Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 19 маусымдағы N 346 Жарлығы

Қазақстан Республикасы Президенті мен
Үкіметі актілерінің жинағында және 
республикалық баспасөзде      
жариялануға тиіс          

      Бағаны мемлекеттік реттеу жүйесін тәртіпке келтіруге және тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі реформалау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) (Алып тасталды - ҚР Президентінің 2008.07.23. N 633 Жарлығымен);
      2) Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің телекоммуникациялардың әмбебап қызметтеріне тарифтер бекіту;
      Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар салаларын реттеу мен бақылау;
      Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, қызметтеріне) арналған бағаларды реттеу жөніндегі функцияларын;
      3) Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне:
      Энергетика және минералдық ресурстар мен Көлік және коммуникация министрліктерінің:
      осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес қызмет түрлерін лицензиялау;
      теміржол көлігі, электр және жылу энергетикасы, азаматтық авиация, порттар қызметі саласындағы кемсітусіз қол жеткізудің техникалық шарттарын айқындау;
      Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің теміржол көлігі саласында рұқсаттарды беру;
      Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің теміржол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнай, мұнай өнімдері мен газ тасымалдау, азаматтық авиация, порттар қызметі саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, қызметтеріне) арналған бағаны реттеу жөніндегі функцияларын беруді қамтамасыз етсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.07.23. N 633 Жарлығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы тауар нарықтары субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, қызметтеріне) және инфрақұрылымына кемсітпейтін қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында тауар нарықтарына талдау жасау жөніндегі функция берілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатура бойынша тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) бағаны реттеу;
      2) осы Жарлықтың 2-тармағында көрсетілген субъектілерді қоспағанда, тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) кемсітпейтін қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында тауар нарықтарына талдау жасау және тауар нарықтары субъектілерінің инфрақұрылымы жөніндегі функциялар берілсін.

      4. Осы Жарлықтың 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілгендерді қоспағанда, тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарға, қызметтерге) бағаны мемлекеттік реттеу қолданылмайды деп белгіленсін.

      5. Мыналар:
      1) (Алып тасталды - ҚР Президентінің 2008.07.23. N 633 Жарлығымен);
      2) Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі осы Жарлыққа қосымшада көрсетілген Көлік және коммуникация, Энергетика және минералдық ресурстар министрліктерінің лицензиялау жөніндегі құқықтық қатынастарынан туындайтын құқықтары мен міндеттемелері бойынша құқық мирасқоры болып белгіленсін.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.07.23. N 633 Жарлығымен.

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс және Табиғи монополияларды реттеу агенттіктерінде басқару органдарын - басқармалар құруды қамтамасыз етсін;
      2) осы Жарлықтан туындайтын заңдар жобаларын екі ай мерзім ішінде әзірлесін және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін;
      3) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де қажетті шаралар қабылдасын.

      7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      8. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2007 жылғы 19 маусымдағы
N 346 Жарлығына    
ҚОСЫМША        

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу
агенттігі лицензиялайтын қызмет түрлерінің
ТІЗБЕСІ

      1. Электр және жылу энергиясын өндіру, беру және тарату, электр станцияларын, электр желілері мен кіші станцияларды пайдалану:
      1) электр энергиясын 35 кВ (киловольт) және одан жоғары кернеумен электр энергиясының көздерінен өндіру;
      2) электр энергиясын тұтынушыға беру және тарату;
      3) бірыңғай технологиялық процесте пайдаланылатын коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы энергиямен жабдықтаушы объектілер мен энергиямен жабдықтаушы объектілерді қоспағанда, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын, электр станцияларын, электр желілері мен барлық үлгідегі кіші станцияларды (трансформаторлық кіші станциялар, таратушы құрылғылар, релелік қорғаушылар мен автоматтар) пайдалану;
      4) өз мұқтаждары үшін жылу энергиясын өндіруді қоспағанда, елді мекендерді, өндірістік үй-жайлар мен объектілерді жылумен жабдықтау үшін жылу энергиясын өндіру;
      5) елді мекендерді, өндірістік үй-жайлар мен объектілерді жылумен жабдықтау үшін жылу энергиясын беру және тарату жөнінде қызметтер көрсету.
      2. Мұнай-газ өңдейтін өндірістерді пайдалану, газ, мұнай және мұнай өнімдерін сақтайтын объектілерді, магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнімдерінің құбырларын пайдалану:
      1) мұнай-газ өңдейтін өндірістерді пайдалану:
      мұнайды бастапқы және терең өңдеу өнімдерін;
      октан санын арттыру мақсатымен компаундирлеу, тауарлық бензиндерге телімдер, қоспалар мен компоненттер енгізу бойынша;
      діттелген сипаттағы бензин алу мақсатында компаундирлеу, кондициялық емес мұнай өнімдеріне телімдер, қоспалар мен компоненттер енгізу бойынша;
      дизель отынына, мазутқа телімдер мен қоспалар енгізу бойынша;
      мұнай майына телімдер енгізу бойынша;
      2) газ, мұнай және мұнай өнімдерін сақтау объектілерін (мұнай-, газ сақтау, мұнай-, газ-, ағызу-құю эстакадаларын, мұнай базаларын, автожанармай құю станцияларын, газ толтыру станциялары мен пункттерін, автоцистерналарды, автогаз құю станцияларын, автогаз толтыру станцияларын, баллон жинау аралық пункттерін) пайдалану: тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, сұйытылған және жанғыш газдарды (бірыңғай технологиялық процесті қамтамасыз ететін объектілерді қоспағанда) қабылдау, ағызу, құю, сақтау, босату;
      3) магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнімдері құбырларын пайдалану;
      4) магистральдық газ-мұнай өнімдері құбырларының жабдықтарын, сорғы-сығымдаушы станцияларының қондырғыларын, резервуарлық парктері мен желілік бөлігін, сондай-ақ жерасты газ сақтау технологиялық жабдықтары мен скважиналарын пайдалану;
      5) магистральдық құбырларға, негізгі және қосалқы жабдыққа техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу (дәнекерленген жіктердің, қосылыстар мен бекітпелердің профилактикасы, оларды тексеру, техникалық жай-күйін бақылау, оның диагностикасы);
      6) магистралдық құбыр жолдарының сорғы-сығымдаушы станциялары жабдықтарының және желілік бөліктерінің, оның ішінде су асты өткелдерінің диагностикасы;
      7) электр химиялық қорғау құралдарына тоттануға техникалық қызмет көрсету.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.10.13. N 426 Жарлығымен.
      3. Тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыс объектілерін газдандыру жүйелерін пайдалану:
      1) сыртқы газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету және ұстау (газ тарату пункттері, газ тарату қондырғылары, жоғары, орташа және төмен қысымды газ тарату желілері);
      2) үй ішіндегі газ желілерін, газ құралдары мен жабдығын пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету және ұстау.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.10.13. N 426 Жарлығымен.
      4. Электр энергиясын қайта сату мақсатында сатып алу.
      5. Жолаушылар тасымалдау: жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау.
      6. Қауіпті жүктерді тасымалдау: қауіпті жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады