Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 2 желтоқсандағы N 1239 Жарлығы

      Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы екi жақты байланыстарды тереңдету және экономикалық қатынастарды одан әрi дамыту үшiн құқықтық негiз жасау мақсатында қаулы етемін:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрi Қаржы министрі Наталья Артемовна Коржоваға принциптi сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2006.07.26.  N 156 Жарлығымен.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2003 жылғы 2 желтоқсандағы
N 1239 Жарлығына   
Қосымша     

  Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция

      Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы
      Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция жасасуға ниет бiлдiре отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап
Конвенция қолданылатын тұлғалар

      Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

  2-бап
Конвенция қолданылатын салықтар

      1. Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе оның әкiмшiлiк бөлiмшелерiнiң немесе жергiлiктi билiк органдарының атынан алынатын табыс пен капиталға салынатын салықтарға оларды алу әдiсiне қарамастан қолданылады.
      2. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығарудан алынған табыстарға салынатын салықтарды, кәсiпорындар төлейтiн еңбекақы мен жалақының жалпы сомасынан алынатын салықтарды, сондай-ақ мүлiк құнының өсуiне салынатын салықтарды қоса алғанда, табыстың жалпы сомасынан, капиталдың жалпы сомасынан немесе табыстың немесе капиталдың жеке бөлiктерiнен алынатын салықтардың барлық түрi табыстар мен капиталға салынатын салықтар деп есептеледi.
      3. Осы Конвенция қолданылатын, алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:
      а) Қазақстан Республикасында:
      (i) корпорациялық табыс салығы;
      (іі) жеке табыс салығы;
      (ііi) мүлiкке салынатын салық;
      (бұдан әрi "Қазақстан салығы" деп аталады);

      b) Словакия Республикасында:
      (і) жеке тұлғалардың табысына салынатын салық;
      (іі) заңды тұлғалардың табысына салынатын салық;
      (ііi) жылжымайтын мүлiкке салынатын салық;
      (бұдан әрi "Словакия салығы" деп аталады).
      4. Осы Конвенция осы Конвенцияға қол қойылған күннен кейiн қолданылып жүрген салықтарға қосымша немесе солардың орнына алынатын бiрдей немесе мәнi бойынша ұқсас кез келген салықтарға да қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары өздерiнiң тиiстi салық заңдарына енгiзiлетiн кез келген елеулi өзгерiстер туралы бiрiн-бiрi хабардар етiп отырады.

  3-бап
Жалпы анықтамалар

      1. Егер түпнұсқа мәтiннен өзгедей мағына туындамаса, осы Конвенцияның мақсаттары үшiн:
      а) терминдер:
      (i) "Қазақстан" Қазақстан Республикасын бiлдiредi және географиялық мағынасында қолданған кезде "Қазақстан" терминi аумақтық суларды, сондай-ақ халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан белгiлi бiр мақсаттары үшiн егемендiк құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыра алатын және Қазақстан Республикасының салық заңдары қолданылатын айрықша экономикалық аймақ пен құрлықтық қайраңды қамтиды;
      (іі) "Словакия" Словакия Республикасын бiлдiредi және географиялық мағынасында қолданған кезде Словакия Республикасы оның шегiнде халықаралық құқық ережелерiне сәйкес өзiнiң егемендiк құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыра алатын аумақты бiлдiредi;
      b) "Уағдаласушы Мемлекет" және "басқа Уағдаласушы Мемлекет" терминдерi түпнұсқа мәтiнiне қарай Қазақстанды немесе Словакияны бiлдiредi;
      с) "тұлға" терминi жеке тұлғаны, компанияны және тұлғалардың кез келген басқа да бiрлестiгiн қамтиды;
      d) "компания" терминi салық салу мақсаттары үшiн корпорациялық бiрлестiк ретiнде қарастырылатын кез келген корпорациялық бiрлестiктi немесе кез келген экономикалық бiрлiктi бiлдiредi;
      e) "Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны" және "екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны" терминдерi тиiсiнше Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды бiлдiредi;
      f) "халықаралық тасымал" терминi, теңiз немесе автомобиль көлiгiн тек басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң пункттерi арасында ғана пайдаланылатыннан басқа жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны пайдаланатын кез келген теңiз, әуе немесе автомобиль көлiгiмен жасалатын тасымалды бiлдiредi;
      g) "құзыреттi орган" терминi:
      (i) Қазақстанда: Қаржы министрлiгiн немесе оның уәкiлеттi өкiлiн;
      (іі) Словакияда: Қаржы министрiн немесе оның уәкiлеттi өкiлiн бiлдiредi;
      h) "ұлттық тұлға" терминi:
      (i) Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны;
      (іі) Уағдаласушы Мемлекеттiң қолданылып жүрген заңдары негiзiнде заңды тұлға серiктестiк, немесе қауымдастық мәртебесiн алған кез келген заңды тұлғаны серiктестiктi немесе қауымдастықты бiлдiредi.
      2. Уағдаласушы Мемлекет кез келген уақытта осы Конвенцияны қолданған кезде онда айқындалмаған кез келген термин, егер түпнұсқа мәтiннен өзгедей мағына туындамаса, осы Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты сол уақытта сол Мемлекеттiң заңдары бойынша ол қандай мағынада пайдаланылса, сондай мағынаға ие болады.

  4-бап
Резидент

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн "Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi" терминi сол Мемлекеттiң заңдары бойынша оның тұрғылықты жерi, резиденттiгi, басқару орны немесе осындай сипаттағы кез келген басқа өлшем негiзiнде онда салық салынуға тиiс кез келген тұлғаны бiлдiредi, сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттi және оның кез келген әкiмшiлiк бөлiмшесiн немесе жергiлiктi билiк органын қамтиды. Алайда, бұл термин тек осы Мемлекеттегi көздерден алынатын табысқа немесе ондағы капиталға қатысты осы Мемлекетте салық салынуға жататын кез келген тұлғаны қамтымайды.
      2. Егер 1-тармақтың ережелерiне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болып табылса, оның мәртебесi мынадай тұрғыда айқындалады:
      а) ол өзiнiң билiк етуiндегi тұрақты баспанасы орналасқан Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi; егер оның билiк етуiнде Уағдаласушы  Мемлекеттердiң екеуiнде де тұрақты баспанасы болса, ол мейлiнше тығыз жеке және экономикалық қатынасы (өмiрлiк мүдделер орталығы) бар Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
      b) егер оның өмiрлiк мүдделер орталығы бар Мемлекеттi айқындау мүмкiн болмаса немесе оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрде бiреуiнде өзiнiң билiк етуiндегi тұрақты баспанасы болмаса, ол өзi әдетте тұрып жатқан Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
      с) егер ол әдетте Мемлекеттердiң екеуiнде де тұратын болса немесе олардың бiрде бiреуiнде тұрмаса, ол өзi азаматы болып отырған Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
      d) егер резиденттiң мәртебесi а) - с) тармақшаларына сәйкес айқындалмайтын болса, Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары аталған мәселенi өзара келiсiм бойынша шешедi.
      3. Егер 1-тармақтың ережелерiне сәйкес жеке адамнан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болса, онда ол iс жүзiндегi басқару орны орналасқан Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi.

  5-бап
Тұрақты мекеме

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн "тұрақты мекеме" терминi кәсiпорынның кәсiпкерлiк қызметi ол арқылы толық немесе iшiнара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын бiлдiредi.
      2. "Тұрақты мекеме" терминi, атап айтқанда мыналарды:
      а) басқару орнын;
      b) бөлiмшенi;
      с) кеңсенi;
      d) фабриканы;
      e) шеберхананы;
      f) және кенiштi, мұнай немесе газ ұңғымаларын, карьердi немесе табиғи ресурстар өндiретiн басқа да кез келген орынды қамтиды.
      3. "Тұрақты мекеме" терминi сонымен қатар:
      а) егер осындай алаң немесе объект 9 айдан астам уақыт бойы тұрса немесе мұндай қызмет 9 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе, құрылыс алаңын немесе құрылыс, монтаждау немесе жинау объектiсiн немесе, осы жұмыстардың орындалуын бақылауға байланысты қызметтердi;
      b) және егер тек мұндай пайдалану 6 айдан астам уақыт бойы созылса немесе мұндай қызметтер 6 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе, табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын қондырғыны немесе құрылысты немесе, осы жұмыстардың орындалуын бақылауға байланысты қызметтердi немесе бұрғылау қондырғысын, немесе табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын кеменi;
      с) егер мұндай сипаттағы қызмет ел шегiнде ұзақтығы 12 ай кез келген кезеңнiң жалпы алғанда 6 айдан астамын құрайтын кезең немесе кезеңдер iшiнде жалғасса (осындай немесе оған байланысты жоба үшiн), консультациялық қызметтердi қоса алғанда, осындай мақсаттар үшiн резиденттер жалдаған қызметшiлер немесе басқа персонал арқылы резиденттердiң қызметтер көрсетуiн қамтиды.
      4. Осы баптың алдыңғы ережелерiне қарамастан "тұрақты мекеме" терминi мыналарды:
      а) құрылыстарды тек кәсiпорынға тиесiлi тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жеткiзiп тұру мақсаттары үшiн пайдалануды;
      b) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын тек сақтау, көрсету немесе жеткiзiп тұру мақсаттары үшін ұстауды;
      с) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын тек басқа кәсіпорынның өңдеу мақсаттар үшін ұстауды;
      d) тұрақты қызмет орнын тек тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшiн немесе кәсiпорынға арнап ақпарат жинау үшiн ұстауды;
      e) тұрақты қызмет орнын тек кәсiпорын үшiн дайындық немесе көмекшi сипаттағы кез келген басқа қызметтi жүзеге асыру мақсаттары үшiн ұстауды;
      f) осындай амал нәтижесiнде туындайтын тұрақты қызмет орнының жиынтық қызметi дайындық немесе көмекшi сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орнын а) тармақшасынан бастап e) тармақшасын қоса алғанда көрсетiлген қызмет түрлерiнiң кез келген амалын жүзеге асыру үшiн ұстауды қамтушы ретiнде қарастырмайды.
      5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер 1-тармақ қолданылатын тәуелсiз мәртебесi бар агенттен өзге тұлға кәсiпорын атынан әрекет етсе және Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпорын атынан келiсiм шарттар жасасуға өкiлеттiгi болса және әдетте пайдаланып жүрсе, егер тек оның қызметi тұрақты қызмет орны арқылы жүзеге асырылғанның өзiнде осы тұрақты қызмет орнын осы тармақтың ережелерiне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмайтын, 4-тармақта айтылған қызмет түрлерiмен шектелмесе, онда бұл кәсiпорын осы тұлға кәсiпорын үшiн жүзеге асыратын кез келген қызметке қатысты осы Мемлекетте тұрақты мекемесi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылады.
      6. Кәсiпорын кәсiпкерлiк қызметiн осы Мемлекетте делдал, комиссионер немесе тәуелсiз мәртебесi бар кез келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшiн ғана, егер осындай тұлғалар өздерiнiң әдеттегi қызметi шеңберiнде әрекет жасаған жағдайда, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылмайды.
      7. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын немесе осы басқа Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын (не тұрақты мекеме арқылы не басқадай жолмен) компанияның екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы фактiсiнiң өзi-ақ осы компаниялардың бiрiн екiншiсiнiң тұрақты мекемесiне айналдырмайды.

  6-бап
Жылжымайтын мүліктен алынатын табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен алатын табыстарға (ауыл немесе орман шаруашылығынан алынатын табыстарды қоса алғанда) осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. "Жылжымайтын мүлiк" терминi қаралып отырған мүлiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары бойынша қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады. Термин кез келген жағдайда жылжымайтын мүлiкке қатысты қосалқы мүлiктi, ауыл және орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықты, жер меншiгiне қатысты заңдар ережелерi қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлiк узуфруктын және минералдық қорларды, көздердi және басқа да табиғи ресурстарды игеру үшiн өтемақы ретiндегi өзгермелi немесе тiркелген төлемдерге құқықтарды қамтиды. Теңiз, әуе және автомобиль көлiгi жылжымайтын мүлiк ретiнде қарастырылмайды.
      3. 1-тармақтың ережелерi жылжымайтын мүлiктi тiкелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез келген басқа нысанда пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
      4. 1 және 3-тармақтардың ережелерi сол сияқты кәсiпорынның жылжымайтын мүлкiнен алынатын табысқа және тәуелсiз жеке қызметтер көрсету үшiн пайдаланылатын жылжымайтын мүлiктен алынатын табысқа қолданылады.

  7-бап
Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны, егер екiншi Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырмаса, кәсiпорынның пайдасына тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсiпорын кәсiпкерлiк қызметтi жоғарыда айтылғанындай жүзеге асырса, онда кәсiпорынның пайдасына, бiрақ:
      а) осындай тұрақты мекемеге;
      b) осы екiншi Мемлекетте осындай тұрақты мекеме арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға сәйкес келетiн немесе ұқсас тауарларды немесе бұйымдарды сатуға;
      с) немесе сипатына қарай осындай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметке сәйкес келетiн немесе ұқсас осы екiншi Мемлекетте жүзеге асырылатын басқа кәсiпкерлiк қызметке қатысты бөлiгiне ғана екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. 3-тармақтың ережелерiн ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса, онда әрбiр Уағдаласушы Мемлекетте осы тұрақты мекемеге, егер ол осындай немесе ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе ұқсас қызметпен айналысатын оқшауланған және жеке кәсiпорын болып, өзi тұрақты мекемесi болып табылатын кәсiпорыннан толық тәуелсiз әрекет жасағанда, оның алуы мүмкiн пайда жатқызылады.
      3. Тұрақты мекеменiң пайдасын анықтау кезiнде шығыстар тұрақты мекеме орналасқан Мемлекетте немесе басқа жерде жұмсалғанына қарамастан, басқару және жалпы әкiмшiлiк шығыстарды қоса алғанда, тұрақты мекеменiң мақсаттары үшiн жұмсалған шығыстарды шегеруге жол берiледi. Қалай болғанда да, осындай шығыстар тұрақты мекеме бас кәсiпорынға немесе оның филиалдарының кез келгенiне төлеген роялтилер, қаламақылар немесе патенттердi немесе көрсетiлген арнайы қызметтер үшiн немесе менеджмент (шын мәнiнде тұрақты мекеме шеккен шығыстарды өтеуден басқа) үшiн, комиссиялық ақы төлеу сияқты басқа да құқықтарды пайдаланғаны үшiн, қайтарымға басқа да ұқсас төлемдер сияқты қандай да болмасын соманы немесе кәсiпорын тұрақты мекемеге несиеге берген сомаға проценттердi қамти алмайды.
      4. Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемеге қатысты пайданы кәсiпорын пайдасының жалпы сомасын оның әр түрлi бөлiмшелерiне үлестi бөлу негiзiнде айқындау кәдуiлгi дағдыға айналуына қарай, 2-тармақта ешнәрсе Уағдаласушы Мемлекетке салық салынатын пайданы әдетте қабылданғанындай, осылай бөлу арқылы айқындауға бөгет бола алмайды. Алайда таңдап алынған үлестi бөлу әдiсi осы Бапта айтылған принциптерге сәйкес келетiн нәтижелер беруге тиiс.
      5. Тұрақты мекеменiң кәсiпорын үшiн тауарлар немесе бұйымдар сатып алуының негiзiнде ғана осы тұрақты мекемеге қандай да болмасын пайда есептелмейдi.
      6. Егер пайда осы Конвенцияның басқа баптарында жеке айтылған табыстардың түрлерiн қамтыса, онда бұл баптардың ережелерiне осы баптың ережелерi қолданылмайды.
      7. Алдыңғы тармақтардың мақсаттары үшiн тұрақты мекемеге жататын пайда, егер мұндай тәртiптi өзгерту үшiн жеткiлiктi және дәлелдi себептерi болмаса, жылма-жыл бiркелкi тәсiлмен анықталады.

  8-бап
Халықаралық тасымалдар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi теңiз, әуе немесе автомобиль көлiгiн халықаралық тасымалдауда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. 1-тармақтың ережелерi пулға, бiрлескен кәсiпорынға немесе көлiк құралдарын пайдалану жөнiндегi халықаралық ұйымға қатысудан алынатын пайдаға да қолданылады.

  9-бап
Қауымдасқан кәсіпорындар

      1. Егер:
      а) Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса;
      b) немесе екi бiрдей тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса;
      және кез келген жағдайда екi кәсiпорынның арасында олардың коммерциялық немесе қаржылық қатынастарында тәуелсiз екi кәсiпорынның арасында орын алуы мүмкiн жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда олардың бiрiне есептелуi мүмкiн, бiрақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез келген пайда осы кәсiпорынның пайдасына қосылуы және, тиiсiнше, салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер Уағдаласушы Мемлекет екiншi Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының осы екiншi Мемлекетте салық салынатын пайдасын осы Мемлекет кәсiпорнының пайдасына қосса әрi, тиiсiнше, салық салса және осылай қосылған пайда алғашқы аталған Мемлекеттiң кәсiпорнына есептелетiндей пайда болып табылса, егер екi кәсiпорынның арасындағы өзара қатынастар тәуелсiз кәсiпорындардың арасында болатын қатынастардай болса, онда осы екiншi Мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиiстi түзету жасайды. Осындай түзетудi айқындау кезiнде осы Конвенцияның басқа да ережелерi ескерiлуi тиiс және Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары қажет болған ретте бiр-бiрiне кеңес берiп отыруға тиiс.

  10-бап
Дивидендтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн дивидендтерiне осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда, осындай дивидендтерге сонымен қатар дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер дивидендтердiң iс жүзiндегi иесi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, онда осылайша алынатын салық:
      а) егер iс жүзiндегi иесi дивидендтердi төлейтiн компания капиталының кемiнде 30 процентiне тiкелей иелiк ететiн компания (әрiптестiктен өзге) болса, дивидендтердiң жалпы сомасының 10 процентiнен;
      b) қалған барлық жағдайда дивидендтердiң жалпы сомасының 15 процентiнен аспауға тиiс.
      Бұл тармақтың ережелерi дивидендтер төленетiн пайдаға қатысты компанияға салық салуды қозғамайды.
      3. "Дивидендтер" терминi осы бапта пайдаланғанда акциялардан немесе борыш талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан, пайдаға қатысудан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлушi компания резидентi болып табылатын Мемлекеттiң заңдарына сәйкес акциялардан алынатын табыс секiлдi дәл сондай салықтық реттеуге жататын басқа да корпорациялық құқықтардан алынатын табысты бiлдiредi.
      4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын дивидендтердiң iс жүзiндегi иесi дивидендтердi төлейтiн компания резидентi болып отырған екiншi Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса немесе осы екiншi Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда мән-жайларға қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.
      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компания екiншi Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған болса, осы екiншi Мемлекет мұндай дивидендтер осы екiншi Мемлекеттiң резидентiне төленетiн немесе өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг шын мәнiнде осы екiншi Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болатын жағдайды қоспағанда, осы компания төлейтiн дивидендтерге кез келген салықты сала алмайды және компанияның бөлiнбеген пайдасынан егер тiптi төленетiн дивидендтер немесе бөлiнбеген пайда осы екiншi Мемлекетте пайда болатын табыстан толығымен немесе iшiнара құралса да бөлiнбеген пайдаға салық салынбайды.
      6. Осы Конвенцияның басқа ережелерiне қарамастан, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның екiншi Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi болса, осы екiншi Мемлекетте тұрақты мекеменiң пайдасына оның заңдарына сәйкес қосымша салық салынуы мүмкiн, бiрақ осылайша алынатын қосымша салық осы екiншi Мемлекетте алынатын табысқа салынған салықты шегерiп тастағаннан кейiнгi осындай пайда сомасының 5 процентiнен аспауға тиiс.

  11-бап
Проценттер

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн проценттерге осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда, мұндай проценттерге, сондай-ақ олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ, егер алушы проценттердiң нақты иесi болып табылса, онда осылайша алынған салық проценттердiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауға тиiс.
      3. 2-тармақтың ережелерiне қарамастан, алынған және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң Үкiметiне немесе Орталық банкке (Ұлттық Банкке) немесе осы Үкiметке толық тиесiлi қандай да бiр қаржы мекемесiне нақты тиесiлi, Уағдаласушы Мемлекетте пайда болған проценттер бiрiншi аталған Мемлекетте салықтан босатылады.
      4. "Проценттер" терминi осы бапта пайдаланылған кезде кепiлмен қамтамасыз етiлген немесе қамтамасыз етiлмеген және борышқорлардың пайдасына қатысуға құқық беретiн немесе бермейтiн борыштық талаптардың кез келген түрiнен алынған табысты және атап айтқанда, үкiметтiк бағалы қағаздардан алынатын табысты және осы бағалы қағаздар, облигациялар немесе борыштық мiндеттемелер бойынша сыйлықтар мен ұтыстарды қоса алғанда, облигациялардан немесе борыштық мiндеттемелерден алынатын табысты бiлдiредi. Уақытылы төленбеген төлемдерге салынатын айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшiн проценттер ретiнде қарастырылмайды.
      5. Егер проценттердiң нақты иесi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, проценттер пайда болатын екiншi Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса немесе осы екiншi Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базамен тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және оған қатысты проценттер төленетiн борыштық талап шын мәнiнде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда мән- жайларға қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.
      6. Егер осы Мемлекеттiң өзi, әкiмшiлiк бөлiмшелер, жергiлiктi билiк органдары немесе осы Мемлекеттiң резидентi төлеушi болып табылса, проценттер Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп саналады. Егер, алайда, проценттер төлеушi тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi ме, жоқ па осыған қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оларға байланысты олар бойынша проценттер төленетiн берешек пайда болған тұрақты мекемесi немесе тұрақты базасы болса және осындай проценттердi осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база төлейтiн болса, онда мұндай проценттер осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болады деп саналады.
      7. Егер проценттер төлеушi мен оның нақты иесi арасында немесе сол екеуi мен қандай да болсын басқа бiр тұлғаның арасындағы арнайы қатынастардың себебiнен оның негiзiнде төленетiн борыштық талапқа қатысты проценттердiң сомасы пайыздар төлеушi мен олардың нақты иесi арасында осындай қатынастар болмаған кезде келiсiле алатындай сомадан асып кетсе, осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгi осы Конвенцияның басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға жатады.

  12-бап
Роялти

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн роялтиге осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда, мұндай роялтиге, сондай-ақ ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ алушы роялтидiң нақты иесi болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауға тиiс.
      3. "Роялти" терминi осы бапта пайдаланылған кезде әдебиет, өнер немесе ғылым шығармаларына, кинематографиялық фильмдерге және радио немесе теледидар хабарларында пайдаланылатын фильмдерге немесе таспаларға, бейне мен дыбысты қайта жандандыру құралдарына, кез келген патентке, сауда маркасына, дизайнға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға немесе процеске, бағдарламалық қамтамасыз етуге кез келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшiн немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми тәжiрибеге қатысты ақпараттар үшiн сыйақы ретiнде алынатын төлемдердiң кез келген түрiн және өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн төлемдердi бiлдiредi.
      4. Егер, роялтидiң нақты иесi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, роялти пайда болатын екiншi Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса немесе осы екiншi Мемлекетте онда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және оған қатысты роялти төленетiн құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда мән-жайларға 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.
      5. Егер осы Мемлекеттiң өзi немесе әкiмшiлiк бөлiмше немесе жергiлiктi билiк органы немесе осы Мемлекеттiң резидентi төлеушi болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп саналады. Егер, алайда, роялти төлеушi тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi ме, жоқ па осыған қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте роялти төлеу мiндеттемесiнiң пайда болуына байланысты тұрақты мекемесi немесе тұрақты базасы болса және осындай роялти осы тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, онда мұндай роялти тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болды деп саналады.
      6. Егер роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында немесе сол екеуi мен қандай да болсын басқа бiр тұлғаның арасындағы ерекше қатынастардың салдарынан олар үшiн төленетiн пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидiң сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгi осы Конвенцияның басқа да ережелерiн тиiстi түрде ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға жатады.

  13-бап
Мүлік құнының өсімінен алынатын табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi 6-бапта айтылған және екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығарудан алынатын табыстарға осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi:
      а) компанияның құны негiзiнен және тура немесе жанама түрде екiншi Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен тұратын негiзгi капиталының акцияларын;
      б) немесе пайыздарының құны негiзiнен және тура немесе жанама түрде екiншi Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен немесе жоғарыда (а) тармақшасында атап өтiлген акциялардан тұратын әрiптестiктегi трастағы немесе мүлiктегi үлестi иелiктен шығарудан алынған табыстарға осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекетте иелiк етiп отырған тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiктi иелiктен шығарудан немесе осындай тұрақты мекеменi (жеке немесе бүкiл кәсiпорынмен бiрге) немесе осындай тұрақты базаны иелiктен шығарудан алынған осындай табыстарды қоса алғанда, тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн Уағдаласушы Мемлекеттiң екiншi Уағдаласушы Мемлекеттегi резидентiнiң иелiгiндегi тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлiктен алынған табыстарға осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi халықаралық тасымалда пайдаланатын теңiз, әуе немесе автомобиль көлiгiн немесе мұндай теңiз, әуе немесе автомобиль көлiгiн пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiктi иелiктен шығарудан алған табыстарға тек осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынады.
      5. Осы баптың алдыңғы өткен тармақтарында айтылғаннан басқа, кез келген мүлiктi иелiктен шығарудан алынған табыстарға мүлiктi иелiктен шығарушы тұлға резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

  14-бап
Тәуелсіз жеке қызметтер

      1. Кәсiби қызметтер көрсетуге немесе тәуелсiз сипаттағы басқа да қызметке қатысты Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын жеке тұлғаның алған табысына, мұндай табысқа екiншi Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн мынадай жағдайларды қоспағанда, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады:
      а) егер ол өзiнiң қызметiн жүзеге асыру мақсаттары үшiн екiншi Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты негiзде тұрақты базасы болса; мұндай жағдайда табыстың осы тұрақты базаға жататын бөлiгiне ғана салық салынады;
      б) немесе егер ол екiншi Уағдаласушы Мемлекетте тиiстi салық жылынан басталатын немесе аяқталатын кез келген он екi айлық кезеңде жалпы жиыны 183 күннен асып түсетiн кезеңнiң немесе кезеңдердiң iшiнде болған болса; мұндай жағдайда табыстың тек осы екiншi Мемлекетте оның жүзеге асырылатын қызметiнен алынған бөлiгiне ғана салық салынады.
      2. "Кәсiби қызметтер көрсету" терминi, атап айтқанда, тәуелсiз ғылыми, әдеби, артистiк, бiлiм беру немесе оқытушылық қызметтердi, сондай-ақ дәрiгерлердiң, тiс дәрiгерлерiнiң, заңгерлердiң, инженерлердiң, сәулетшiлердiң және бухгалтерлердiң тәуелсiз қызметтерiн қамтиды.

  15-бап
Тәуелді жеке қызметтер

      1. 16, 18, 19-баптардың ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекет резидентi жалдамалы жұмысына байланысты алған еңбекақыға, жалақыға және басқа да осындай сыйақыға, егер тек жалдамалы жұмыс екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орындалмаса, осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалдамалы жұмыс осылайша орындалса, осыған байланысты алынған осындай сыйақыға осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. 1-тармақтың ережелерiне қарамастан, екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орындалатын жалдамалы жұмысқа қатысты Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi алған сыйақыға тек алғашқы аталған Мемлекетте ғана салық салынады, егер:
      а) алушы тиiстi салық жылында басталатын немесе аяқталатын кез келген он екi айлық кезеңде жалпы жиыны 183 күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер iшiнде екiншi Мемлекетте тұрса;
      b) сыйақыны екiншi Мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе жалдаушының атынан төлесе;
      с) сыйақыны жалдаушының екiншi Мемлекеттегi тұрақты мекемесi немесе тұрақты базасы төлемесе.
      3. Осы баптың мұның алдыңғы ережелерiне қарамастан, халықаралық тасымалдарда пайдаланатын теңiз немесе әуе кемелерiнiң бортында орындалатын жалдамалы жұмысқа қатысты алынған сыйақыға теңiз немесе әуе кемелерiн пайдаланатын кәсiпорын резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

  16-бап
Директорлардың қаламақылары

      Екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның директорлар кеңесiнiң немесе осыған ұқсас органының мүшесi ретiнде Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi алған директорлардың қаламақыларына және басқа да сондай төлемдерге осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

  17-бап
Артистер мен спортшылар

      1. 14 және 15-баптардың ережелерiне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi театр, кино, радио немесе теледидар артисi секiлдi өнер қызметкерi немесе сазгер ретiнде немесе спортшы ретiнде екiншi Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзiнiң жеке қызметiнен алған табысына осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер өнер қызметкерiнiң немесе спортшының осы өзiнiң сипатында жүзеге асыратын жеке қызметiнен алынатын табысы өнер қызметкерiнiң немесе спортшының өзiне емес, басқа тұлғаға есептелсе, бұл табысқа, 7, 14 және 15-баптардың ережелерiне қарамастан, өнер қызметкерiнiң немесе спортшының қызметi жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      3. Екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң мемлекеттiк қорлары немесе оның жергiлiктi билiк органы немесе мемлекеттiк мекеме толығымен немесе едәуiр дәрежеде қаржыландыратын мұндай қызметтiң осы Мемлекетке сапар мақсатына сәйкес келетiн шамада өнер қызметкерi немесе спортшы Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын қызметтен алынған табысқа 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда артист немесе спортшы резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана табысқа салық салынады.

  18-бап
Зейнетақылар мен басқа да осындай төлемдер

      1. 19-баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне бұрын жүзеге асырылған жұмысы үшiн төленетiн зейнетақыларға және басқа да осындай сыйақыларға және осындай резидентке төленетiн кез келген аннуитеттерге тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. "Аннуитет" терминi ақшалай немесе құндық түрде баламалы және толық өтеу орнына төлем жасау мiндеттемесi не сәйкес жеке тұлғаға бүкiл өмiр бойы немесе белгiлi бiр не белгiленетiн уақыт кезеңiнде белгiленген уақытта жүйелi түрде төленiп тұратын белгiленген соманы бiлдiредi.

  19-бап
Мемлекеттік қызмет

      1. а) жеке тұлғаға Уағдаласушы Мемлекет бөлiмшелерi немесе әкімшілік бөлiмшелерiне немесе билiк органы немесе жергiлiктi билiк органы осы Мемлекетте немесе оның бөлімшелеріне немесе билік органдарына жүзеге асыратын қызметі үшін төленетін еңбекақыға, жалақыға және зейнетақыдан өзге басқа ұқсас сыйақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады;
      b) алайда, мұндай еңбекақыға, жалақыға және басқа ұқсас сыйақыға, егер қызмет осы Мемлекетте жүзеге асырылса және жеке тұлға осы Мемлекеттiң резидентi болып табылса:
      (i) осы Мемлекеттiң азаматы болып табылса;
      (іі) немесе қызметтi жүзеге асыру мақсатында ғана осы Мемлекеттiң резидентi болмайтын болса, мұндай еңбекақыға, жалақыға немесе басқа ұқсас сыйақыға тек осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. а) жеке тұлғаға Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкiмшiлiк бөлiмшесi немесе жергiлiктi билiк органы төлейтiн немесе олар құрған қорлардан осы Мемлекет немесе оның әкiмшiлiк бөлiмшелерi немесе билiк органдары үшiн жүзеге асыратын қызметi үшiн төленетiн кез келген зейнетақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады;
      b) алайда, егер жеке тұлға осы Мемлекеттiң резидентi және азаматы болып табылса, мұндай зейнетақыға тек екiншi Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      3. 15, 16, 17 және 18-баптардың ережелерi Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкiмшiлiк бөлiмшесi немесе жергiлiктi билiк органы жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметке байланысты қызметке қатысты төленетiн еңбекақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақылар мен зейнетақыларға қолданылады.

  20-бап
Студенттер

      Уағдаласушы Мемлекетке барардың нақ алдында екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын немесе болып табылған және бiрiншi аталған Мемлекетте тек бiлiм алу немесе практикадан өту мақсатында ғана тұрып жатқан студент немесе практикант өзiнiң өмiр сүру, бiлiм алу немесе практикадан өту мақсаты үшiн алатын сомаларға бұл сомалардың көздерi осы Мемлекеттен тыс жерде орналасқан кезде осы Мемлекетте салық салынбайды.

  21-бап
Басқа да табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi табыстарының түрлерiне осы Конвенцияның алдыңғы баптарында сөз болмаған олардың пайда болу көздерiне қарамастан, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. 6-баптың 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстан өзге табыстарға, егер мұндай табыстарды алушы бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола тұрып, екiншi Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса немесе осы екiншi Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты база арқылы тәуелсiз жеке қызметтер ұсынса және оларға байланысты табыс төленген құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, 1-тармақтың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда, мән-жайларға байланысты 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.

  22-бап
Капитал

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне тиесiлi және екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан, 6-бапта айтылған жылжымайтын мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiк немесе тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаты үшiн екiншi Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң иелiгiнде бар тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi халықаралық тасымалдарда пайдаланатын көлiк құралдары және осындай көлiк құралдарын пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      4. Уағдаласушы Мемлекет резидентi капиталының барлық басқа элементтерiне осы Мемлекетте ғана салық салынады.

  23-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Словакияда қосарланған салық салу былайша жойылады:
      Словакия өз резиденттерiнен салықтарды өндiрiп алу кезiнде осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес Қазақстанда салық салынуы да мүмкiн табыс немесе капитал түрлерiн осындай салықтар өндiрiп алынатын салық салынатын базаға енгiзе алады, бiрақ Қазақстанда төленген салыққа тең сомаға осындай базаға сәйкес есептелген салық сомасынан шегерiм ретiнде ғана жол берiледi. Мұндай шегерiм, алайда, осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкiн табысқа немесе капиталға сәйкес келетiн шегерiм бергенге дейiн есептелген Словакия салығының сол бөлiгiнен аспауға тиiс.
      2. Қазақстанда қосарланған салық салу былайша жойылады:
      а) егер Қазақстанның резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес Словакияда салық салынуы мүмкiн табыс алса немесе капиталға ие болса, Қазақстан:
      (i) бұл резиденттiң табысына салынатын салықтан оның Словакияда төленген табысына салынатын салыққа тең соманы шегеруге;        (іі) бұл резиденттiң капиталына салынатын салықтан оның Словакияда төленген капиталына салынатын салыққа тең соманы шегеруге мүмкiндiк бередi.
      Жоғарыда келтiрiлген ережелерге сәйкес шегерiлетiн салық мөлшерi оған қолданылатын cтaвкa бойынша Қазақстанда сондай табысқа есептелген салықтан аспауға тиiс;
      b) егер Қазақстанның резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес Словакияда ғана салық салынуы мүмкiн табыс алса немесе капиталға ие болса, Қазақстан осы табысты немесе капиталды салық салынатын базаға, бiрақ Қазақстанда салық салуға ұшырайтын осындай басқа табысқа немесе капиталға салық ставкасын белгiлеу мақсатында ғана, енгiзуi мүмкiн.
      3. Егер Конвенцияның кез келген ережесiне сәйкес алынған табыс немесе Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне тиесiлi капитал осы Мемлекетте салықтан босатылса, онда бұл Мемлекет осындай резиденттiң қалған табысына немесе капиталына салынатын салық сомасын есептеу кезiнде салықтан босатылған табысты немесе капиталды есепке қабылдауы мүмкiн.

  24-бап
Кемсітпеу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары, атап айтқанда, резиденттiкке қатысты ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салудан немесе осыларға байланысты мiндеттемелерден өзгеше немесе бiршама ауыртпалықты кез келген салық салуға немесе осыларға байланысты кез келген мiндеттемеге, екiншi Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары тап сондай жағдайда екiншi Уағдаласушы Мемлекетте ұшырамауға тиiс. Осы ереже
1-баптың ережелерiне қарамастан, сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып табылмайтын тұлғаларға да қолданылады.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекемеге салық салу осындай қызметтi жүзеге асыратын осы екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорындарына салық салуға қарағанда осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте бiршама қолайсыздау болмауға тиiс. Осы ереже Уағдаласушы Мемлекеттi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерiне олардың азаматтық мәртебесi немесе ол өздерiнiң резиденттерiне ұсынатын отбасылық жағдай негiзiнде салық салу мақсаттары үшiн мұндай жеке салықтық жеңiлдiктер, шегерiстер мен шегерiмдер берiлетiндей болып пайымдалмауға тиiс.
      3. 9-баптың 1-тармағының, 11-баптың 7-тармағының немесе 12-баптың 6-тармағының ережелерi қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы Мемлекеттiң екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн проценттер, роялти және басқа да төлемдер осындай кәсiпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсаты үшiн олар бiрiншi аталған Мемлекеттiң резидентiне қалай төленсе, нақ осындай шарттарда шегерiлiп тастауға жатады. Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне осыған ұқсас кез келген берешегi осындай кәсiпорынның салық салынатын капиталын айқындау мақсаты үшiн бiрiншi аталған Мемлекет резидентiнiң берешегi сияқты нақ сондай шарттарда шегеруге жатады.
      4. Капиталы екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резиденттерiне толық немесе iшiнара тиесiлi немесе олар тiкелей немесе жанама түрде бақылауға алып отырған Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорындары бiрiншi аталған Мемлекеттiң басқа осындай кәсiпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салуға және соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе неғұрлым ауыртпалықты болып табылатын кез келген салық салуға немесе соған байланысты кез келген мiндеттемелерге бiрiншi аталған Мемлекетте ұшырамауға тиiс.

  25-бап
Өзара келісу рәсімі

      1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де iс-әрекеттерi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға әкеп соғып отыр немесе әкеп соғатын болады деп санаса, ол осы Мемлекеттердiң iшкi заңдарында көзделген қорғану құралдарына қарамастан, өзiнiң iсiн өзi резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органының немесе егер оның iсi 24-баптың 1-тармағына қатысты болса, өзi ұлттық тұлғасы болып табылатын сол Уағдаласушы Мемлекеттiң қарауына бере алады. Өтiнiш осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға әкеп соқтыратын iс-әрекеттер туралы алғашқы хабар берiлген сәттен бастап үш жыл iшiнде берiлуi тиiс.
      2. Құзыреттi орган, егер ол өтiнiштi негiздi деп санаса және егер өзi қанағаттанарлық шешiмге келе алмаса, осы Конвенцияға сәйкес келмейтiн салық салуды болдырмау мақсатында iстi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органымен өзара келiсiм бойынша шешуге ұмтылады. Кез келген қол жеткiзiлген келiсiм Уағдаласушы Мемлекеттердiң ұлттық заңдарында көзделген кез келген уақыт шектеулерiне қарамастан орындалатын болады.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Конвенцияны пайымдау немесе қолдану кезiнде туындайтын кез келген қиындықтарды немесе күмән-күдiктердi өзара келiсе отырып шешуге ұмтылатын болады. Олар, сондай-ақ осы Конвенцияда көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою мақсатымен бiр-бiрiне кеңес бере алады.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары алдыңғы тармақтарды түсiнуде келiсуге қол жеткiзу мақсатында олардың өздерiнен немесе олардың өкiлдерiнен тұратын бiрлескен комиссияны қоса алғанда, бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасай алады.

  26-бап
Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Конвенцияның ережелерiн немесе салық салу осы Конвенцияға қайшы келмейтiндей шамада осы Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты Уағдаласушы Мемлекеттердiң iшкi заңдарын орындау үшiн қажеттi ақпаратпен алмасып тұрады. Ақпарат алмасу 1-баппен шектелмейдi. Уағдаласушы Мемлекет алған кез келген ақпарат осы Мемлекеттiң iшкi заңдарының шеңберiнде алынған ақпарат секiлдi құпия болып есептеледi және Конвенция қолданылатын бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлi өндiрiп алумен немесе сот қудалауымен немесе салықтарға қатысты шағымдарды қараумен айналысып жатқан тұлғаларға немесе органдарға ғана (соттар мен әкiмшiлiк органдарды қоса алғанда) хабарланады. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшiн ғана пайдаланады. Олар бұл ақпаратты ашық сот мәжiлiсi барысында немесе сот шешiмдерiн қабылдау кезiнде аша алады.
      2. Ешқандай жағдайда 1-тармақтың ережелерi Уағдаласушы Мемлекетке:
      а) осы немесе екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары мен әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк шараларын қолдану;
      b) осы немесе екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары бойынша немесе әдеттегi әкiмшiлiк практикасы барысында алуға болмайтын ақпарат беру;
      c) қандай да бiр сауда, кәсiпкерлiк, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсiптiк құпияны немесе сауда процесiн ашуы мүмкiн ақпарат немесе ашылуы мемлекеттiк саясатқа (қоғамдық тәртiпке) қайшы келуi мүмкiн ақпарат беру мiндеттемесiн жүктейтiндей болып түсiндiрiлмейдi.

  27-бап
Дипломатиялық миссиялардың және
консулдық мекемелердің мүшелері

      Осы Конвенцияда еш нәрсе де дипломатиялық миссиялар мен консулдық мекемелер мүшелерiнiң оларға халықаралық құқықтың жалпы нормаларына сәйкес немесе арнайы келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес берiлген салықтық артықшылықтарын қозғамайды.

  28-бап
Күшіне енуі

      1. Осы Конвенция бекiтуге жатады және бекiту грамоталарымен алмасу мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргiзiледi.
      2. Осы Конвенция бекiту грамоталарын алмасқан күннен кейiн 60-ыншы күнi күшiне енедi және оның ережелерi:
      а) осы Конвенция күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап немесе бiрiншi қаңтарынан кейiн алынған табыс сомасы бойынша төлем көзiнен ұсталатын салықтарға қатысты;
      b) және осы Конвенция күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарында немесе бiрiншi қаңтарынан кейiн басталатын салық салынатын кезеңдер үшiн табыс пен капиталға салынатын басқа салықтарға қатысты қолданылады.

  29-бап
Қолданылуын тоқтату

      Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi оның қолданылуын тоқтатпайынша күшiнде қала бередi. Кез келген Уағдаласушы Мемлекет осы Конвенция күшiне енген күннен бастап бес жылдық кезең өткеннен кейiнгi кез келген күнтiзбелiк жылдың аяқталуына кемiнде алты ай қалғанда дипломатиялық арналар арқылы қолданылуын тоқтату туралы хабарлама жiбере отырып, Конвенцияның күшiн тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Конвенция:
      а) хабарлама берiлген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарында немесе бiрiншi қаңтардан кейiн алынған табыс сомасы бойынша көздерден ұсталатын салықтарға қатысты;
      b) хабарлама берiлген жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарында немесе бiрiншi қаңтарынан кейiн басталатын салық салынатын кезеңдер үшiн табыс пен капиталға салынатын басқа салықтарға қатысты өз күшiн тоқтатады.

      Осыны куәландыру ретiнде, тиiстi дәрежеде өкiлеттiк берiлген төмендегi қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.

      200__ жылғы___ айында______күнi__________ қазақ, словак, ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Талдауда алшақтық болған жағдайда, ағылшынша мәтiн айқындаушы болып табылады.

       Қазақстан Республикасы             Словакия Республикасы
          үшін                                 үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады