Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2004 жылғы 12 ақпандағы N 1 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 8 қарашадағы N 9 Қаулысымен

       Қаулының күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9  Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелері Қ.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.К.Котов және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтініш субъектісінің өкілі - Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты В.И.Макалкиннің,
      Республика Үкіметінің өкілі - Республиканың Әділет вице-министрі С.Н.Баймағанбетовтің,
      Республика Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Б.С.Мелдешовтің қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының  50-бабының  3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.
      Конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, баяндамашының - Конституциялық Кеңестің мүшесі Қ.Ә.Әбішевтің хабарлауын, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап,  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі  мынаны  анықтады:

      Республиканың Конституциялық Кеңесіне Республика Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының  50-бабының  3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Тиісті конституциялық нормаларды түсіндірген кезде өтініш субъектісі мынадай сұрақтардың жауабы көзделінуін сұраған:
      1) "әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан" және "Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылатын бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша" дегендер, бір мандатты сайлау округтері әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде құрылады деген мағынада синонимдер болып табылады ма;
      2) "Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады" деген норма Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын бір мандатты аумақтық сайлау округтерінің бәріне қатысты ма немесе әкімшілік-аумақтық бірліктегі, атап айтқанда, облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы және Республика астанасындағы осындай округтерге ғана қатысты ма;
      3) "шамамен сайлаушылардың саны тең" деген ұғымды қалай түсіндіруге болады.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының  50-бабы  3-тармағының нормаларын өтініште қойылған сұрақтарға қатысты түсіндірген кезде  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі  мынаны негізге алды.

       1.  Республика Конституциясында Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің, өкілді органдар құрылуының негізгі ережелері мен принциптері берілген.
      Мәселен, Республика Конституциясының  3-бабының  1 және 2-тармақтарында, "мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" және "халық билікті тікелей ... еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді",- деп бекітілген. Бұл ережелер азаматтардың мемлекеттік органдарды сайлауға және оларға сайлануға құқығымен (Конституцияның 33-бабының   2-тармағы) тікелей байланысты болып, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы негіздерінің бірі болып табылады.
      Республика Конституциясының  50-бабының  1-тармағына сәйкес Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Сенаттың негізгі құрамы, әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілдікті органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардың онда тең өкілдік етуі көзделінетін аумақтық принцип бойынша құралады (Негізгі Заңның  50-бабының  2-тармағы). Сенат депутаттарына қарағанда өзгешелігі, Мәжіліс депутаттары бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
      Негізгі Заңның  50-бабының  2 және 3-тармақтарында қолданылатын "әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан" және "бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша" деген категориялар мағынасы жағынан бірдей емес, әртүрлі конституциялық-құқықтық институттарға, тиісінше Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына және сайлау жүйесіне жатады. Олар Республика Парламенті Палаталарын құрудың түрлі тәсілдерін айқындайды.

       2.  Республика Конституциясының  50-бабының  3-тармағы, "алпыс жеті депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады",- деп белгілейді.
      Жоғарыда аталған конституциялық нормалардан келіп шығатыны, бір мандатты аумақтық сайлау округтерінің саны Парламент Мәжілісі депутаттарының санына (67) сәйкес болуға тиіс. Бір мандатты аумақтық сайлау округтері, белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан азаматтарының шамамен саны тең болатындай етіп құрылады. Бұл орайда, Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісін ескере отырып бір мандатты аумақтық сайлау округтерін құру туралы конституциялық талап, Мәжіліс депутатына тең сайлау өткізуге арналған сайлау округтерін құрудың негізгі өлшемдерінің бірі болып табылатынын ескеру қажет. Бұл міндетті талап Республиканың әкімшілік бірліктері аумақтарының заңнамамен белгіленген шегіндегі барлық сайлау округтеріндегі сайлаушылар санының теңдігін қамтамасыз етуді көздейтіндіктен, Негізгі Заңның  51-бабының  5-тармағына сәйкес келеді.

       3.  Конституцияның  50-бабы  3-тармағының "алпыс жеті депутат ... шамамен сайлаушылардың саны тең бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады" деген бөлігіндегі нормаларын, сайлау округтері сайлаушылар санындағы айырмашылық мүмкіндігінше аз бола отырып әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде құрылуға тиіс деп түсінген жөн. Негізгі Заңның  51-бабының  5-тармағына сәйкес әртүрлі сайлау округтеріндегі сайлаушылар санының жол берілген ауытқуының нақты шегін белгілеу конституциялық заңның реттеу нысанына жатады.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының  31- 33,  37-баптарын  және  41-бабы  1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, өтініште қойылған сұрақтарға қатысты  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

       1.  Қазақстан Республикасы Конституциясының  50-бабы  3-тармағының "алпыс жеті депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылатын бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады" деген бөлігіндегі нормалары, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттарын сайлауға арналған бір мандатты аумақтық сайлау округтері, Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде құрылатынын білдіреді.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының  50-бабы  3-тармағының "шамамен сайлаушылардың саны тең" деген бөлігіндегі нормаларын, бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде бір мандатты аумақтық сайлау округтеріндегі сайлаушылар санындағы айырмашылық мүмкіндігінше аз болуға тиіс деп түсінген жөн. Әртүрлі сайлау округтеріндегі сайлаушылар санының жол берілген ауытқуының нақты шегін белгілеу конституциялық заңның реттеу нысанына жатады.

       2.  Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының  3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабының  4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

       3.  Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

       Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады