Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қалалық комиссия туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы әкімдігінің 2003 жылғы 31 наурыздағы N 104 қаулысы. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет басқармасында 2003 жылғы 21 сәуірде N 895 тіркелді

      "Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы" 1997 жылғы 19 маусымдағы N 131 Қазақстан Республикасы Заңының 5, 6-баптарына7-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына, 7-1-бабына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148 Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес, қала әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
       1. Қоса беріліп отырған шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қалалық комиссия туралы Ереже бекітілсін.
       2. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары Д.Қ.Көтербековке жүктелсін.

      Қала әкімі

Бекiтiлдi
қала әкiмдiгiнiң "Шағын және орта
кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi қалалық
комиссия туралы Ереженi бекiту туралы"
2003 ж. 31 наурыздағы N 104 қаулысымен

Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi қалалық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi қалалық комиссия (бұдан әрi - комиссия) консультативтi-кеңесшi орган болып табылады және шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында құрылған.
       2. Комиссия өз жұмысында Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алады.

2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен қызмет аясы

      3. Комиссияның негiзгi мiндеттерi болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының "Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау туралы" Заңын жүзеге асыру бойынша iс-шараларды жүргiзуге көмек көрсету;
      2) тиiстi мемлекеттiк органдарға салықтық ауыртпалықтарды азайту мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлеу;
      3) меншiктi және активтердi жария ету мәселелерi жөнiндегi ұсынымдар енгiзу;
      4) несиелiк ресурстарға қол жеткiзудi жеңiлдету жөнiнде iс-шаралар жүргiзуге ұсынымдар даярлау;
      5) әкiмшiлiк рәсiмдер мен рұқсат берулердi жеңiлдету мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлеуге қатысу;
      6) кәсiпкерлердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң сындарлы бастамаларын қолдау, әрбiр кәсiпкердiң экономикалық дамыған мемлекеттi құруға және республика азаматтарының әл-ауқатын арттыруға белсендi ұстанымда болуын насихаттау;
      7) шағын және орта бизнестi қолдау және қорғау жөнiнде нысаналы бағдарламалар мен жобаларды әзiрлеуге, үйлестiруге және iске асыруға көмек көрсету.
       4. Жүктелген мiндеттерге сәйкес комиссияның қызметi болып табылады:
      1) заңдармен белгiленген тәртiпте кәсiпкерлердiң мүдделерiн және заңды құқықтарын қорғау;
      2) мемлекеттiк, аумақтық және салалық шағын және орта бизнестi қолдау және дамыту бағдарламаларын әзiрлеуге, үйлестiрiлуi мен жүзеге асырылуына қатысу;
      3) шағын және орта бизнестiң салалық, кәсiподақтық және аумақтық одақтарымен, қауымдастықтары мен бiрлестiктерiмен, басқа да кәсiпкерлiк құрылымдармен әрекеттесу;
      4) уәкiлеттi мемлекеттiк органмен, сондай-ақ шағын және орта бизнеске қолдау басқа да жүргiзетiн мемлекеттiк органдармен, келiсiлген шешiмдер шығару үшiн, шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттiк саясатты жетiлдiруге тұрақты әрекеттестiктi жүзеге асыру;
      5) тиiстi мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң, кәсiпкерлердiң қоғамдық ұйымдарының, сондай-ақ кәсiпкерлердiң өздерiнiң қатысуымен тақырыптық отырыстар өткiзу;
      6) заңдармен белгiленген тәртiпте комиссия жұмысына ғалымдар, беделдi кәсiпкерлер, басқару органдары өкiлдерi және басқа да мамандар арасынан сарапшылар мен кеңесшiлер тарту;
      7) заңдармен белгiленген тәртiпте орталық және жергiлiктi атқарушы органдардан қажеттi ақпараттық, талдаулық, анықтама-статистикалық материалдар, сондай-ақ ведомстволық нормативтiк құқықтық актiлер алу.

3. Комиссия жұмысын ұйымдастыру

      5. Комиссияға төраға-қала әкiмiнiң орынбасары басшылық етедi.
       6. Комиссия төрағасының орынбасары - экономика бөлiмiнiң бастығы, комиссия хатшысы - экономика бөлiмінiң маманы болып табылады.
       7. Комиссияның жеке құрамын әкiмнiң ұсынысы бойынша қала мәслихаты бекiтедi.
       8. Комиссия құрамына бiрiншi басшының орынбасары немесе бөлiм бастығы деңгейiнде мемлекеттiк органдар өкiлдерi, қоғамдық бiрлестiктер, сауда-өнеркәсiптiк палата, шағын бизнес, шағын кәсiпкерлiктi қолдау құрылымы, ғылым, кәсiпкерлер одақтары мен ассоциацияларының басшылары енгiзiледi.
       9. Комиссияның жұмыс органының мiндеттерi экономика бөлiмiне жүктеледi.
       10. Комиссияның жұмыс органы:
      1) комиссия отырысының күн тәртiбiн жасайды;
      2) комиссия шешiмдерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi және бақылайды;
      3) комиссия мүшелерiнiң және оның қызметiне тартылған мамандардың жұмысын үйлестiредi.
       11. Комиссия отырыстарында қаралуға тиiстi мәселелер тiзбесi қажеттiлiгiне қарай жасалады және төраға бекiтедi.
       12. Бекiтiлген тiзбе комиссия мүшелерiне тiзiм бойынша жiберiледi.
       13. Комиссия отырыстарының нәтижелерi бойынша хаттама жазылады, оған төраға қол қояды. Комиссия шешiмдерi ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған комиссия мүшелерiнiң жалпы санының басым бөлiгi дауыс берсе қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.
       14. Комиссия шешiмдерi ұсынымдық тұрпатта болады.
       15. Комиссия мүшелерi ерекше пiкiр айтуға құқылы, ондай пiкiр болған жағдайда жазбаша түрде мазмұндалып комиссия хаттамасына қосымша берiлуге тиiс.
       16. Комиссия отырыстары қажеттiлiгiне қарай, бiрақ тоқсанына кем дегенде бiр рет өткiзiледi және комиссия төрағасының шақыруымен жүргiзiледi. Жедел шешiм қабылдау қажет болған жағдайда төрағаның шақыруымен комиссияның кезектен тыс отырысы өткiзiлуi мүмкiн.
       17. Комиссия төрағасының шақыруымен комиссия отырыстарында мүдделi мемлекеттiк органдардың басшылары және басқа да лауазымды тұлғалар, кәсiпкерлер мен өтiнiштерi қаралатын қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi қатысуы мүмкiн.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады