2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 124-бабы екінші бөлігінің, 127-бабы тоғызыншы бөлігінің және 171-бабы төртінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 10 қаңтардағы № 40-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Н.С. Калижановтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – басшының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің төрағасы С.В. Сизинцевтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Р.Т. Байтеленовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Н.С. Калижановтың 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 124-бабы екінші бөлігінің, 127-бабы тоғызыншы бөлігінің және 171-бабы төртінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусинді және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасы мен жекелеген шет елдер заңнамасының нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты (бұдан әрі – Конституциялық Сот)

анықтады:

      А.М. Ауесбаевтың талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарау кезінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – Астана қаласының МАӘС) 2023 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшының өкілі Н.С. Қалижановқа ӘРПК-нің 127-бабының төртінші бөлігі негізінде сотты құрметтемегені үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылған.

      Соттың ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы 2023 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымын орындамағаны үшін Н.С. Қалижановқа Астана қаласы МАӘС-інің 2023 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымымен ӘРПК-нің 127-бабының тоғызыншы бөлігі және 171-бабының төртінші бөлігі негізінде 30 АЕК мөлшерінде қайталап ақшалай өндіріп алу қолданылған.

      Соттың ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы 2023 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымын орындамағаны үшін Н.С. Қалижановқа Астана қаласы МАӘС-інің 2023 жылғы 29 мамырдағы ұйғарымымен 40 АЕК мөлшерінде қайталап ақшалай өндіріп алу қолданылған.

      Өтініш субъектісі жоғарыда аталған сот актілерін олармен келіспегендіктен орындамаған. Өтініш субъектісі ӘРПК-де белгіленген тәртіппен сот актілеріне шағым жасауды да ӘРПК-нің 124-бабы екінші бөлігінің талаптарына байланысты жүзеге асырмаған.

      Өтініш авторы ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы ұйғарымға шағым жасауға ол орындалғаннан кейін ғана жол беретін ӘРПК-нің 124-бабының екінші бөлігі өзінің сот төрелігіне қол жеткізу құқығын шектейді, ал ӘРПК-нің 127-бабы тоғызыншы бөлігінің және 171-бабы төртінші бөлігінің ережелері судьялардың процеске қатысушыларға сол бір бұзушылық үшін ақшалай өндіріп алуды қолдану арқылы процестік мәжбүрлеу шараларын бірнеше рет қолдану мүмкіндігін теріс пайдалануына жағдайлар жасайды деп ойлайды.

      ӘРПК-нің дау айтылып отырған нормаларының конституциялылығы мәселесін қарау кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы өзін адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы), әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік береді (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы), бұл ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс (Конституцияның 39-бабының 3-тармағы).

      Конституциялық Кеңестің, одан кейін Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бір түрін конституциялық деңгейге дейін жеткізу және Конституцияда олардың кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алатындығын білдіреді деп баса атап өтілді (Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6, 1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2, 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, Конституциялық Соттың 2023 жылғы 22 мамырдағы № 16-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар).

      Конституцияның 75-бабының 2-тармағына сәйкес сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады.

      Конституцияда сот ісін жүргізу нысандарының азаматтық, қылмыстық және өзге де түрлерге бөлінуі 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК), 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі (бұдан әрі – ҚПК), 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі – ӘҚбК) және ӘРПК арқылы іске асырылды. Аталған нормативтік құқықтық актілердің әрқайсысы тараптар теңдігі негізінде тиісінше қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы, азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй қатынастарынан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді қарау тәртібін, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін белгілейді.

      Заң шығарушы ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігінде белгілегендей әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады. Бұл норма Конституцияның 76-бабы 1-тармағының сот билігі өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды деген нормасымен үйлеседі.

      Әкімшілік сот ісін жүргізуді соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асыру ӘРПК-нің маңызды ерекшелігі болып табылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді және өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды (ӘРПК-нің 16-бабы).

      Дәлелдеу жүктемесін қайта бөлу және соттың процестік белсенділігі әкімшілік сот ісін жүргізу қағидалары бойынша сот ісін талқылаудың негізгі ерекшеліктеріне жатады, бірқатар елдердің әкімшілік-процестік кодекстері мен заңдарында көрініс тапқан, бірі билік өкілеттіктеріне ие болатын тараптардың теңсіздігі кезінде тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған кең таралған практика болып табылады.

      2. Процестік мәжбүрлеу шаралары – сот шешімдері міндеттілігінің конституциялық қағидатын іске асыру нысандарының бірі. Сот билігінің беделін қамтамасыз ете отырып, олар бір мезгілде талап қоюшының ғана емес, жауапкердің де құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға кепілдік беретін құрал ретінде қолданылады.

      Процестік мәжбүрлеу шараларының айрықша ерекшелігі – бұл соттың оларды тек қана ӘРПК қағидаттарын іске асыру және сақтау, құқықтың теріс пайдаланылуын болғызбау және қандай да бір салалық заңнаманы бұзумен байланысты емес сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатына ғана арналған және сол үшін қолданылатын процестік нормаларды бұзғаны үшін қолдануы. Процестік мәжбүрлеу шараларының мақсаты – сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыру және бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіру кедергілерін дереу жою. Осы тұрғыдан алғанда, тұлғаның процестік мәжбүрлеу шарасын дереу немесе заңда белгіленген қысқа мерзімде орындау міндеті әкімшілік процестің міндеттері мен қағидаттарына сай келетін қажетті және мөлшерлес шара болып табылады.

      Сот арқылы қорғалу құқығы адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну құқығын білдіреді деген өз ұстанымын ұстана отырып (2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулы), Конституциялық Сот сонымен бірге бұл құқық Конституцияның басқа да нормаларымен:

      Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну қағидатына сәйкес жүзеге асырылуы (3-баптың 4-тармағы);

      заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы адам құқықтарына қарай анықталуы (12-баптың 2-тармағы);

      заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және қандай бір кемсітуге жол берілмеу (14-бап);

      Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек соттың ғана жүзеге асыруы (75-баптың 1-тармағы);

      сот билігінің азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауы, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуі (76-баптың 1-тармағы);

      соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күшінің болуы (76-баптың 3-тармағы);

      судьяның тәуелсіз болуы және оның Конституция мен заңға ғана бағынуы (77-баптың 1-тармағы);

      әркімнің Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтау, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу міндеті (34-баптың 1-тармағы);

      адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (12-баптың 5-тармағы) сияқты нормалармен ажырамас өзара байланыста және жиынтықта іске асырылуға тиіс деп есептейді.

      Бұл құқықтарды сот арқылы қорғау басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұза алмайды, Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына қатаң сәйкестікте, заң алдында, актілері жалпыға бірдей міндетті сипатта болатын тәуелсіз сот алдында жұрттың бәрі тең қағидаты негізінде жүзеге асырылуға тиіс дегенді білдіреді. Бұл ретте жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуын реттейтін заңдар конституциялық нормаларды іске асыру кезінде теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады.

      Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін қолданыстағы заңдардың нормаларында (ӘРПК және АПК-нің тиісті нормалары) ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы ұйғарымға шағым жасау мүмкіндігі көзделеді (ӘРПК-нің 124-бабының екінші бөлігі), осындай ұйғарымға берілген жеке шағымды қарау тәртібі айқындалады (АПК-нің 429-бабы). Сонымен қатар заңмен тұлғаны ақшалай өндіріп алуды төлеуден босату, оның мөлшерін азайту немесе ақшалай өндіріп алудың орындалуын кейінге қалдыруды не бөліп төлеуді қолдану тетігі белгіленді (ӘРПК-нің 127-бабының жетінші және сегізінші бөліктері). Осы қорғау шараларын ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарымға шағым жасау алдында да, одан кейін де қолдануға болады.

      ӘРПК-нің 124-бабы екінші бөлігінің екінші абзацында екі дербес құқықтық ереженің бар екенін айту керек. Бірінші сөйлемге сәйкес "осы ұйғарымға шағым жасау процестік мәжбүрлеу шараларының орындалуын тоқтата тұрмайды" деп, ал екінші сөйлемге сәйкес "ақшалай өндіріп алуды қолдануға жекеше шағым беруге қолданылған өндіріп алу орындалғаннан кейін жол беріледі" деп көзделген.

      Конституциялық Сот әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын тиімді іске асыруды қамтамасыз етудің және әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізудің өзара байланысты мақсаттарын негізге ала отырып, ӘРПК-нің 124-бабы екінші бөлігінің аталған абзацында тұлғаның сот ұйғарымына шағым жасау құқығы ол табыс етілген күннен бастап берілетіні, сондай-ақ мұндай тұлғаның қолданылған ақшалай өндіріп алуды заңда белгіленген мерзім ішінде орындау міндеттемесі бекітіледі деп пайымдайды.

      3. Негізгі Заңның 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидаты бекітіледі, бұл тиісті құқықтық қатынастардың барлық субъектілері үшін талаптар мен құқықтық жауаптылықтың біртұтастығын көздейді (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 3 қазандағы № 31-НҚ нормативтік қаулысы).

      ӘРПК-нің 127-бабының ережелерін оларда кемсітушілік нормалардың бар-жоғы тұрғысынан талдай отырып, Конституциялық Сот ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шараларының бірі ретінде жеке тұлғаға да, лауазымды адамға да не заңды тұлғаға немесе оның өкіліне де олардың процестік мәртебесіне, жынысына, тұрғылықты жеріне, лауазымдық жағдайына және т. б. қарамастан қолданылуы мүмкін екенін атап өтеді. Тұлғаның ӘРПК-нің 127-бабының үшінші, төртінші, бесінші және тоғызыншы бөліктерінде көзделген әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауы оған ақшалай өндіріп алуды қолдануға міндетті шарт болып табылады. Ақшалай өндіріп алуды қолдану сот отырысында жүзеге асырылады, бұл жайында өзіне қатысты осы мәжбүрлеу шарасы қолданылатын тұлға міндетті түрде хабардар етіледі.

      Соттың процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану, оның ішінде ақшалай өндіріп алуды қолдану құқығы сот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігі конституциялық қағидаттарынан, судьялар талаптарының міндеттілігінен туындайды және соттың әкімшілік әділет тұрғысынан сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті дискрециялық өкілеттіктерінің көріністерінің бірі болып табылады.

      Осылайша, ӘРПК-нің 127-бабында әкімшілік процестің барлық қатысушыларына сот талаптары мен сот актілерінің міндеттілігі туралы нормаларды бұзудың тең салдары белгіленеді және кемсітушілік сипаттағы ережелер орын алмайды.

      4. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды.

      Конституциялық Сот құқықтық жауаптылық әртүрлі салалық мазмұндағы заңдарда белгіленетінін таниды және тұлғаның әрекетінің немесе әрекетсіздігінің сипатын ескереді.

      Мәселен, 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 9-бабында азаматтық құқықтарды қорғаудың және азаматтық жауаптылықты жүктеудің тәртібі мен тәсілдері, оның ішінде залалдарды өтеу, моральдық зиянның өтемін төлету, айыппұл салу және заңда белгіленген басқа да тәсілдер түрінде бекітілген. АК-де азаматтық-құқықтық қатынастар субъектілерінің басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін жауаптылығы да белгіленеді.

      2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (2-баптың екінші бөлігі) қылмыстық жауаптылық негiздерi енгізіледі, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қандай қауiптi іс-әрекеттердің қылмыстық құқық бұзушылық, яғни қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшiн жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары белгiленедi.

      ӘҚбК-нің 6-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамада әкiмшiлiк жауаптылықтың негiздерi мен қағидаттары бекітіледi, қандай іс-әрекеттердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылатыны және оларды жасағаны үшiн қолданылатын жаза түрлерi айқындалады.

      Қолданыстағы құқықтық тәсілдерге сәйкес құқықтық жауаптылық шараларын қолдану үшін құқыққа қайшы іс-әрекет негіз болып табылады.

      ӘҚбК-нің 653-бабында сотты құрметтемегені үшін әкімшілік жауаптылық көзделеді. Сонымен қатар заң шығарушы аталған бапқа ескертпеде сотты құрметтемегені үшін ӘҚбК-нің 653-бабында көзделген жауаптылық ӘРПК-ге сәйкес процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін әрекетке (әрекетсіздікке) қолданылмайды деп белгіленген.

      Конституцияның 61-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы.

      Конституциялық Сот әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік мәжбүрлеу шаралары сотты құрметтемегені үшін ғана емес, сондай-ақ процестік құқықтарды теріс пайдаланғаны немесе процестік міндеттерді орындамағаны үшін, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелді себептерсіз бұза отырып, дәлелдемелер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, қолданылады деп атап өтеді. Сот шешімін, тараптардың татуласу, медиация туралы келісімін бекіту туралы немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін сот жауапкерге ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы. Демек, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздерінің тізбесі ӘҚбК-нің 653-бабында қамтылмаған, бірақ әкімшілік сот ісін жүргізудің ерекшеліктерін және оны жүзеге асыру қағидаттарын көрсететін іс-әрекеттерді қамтиды.

      ӘРПК-нің 127-бабында санамаланған, жасағаны үшін ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылуы мүмкін іс-әрекеттерді заң шығарушы әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатын құқыққа қайшы іс-әрекеттер тізбесінен алып тастаған. Процестік мәжбүрлеу шаралары сот процесі саласында заң жауаптылығының бір түрі болып табылады және сот процесіне қатысушы сотта мінез-құлық қағидаларын бұзған және сот шешімін орындаудан жалтаруды қоса алғанда, өзінің процестік міндеттерін орындамаған жағдайда процестік жауаптылық ретінде қаралуы мүмкін. Олар сот процесі барысында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін қолданылады, дәлелдемелер жинауға, тәртіпті сақтауға және сот процедуралары аясында әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттерді қамтиды және әкімшілік сот ісін жүргізу процесінде қолданылатын заңды құралдар болып табылады.

      ӘРПК-нің 127-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелді себептерсіз бұза отырып дәлелдемелер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы. ӘРПК-нің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде және 171-бабының төртінші бөлігінде ақшалай өндіріп алу мөлшерін ұлғайтатын белгілі бір саралау белгілерін (қайталануын) ескеруге мүмкіндік беретін ережелер көзделген. Қайталап ақшалай өндіріп алу ӘРПК-нің аталған баптарында жаңа процестік бұзушылықтар жасағаны үшін қолданылады.

      Осыған байланысты Конституциялық Сот ӘРПК-нің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде және 171-бабының төртінші бөлігінде белгіленген соттың тұлғаға жаңа процестік бұзушылық үшін ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасын қайта қолдану құқығы Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына қайшы келмейді деп есептейді.

      5. ӘРПК нормалары және АПК-нің тиісті нормалары жеткілікті дәрежедегі айқындылықпен әкімшілік сот ісін жүргізу процесі реттейді. Алайда, ӘРПК-нің жекелеген нормалары процестік әрекеттерді жасаудың нақты мерзімдерін, мысалы, тұлғаға ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарымның көшірмесін табыс ету мерзімін не сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы сот актісін орындауды кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді қолданған жағдайда, мұндай ұйғарымға шағым беруге болатын мерзімді айқындау бөлігінде жетілдіруді талап етеді. Сонымен қатар, ӘРПК-де "қайталап" ұғымының қолданылуы әкімшілік соттың өкілеттігіне қатысты оны екіұшты түсінуге жол береді.

      Конституциялық Сот сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңда белгіленген өзге де нысандарында сот отырысы залында тәртіпті бұзғаны, процестік міндеттерді орындамағаны және сотты және (немесе) судьяны құрметтемеуді айқын айғақтайтын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін әртүрлі құқықтық ықпал ету шаралары көзделгеніне де назар аударады. Соттардың азаматтық сот ісін жүргізу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу шеңберінде істерді қарауы кезіндегі ұқсас құқыққа қайшы іс-әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылықтар құрамын құрайды, оларға әкімшілік жазалар қолданылады (ӘҚбК-нің 653-бабы). Өз кезегінде, ӘРПК-де және ҚПК-де осындай іс-әрекеттер әкімшілік жауаптылықты қолданудан туындайтын осыған ұқсас құқықтық салдары жоқ процестік мәжбүрлеу шараларына әкеп соғады. Сот осындай бұзушылықтар үшін ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлғалардың процестік мүмкіндіктерінің айырмашылығы бар: ҚПК бойынша мұндай тұлға ақшалай өндіріп алуды төлеген-төлемегеніне қарамастан, сот ұйғарымына шағым жасауға құқылы, ал өтініш беруші шағым жасап отырған ӘРПК нормасы бойынша жеке шағым беру процестік мәжбүрлеу шараларын орындауды тоқтата тұрмайды. АПК, ҚПК және ӘҚбК шеңберінде сот ісін жүргізу кезінде адамның сотты және (немесе) судьяны құрметтемеуіне байланысты шығарылған сот актісін орындамау әкімшілік құқық бұзушылық құрамын құрайды, бірақ бұл тәртіп ӘРПК-ге сәйкес ұқсас іс-әрекеттері үшін процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылған сот актісін орындамау жағдайларына қолданылмайды. Осыған байланысты, Конституциялық Соттың пікірінше, әртүрлі сот ісін жүргізу нысандарында теңгерімсіздікті жоюдың және ұқсас құқыққа қайшы іс-әрекеттер үшін заңды жауаптылық шараларын және осындай жауаптылыққа тартылатын тұлғаларды қорғау тәсілдерін біріздендірудің объективті қажеттігі туындайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 3 және 4-тармақтарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 124-бабының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты берген төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді танылсын:

      "Әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын тиімді іске асыруды қамтамасыз етудің және әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізудің өзара байланысты мақсаттарын негізге ала отырып, аталған Кодекстің 124-бабы екінші бөлігі екінші абзацының құқықтық ережелерін ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлғаға жоғары тұрған сотқа тиісті ұйғарымға шағым жасау құқығын ол табыс етілген күннен бастап беру деп, сондай-ақ мұндай тұлғаға қолданылған өндіріп алуды заңда белгіленген мерзімде орындау міндетін жүктеу деп түсіну керек".

      2. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 127-бабының тоғызыншы бөлігі және 171-бабының төртінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      3. Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 124-бабы екінші бөлігі екінші абзацының ережелерін өзгеше түсіндіруге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі алты ай мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда қамтылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану бөлігінде заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      5. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      6. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады