Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 13 наурыздағы № 495 Жарлығы

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 13 наурыздағы
№ 495 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

      1. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеде:

      13-тармақ мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлау іс-шараларын жүзеге асыру";

      14-тармақтың 1) тармақшасында:

      елу алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешуді қамтамасыз ететін жедел есептерді, анықтамалық, ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстарды құру және пайдалану;";

      мынадай мазмұндағы елу жетінші, елу сегізінші, елу тоғызыншы, алпысыншы, алпыс бірінші, алпыс екінші, алпыс үшінші, алпыс төртінші, алпыс бесінші және алпыс алтыншы абзацтармен толықтырылсын:

      "ақпараттық жүйелерді және электрондық ақпараттық ресурстарды, арнаулы техникалық құралдарды, байланыс жүйелерін, арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерін, деректерді беру жүйелерін, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуінен қорғау құралдарын, олардың бағдарламалық қамтылымын, қару-жарақ пен жарақтандыруды әзірлеу, сатып алу, құру (криптографиялық қорғау құралдарын қоспағанда), іске қолдану және пайдалану, шифрлау және шифрды ашу жұмыстарын ұйымдастыру. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және меншік нысанына қарамастан ұйымдарымен, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен және ұйымдарымен шарттар, келісімшарттар жасасу;

      мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құру, сатып алу, жинақтау, қалыптастыру, тіркеу, сақтау, өңдеу, жою, пайдалану, беру, қорғау;

      мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану, дамытуды, қолдап отыруды, интеграциялауды, пайдалануды тоқтатуды, қорғауды жүргізу;

      мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық құжаттарды және өзге де деректерді мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жинауды, өңдеуді, сақтауды, беруді, іздеуді, таратуды, пайдалануды, қорғауды, тіркеуді, растауды және жоюды жүзеге асыру;

      ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметшілеріне арнаулы тексеру жүргізу;

      Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті негізде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тарту;

      арнаулы мемлекеттік архивті құру және пайдалану;

      арнаулы куәландырушы орталықты құру, аккредиттеу, оның қызметін тоқтату;

      шекара өкілдерінің қызметін ұйымдастыру және басқару;

      мемлекеттік құпияларды қорғаудың мақсаты мен міндеттеріне сәйкес мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;";

      14-тармақтың 2) тармақшасында:

      он төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу;";

      он алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдарға қатысты дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімін жүзеге асыру;";

      жиырма бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "мемлекеттiк қызметке алғаш рет немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейiн оған қайта кіретін, сондай-ақ судья, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшісі, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның авиациялық қауіпсіздік саласында бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыратын авиация инспекторы лауазымына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда, шекте және тәртіппен міндетті арнаулы тексеру жүргізу;";

      отызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел-қызметтік жұмысын психологиялық-əлеуметтанушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;";

      мынадай мазмұндағы отыз бірінші, отыз екінші және отыз үшінші абзацтармен толықтырылсын:

      "хабарланған алдын ала ескертулерді есепке алуды жүргізу;

      ұлттық қауіпсіздік органдарында кадрлық құрамды патриоттық, адамгершілік және рухани тәрбиелеуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмысты жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.";

      15-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) құзыретіне барлау қызметін жүзеге асыру кіретін сыртқы барлау органы қызметтерінің, бөлімшелерінің және қызметкерлері санаттарының тізбесін әзірлеу және бекіту;";

      110) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "110) ұлттық қауіпсіздік органдарының ақпараттық саясатын іске асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      207) тармақша алып тасталсын;

      212) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 214-1) және 214-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "214-1) мемлекеттік құпияларды және олардың жеткізгіштерін шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидаларын әзірлеу;

      214-2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарында мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия туралы үлгілік ережені әзірлеу және бекіту;";

      224) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "224) мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық құжаттарды және өзге де деректерді жинау, өңдеу, сақтау, беру, іздеу, тарату, пайдалану, қорғау, тіркеу, растау және жою қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      243) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "243) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Авиация қызметінде және Шекара академиясында автотехникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 249-1) және 249-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "249-1) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін әскери, арнаулы оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығарып жіберу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      249-2) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің әскери, арнаулы оқу орындарында немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекеттік өтеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      251), 252) және 253) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "251) ұлттық қауіпсіздік органдарын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      252) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін және Шекара академиясын ветеринариялық қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;

      253) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, Авиация қызметін және Шекара академиясын пәтерлік-пайдаланушылық қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      258) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "258) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде және Шекара академиясында кинологиялық қызмет пен із кесушілікті ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      260) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "260) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде және Шекара академиясында жылқыларды ұстау және қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      300) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "300) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкеріне ұлттық қауіпсіздік органдарының жоғары офицерлік құрамы атқаруға жататын бос (тағайындалмаған) лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 313-9), 313-10), 313-11) және 313-12) тармақшалармен толықтырылсын:

      "313-9) ұлттық қауіпсіздік органдарында кадрлық құрамды патриоттық, адамгершілік және рухани тәрбиелеуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмысты жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      313-10) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі әскери қызметшісінің шекаралық бақылау жүргізу кезіндегі мінез-құлық стандартын әзірлеу және бекіту;

      313-11) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен белгіленетін, Қазақстан Республикасының аумағында сыртқы барлау саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті прокурорлардың тізбесін келісу;

      313-12) ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің үлгілік лауазымдық нұсқаулықтарын әзірлеу және бекіту қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      19-тармақ мынадай мазмұндағы 23), 24), 25), 26), 27), 28) және 29) тармақшалармен толықтырылсын:

      "23) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша ұлттық қауіпсіздік органдарының жекелеген санаттағы қызметкерлеріне қызметті өткеру ерекшеліктерін ескере отырып, азық-түлік үлесінің нормаларын айқындайды;

      24) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін көтермелеуді қолдану тәртібін айқындайды;

      25) қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу), ауру салдарынан қайтыс болған ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің мәйітін тасымалдауға дайындауға, мәйiттi тасымалдауға, жерлеуге, құлпытас жасау мен орнатуға байланысты шығыстарды өтеу тәртібін айқындайды;

      26) тамақтандыруды ұйымдастыру туралы шарттың мерзімі шегінде ғимараттарды, асхана үй-жайларын және олардағы мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) өтеусіз уақытша беру тәртібін айқындайды;

      27) ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын тамақтандыруды қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;

      28) ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын азық-түлік үлесінің белгіленген нормалары бойынша тамақтандырумен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған кезде ақшалай өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

      29) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне арнаулы тексеру жүргізу тәртібін айқындайды.".

      2. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 282 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ережеде:

      14-тармақтың 52) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "52) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдарға қатысты дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімін жүзеге асыру;".

      3. "Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 14 қарашадағы № 954 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс қызметі туралы ережеде:

      15-тармақтың 14) тармақшасы алып тасталсын.

      4. Қызмет бабында пайдалану үшін.

      5. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 қыркүйектегі № 163 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің Сыртқы барлау қызметі туралы ережеде:

      15-тармақтың 24) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "24) Қазақстан Республикасының Шифрлау қызметі орталық органының үйлестіруімен Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде қорғалған байланысты белгіленген тәртіппен ұйымдастыру және онымен қамтамасыз ету;".

      6. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 13 наурыздағы № 282 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Авиация қызметі туралы ережеде:

      13-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу;";

      15-тармақтың 5) тармақшасы алып тасталсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады