Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 484 Жарлығы.

      Орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, ел экономикасының тиімділігін арттыру және Қазақстан Республикасының тауар нарықтарында бәсекелес ортаны қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу және проактивті бәсекелестік саясатты енгізу Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің басым бағыты деп жариялансын.

      2. Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мыналар деп айқындалсын:

      1) тауар нарықтарында нарықтық шоғырлану деңгейін төмендету;

      2) тауар нарықтарына кірудің әкімшілік және экономикалық кедергілерін, мемлекеттік бағалық реттеу құралдарын қысқарту;

      3) кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын және нарықтың жаңа қатысушыларының пайда болуына немесе кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестікті күшейтуге бағытталған инвестицияларды іске асыру;

      4) тауарлардың жаңа түрлерінің нарықтарын қалыптастыру, отандық өндірушілер өнімдерінің айналысы, олардың әлемдік нарықтарға шығуы саласын кеңейту;

      5) мемлекет қатысатын нарық субъектілерінің үлесін қысқарту және мемлекеттің экономикалық активтерін басқару тиімділігін арттыру;

      6) шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, оның ел экономикасына үлесін ұлғайту;

      7) биржалық сауданы кеңейту;

      8) мемлекеттік қолдау шараларына және мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуына кәсіпкерлік субъектілерінің тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;

      9) үстем немесе монополиялық жағдайға ие тауар нарығы субъектілерінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар жүйесін олардың іске асыруы.

      3. Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:

      1) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің меншік нысанына қарамастан теңдігі;

      2) бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат нәтижелерінің өлшенуі;

      3) монополияға қарсы реттеу мен бақылаудың ақпараттық ашықтығы мен айқындығы;

      4) монополияға қарсы реттеудің профилактикалық шараларының басымдылығы;

      5) бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іске асыруына жауаптылығы.

      4. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны" (бұдан әрі – Ұлттық жоба) әзірлесін және 2021 жылғы 1 сәуірге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін.

      5. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі:

      1) 2021 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес нормативтік құқықтық актілер жобаларының бәсекелестікке әсерін бағалау тетігі мен әдіснамасын енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз етсін;

      2) Ұлттық жобаға үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қатысу мүмкіндігін қарасын.

      6. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп еліміздің қаржы нарықтарында проактивті бәсекелестік саясатты іске асыруға мүмкіндік беретін бәсекелестікті дамытудың аралық және түпкілікті индикаторларын пысықтасын.

      7. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Қазақстан Республика-сының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын сотта қолдану практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету және істерді қараудың сапасын арттыру мақсатында соттардың монополияға қарсы істерді қарау практикасын жинақтап-қорыту және мамандандыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын.

      8. Құқық қорғау органдары бәсекелестікті қорғау саласындағы қылмыстық жаза қолданылатын әрекеттерді анықтау мен олардың жолын кесу және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру және тергеп-тексерулер жүргізуге кедергі келтіретін құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізу бөлігінде монополияға қарсы органмен өзара іс-қимыл тетігін енгізу жөнінде шаралар қабылдасын.

      9. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру туралы, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптары туралы ақпараттың кеңінен таратуды қамтамасыз етсін.

      10. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының магистратура деңгейіндегі "Бәсекелестік құқығы" білім беру бағдарламасын әзірлеп, одан әрі білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мүмкіндігін қарасын.

      11. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      12. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады