтама баланың тууына арналған біржолғы жәрдемақыны тағайындау және төлеу үшін негіз болып табылады.

5. Жерлеуге арналған жәрдемақы

      24. Қызметкер қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы оның отбасы мүшелеріне немесе жерлеуді ұйымдастыруды өзіне алған адамдарға төленеді.

      25. Жерлеуге арналған жәрдемақы тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңда белгіленетін мөлшерлерде төленеді.

      26. Азаматтардың хал-жағдайы актілерін тіркеу органы берген қайтыс болғандығы туралы анықтама жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыны тағайындау және төлеу үшін негіз болып табылады.

6. Мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен міндетті
әлеуметтік қамсыздандыру жәрдемақыларын тағайындаудың
және төлеудің шарттары мен тәртібі

      27. Жәрдемақы оған құқық пайда болған күннен бастап және уақытша жұмысқа жарамсыздығын, жүктілігі және босануы, баланың тууы және қайтыс болу фактілерін куәландыратын тиісті құжаттардың ұсынылуы бойынша тағайындалады. 

      28. Негізгі жұмыс орны бойынша жалақысы толықтай немесе ішінара сақтала отырып басқа ұйымға жұмысты орындау үшін жіберілген қызметкерлерге, осы кезеңде пайда болған уақытша жұмысқа жарамсыздығы бойынша жәрдемақы көрсетілген жұмысқа жіберілер алдында болған жалақы есебімен тағайындалады және төленеді. Жәрдемақыны төлеу негізі жұмыс орны бойынша жүргізіледі. 

      29. Кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі курстардың тыңдаушыларына уақытша жұмысқа жарамсыздығы, жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы, егер оларды курсқа ұйым жіберсе және оқу кезеңінде олардың соның есебінен жәрдемақы тағайындалатын және төленетін жалақысы сақталса, олардың жұмыс орны бойынша төленеді. 

      30. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, колледждерде, жалпы білім беретін мектептерде оқитын, өндірістік практика кезеңінде ақы төленетін жұмыс орындарына немесе қызметтерге тіркелген студенттерге практика уақытында болған уақытша жұмысқа жарамсыздығы немесе жүктілігі және босануы бойынша демалысы күндері үшін жәрдемақы осы уақыт үшін практикадан өту орны бойынша төленеді. 

      31. Қызметкердің еңбек жарақатының немесе кәсіби аурудың салдарынан уақытша жұмысқа жарамсыздығы пайда болған кезде жәрдемақы бақытсыз жағдай немесе қызметкердің өндірісте өзге де денсаулығын зақымдауы туралы акті болған кезде тағайындалады. 

      32. Қызметкер жұмысқа жарамсыздық парағын жұмыс берушіге уақытша жұмысқа жарамсыздық аяқталуы бойынша, жұмысқа шыққан күні береді. Уақытша жұмысқа жарамсыздық парағы, егер жұмысқа жарамсыздық одан әрі жалғасқан жағдайда төлемге ұсынылуы мүмкін.
      Жұмыс беруші жұмысқа жарамсыздық парағының тарауларына қажетті белгілер енгізеді.

      33. Жұмысқа жарамсыздық парағы мен жәрдемақы төлеу үшін ұсынылған басқа да құжаттар, ақша құжаттармен бірдей ұйымның бухгалтериясында сақталады.

      34. Уақытша жұмысқа жарамсыздығы бойынша жәрдемақы жалақы төлеу үшін белгіленген мерзімдерде төленеді.

      35. Қызметкердің қайтыс болуы бойынша алынбаған жәрдемақы бірге тұратын немесе қайтыс болған адамның асырауындағы отбасы мүшелеріне, олар болмаған кезде, жерлеуді ұйымдастыруды өзіне алған адамдарға беріледі.

      36. Міндетті әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақы сенімхат бойынша беріле не қызметкердің өтініші бойынша оның шотына аударылына алады.

      37. Ұйымның бас (аға) бухгалтері жәрдемақы төлеуге арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуы үшін жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады