Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуiрдегі N 2247 Заңы

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Актiнiң нысаны және тақырыбы өзгерді, мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - IV" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 4" деген цифрлармен ауыстырылды, "Жарлықты", "Жарлықтан", "Жарлықтың", "Жарлық", "Жарлықта", "Жарлыққа" деген сөздер тиiсiнше "Заңды", "Заңнан", "Заңның", "Заң", "Заңда", "Заңға" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      Осы Заң Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға әлеуметтiк кепiлдiктер берудiң ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негiздерiн белгiлейдi, сондай-ақ олардың құқықтық мәртебесiн айқындайды.
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді) Заңымен.

1 ТАРАУ
Жалпы ережелер

      1-бап. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен
              мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген
              адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды
              әлеуметтiк қорғау туралы заңдар

      Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы заңдар осы Заңнан, Қазақстан Республикасының осы саладағы қатынастарды реттейтiн басқа заңдық және нормативтiк актiлерiнен тұрады.

      2-бап. Осы Заңның қолданылу орны мен аясы

      Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бұрын қабылданған заң актiлерiне сәйкес құқықтар мен жеңiлдiктердi осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн пайдаланып келген соғысқа қатысушыларға, соғыс мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға осы Заң күшiне енгiзiлгеннен кейiн көшiп келген азаматтарға және кейiннен соғысқа қатысушы, соғыс мүгедегi және соларға теңестiрiлген адам мәртебесi белгiленетiн азаматтарға қолданылады.

      3-бап. Жеңiлдiктер туралы заңдарды бұзғандығы үшiн
             лауазымды адамдардың жауапкершiлiгi

      Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға осы Заңда көзделген жеңiлдiктер мен кепiлдiктердiң берiлуiн шектеген, оның берiлуiне немесе жүзеге асырылуына кедергi жасаған мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4-бап. Халықаралық шарттар мен келiсiмдер

      Егер Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шартта немесе келiсiмде соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерi және соларға теңестiрiлген адамдар жөнiнде жеңiлдiктер мен кепiлдiктердiң ауқымы осы Заңда көзделгендегiден кең немесе басқадай нормада белгiленген болса, онда халықаралық шарт яки келiсiм нормалары қолданылады.

2 ТАРАУ
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiнiң және
жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан соларға теңестiрiлген
адамдардың мәртебесi

      5-бап. Ұлы Отан соғысына қатысушылар

      Бiрiншi дүниежүзiлiк, азамат және Ұлы Отан соғыстары кезеңiнде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау жөнiндегi басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия флот құрамына кiрген бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшiлер, азамат және Ұлы Отан соғыстарының партизандары мен астыртын күрес жүргiзушiлерi соғысқа қатысушылар деп танылады.

      6-бап. Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан
            соғысына қатысушыларға теңестiрiлген адамдар

      Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестiрiлген адамдар деп мыналар танылады:

      қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелдi қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;

      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдары, яки сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептеледi қалаларда болған адамдар;

      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк баласы (тәрбиеленушiсi) және теңiзшi бала ретiнде болғандар;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шетелдердiң аумағында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да антифашистiк құрамалар құрамында қатысқан адамдар;

      Қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құрамаларының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, бұрынғы КСР Одағы Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, Теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз және жолы Бас басқармасының ұшу-көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезiнде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шептерi, флоттардың оперативтiк аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерiне орай мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында тұтқындалған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi;

      қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары;

      басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Совет Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдар.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.06.19 N 134-I Заңымен.

      7-бап. Ұлы Отан соғысының мүгедектерi

      Бiрiншi дүниежүзiлiк, азамат және Ұлы Отан соғыстарында майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшiлерi, партизандар мен астыртын күрес жүргiзушiлер қатарында болған адамдар, сондай-ақ бiрiншi дүниежүзiлiк, азамат және Ұлы Отан соғыстары кезiнде майданда, ұрыс қимылдары жүргiзiлген аудандарда, майдан маңындағы темiр жол учаскелерiнде, қорғаныс шептерiн, әскери-теңiз базалары мен аэродромдар салу кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әрi зейнетақымен қамсыздандырылуы жағынан әскери қызметшiлерге теңестiрiлген жұмысшылар мен қызметшiлер соғыс мүгедектерi деп танылады.

      8-бап. Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан
            соғысының мүгедектерiне теңестiрiлген адамдар

      Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестiрiлген адамдар деп мыналар танылады:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер;

      әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яки майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдар;

      1944 жылдың 1 қаңтарынан 1951 жылдың 31 желтоқсанына дейiнгi кезеңде Украин ССР-i, Беларусь ССР-i, Литва ССР-i, Латыш ССР-i, Эстон ССР-i аумақтарында қимыл жасаған халықты қорғаушы истребительдiк батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызмет мiндетiн атқаруға кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан мүгедек болған адамдар;

      басқа елдерде қимыл жасаған әскер құрамдарына қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған тиiстi санаттағы жұмысшылар мен қызметшiлер;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балалары.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-бап. Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соғысқа
             қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа да
              санаттары

      Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соғысқа қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа да санаттары деп мыналар танылады:

      1. Қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасылары, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң басқа да мiндеттерiн (қызмет мiндеттерiн) атқару кезiнде жаралану, контузия алу немесе зақымдану нәтижесiнде қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығу салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлердiң, партизандардың, астыртын күрес жүргiзгендердiң, осы Заңның 5,6,7 және 8-баптарында көрсетiлген адамдардың отбасы;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе қорғанысының объектiлердi өзiн-өзi қорғау топтары мен авариялық командаларының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасы, Ленинград қаласының госпитальдерi мен ауруханаларында қаза тапқан қызметкерлердiң отбасы;

      бұрынғы КСР Одағының Қорғаныс министрлiгiне, iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарына әскери мiндетiн өтеу жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi сақтау жөнiндегi тапсырмаларды орындау барысында қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасы;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасы;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасы;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасы;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынаулардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың, немесе өлiмi белгiленген тәртiппен солардың ықпалына байланысты болған мүгедектердiң, сондай-ақ азаматтардың отбасы.

      Жеңiлдiкке құқық берiлетiн отбасы мүшелерiне мыналар жатады:

      қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен, қайтыс болған) адамның асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы төленетiн балалары мен асырауындағы басқа да жандар;

      қайталап некеге отырмаған ата-ана, зайып (жұбай).

      2. Қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерi (күйеулерi), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргiзген адамдардың, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған, жалпы ауруға шалдығудың, еңбек ету кезiнде зақым алуының нәтижесiнде және басқа себептерге (құқыққа қайшы келетiндерiнен басқаларына) байланысты мүгедек деп танылған азаматтардың екiншi рет некеге тұрмаған әйелдерi (күйеулерi);

      3. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған адамдар, сондай-ақ 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, оқшаулау аймағынан Қазақстан Республикасына қоныс аудартқан (өз еркiмен көшкен) адамдар қоныс аудартқан күнi анасының құрсағындағы балаларды қоса алғанда.

      4. 1979 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың желтоқсаны аралығында Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүрiп жатқан басқада мемлекеттерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер.

      5. Бұрынғы КСР Одағы Мемлекет қауiпсiздiгi комитетiнiң Ауғанстанда уақытша, болған және совет әскерлерiнiң шектелген құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерi.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.06.19 N 134-I Заңымен.

      10-бап. Соғысқа қатысушының, соғыс мүгедегiнiң және
              жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соларға
              теңестiрiлген адамдардың мәртебесiн белгiлеу

      Соғысқа қатысушының, соғыс мүгедегiнiң және жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соларға теңестiрiлген адамдардың мәртебесi осы Заңға сәйкес анықталады және Ұлы Отан соғысы жылдарында, бұрынғы КСР Одағын қорғау жөнiндегi ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия қатарында болғанын, Чернобыль АЭС-iндегi апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқанын, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқанын растайтын анықтаманың, әскери билеттердiң, жараланғаны, мүгедектiгi туралы анықтаманың, сот-медицина қорытындыларының негiзiнде белгiленедi.

      Осы құжаттардың негiзiнде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң органдары соғысқа қатысушының куәлiгiн, ал соғыс мүгедегiнiң куәлiгiн - Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтiк қорғау органдары бередi. Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соларға теңестiрiлген адамдардың зейнеткерлiк құжаттарына белгi соғылады.

3 ТАРАУ
Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiне және
жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соларға теңестiрiлген
адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен кепiлдiктер

      11-бап. Соғысқа қатысушыларға берiлетiн жеңiлдiктер мен
              кепiлдiктер

      Соғысқа қатысушыларға әлеуметтiк қорғау шаралары ретiнде мынадай жеңiлдiктер мен кепiлдiктер берiледi:

      1. Егер Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж деп танылса және бұрын бiрiншi кезектi пәтер алу құқығын пайдаланбаған болса, жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар, оларды бiрiншi кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етедi.

      2. Тұрғын үй-құрылыс және басқа да кооперативтерге (серiктестiктерге) бiрiншi кезекте кiру құқығын иеленедi.

      3. Жеке тұрғын үй салу үшiн бiрiншi кезекте жер учаскелерiн және төлем қабiлетiн ескере отырып, жинақ несие-жинақ шоттарында бастапқы қоры болмаса да 30 жылға бес проценттiк жеңiлдiктi кредитпен несие алу құқын иеленедi.

      4. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiне үй салу үшiн төлем қабiлетiн ескере отырып несие-жинақ шоттарында бастапқы қоры болмаса да 30 жылға бес проценттiк жеңiлдiктi кредитпен несие алу құқығын иеленедi.

      5. Коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерiндегi өзi тұрып жатқан пәтерлерi осы Заңның 17-бабында және Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында белгiленген тәртiппен меншiгiне берiледi.
      6-8. Алып тасталды.

      9. Соғысқа қатысушылар басқа тұрғын үй берiлмейiнше қызмет бабындағы тұрғын үйден шығарылмайды.

      10. Бау өсiретiн серiктестiктердiң мүшелерi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес бау үйлерiн сатып алуға және салуға, бау учаскесiн көркейтуге жеңiлдiктi шарттар негiзiнде несие алу құқығын иеленедi.

      11. Бау өсiретiн серiктестiктерге (кооперативтерге) кiруге артықшылық құқығы болады.
      12. Алып тасталды.

      13. Байланыс қызметкерiнiң барлық түрiн кезектен тыс пайдалануға құқылы.
      14-17. Алып тасталды.

      18. Жұмыс iстеп жүрген кезiнде бекiтiлген емханаларды зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн де пайдаланады.

      19. Амбулаторлық-емхана мекемелерiнiң қызметiн артықшылықпен пайдаланады және ауруханаға кезектен тыс жатқызылады.

      20. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен көрсетiлетiн бiлiктi медициналық көмек.

      21. Протездермен (тіс протездерінен басқа) және протез-ортопедия бұйымдарымен тегін қамтамасыз ету.

      21-1. Тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсетулерге (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету), отынға жұмсалатын, телефонды пайдалану, дәрі-дәрмекпен, оптикалық көзілдірікпен қамтамасыз ету, жалпы жұрт пайдаланатын көліктің барлық түрімен (таксиден басқа) жүру жөніндегі шығындарды төлеу үшін, жергілікті мерзімді баспасөзге жазылу кезінде олардың біреуіне жазылуға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
      22. Алып тасталды.

      23. Жыл сайынғы кезектi демалысын өзiне қолайлы уақытта пайдаланады, сондай-ақ жылына екi аптаға дейiн жалақы сақталмайтын қосымша демалыс алуға құқылы.

      24. Жалпы сырқаттануы салдарынан еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша күнтiзбелiк жылда қатарынан төрт айға немесе бес айға дейiн жәрдемақы алады.

      25. Жұмыс стажына қарамастан жалақысының 100 процентi мөлшерiнде уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алады.
      26-29. Алып тасталды.

      30. Моншаларға, мәдени ойын-сауық немесе спорт шараларына, шаштараздарға осындай қызмет көрсететiн кәсiпорындар мен мекемелердiң есебiнен осы Заңның 17-бабында белгiленген тәртiппен бiрiншi кезекте және тегiн барады.

      31. Интернат-үйлерге бiрiншi кезекте және тегiн орналастырылып, әлеуметтiк қызметтiң аумақтық орталықтары мен бөлiмшелерiнде қызмет көрсетiледi.

      32. Отбасы мүшелерiне немесе жерлеудi ұйымдастырушы адамға 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде жерлеуге арналған жәрдемақы берiледi қайтыс болған /қайтыс болған зейнетақы төлемдерiн алушыны қоспағанда/.

      33. Соғысқа қатысқан жалғызiлiктi адам қайтыс болғанда оны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметi салт-жоралар рәсiмiн қолдана отырып жерлейдi.

      34. Салық салу жеңiлдiктерi қолданылып жүрген заңға сәйкес жүргiзiледi.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.04.02 N 88-I, 1997.06.19 N 134-I, 1999.04.07 N 374, 1999.11.16 N 482, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      12-бап. Соғыс мүгедектерiне берiлетiн жеңiлдiктер мен
              кепiлдiктер

      Соғыс мүгедектерiне әлеуметтiк қорғау шаралары ретiнде осы Заңның 11-бабының 1-34 тармақтарына сәйкес жеңiлдiктер мен кепiлдiктер берiледi.
      Сондай-ақ соғыс мүгедектерiне қосымша:

      1. Санаторийге барып, емделу және керi қайту үшiн, жолдаманы кiм бергенiне және кiмнiң есебiнен берiлгенiне қарамастан, қажеттi күндерге науқастану парағы, I және II топтардағы мүгедектерге жыл сайын ұзақтығы 15 жұмыс күнiне дейiн ақы төленетiн қосымша демалыс берiледi.
      2-4. Алып тасталды.

      5. Жеке тұрғын үй салу үшiн өсiп тұрған ағаш жергiлiктi атқарушы органдар анықтайтын тәртiп бойынша берiледi.
      6. (алынып тасталды).
      7. (алынып тасталды).

      8. Тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсетулерге (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету), отынға жұмсалатын, телефонды пайдалану, дәрі-дәрмекпен, оптикалық көзілдірікпен қамтамасыз ету, жалпы жұрт пайдаланылатын көліктің барлық түрімен (таксиден басқа) жүру жөніндегі шығындарды төлеу үшін, жергілікті мерзімді баспасөзге жазылу кезінде олардың біреуіне жазылуға, кресло-қоларба бөлуге, бензинге, қосалқы бөлшектерге, автомобильдер мен мотоарбаларды жөндеуге және оларға техникалық қызмет көрсетілуіне өтемдік төлемдерге, Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне темір жолда, әуе, су және қалааралық автомобиль көлігінде жылына бір рет жүру үшін, сондай-ақ І топтағы мүгедекті алып жүретін адамның жол шығындарына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.04.07 N 374 заңымен.

      13-бап. Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерi
              қатарындағы Кеңес Одағының Батыры, "Халық
              қаhарманы", Социалистiк Еңбек Ерi атағына ие
              болған, Даңқ орденiнiң үш бiрдей дәрежесiмен
              және "Отан" орденiмен наградталған адамдарға
              берiлетiн қосымша жеңiлдiктер мен кепiлдiктер

      Соғысқа қатысқан Кеңес Одағының Батыры, "Халық қаhарманы", Социалистiк Еңбек Ерi атағына ие болған, Даңқ орденiнiң үш бiрдей
дәрежесiмен, "Отан" орденiмен наградталған адамдарға қосымша мынадай
жеңiлдiктер мен кепiлдiктер берiледi:

      1. 20 шаршы метрге дейiн қосымша пайдалы алаң алу құқығы.
      2. (алынып тасталды).

      3. Әскери сый-сияпат көрсетiлiп, тегiн жерленедi және қабiрiнiң басына құлпытас қойылады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.04.02 N 88-I Заңымен.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.04.07 N 374 Заңымен.

      14-бап. Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соғысқа
             қатысушыларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн
             жеңiлдiктер мен кепiлдiктер

      Жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша соғысқа қатысқандарға теңестірілген адамдарға әлеуметтік қорғау шаралары ретінде осы Заңның 11-бабының 1-5, 9, 10, 11, 13, 18-20, 23-25, 31, 33 және 34-тармақтарына сәйкес жеңілдіктер мен кепілдіктер беріледі, сондай-ақ, тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсетулерге (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету), отынға жұмсалатын шығындарды төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
      1-3. Алып тасталды.

      4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде қабылдау квотасы көзделеді.

      5. Жаңа кәсiптi меңгеру кезiнде (жаңа жұмысшыларды даярлау) бүкiл оқу кезеңiне жұмысшының тарифтiк ставканың 100 процентi мөлшерiнде еңбекақы төленедi.

      6. Қайта даярлау, екiншi мамандыққа үйрету және бiлiктiлiгiн арттыру кезiнде жұмыстан қол үзiп оқудың бүкiл кезеңiне бұрынғы кәсiбi мен мамандығы бойынша орташа жалақысы сақталады.
      7. Алып тасталды.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.04.02 N 88-I, 1999.04.07 N 374 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      15-бап. Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан соғыс
              мүгедектерiне теңестiрiлген адамдарға берiлетiн
              жеңiлдiктер мен кепiлдiктер

      Жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдарға әлеуметтік қорғау шаралары ретінде осы Заңның 11-бабының 1-5, 9-11, 13, 18-21, 23-25, 31, 33 және 34-тармақтарына, 14-бабының 4-6-тармақтарына сәйкес жеңілдіктер мен кепілдіктер беріледі, сондай-ақ, Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарынан мүгедек болып қалған, жыл сайынғы санаторий-курорттық емделу құқығын пайдаланбаған адамдарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсетулерге (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету), отынға жұмсалатын, пәтер телефонын пайдалану жөніндегі, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жөніндегі шығындарын төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

      1. I және II топтардағы мүгедектерге олардың қалауымен Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнiң аумағында темiржол көлiгiмен жылына бiр рет тегiн жол жүру (бару, қайту), әуе, су немесе қалааралық автомобиль көлiгiмен жол құнының 50 процентi мөлшерiнде шегерiм жасалып жол жүру құқы берiледi.
      III топтағы мүгедектер үшiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнiң аумағында жылына бiр рет қалааралық көлiктiң барлық түрлерiмен жол жүру (бару, қайту) құнынан 50 процент шегерiм жасалды.
      Қалааралық жол жүру төлемiнен жылына бiр рет жасалатын 50 проценттiк шегерiмнiң орнына олардың қалауы бойынша екi жылда бiр рет тегiн жол жүруге (бару, қайту) рұқсат етiледi.

      2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға жалпы белгіленген стипендия мөлшерінен 50 процентке жоғары мөлшерде стипендия төленеді.

      3. Ұрыс қимылдарында немесе әскери қызметтiң басқа да мiндеттерiн атқару кезiнде жаралану, контузия алу, зақымдану немесе ауруға шалдығу салдарынан мүгедек болған адамдар осы Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес тұрғын алаңмен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiледi.
      4-7. алынып тасталды
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.04.07 N 374, 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан соғысқа
              қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа
              санаттарына берiлетiн жеңiлдiктер мен
              кепiлдiктер

      Осы Заңның 9-бабында көрсетiлген адамдар, атап айтқанда:
      1. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының осы Заңның 11-бабының 1-5, 9-11, 13, 18-20, 23, 31, 33 және 34-тармақтарына, 12-бабының 5 тармағына сәйкес жеңілдіктер мен кепілдіктерге құқығы бар, сондай-ақ, Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарынан мүгедек болып қалған, жыл сайынғы санаторий-курорттық емделу құқығын пайдаланбаған адамдарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсетулерге (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету), отынға жұмсалатын шығындарын төлеу үшін ақшалай өтемақы төлеудің орнына, әкімшілік аумақтық бөлініс (аудан, қала) шегінде жалпы жұрт пайдаланатын көліктің барлық түрлерінде (таксиден басқа) жүру үшін 1988-1989 жылдарда Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға бір жолғы материалдық көмек төлеудің орнына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді;

      Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп жүрген кезiнде жаралану, контузия алу, зақымдану немесе ауруға шалдығу салдарынан қаза тапқан немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң әйелдерi немесе асырауында осы әскери қызметшiлердiң балалары бар басқа адамдар жұмыс орнынан осы балаларымен бiрге демалу үшiн демалыс үйлерi мен пансионаттарға берiлетiн жолдамалармен артықшылықпен қамтамасыз етiлуге, сондай-ақ аталған әскери қызметшiлердiң балалары үшiн балалар сауықтыру мекемелерiне жолдамалар алуға құқығы бар;

      Әскери қызметшi қаза болған жағдайда оның отбасының (бiрақ үш адамнан аспайтын) ол жерленген жерге тегiн барып қайтуына, сондай-ақ таңдаған тұрғылықты жерiне көшiп баруға (әскери қызметшi қайтыс болған күннен бастап алты ай iшiнде) құқығы бар;

      Ауғанстанда және ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлердiң, iшкi iстер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының отбасыларына «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердің мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерлерде бiржолғы  жәрдемақы төленедi;

      Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi өзiнiң соңғы қызмет өткерген жерiнде тегiн жерленедi. Бейбiт уақытта әскери (азаматтық) борышын өтеу кезiнде қаза тапқан немесе жалпы ауруға шалдығу салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiнiң мәйiтiн отбасының қалауы бойынша басқа жерлеу /қайта жерлеу/ орындарына алып бару Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң және Мемлекеттік күзет қызметінің шешiмiмен жүзеге асырылады;

      Қайтыс болған генералдардың, адмиралдардың және осы әскери қызметшiлер арасынан зейнеткерлердiң асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алатын әйелдерiнiң «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тиiстi жеңiлдiктерге құқығы өмір бойы сақталады.

      2. Қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң, сондай-ақ соғысқа қатысушылар мен оларға теңестiрiлген адамдардың, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған, жалпы ауру, еңбек жарақаты салдарынан және басқа себептермен (құқыққа қайшы келетiндерiнен басқасы) мүгедек деп танылған азаматтардың қайта некеге тұрмаған әйелдерi (күйеулерi).

      3. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар iшiнен оқшаулау және көшiру жүргiзiлген аймақтан Қазақстан Республикасына көшiрiлген (өз еркiмен көшкен), көшiрiлген күнi анасының құрсағында болған балаларды қоса, адамдарға:

      осы Заңның 11-бабының 91823-тармақтарына сәйкес жеңiлдiктер мен кепiлдiктер, сондай-ақ:

      тұрғын үй салу, бау-бақша үйлерiн сатып алу және тұрғызу әрi бау-бақша аумағын жайластыру үшiн олардың төлем қабiлетiн ескере отырып несие сақтау шоттарында бастапқы жинақ ақшасыз 30 жылға бес процентпен берiлетiн жеңiлдiктi несие;

      пәтерiн жөндетуге, телефон орнатуға және бау-бақша серiктестiктерiне (кооперативке) қабылдануға бiрiншi кезекте құқық берiледi.

      4. 1979 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың желтоқсаны аралығында Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге:

      жұмыс iстеп жүрген кезiнде тiркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн пайдалану құқығы;

      жұмыс орны бойынша санаторийлерге, профилакторийлерге және демалыс үйлерiне жолдамалармен қамтамасыз етiлуге артықшылықты құқық;

      жыл сайынғы кезектi еңбек демалысын өзiне ыңғайлы уақытта пайдалануға;

      жеке тұрғын үй салу үшiн олардың төлем қабiлетiн ескере отырып несие сақтау шоттарында бастапқы жинақ ақшасыз 30 жылға бес процентпен жеңiлдiктi кредит алуға;

      бау-бақша серiктестiктерiне (кооперативтерге) қабылдануға телефон орнатуға артықшылықты құқығы бар.

      Осы аталған адамдар басқа тұрғын үй берiлмейiнше қызметтiк тұрғын үйлерден шығарылмайды.

      5. Бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулi контингентi құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне:

      осы Заңда көзделген, кезектен тыс тегiн протез жасату құқығы;

      жұмыс орны бойынша санаторийлерге, профилакторийлерге және демалыс үйлерiне жолдамалармен қамтамасыз етiлуге, сондай-ақ бау-бақша серiктестiктерiне (кооперативтерге) қабылдануға артықшылықты құқық;

      жыл сайынғы кезектi еңбек демалысын өзiне ыңғайлы уақытта пайдалану, сондай-ақ жылына екi аптаға дейiн еңбекақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу құқығы;

      11-баптың 1-тармағына сәйкес тұрғын алаңмен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiлу, ал ұрыс қимылдары кезiнде немесе әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, ауруға шалдығуы салдарынан бiрiншi топтағы мүгедек болғандарға тұрғын алаңмен кезектен тыс қамтамасыз етiлу құқығы берiледi;

      жеке тұрғын үй салу үшiн олардың төлем қабiлетiн ескере отырып, несие сақтау шоттарында бастапқы жинақ ақшасыз 30 жылға бес процентпен берiлетiн жеңiлдiктi кредит алу құқығы;

      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде квота беріледі;

      Осы аталған адамдар басқа тұрғын үй берiлмейiнше қызмет бабында алған тұрғын үйлерден шығарылмайды.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.04.02 N 88-I, 1997.06.19 N 134, 1999.04.07 N 374, 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4 ТАРАУ
Қорытынды ережелер

      17-бап. Жеңілдіктер мен әлеуметтік қорғауды қаржыландыру

      Соғысқа қатысқандарға, соғыс мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғауды қаржыландыру бюджет қаражатының, сондай-ақ қайырымдылық қорларының есебінен жүзеге асырылады.
      Ұйымдар аталған адамдарға материалдық көмек көрсетуге құқылы.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.06.19N 134, 1999.04.07. N 374, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

      18-бап. Жеңiлдiктер беру негiздерi мен шарттары

      Жеңiлдiктер алуға құқығы бар адамның тұрақты тұратын жерiнде 1992 жылдың 1 қаңтарына дейiн қолданылған нысандар бойынша тиiстi органдар берген куәлiктер, сондай-ақ әскери комиссариаттар, әскери бөлiмдер, архив мекемелерi әскери қызметшiнiң, партизанның және өзге адамның қаза тапқандағы (хабар-ошарсыз кеткенi), қайтыс болғаны туралы берген хабарламалары, анықтамалары, немесе зейнетақы тағайындаған органдар растаған зейнеткерлiк куәлiктерi жеңiлдiктер беру үшiн негiз болып табылады.

      Осы Заңның күшi жүретiн екi және одан да көп адамдар бiрге тұрған кезде тұрғын үйдi пайдалану шығыстарын, пәтерақы мен коммуналдық қызмет үшiн ақы төлеу жөнiндегi жеңiлдiктер олардың әрқайсысы үшiн белгiленген ережелерге және нормаға сәйкес берiледi, бұл ретте бiрнеше негiздер бойынша осы жеңiлдiктерге құқығы бар адамдарға (отбасыларына) берiлетiн жеңiлдiктердi жинақтауға жол берiлмейдi.

      19-бап. Жеңiлдiктер алу құқығын кiдiрту және тоқтату

      Осы Заңда көзделген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен кепiлдiктерге деген құқық олар қайтыс болған күннен бастап тоқтатылады және бас бостандығынан айыру түрiнде сот белгiленген қылмыстық жазасын өтеу уақытына кiдiртiледi.

      20-бап. Жергiлiктi атқару органдары мен еңбек
              ұжымдарының соғысқа қатысушылар мен соғыс
              мүгедектерiне және оларға теңестiрiлген
              адамдарға қатысты мiндеттерi

      Жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша жергiлiктi атқарушы органдардың әкiмдерi, ұйымдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң басшылары өз құқығы мен құзыры шегiнде тиiстi бюджеттер есебiнен, қайырымдылық қорларының қаражатын тарта отырып, соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiн және оларға теңестiрiлген адамдарды, олардың жесiрлерiн, қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасыларын, тылда еңбек етiп, әскери қызмет өткерген азаматтарды әлеуметтiк қорғау және олардың емделу орындарына жүру жолы (барып, қайту) жөнiнде жеңiлдiктер, сондай-ақ материалдық көмек пен көмектiң басқа да түрлерiн көрсету жөнiнде қосымша шаралар белгiлейдi.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21-бап. Осы Заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады