Бірінші басшыларын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын мемлекеттік жоғары оқу орындарының мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 21 сәуірдегі N 573 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) бірінші басшыларын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесі;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қызметке тағайындау, аттестаттау және қызметтен босату ережелері бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.01.27 № 257 Жарлығымен.
      2. Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2008 жылғы 21 сәуірдегі
N 573 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Бірінші басшыларын Қазақстан Республикасының
Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен
босататын мемлекеттік жоғары оқу орындарының
ТІЗБЕСІ

      Ескерту. Тізбеге өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2010.06.12 N 996; 26.08.2015 N 75; 29.08.2016 N 313 Жарлықтарымен.

      1. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
      2. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
      3. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті
      4. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
      5. Қазақ ұлттық аграрлық университеті
      6. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы
      7. Қазақ ұлттық өнер университеті
      8. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы 
      9. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті
      10. Қазақ ұлттық хореография академиясы

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2008 жылғы 21 сәуірдегі
N 573 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қызметке тағайындау, аттестаттау және қызметтен босату ережелері

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.01.27 № 257 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қызметке тағайындау, аттестаттау және қызметтен босату ережелері (бұдан әрі - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді.
      Ереже Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қызметке тағайындау, аттестаттау және қызметтен босату тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.01.27 № 257 Жарлығымен.

2. Қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі

      2. Қарамағында мемлекеттік жоғары оқу орны бар мемлекеттік органның басшысы ұсынылып отырған тағайындау немесе босатудың себептері мен дәлелдерін көрсете отырып, мемлекеттік жоғары оқу орнының бірінші басшысын қызметке тағайындау үшін кандидатураны немесе қызметтен босату туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне келісуге енгізеді.

      3. Мемлекеттік жоғары оқу орнының бірінші басшысын қызметке тағайындау үшін ұсынылып отырған кандидатура немесе қызметтен босату туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына тиісті ұсыныс енгізіледі.

      4. Мемлекеттік жоғары оқу орны бірінші басшысының лауазымына ұсынылатын кандидатураны тағайындау туралы ұсынысқа мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) қарамағында мемлекеттік жоғары оқу орны бар мемлекеттік органның басшысы қол қойған мінездеме;

      2) кадрлар есебі бойынша жеке парақ;

      3) ғылыми еңбектер тізімі;

      4) білімі, ғылыми дәрежесі мен атағы туралы құжаттардың көшірмелері;

      5) еңбек кітапшасының көшірмесі.
      Лауазымға тағайындау туралы ұсыныста мемлекеттік жоғары оқу орны бірінші басшысының лауазымына тағайындауға ұсынылатын кандидаттың қысқаша іскерлік және жеке қасиетінің мінездемесі беріледі.
      Мемлекеттік жоғары оқу орны бірінші басшысының лауазымынан босату туралы ұсынысқа аттестаттау комиссиясының хаттамасы қоса беріледі.

      5. Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік жоғары оқу орнының бірінші басшысын атқаратын лауазымынан босатуы мүмкін.

3. Аттестаттаудан өтудің тәртібі

      6. Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшылары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Мемлекеттік жоғары оқу орнының бірінші басшысының алғашқы аттестаттаудан өтуі оның қызметке тағайындалған күнінен бастап үш жыл өткеннен кейін өткізіледі.
      Мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын аттестаттаудан өткізуді аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жүргізеді. Комиссияның құрамын қарамағында мемлекеттік жоғары оқу орны бар мемлекеттік орган бекітеді. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, қарамағында мемлекеттік жоғары оқу орны бар мемлекеттік органның және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізіледі.
      Қарамағында мемлекеттік жоғары оқу орны бар мемлекеттік органның басшысы Комиссияның төрағасы болып табылады.

      7. Аттестаттаудан өтуден бір ай бұрын мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшылары Комиссияның төрағасына мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жоғары оқу орнының ғылыми кеңесі мақұлдаған негізгі жұмыс қорытындылары туралы есеп;

      2) жоғары оқу орнын дамыту перспективасына арналған қызмет бағдарламасы;

      3) есепті кезеңдегі ғылыми еңбектердің тізімі.

      8. Комиссияның отырысында мемлекеттік жоғары оқу орны бірінші басшысының өткен кезеңдегі жұмыс қорытындылары туралы қысқаша есебі және жоғары оқу орнының перспективаға арналған қызмет бағдарламасы тыңдалады.

      9. Құжаттарды қараудың және мемлекеттік жоғары оқу орнының бірінші басшысын тыңдау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді;

      3) қайта аттестаттаудан өтуі тиіс.

      10. Комиссияның атқаратын лауазымына сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдауы аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады және атқаратын лауазымынан босатуға ұсыныс енгізу үшін негіз болады.

      11. Қайта аттестаттау осы Ережелерде айқындалған тәртіппен бастапқы аттестаттау өткізілген сәттен бастап алты айдан кейін өткізіледі. Комиссия қайта аттестаттауды жүргізе отырып, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.

      12. Комиссияның шешімі Комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
      Дауыстар тең болған кезде Комиссия төрағасы берген дауыс шешуші болып саналады.
      Шешім, егер Комиссия отырысына Комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.

      13. Комиссияның шешімі хаттамамен рәсімделеді, оған Комиссия төрағасы қол қояды және мемлекеттік жоғары оқу орны бірінші басшысының аттестаттау парағына және қызмет ету тізіміне енгізіледі.

      14. Комиссия атқаратын лауазымына сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдаған жағдайда хаттама қызметтен босату туралы ұсыныспен бірге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне жіберіледі.

      15. Мемлекеттік жоғары оқу орны бірінші басшысының Комиссия шешіміне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануына құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады