"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 366 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында және "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) құрылсын.

      2. Қоса берілген:

      1) Комитет туралы ереже;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдасын.

      4. "Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 5 маусымдағы № 908 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 5 қазандағы
№ 366 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекеттің атынан және мүддесіне орай жүзеге асыратын ведомствосы – заңсыз иемденілген активтерді қайтару (бұдан әрі – активтерді қайтару) жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Президенттің актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде және басқа тілдерде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұған уәкілеттік берілген болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен бекітіледі.

      8. Комитеттің орналасқан жері: Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 14.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен, сондай-ақ Арнаулы мемлекеттік қордан Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) көзделген жағдайларды қоспағанда, Комитеттің өкілеттігі болып табылатын міндеттіліктерді орындау тұрғысынан кәсіпкерлік субъектілермен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілерде кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің міндеттері, құқықтары мен міндеттіліктері

      13. Міндеттері:

      1) Заңда жүктелген міндеттер шегінде заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару;

      2) заңсыз иемденілген, оның ішінде шығарылған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған шараларды жүзеге асыру;

      3) активтерді қайтару бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;

      4) экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мен жою және олардың салдарын жою;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      14. Құқықтары мен міндеттіліктері:

      Құқықтары:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мемлекеттік, арнаулы мемлекеттік органдарға және құқық қорғау органдарына қылмыстық құқық бұзушылықты анықтау туралы және (немесе) қажетті тексеру, жедел-іздестіру іс-шараларын, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді жүргізу туралы сұрау салу (талап), жазбаша тапсырма, ақпарат немесе баянат жіберу;

      2) активтерді қайтару туралы заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды тұлғалардан ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді қабылдау;

      4) активтерді қайтару саласында және сабақтас салаларда нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;

      5) заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді іздеу (ашып көрсету), олардың пайда болуын растау, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану, олардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды басқару, өткізу және мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін комиссиялар мен жұмыс топтарын құру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      6) заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған қызметті жүзеге асыру үшін ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды, оның ішінде шетелдік ұйымдарды тарту;

      7) "Прокуратура туралы" Конституциялық заңға, Заңға және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес прокуратура актілерін енгізу, сондай-ақ Комитеттің ұйымдастыру мәселелерін және оның құзыретіне кіретін мәселелер жөніндегі қызметін реттейтін актілерді қабылдау;

      8) заңсыз иемденілген, оның ішінде шығарылған активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болуын растау, қамтамасыз ету шараларын қолдану, оларды басқару, өткізу және мемлекетке қайтару бойынша жедел-іздестіру және арнаулы іс-шараларды жүргізуде Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарына жәрдемдесу;

      9) халықаралық шарттарда көзделген және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке, заңды тұлғаларға және өзге де ұйымдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қатысты, сондай-ақ активтерді заңсыз шығаруға қатысы бар жеке тұлғаларға, ұйымдарға және бенефициарлық меншік иелеріне, басқа да байланысты құқық бұзушылықтарға, ақшамен (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларға қатысты ақпарат, мәліметтер және құжаттар беру, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан түскен сұрау салуларды орындауға жәрдемдесу туралы сұрау салулар жіберу;

      10) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен шетелдік соттарға, халықаралық төрелік ұйымдарына және шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына мемлекетке қайтарылуға жататын активтердің құқықтық мәртебесін немесе меншік құқығын анықтау туралы талап қою беру;

      11) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына тыйым салу, өзге де алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және дәлелдемелерді алу туралы сұрау салулар жіберу;

      12) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен халықаралық шарттарға және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына тәркілеу нысанында (Қазақстан Республикасы сотының активтерді тәркілеу немесе мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы шешімі болған кезде де, болмаған кезде де) құқықтық көмек туралы сұрау салулар жіберу;

      13) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен халықаралық шарттарға және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына Қазақстан Республикасы сотының активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), пайда болуының заңдылығын растауға, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдануға, олардың сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және қайтарылуын қамтамасыз етуге қатысты шешімін немесе Қазақстан Республикасының соты шығарған өзге де сот актісін тану және орындау туралы арыз жіберу;

      14) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, заңнамасына не тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес арыз иесінде осындай құқықтар болатындай шамада арыздың нысанасын немесе негізін өзгерту, арыздан бас тарту не орындау (тәркілеу) тәсілін өзгертуді сұрату;

      15) тиісті шетелдік сотқа немесе шет мемлекеттің құзыретті органдарына Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруды не жәбірленушілерге тиісті құқыққа қарсы іс-әрекеттен келтірілген залалды өтеуді қоса алғанда, тәркіленген мүлік пайдаланылатын мақсаттар туралы мәлімдеу;

      16) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына сұрау салулар мен арыздарды жіберу кезінде азаматтық-құқықтық және қылмыстық-құқықтық тәркілеу арасында таңдауды жүзеге асыру;

      17) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және тиісті шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің соттарына немесе құзыретті органдарына Қазақстан Республикасы сотының шешімін (үкімін) немесе Қазақстан Республикасының соты шығарған өзге де сот актісін тану және орындау туралы арыз жіберу;

      18) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттер соттарының немесе құзыретті органдарының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздерге ұқсас негіздер бойынша азаматтық-құқықтық не қылмыстық-құқықтық тәркілеу бөлігінде құқықтық көмек туралы сұрау салуларын алу және орындау (не орындау үшін басқа құзыретті органдарға немесе соттарға беру);

      19) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен құқықтық көмек туралы сұрау салуларды қарау жөніндегі сот талқылауларына қатысу;

      20) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен шет мемлекеттердің құзыретті органдарына заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қатысты, сондай-ақ активтерді заңсыз шығаруға қатысы бар жеке тұлғаларға, ұйымдарға және бенефициарлық меншік иелеріне, басқа да байланысты құқық бұзушылықтарға, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларға қатысты ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды беру туралы сұрау салулар жіберу;

      21) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен тиісті шет мемлекеттің заңнамасына немесе халықаралық шарттарға сәйкес берілуі мүмкін процестік құқықтарды жүзеге асыру;

      22) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу және келісу жөніндегі жұмысқа қатысу;

      23) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен активтерді қайтару және мүлікті тәркілеу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысу;

      24) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен активтерді қайтару, оның ішінде қылмыстық жолмен табылған мүлікті тәркілеу саласындағы халықаралық ұйымдардың, бірлестіктердің және өзге де жұмыс топтарының қызметіне белгіленген тәртіппен қатысу;

      25) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық шарттар болып табылмайтын өзге де халықаралық келісімдерге (меморандумдарға) қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау және оларға қосылу туралы ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмысқа қатысу;

      26) Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес Комиссияның талқылау күн тәртібіне мәселелер енгізу;

      27) Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлерін Комиссияның жұмысына қатысуға тарту;

      28) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестерді, семинарларды, конференцияларды, оның ішінде халықаралық тұрғыдағысын ұйымдастыру және өткізу;

      29) Заңда көзделген негіздер бойынша жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуге, сол сияқты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізуге мемлекет атынан бастама жасау;

      30) қайтарылуға жататын активтерге үшінші тұлғаларды тарта отырып, бағалау жүргізуге, оның ішінде активтерді бағалаудың тәуелсіз сараптамасын жүргізуге бастама жасау;

      31) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер, бітімгершілік келісімдер, Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес кінәні мойындау және активтерді қайтару туралы процестік келісімдер және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер жасасу;

      32) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп, активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну нысаны мен тәртібін бекіту;

      33) активтердің қайтарылуын қамтамасыз етуге бағытталған аудитке, ревизияға, активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруге бастама жасау;

      34) ақпаратты талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың тексерулер жүргізуіне бастама жасау;

      35) Заңға сәйкес тізілімге енгізілген тұлғаларға қосымша сұрау салулар жіберу;

      36) активтің нақты және заңды орналасқан жерін айқындау;

      37) активтер мен активтерді иеленетін немесе бақылайтын тұлғалар арасындағы корпоративтік, нақты және өзге де схемаларды, байланыстарды және активтерді қайтаруға бағытталған одан арғы жұмысты жүргізуге қажетті өзге де ақпаратты анықтау;

      38) активтердің қалыптастырылу (иемденілу), пайда болу, ұлғайтылу заңдылығын тексеру немесе қайта тексеру, мәліметтер мен дәлелдемелерге талдау және бағалау жүргізу;

      39) Заңда көзделген негіздер бойынша соттарға алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыздар, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою жіберу;

      40) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен шетелдік және халықаралық соттарда, аралық соттарда (төрелік органдарында), сондай-ақ шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда активтерді іздеу және қайтару мәселелері бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру;

      41) заңнамада белгіленген тәртіппен субъектілерден және (немесе) олардың үлестес тұлғаларынан, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардан қосымша ақпарат талап ету, активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру және өзге де іс-шаралар жүргізу;

      42) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып, активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына жүргізілетін тексеру мәселелері бойынша мәліметтер мен құжаттарды, материалдарды, қосымша материалдарды, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және атқарушылық іс жүргізуді талап ету және алу;

      43) активтерді қайтару мәселелері бойынша шығарылған сот актілеріне жеке шағымдар, өтінішхаттар, апелляциялық, кассациялық шағымдар, апелляциялық өтінішхаттар, сот актілеріне кассациялық тәртіппен дау айту туралы өтінішхаттар беру және талапкердің немесе жауапкердің барлық құқықтарын пайдалану;

      44) активтерді ерікті түрде беру рәсімінің барысында Заң субъектілерінен, олардың үлестес тұлғаларынан, сондай-ақ тізілімге енгізілмеген өзге де тұлғалардан қажетті ақпаратты сұрату;

      45) Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және осы Ережеге сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      Міндеттіліктері:

      1) активтерді қайтару жөніндегі субъектілер тізілімінің толықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету және оны жүргізуді жүзеге асыру;

      2) құқық қорғау органдарына, арнаулы мемлекеттік органдарға және өзге де мемлекеттік органдарға заңнаманы бұзу фактісіне қатысты ақпаратты, мәліметтерді және құжаттарды уақтылы беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің және Бас Прокурорының актілеріне сәйкес талап етілетін өзге де шараларды қабылдау;

      3) алынатын, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын құпияларды құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету;

      4) активтерді қайтару жөніндегі шараларды жүзеге асыру кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету;

      5) заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару саласында мемлекеттік органдармен заңнамада белгіленген тәртіппен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      6) өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару саласындағы мемлекеттік саясат пен стратегияны әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      7) активтерді заңсыз иемдену, иелену және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығару саласындағы құқық бұзушылықтардың жай-күйі мен даму үрдістерін талдау, Заңда көзделген тәртіппен активтерді қайтару саласындағы стратегиялар мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы ақпараттық-талдамалық материалдарды дайындау;

      8) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен активтерді қайтару мақсатында қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық және азаматтық-құқықтық салаларда, заңсыз иемденілген активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болуын растау, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану және мемлекетке қайтару саласында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      9) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен халықаралық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалу жай-күйін құзыреті шегінде мониторингтеуді қамтамасыз ету;

      10) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерді өз құзыреті шегінде орындау;

      11) Заңда көзделген тәртіппен активтерді қайтару туралы заңнаманы қолдану практикасын талдау және қорыту;

      12) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен заңсыз иемденілген активтерді іздеу және мемлекетке қайтару саласында жұмыс істеу үшін мамандарды оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастыру және оны үйлестіру;

      13) Заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз ететін жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      14) активтерді қайтару мәселелері бойынша мемлекеттік, құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын және қызметінің үйлестірілуін қамтамасыз ету;

      15) ден қою және қадағалау актілерін енгізу, сондай-ақ оларға жауаптар алу кезінде электрондық ақпараттық есепке алу құжаттарында қамтылған мәліметтердің анықтығы мен толықтығын, оларды Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет (бұдан әрі – ҚСжАЕК) айқындайтын тәртіппен ҚСжАЕК-тің ақпараттық жүйелеріне уақтылы енгізуді қамтамасыз ету;

      16) Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және осы Ережеге сәйкес өзге де міндеттіліктерді орындау.

      15. Функциялары:

      1) активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекеттің атынан және мүддесіне орай жүзеге асыру;

      2) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен Заңда айқындалған субъектілердің және олардың үлестес тұлғаларының заңсыз шығарылған активтері туралы келіп түсетін ақпаратты іздеуге, жинауға, өңдеуге, қорытуға, бағалауға бағытталған активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратқа мониторинг пен талдауды жүзеге асыру;

      3) активтерді қайтару мәселелері бойынша мемлекеттік, құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ведомствоаралық өзара іс-қимылын және қызметінің үйлестірілуін қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес Комиссияның жұмыс органының функциясын жүзеге асыру;

      5) қайтарылуға жататын активтерге, оның ішінде үшінші тұлғаларды тарта отырып, аудит, бағалау жүргізуді қамтамасыз ету;

      6) Заңға сәйкес жүргізілетін активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізу;

      7) активтерді қайтару мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, соттардың жеке қаулылары мен ұйғарымдарын қарау;

      8) Заңда көзделген негіздер бойынша соттарға алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыздар, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою жіберу;

      9) Заңның ережелеріне сәйкес тізілімге енгізілген тұлғаларды хабардар ету;

      10) Заңның ережелеріне сәйкес тізілімге енгізілген тұлғалардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияны қабылдау және қарау;

      11) тізілімге енгізілген тұлғалардан оларға тиесілі активтерді (немесе олардың бір бөлігін) кез келген нысанда иеліктен шығару, кез келген нысанда ауыртпалық салу, сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі ниеті туралы хабарламаларды қабылдау және қарау;

      12) активтерді қайтару саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді қабылдау;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан ақпарат пен материалдарды сұрату;

      14) талданатын, тексерілетін және өзге де іс-шаралардың басымдығын айқындау;

      15) Заңда көзделген әлеуетті субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларына қатысты және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша заңда белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу және (немесе) жүзеге асыру;

      16) осы Ережеде көзделген, Комитетке берілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда – қылмыстық қудалау мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның активтерді қайтару саласындағы құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру жөніндегі функцияларын жүзеге асыру;

      17) қайтарылуға жататын активтер туралы келіп түсетін ақпаратты іздеуді, жинауды, өңдеуді, қорытуды және бағалауды жүзеге асыру, қайтарылуға жататын активтердің пайда болуы туралы мәліметтерді талдау;

      18) қайтарылуға жататын активтерді іздеу және айқындау жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      19) жеке және заңды тұлғалардың активтерді ерікті түрде қайтару туралы арыздарын қарау және олар бойынша Заңда көзделген тәртіппен шешімдер қабылдау;

      20) Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;

      21) мүлікті тәркілеудің және активтерді қайтарудың халықаралық тәжірибесі мен практикасын зерделеу;

      22) активтерді қайтару туралы заңнамада белгіленген тәртіппен активтерді қайтару немесе қылмыстық жолмен табылған мүлікті тәркілеу саласындағы халықаралық ұйымдардың, бірлестіктердің және өзге де жұмыс топтарының қызметіне қатысу;

      23) активтерді қайтару туралы заңнамада регламенттелген нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау;

      24) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп, активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну нысаны мен тәртібін бекіту;

      25) активтерді қайтару жөніндегі қызмет нәтижелерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;

      26) Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасына сәйкес Комиссияның тиімді қызметін қамтамасыз ету;

      27) активтерді қайтару мәселелері бойынша мемлекеттік, құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын және қызметінің үйлестірілуін қамтамасыз ету;

      28) активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі жыл сайынғы ақпаратты дайындау және Комитеттің интернет-ресурсында жариялау;

      29) Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Комитет басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Комитетке басшылық етуді Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын төрағасы жүзеге асырады.

      17. Комитет төрағасын Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      18. Комитет төрағасында Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын орынбасар болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттіктері:

      1) Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етеді;

      2) өз орынбасарының және Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің міндеттіліктері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитеттің қызметкерлері мен жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитеттің қызметкерлері мен жұмыскерлерін көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану және оны алып тастау мәселелерін шешеді;

      5) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;

      6) Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының активтерді қайтару және халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына Комитеттің қызметі туралы баяндайды;

      7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      8) бекітілген құрылым мен сан шегінде Комитеттің штат кестесін бекітеді;

      9) өз құзыреті шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;

      10) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      20. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады. Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүліктің (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен қалыптастырылады.

      21. Комитетке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      22. Комитет өзіне бекітіп берілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 5 қазандағы
№ 366 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 29 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлыққа 2-қосымша мынадай редакцияда жазылсын:

  "Қазақстан Республикасы
Президентінің
1999 жылғы 22 қаңтардағы
№ 29 Жарлығына
2-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы прокуратурасының

ЖАЛПЫ ШТАТ САНЫ

Қазақстан Республикасының прокуратурасы, оның ішінде: Бас прокуратура, Құқық қорғау органдарының академиясы, прокуратура органдары, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің аумақтық және оларға теңестiрiлген органдары, Активтерді қайтару жөніндегі комитет

5866

  ".

      2. Қызмет бабында пайдалану үшін.

      3. "Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 563 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы туралы ережеде:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бас прокуратура) – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретін мемлекеттік құқық қорғау органы, ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады.

      Бас прокуратура Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесіне (бұдан әрі – прокуратура органдарының жүйесі) басшылықты жүзеге асырады, мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

      Бас прокуратура, оған бағынысты ведомстволар, білім беру ұйымы, әскери прокуратураның және көлік прокуратурасының органдары, облыстардың прокуратуралары және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралар прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесін құрайды.

      2. Бас прокуратураның ведомствосы – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет) және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Активтерді қайтару жөніндегі комитет) болады.";

      14-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) құқықтары:

      прокуратура органдарының функцияларды тиімді түрде орындауын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура органдарына жүктелген функциялар мен өкілеттіктер шегінде олардың қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;

      заңдардың қолданылуын, заңдылықтың жай-күйін қадағалау практикасын, оның ішінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесіне интеграцияланған ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтерді пайдалана отырып талдау;

      шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда – қылмыстық қудалау, заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару (бұдан әрі – активтерді қайтару) мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру;

      халықаралық шарттар жасасу, қылмыстық-құқықтық саладағы және активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келісу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимыл жасау;

      заңдылықтың сақталуына тексеру, заңдылықтың жай-күйіне талдау, күшіне енген актілерге бағалау жүргізу;

      активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру, ақпаратқа мониторингтеу мен талдау жүргізу;

      Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын, сондай-ақ Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен прокуратура актілерін енгізу;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің және олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде наразылық білдіру;

      меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін актілеріне, егер бұл актілер физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарға, кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ тұлғалардың шектелмеген тобына қатысты болса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде наразылық білдіру;

      жоғары тұрған сотқа заңды күшіне енбеген сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат келтіру;

      Қазақстан Республикасының заңында көзделген негіздер болған кезде және тәртіппен тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың дереу күшін жоюды, заңсыз актінің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруды талап ету;

      прокуратура органдарындағы материалдар, жолданымдар бойынша сараптамаларды тағайындау, уәкілетті органдардан тексеру жүргізуді талап ету және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеу;

      өзге де органдар мен ұйымдардың мамандарын заңдылықтың сақталуын тексеруге қатысуға және қорытынды беруге тарту;

      қауіпсіздікті және қадағалау қызметін қамтамасыз ету үшін басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен заңдылықтың сақталуын тексеруді жүзеге асыруға тарту;

      жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау және қаралатын жолданым мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін шақырту және олардан түсініктер алу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып, жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау, сондай-ақ жолданымды қарау мәселелері бойынша ақпаратты, материалдар мен құжаттарды, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді және атқарушылық іс жүргізуді талап ету және алу;

      дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау бойынша талаптарды сақтай отырып, ақпаратқа, мәліметтер мен құжаттарға, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерге, атқарушылық іс жүргізуге және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолжетімділік алу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында техникалық тіркеу құралдарын қолдану;

      сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері мәселелері бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру қызметін, жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың басшылары мен қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті болатын нұсқаулар беру;

      қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдік бойынша адамдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды жеткізудің, ұстап алудың заңдылығын, сондай-ақ күзетпен ұстауда отырған не бас бостандығы өзгеше түрде шектелген адамдарды ұстау тәртібі мен шарттарын тексеру;

      қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері әкімшілігінің күзетпен ұстауда отырған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтық жағдайына әсер ететін актілерінің заңдылығын тексеру, заңсыз шешімдерінің күшін жою;

      қылмыстық-атқару жүйесі органдарының сотталғандарды басқа мекемеге ауыстыру туралы актілерін Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес қарау;

      тергеп-тексеру органдарының күдікті адамдарға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішхаттарын Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес қарау;

      қадағалауды жүзеге асыру кезінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуіне бастамашылық жасау;

      қадағалауды жүзеге асыру кезінде құпия көмекшілердің және штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтерді қоспағанда, жасырын тергеу әрекеттерінің, жедел есепке алудың істерін, материалдарды, құжаттарды, ведомстволық нормативтік құқықтық актілерді, басқа да қажетті мәліметтерді сұрату және алу;

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге санкция беру, арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын, оның ішінде байланыс желілерінде жүзеге асыру заңдылығының сақталуына тексеру жүргізу;

      қадағалауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру барысында заңдылықты бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу мақсатында арнаулы техникалық құралдарды пайдаланатын прокуратура органдарының мамандарын және өзге де мамандарды тарту;

      заңдылықты бұзушылықтарды жою мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың басшыларынан оларға бағынысты органдарда тексеру жүргізуді талап ету;

      әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау және тоқтату;

      атқарушылық құжаттарды жазып берудің және орындаудың заңдылығын тексеру;

      активтерді қайтару мақсатында халықаралық-құқықтық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіру және жүзеге асыру;

      адамдарды ұстап беру, қылмыстық істер бойынша, активтерді қайтару туралы істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, сотталғандарды не психикасының бұзылуынан (аурулардан) зардап шегетін адамдарды беру туралы халықаралық шарттарды, сондай-ақ оларға байланысты құқықтық актілерді орындау, прокуратура органдарының құзыретіне жататын қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық шарттардың жобаларын келісу;

      Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;";

      15-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару;";

      5), 6) және 7) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда – қылмыстық қудалау, активтерді қайтару мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша, оның ішінде шетелдік соттарға активтерді қайтаруға байланысты азаматтық талап қоюды беру бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, қылмыстық-құқықтық саладағы және активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келісу;

      7) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысу, қылмыстық-құқықтық саладағы және активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келісу;";

      19) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) қарудың, оқ-дәрілердің және арнаулы құралдардың айналымын үйлестіру және бақылау, прокуратураның органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында жұмылдыру дайындығы және ведомстволық есепке алу жөніндегі қызметті ұйымдастыру;";

      41) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "41) тексерілетін субъектілердің, оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын заңсыз тексерулерден, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылаудың, сондай-ақ қадағалаудың басқа да нысандарынан оларды Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетте тіркеуді жүзеге асыру барысында қорғауды қамтамасыз ету;";

      19-тармақта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Қазақстан Республикасының Президентіне прокуратура органдары ведомстволарының ережелерін бекіту туралы ұсыныстар енгізеді;";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Қазақстан Республикасының Президентіне Бас Прокурордың бірінші орынбасарын, орынбасарларын, прокуратура органдары ведомстволарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы ұсыну енгізеді;";

      19) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен прокуратура органдарының құрылымы мен штат санының шегінде әскери прокуратураның және көлік прокуратурасының органдарын, облыстардың прокуратураларын және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратураларды, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратураларды, прокуратура органдарының мекемелерін құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.

      Қазақстан Республикасының Президентіне Бас прокуратураның ведомстволарын және Бас прокуратураның жанындағы білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыну енгізеді;";

      21) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "21) прокуратура органдарының, ведомстволарының, мекемелері мен білім беру ұйымының барлық прокурорлары мен жұмыскерлерінің орындауы үшін міндетті актілерді шығарады, прокуратура органдарының жүйесінде қабылданған актілердің күшін жояды;";

      35) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "35) прокуратура органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында қаруды, оқ-дәрілерді және арнаулы құралдарды сатып алу, есепке алу, сақтау, алып жүру, беру, тасымалдау тәртібін айқындайды;";

      37) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "37) мыналарды:

      Бас прокуратураның жұмыс регламентін;

      Бас прокуратура алқасының жұмыс регламентін бекітеді және алқаның құрамын айқындайды;

      прокуратура органдары рәміздерінің сипаттамасын;

      Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережелерді қоспағанда, прокуратура органдары жүйесінің мемлекеттік мекемелері мен білім беру ұйымының ережелерін (жарғыларын);

      ведомстволардың, білім беру ұйымының, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралардың, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ прокуратура органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік мекемелер мен өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдардың құрылымдары мен штаттарын;

      Бас әскери прокуратураның және Бас көлік прокуратурасының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалар және астана) прокуратураларының жанынан құрылатын үйлестіру кеңестері туралы ережелерді;

      Прокуратура органдары жүйесінің прокурорлары лауазымдарының тізілімінде санаттар бойынша көрсетілген лауазымдарға теңестірілген прокуратура органдары жүйесі прокурорларының үлгілік емес лауазымдарының тізбесін;

      Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары мен мерзімдерін;

      кадрлық қамтамасыз ету нәтижелерін және прокуратура органдары жүйесінің кадр саясаты субъектілерінің жұмыс сапасын бағалау әдістемесін;

      кәсіптік құзыреттерді, негізгі көрсеткіштерді айқындау және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін есептеу тәртібі мен әдістерін;

      прокуратура органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібі мен мерзімдерін;

      қызметтік куәліктердің сипаттамасын, сондай-ақ оларды беру тәртібін;

      мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша прокуратура органдары жүйесі лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарын;

      мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Бас прокуратураның "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарын;

      прокуратура органдары жүйесінің "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін;

      прокуратура органдары жүйесінде жұмыс стандарттарын белгілеу тәртібін (алгоритм, қағидалар және жұмыстың нақты учаскесіндегі қызметкер қызметінің нәтижелеріне қойылатын талаптар);

      прокуратура органдары жүйесінде кадрлық болжамды жүзеге асыру әдістемесін;

      прокуратура органдары жүйесінің басшы лауазымдарының тізбесін;

      ротацияға жататын басшы лауазымдардың тізбесін және оларды прокуратура органдары жүйесінде ауыстыру тәртібін;

      конкурстық негізде орналасатын басшы лауазымдардың тізбесін және прокуратура органдары жүйесінің жоғары тұрған басшы лауазымдарына конкурс өткізу тәртібін;

      кадр резервін қалыптастыру тәртібін, кадр резервіне алынатын прокуратура органдары жүйесі қызметкерлерінің біліктілігіне қойылатын талаптарды және прокуратура органдары жүйесінің кадр резервіне алынған қызметкерлердің ведомстволық деректер банкімен жұмыс тәртібін;

      прокуратура органдары жүйесінің қызметкерлерін кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асырудың мазмұны мен тәртібін;

      әскери прокуратура органдары прокурорларының кәсіптік деңгейін арттыруды жүзеге асыру тәртібін;

      прокуратура органдары жүйесіндегі еңбек тәртібі қағидаларын;

      прокуратура органдары жүйесінің жеке құрамымен тәрбиелік, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру тәртібін;

      прокуратура органдары жүйесінің бөлімшелерінде моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы әлеуметтанушылық мониторингті жүргізу тәртібі мен әдістемесін;

      прокуратура органдары жүйесінің қызметкерлеріне қызмет өткерудің ерекше шарттары үшін үстемеақылар, сондай-ақ басқа да үстемеақылар, қосымша ақылар белгілеу тәртібін;

      прокуратура органдары жүйесінде (әскери прокуратура органдарын қоспағанда) қызмет өткерген қызметкерлерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау және жүзеге асыру тәртібін;

      прокуратура органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін;

      құқықтық статистика есептерінің нысандарын және оларды қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықтарды;

      жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алу мәліметтерін жүргізу, пайдалану және сақтау тәртібін;

      мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексерулерді тағайындау, олардың нәтижелері туралы актіні (хабарламаларды) қоспағанда, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген мемлекеттік бақылау актілерінің, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы актілердің және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың нысандарын;

      қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу тәртібін, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібін;

      Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібін;

      бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актілерді тіркеу, оларды тіркеуден және күшін жоюдан бас тарту тәртібін, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің мерзімдерін тоқтата тұру, қайта бастау, ұзарту, қатысушылардың құрамын өзгерту және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру және олардың нәтижелері туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсыну туралы хабарламаларды тіркеу тәртібін;

      мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу тәртібін, сондай-ақ "Электрондық жолданымдар" ақпараттық талдау жүйесін жүргізу тәртібін;

      құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алынатын мәліметтерді қалыптастыру, пайдалану, сақтау, қорғау және жою тәртібін;

      Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарының және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының жасырын тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру қызметін жүргізуге, сондай-ақ өздеріне жүктелген өзге де міндеттерді шешуге қажетті ақпаратты Бас Прокурордың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің және Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдары бірінші басшыларының бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алу тәртібі мен негіздерін;

      өзге де органдардың өздеріне жүктелген міндеттерді шешуге қажетті ақпаратты Бас Прокурордың және өзге де органдардың бірінші басшыларының бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алу тәртібі мен негіздерін;

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің архив жұмысы бөлімшелерінің тоқтатылған қылмыстық істерді қабылдауы, беруі, танысуы, сақтауы және жоюы жөніндегі нұсқаулықты;

      прокуратура органдары жүзеге асыратын міндеттерді орындауға қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін;

      құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуі жөніндегі нұсқаулықты;

      активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі жыл сайынғы ақпаратты дайындау және оны жариялау тәртібін;

      активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратқа мониторинг және талдау жүргізу қағидаларын;

      активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеруді тағайындау және жүргізу қағидаларын бекітеді;";

      Бас прокуратура мен оның ведомствосының қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесінде:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бас прокуратура мен оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі";

      "Бас прокуратура" деген бөлім мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) "Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі";

      жоғары аталған Жарлықпен бекітілген сыныптық шендер берілетін прокуратура органдары жүйесі лауазымдарының тізбесі, сондай-ақ оларға сәйкес келетін шекті сыныптық шендер осы өзгерістер мен толықтыруларға 2-қосымшаға ("Қызметтік пайдалану үшін" деген белгісі бар) сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      4. Қызмет бабында пайдалану үшін.

      5. Құпия.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады