Кен өндiру өнеркәсiбiндегі еңбек қауiпсiздiгi туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң 1995 жылғы 13 қаңтардағы N 17-ө Өкiмi

      Кен өндiру өнеркәсiбiнiң кәсiпорындарында еңбектiң қауiпсiздiгiн арттыру мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi жұмыс iстеп тұрған шахталар мен разрездердiң кен-геологиялық және техникалық жағдайларына баға беру негiзiнде үш ай мерзiм iшiнде кен өндiрiсiн техникалық қауiпсiздiк талаптарына жауап беретiндей деңгейге келтiру жөнiндегi шаралар жоспарларын әзiрлеп, бекiтсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi, Өнеркәсiп және сауда министрлiгi, Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi:
      республикада кеншiлердi құтқару iсiн жетiлдiру, салалық әскерилендiрiлген құтқару бөлiмдерiн нығайту жөнiнде кiдiрiссiз шаралар қабылдасын, олардың мамандармен толықтырылуын және қажеттi техникамен, авариялық-құтқару жабдықтарымен, газоаналитикалық бақылау құралдарымен және құтқару жабдықтарымен жабдықталуын норматив талаптарына сәйкес келтiрсiн;
      жылдық және перспективалық жоспарлар жасаған кезде жұмыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және кен өндiрiсiнде еңбек қорғауға жұмсалған мақсатты шығындардың нормативтерi мен мөлшерiн анықтайтын болсын.
      3. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда министрлiгi, Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi, Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi, Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгi Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрлесiп, салалық әскерилендiрiлген құтқару бөлiмдерiн жабдықтау үшiн кен құтқару жабдықтарының, өртке қарсы және авариялық-құтқару техникалары мен жабдықтарының жекелеген түрлерiн республика кәсiпорындарында шығаруды ұйымдастырсын және қамтамасыз етсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi салалық министрлiктермен бiрлесiп, 1995 жылы көмiр өндiрiсi саласындағы кәсiпорындардың және әскерилендiрiлген құтқару бөлiмдерiнiң басшы құрамының басшы қызметкерлерiнiң, мамандарының бiлiктiлiгiн көтеру үшiн республикалық курс ұйымдастырсын.
      5. Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi 1995 жылдан бастап жыл сайын белгiленген тәртiппен республиканың салалық министрлiктерi мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi комитеттiң ұсынысы бойынша ерекше қауiптi өндiрiстер мен кен құтқару iсiнiң техникалық қауiпсiздiгi проблемалары жөнiндегi маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру мәселелерiн қарауды қамтамасыз етсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi салалық министрлiктермен бiрлесiп үш ай мерзiм iшiнде iстiң жағдайын қарап, 1995 жылдан бастап кен өндiру өнеркәсiбiнiң бiрлестiктерi мен кәсiпорындары медициналық қызметтерiн өндiрiсте жараланған жұмысшыларға көмек көрсету үшiн дәрi-дәрмек бұйымдарымен және медициналық құралдармен қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шараларды белгiлеп, жүзеге асыратын болсын.
      7. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi комитет кен өндiрісi кәсiпорындарында жұмысты қауiпсiз жүргiзу жөнiнде нормалар мен ережелердi сақтау үшiн бақылауды күшейтсiн, оларды бұзған жағдайда заң берген құқықты толық пайдаланып, кәсiпорындарда жұмысты тоқтатуға дейiн шара қолдансын.
      8. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi комитет жүйесiнде жұмыс iстейтiн жұмысшылардың мәртебесiн көтеру және еңбекке ынталандыру жөнiндегi келiсiлген ұсыныстарды пысықтап, енгiзетiн болсын.
      9. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне мынадай заң жобалары мен басқа да нормативтiк актiлер жөнiнде:
      Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi, Өнеркәсiп және сауда министрлiгi - "Қазақстан Республикасының кен заңының", Өнеркәсiптiң кен өндiру салаларында жұмыс iстейтiн жұмысшылардың Жарғысының жобасы жөнiнде;
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi комитет - "Өндiрiстiк персоналға, халыққа және қоршаған ортаға аса қауiптi кәсiпорындарды, өндiрiстердi, объектiлер мен бұйымдарды мемлекеттiк техникалық қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының жобасы жөнiнде;
      Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi - "Өндiрiстiк жарақаттан және кәсiби аурулардан сақтандыру қоры туралы", "Кәсiпорындардың еңбектi қорғау талаптарын қамтамасыз етпегенi үшiн экономикалық жауапкершiлiгi туралы", "Еңбек қорғау қоры туралы". "Еңбек қорғауды қаржыландыру туралы" ережелер жобасы жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.
 
       Премьер-министр

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады