Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2002 жылғы 29 мамыр N 886

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы N 2679 заң күші бар Жарлығы   7-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:
      1. Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасы атынан қол қойсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Жоба

     ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН НИДЕРЛАНД
КОРОЛЬДІГІ АРАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ КӨТЕРМЕЛЕУ
ЖӘНЕ ӨЗАРА ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі
      өз елдері арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды нығайтуға, атап айтқанда, бір Уағдаласушы Тарап тұлғаларының екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы инвестицияларына қатысты олардың арасындағы экономикалық қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға ниет білдіре отырып,
      мұндай инвестицияларға ұсынылатын режим туралы келісімнің капитал мен технологиялардың ағылып келуін, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың экономикалық дамуын ынталандыратынын, сондай-ақ әділетті әрі тең режимді ұсынудың дұрыстығын тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      1) " инвестициялар " термині активтердің әрбір түрін және, атап айтқанда, оларды ғана емес мыналарды қамтиды:
      жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ құндылықтардың барлық түріне қатысты кез келген басқа мүліктік құқықтар;
      компаниялар мен бірлескен кәсіпорындарда акциялар, облигациялар және басқа да мүдделер түрлері бойынша алынған құқықтар;
      ақшаға, басқа активтерге немесе экономикалық құндылығы бар кез келген басқа да табысқа арналған құқықтар;
      санаткерлік және өнеркәсіптік меншікке, гудвиллге және ноу-хауға арналған құқықтар;
      табиғи ресурстарды зерделеуге, барлауға, өндіруге және әзірлеуге арналған құқықтарды қоса алғанда, мемлекеттік заңнамаға сәйкес ұсынылған құқықтар;
      2) " тұлғалар " термині әрбір Уағдаласушы Тараптарға қатысты мыналарды білдіреді:
      Уағдаласушы Тараптың азаматы болып табылатын кез келген жеке тұлға;
      осы Уағдаласушы Тараптардың заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлғалар;
      осы Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес тіркелмеген, бірақ анықтамалары жоғарыда осы баптың 2-тармағында келтірілген жеке немесе заңды тұлғалармен тікелей немесе жанама түрде бақыланатын заңды тұлғалар;
      3) " аумақ " термині Уағдаласушы Тараптардың әуе кеңістігі мен жер қойнауын қоса алғанда, жер бетін, тиісті Уағдаласушы Тараптардың халықаралық құқықтарға сәйкес осы мемлекеттер егемен құқықтары мен заңды билігін жүзеге асыратын дәрежеде теңіз аумақтарын, құрлықтық қайраңы мен жағалаулық теңіз аумақтарын білдіреді.

2-бап

      Кез келген Уағдаласушы Тарап өз заңнамасы шеңберінде өзінің аумағында екінші Уағдаласушы Тарап тұлғаларының инвестицияларын қорғау жолымен экономикалық ынтымақтастыққа жәрдемдеседі. Өз заңнамасы беретін өкілеттіктерді өзінің жүзеге асыру құқығына сәйкес әрбір Уағдаласушы Тарап мұндай инвестицияларды қолдайтын болады.

3-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап тұлғаларының инвестицияларына әділетті әрі тең құқықты режимді қамтамасыз етеді және негізсіз немесе кемсітушілік шараларымен тұлғалардың осы инвестицияларға қатысты қызметіне, басқаруына, қолдауына, пайдалануына, жүзеге асыруына немесе билік етуіне зиян келтірмейді.
      Әрбір Уағдаласушы Тарап мұндай инвестицияларға толық қауіпсіздік пен қорғау көрсетеді.
      2. Атап айтқанда, әрбір Уағдаласушы Тарап мұндай инвестицияларға, мүдделі инвестор үшін режимдердің қайсысы неғұрлым қолайлы екендігіне байланысты, не өзінің тұлғаларының инвестицияларына, не кез келген үшінші мемлекеттің инвестицияларына ұсынылатын режимнен қолайлылығы кез келген жағдайда кем болмауы тиіс режимді ұсынады.
      3. Егер Уағдаласушы Тарап кедендік, экономикалық, валюталық одақтар немесе сол сияқты ұйымдар орнататын келісімдер негізінде немесе осындай одақтарды немесе ұйымдарды құруға жетелейтін уақытша келісімдер негізінде кез келген үшінші мемлекеттің азаматтарына ерекше артықшылық берген болса, онда бұл Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың тұлғаларына мұндай артықшылықтарды беруге міндетті емес.
      4. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап тұлғаларының инвестицияларына қатысты қабылдайтын кез келген міндеттемелерді сақтайды.
      5. Егер Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің заңнамасының ережелері немесе міндеттемелері Уағдаласушы Тараптар арасында қазіргі кезде немесе келешекте қолданылатын халықаралық құқыққа сәйкес осы Келісімге толықтыру ретінде екінші Уағдаласушы Тарап тұлғаларының инвестицияларына осы Келісімде көзделіп отырғаннан неғұрлым қолайлы режимді ұсынатын жалпы немесе ерекше ережені қамтитын болса, онда мұндай ереже осы Келісімнен неғұрлым қолайлы болатын шекте артықшылықта болуы тиіс.

4-бап

      Салықтарға, алымдарға, төлемдерге және қаржылық аударымдарға және оларды төлеуден босатуға қатысты әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында экономикалық қызметтің кез келген түрімен айналысатын екінші Уағдаласушы Тараптың тұлғаларына осыған ұқсас жағдайдағы өзінің тұлғаларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің тұлғаларына ұсынатын режимнен қолайлығы кем емес режимді қарастырылып отырған тұлғалар үшін қайсысының неғұрлым қолайлы болатынына байланысты ұсынады. Алайда, осы мақсатпен:
      Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімге сәйкес; немесе
      оның кеден одағына, экономикалық одаққа немесе сол сияқты ұйымға қатысуына байланысты; немесе
      үшінші мемлекетпен өзара байланыстылығы негізінде бұл Тарап ұсынған ешқандай ерекше фискалдық жеңілдіктер назарға алынбайды.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар инвестицияларға қатысты төлемдердің аударымды болу мүмкіндігіне кепілдік береді. Аударымдар шектеулерсіз немесе мерзімі кейінге қалдырылмастан, еркін айырбасталатын валютамен жүзеге асырылады. Мұндай аударымдар, атап айтқанда, тек бұларды ғана емес:
      1) пайдаларды, пайыздарды, дивидендтерді және өзге де ағымдағы кірістерді;
      2) мыналарға қажетті қаражатты:
      шикізат немесе көмекші материалдар, шала өнімдер немесе дайын өнімдер сатып алуға; немесе
      инвестицияларды сақтау мақсатында негізгі капиталды жаңартуға;
      3) инвестицияларды дамыту үшін қажетті қосымша қаражатты;
      4) несиелерді жабуға арналған қаражатты;
      5) роялти мен алымдарды;
      6) жеке тұлғалардың кірістерін;
      7) инвестицияларды сатудан немесе жоюдан түсетін кірістерді;
      8) осы Келісімнің 7-бабына сәйкес төлемдерді қамтиды.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы:
      мемлекет мүдделері үшін және тиісті түрде заңнама рәсімдері
сақталған жағдайда алдын ала шаралар қолданылған; 
      шаралар кемсітушілік болып табылмайтын немесе мұндай шараларды қолданушы Уағдаласушы Тарап бере алатын міндеттемелердің ешқайсысына қайшы келмейтін;
      әділетті өтемге қатысты алдын ала шаралар қабылданған. Мұндай өтем инвестициялардың шынайы құнын білдіреді және төлеу күніне дейін әдеттегі коммерциялық ставканың пайызын қамтиды әрі үміткерлерге күші болуы үшін мүдделі үміткер көрсеткен елге, үміткер тұлғасы болып табылатын елдің валютасымен немесе үміткер үшін қолайлы кез келген айырбасталатын валютамен кідіртпестен төленуге және аударылуға тиісті жағдайлар туындамайынша, екінші Уағдаласушы Тараптың тұлғаларын олардың инвестициялары бойынша тікелей немесе жанама шектейтін алдын ала ешқандай шаралар қолданбайды.

7-бап

      Екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында соғыстың немесе басқа қарулы қақтығыстың, революцияның, төтенше жағдай ахуалының, көтерілістің, бүліктің немесе жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан өз инвестицияларына қатысты шығынға ұшыраған бір Уағдаласушы Тараптың тұлғаларына бұл Уағдаласушы Тарап реституцияға, шығындардың орнын толтыруға, өтемақыға, төлемге немесе басқа реттеулерге қатысты мүдделі тұлғалар үшін өз тұлғаларына немесе үшінші кез келген мемлекеттің тұлғаларына осы Уағдаласушы Тарап ұсынатынға қарағанда қолайлылығы кем емес режим ұсынады.

8-бап

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе ол тағайындаған орган (бұдан әрі "Шығындарды Өтеуші Тарап" деп аталады) шығындарды өтеу тәртібімен немесе Инвестордың (бұдан әрі "Өтем Алушы Тарап" деп аталады) Инвестициясына қатысты берілген кепілдік бойынша екінші Уағдаласушы Тараптың (бұдан әрі "Қабылдаушы Тарап" деп аталады) аумағында төлем жүргізсе, Қабылдаушы Тарап:
      мұндай инвестицияға қатысты барлық құқықтар мен талаптардың Шығындарды Өтеуші Тарапқа берілуін; және
      Шығындарды Өтеуші Тараптың суброгацияға байланысты барлық осындай құқықтарды жүзеге асыру және осындай талаптарды қамтамасыз ету құқығын таниды.
      2. Шығындарды Өтеуші Тарап кез келген жағдайларда:
      Өтем Алушы Тарап тиісті инвестицияға қатысты осы Келісімге байланысты алуға құқығы болған,
      1-тармақта аталған құқықтарды беруге байланысты өзіне өткен құқықтар мен талаптарға қатысты дәл сондай режимге; және
      осы құқықтар мен талаптарға сәйкес тиесілі дәл сондай төлемдерге құқығы бар.
      3. 9-бапқа сәйкес кез келген рәсімдерде Уағдаласушы Тарап қорғану, қарсы талап-арыз, талаптарды есепке алу құқығы ретінде немесе кез келген басқа себеп бойынша зиянның орнын толтыру немесе мәлімделген зиянның барлығын немесе бір бөлігін басқаша өтеу сақтандыру немесе кепілдік шартына сәйкес алынғанын немесе алынуын талап етпеуі тиіс.

9-бап

      Әрбір Уағдаласушы Тарап бір Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың тұлғасы арасында осы тұлғаның инвестицияларына қатысты соңғы Уағдаласушы Тараптың аумағында туындаған кез келген заңи дауды 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда қол қою үшін ашылған мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің тұлғалары арасындағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі конвенцияға сәйкес бәтуаға келу немесе төрешілік жолымен реттеу үшін Инвестициялық дауларды реттеудің халықаралық орталығының қарауына тапсыруға келісетінін осы Келісіммен растайды.
      Бір Уағдаласушы Тараптың тұлғасы болып табылатын және осындай дау туындағанға дейін екінші Уағдаласушы Тараптың тұлғалары бақылаған заңды тұлға аталған Конвенцияның 25 (2) (b) бабына сәйкес осы Конвенцияның мақсатында екінші Уағдаласушы Тараптың тұлғасы ретінде қарастырылуы тиіс.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелері бұл Келісім күшіне енгеннен кейін Келісімге қол қойылған күнге дейін жүргізілген инвестицияларға қолданылады.

11-бап

      Уағдаласушы Тараптардың кез келгені осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген мәселе бойынша екінші Уағдаласушы Тарапқа консультациялар жүргізуге ұсыныс жасай алады. Екінші Тарап ұсынысқа түсіністікпен қарауға және мұндай консультациялар өткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

12-бап

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дипломатиялық келіссөздер жолымен ақылға қонымды кезеңнің ішінде шешілуі мүмкін емес Уағдаласушы Тараптар арасындағы кез келген дау, егер Траптар өзге туралы уағдаласпаған болса, Тараптардың кез келгенінің сұрауы бойынша үш мүшеден тұратын Төрелік сотқа берілуі тиіс. Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы бір төрешіні тағайындауы тиіс, осылайша, тағайындалған екі төреші бірге Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылмайтын үшінші төрешіні өздерінің төрағасы ретінде тағайындаулары тиіс.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі өзінің төрешісін тағайындай алмаса және мұны екінші Уағдаласушы Тарап тағайындау жасауды ұсынғаннан бастап екі айдың ішінде жасамаса, соңғысы Халықаралық Соттың президентін қажетті тағайындау жасауға шақыра алады.
      3. Егер екі төреші өздері тағайындалғаннан кейін екі ай бойы үшінші төрешіні таңдау жөніндегі келісімге қол жеткізуге қабілетсіз болса, онда Уағдаласушы Тараптың кез келгені Халықаралық Соттың президентін қажетті тағайындау жасауға шақыра алады.
      4. Егер осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда Халықаралық Соттың президенті көрсетілген функцияны жүзеге асыруда кедергілерге ұшыраса немесе ол Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылса, онда вице-президент қажетті тағайындау жасау үшін шақырылуға тиіс. Егер вице-президент көрсетілген функциясын жүзеге асыруда кедергілерге ұшыраса немесе ол Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болып табылса, онда қажетті тағайындауды жасауға кез келген Тараптың азаматы болып табылмайтын Халықаралық Соттың лауазымы бойынша ең жоғарғы мүшесі шақырылуы тиіс.
      5. Төрелік сот шешімдерді заңды құрметтеу негізінде шығаруға тиіс. Сот шешімін шығарар алдындағы процестің кез келген кезеңінде Уағдаласушы Тараптарға дауды достық жолмен шешуге ұсыныс жасауға болады. Жоғарыда айтылған ережелер Уағдаласушы Тараптардың келісуімен дауды соттың әділетті шешу құқығына кедергі жасамауы тиіс.
      6. Егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше шешсе, сот өзінің жеке рәсімін анықтауы тиіс.
      7. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыспен қабылдайды. Мұндай шешім Уағдаласушы Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуы тиіс.

13-бап

      Нидерланд Корольдігіне қатысты осы Келісім, егер 14-баптың 1-тармағында өзгеше көзделмесе, Корольдіктің еуропалық бөлігіне, Нидерландық Антиль аралдары мен Аруба аралдарына қолданылуы тиіс.

14-бап

      1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жасаған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді және 15 жыл бойы қолданылатын болады.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптардың кез келгені осы Келісімнің қолданылу мерзімінің аяқталу күніне дейін 6 ай бұрын осы Келісімнен шығатыны туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа жазбаша нысанда хабарламаса, оның қолданысы Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының осы Келісімнен жоғарыда айтылған тәртіппен шығу құқығын сақтай отырып, өздігінен 10 жыл мерзімге ұзартылады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің барлық алдыңғы баптарының ережелері сол күннен бастап қосымша 15 жылдық кезеңге күшін сақтауы тиіс.
      4. Осы баптың 2-тармағына сәйкес Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасын жазбаша хабардар ете отырып, Корольдіктің кейбір бөліктерінде осы Келісімнің қолданылуын жеке тоқтатуға құқығы бар.
      Осыны куәландыру үшін төменде қол қойған, тиісті өкілеттіктер берілген өкілдер осы Келісімге қол қойды.
     _________________ қаласында 2002 жылғы "__" _____________ екі
данада қазақ, нидерланд, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, бұл ретте барлық төрт мәтін бір-біріне сәйкес. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер болған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

         Қазақстан                                     Нидерланд
     Республикасы үшін                              Корольдігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады