Байланыс формасы

Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасы жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. Мына:

      1) "Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 38, 384-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 26 маусымдағы № 624 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 31, 309-құжат);

      3) "Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 29 қаңтардағы № 743 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 3, 16-құжат);

      4) "Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 185 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 38, 384-құжат; 2008 ж., № 31, 309-құжат; 2014 ж., № 3, 16-құжат; 2016 ж., № 7, 27-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 12 желтоқсандағы
№ 804 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесi банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесi банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасы (бұдан әрi – Тұжырымдама) ұлттық валюта – Қазақстан теңгесi банкноттары мен монеталарының дизайнын (бұдан әрi – банкноттар мен монеталар дизайны) әзiрлеудiң негiзгi қағидаттарын айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) айналысқа шығаратын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесінің банкноттары мен монеталары Ұлттық Банктің сөзсiз мiндеттемелерi болып табылады және оның барлық активтерiмен қамтамасыз етiледi және олардың белгiленген құнымен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қабылдануға мiндеттi.

      3. Осы Тұжырымдамада пайдаланылатын ұғымдар:

      1) банкноттар мен монеталар – Ұлттық Банк айналысқа шығаратын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің ақша белгілері;

      2) инвестициялық монеталар – инвестициялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан дайындалған монеталар;

      3) коллекциялық монеталар – коллекциялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан, сол сияқты бағалы емес металдардан жасалған, шектеулі таралыммен дайындалған мерекелік, естелік және өзге де арнайы соғылған монеталар;

      4) айналыстағы монеталар – бағалы емес металдардан дайындалған және қолма-қол ақша айналысына арналған монеталар.

      4. Банкноттар мен монеталарды дайындаған кезде денсаулыққа зияны жоқ материалдар пайдаланылады.

      5. Банкноттар мен монеталардың дизайнын және олардың номиналдық құнын Ұлттық Банк Басқармасы осы Тұжырымдама негізінде айқындайды.

2-тарау. Банкноттар мен монеталар дизайнының ерекшеліктері

      6. Банкноттар мен монеталар дизайнының мiндеттi элементтері:

      1) номиналдың цифрмен және (немесе) әріппен белгiленуi;

      2) түпнұсқалығын айқындауға мүмкiндiк беретiн және қолданыстағы қорғау технологияларын қолдана отырып, қолдан жасаудан қорғауды қамтамасыз ететiн элементтер;

      3) эмитент елінің және (немесе) эмитенттің ресми атауы;

      4) банкноттардың бет жағында және монеталардың бет немесе сырт жағында орналастырылатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі болып табылады.

      7. Сериялық нөмірі және дизайнының бекітілген жылы банкноттар дизайнының қосымша элементтері болып табылады.

      Соғылған жылы монеталар дизайнының қосымша элементі болып табылады.

      8. Банкноттар мен монеталар дизайнында мынадай бейнелердiң бiрi және (немесе) бiрнешеуi пайдаланылады:

      1) қазақтың ою-өрнегі немесе оның құрамдас бөлiктерi;

      2) Қазақстанның тарихына және дамуына үлес қосқан аса көрнектi тұлғалардың портреттері;

      3) Қазақстанның бірегей тарихи, географиялық орындары және сәулет ескерткіштері және (немесе) олардың бөліктері;

      4) мемлекеттік және халықаралық оқиғаларға арналған бейнелер;

      5) Қазақстан флорасы мен фаунасының бейнелері;

      6) Қазақстанның тарихына, мемлекеттілiгiне, саясатына, құқығына, экономикасына, ғылымына, біліміне, мәдениетіне, өнеріне, спортына, дамуына байланысты бейнелер;

      7) дүниежүзінің құндылықтарына, игілігіне, тарихына және мәдениетіне байланысты бейнелер;

      8) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тауар белгісінің (логотипінің) бейнесі;

      9) өзге де цифрмен және әріппен берілген жазбалар.

      9. Банкноттар мен айналыстағы монеталардың дизайны бірыңғай дизайнерлік безендіру негізінде әзірленеді.

      10. Банкноттар мен монеталар дизайнында пайдаланылатын жазбалар мәтіні мемлекеттік тілде ресімделеді. Инвестициялық және коллекциялық монеталар дизайнында шет тілдерде жазбалар пайдалануға жол беріледі.

      11. Инвестициялық және коллекциялық монеталар дизайнында монеталар дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазбаларды пайдалануға жол беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады