Тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықты бекіту

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы N 28 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 31 мамырда тіркелді. Тіркеу N 2882. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Бас прокурорының 2006 жылғы 4 қаңтардағы N 1 бұйрығымен.

       Ескерту: Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Бас прокурорының 2006 жылғы 4 қаңтардағы N 1   бұйрығымен .

---------------------------------      

      Тергеу және анықтау органдарында заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалау тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы "Прокуратура туралы"  Заңының  11-бабы 4-тармақшасын басшылыққа алып, бұйырамын:
      1. "Тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы" қосымша тiркелген нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментiнiң бастығы С.С.Ерімбетов осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу үшiн шаралар қабылдансын.
      3. Осы Бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енетiнi белгiленсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры

Қазақстан Республикасы 
Бас Прокурорының    
2004 жылғы 19 мамырдағы
N 28 бұйрығымен    
бекітілген      

  Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау
департаменті туралы
Нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды жүзеге асырғанда өз құзыреті шегінде және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларына сәйкес Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құқық қолдану қызметін регламенттейді.

      2. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауда заңнамаларда көзделген құзыреттер шегінде прокуратура органдары қылмыстық қудалау функцияларын, қылмыскерлікке қарсы күресте құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді, тергеу және анықтау органдары үшін міндетті заңнамаларды қолдану мәселесі бойынша нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеуді жүзеге асыру жөнінде және мемлекеттік қылмыстық-құқықтық статистиканы қалыптастыру жөнінде өкілеттіктерін іске асырады.

      3. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды жүзеге асырған кезде:
      1) қылмыстық іс жүргізуде адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау;
      2) экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
      3) жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздарды және хабарларды қабылдау, есепке алу, тіркеу, шешу кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалау;
      4) есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған заңнамалардың қолданылуын қадағалау;
      5) қылмыстың ұйымдасқан нысандарына, терроризм мен экстремизмге қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
      6) қылмыскерлікке қарсы күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөнінде құқықтық органдардың үйлесімділігін қамтамасыз ету прокуратура органдарының басымды бағыттары болып табылады.

      4. Прокурор заңда көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа өзінің өндірісіндегі істер мен материалдардың мән-жайы жөнінде қандай да болмасын түсініктемелер беруге, сондай-ақ кім болса да оларды танысуға ұсынуға міндетті емес. Прокурордың рұқсатысыз, оның өндірісіндегі істер мен тексеріс материалдары аяқталғанға дейін, оларды жария етуге ешкімнің құқығы жоқ.

  2. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды
 және тергеу әрекеттеріне санкция беруді жүзеге
асырған кезде өкілеттікті шектеу

      5. Бас прокуратура, аймақтық және арнайы прокурорлардың қызметтерінде қайталаушылықты болдырмау үшін олардың функцияларын нақты шектеу мақсатында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды жүзеге асырған кезде мынадай тәртіп белгіленсін:
      1) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаменті (одан әрі - Департамент) республика бойынша осы бағытта прокурорлық қадағалаудың ұйымдастырылуы мен жүзеге асырылуына бақылау жүргізеді және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған, Қазақстан Республикасының Парламент Палатасы тағайындаған және сайлаған, орталық атқарушы органдар мен ведомстволарды басқаратын лауазымды тұлғаларға, Парламент депутаттарына, судьяларға қатысты қылмыстық істерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының тапсырмасымен қадағалау жүргізілетін істерді тікелей қадағалайды;
      2) Бас әскери прокуратура Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери қызметшілер, әскерге шақыру немесе келісім шарт бойынша қызмет өтеушілер; әскери жиынды өтеу кезінде әскери міндетті азаматтар; әскери міндеттерін өтеуге байланысты әскери бөлімдерде, құрамдарда, мекемелерде немесе осы бөлімдердің, құрамдардың, мекемелердің орналасқан орындарында азаматтық қызметші адамдар жасаған барлық қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әскери тергеу департаментіндегі (одан әрі ҚР ІІМ ӘТД) тергеудің заңдылығын және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (одан әрі ҚР ІІМ), Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полициясының (одан әрі ҚР ҚК ӘП), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің (одан әрі ҚР ҰҚК ШҚ) орталық аппараттарында, сондай-ақ басқа қылмыстық қудалау органдарында анықтау заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады. Осы органдардың төмен тұрған құрылымдарында қылмыстық істер бойынша қадағалауды округтардың, гарнизондар мен әскерлердің тиісті әскери прокурорлары жүзеге асырады;
      3) Департамент Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (одан әрі ҚР ҰҚК), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (одан әрі ҚР ІІМ), Қазақстан Республикасы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі агенттігінің (қаржы полиция) (одан әрі ҚР ЭСЖҚКА), Қазақстан Республикасы Кеден бақылау агенттігінің (одан әрі ҚР КБА), Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай жөніндегі агенттігі Мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің (одан әрі ҚР ТЖА МӨҚ), Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (одан әрі ҚР ӘМ ҚАЖК) орталық аппарат қызметкерлері қозғаған және тергеу жүргізген қылмыстық істер бойынша қадағалауды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, оның орынбасарларының, Департамент бастығының тапсырмасы (нұсқауы) бойынша орталық аппараттардың тергеушілері тергейтін қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттеріне, сондай-ақ қылмыстық істі қозғаудың, азаматтарды ұстаудың, айып тағу мен өзге іс жүргізу шешімдердің заңдылығын тексеруге санкция беру облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорларға, олардың орынбасарларына жүктелуі мүмкін;
      4) облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ, ҚР ЭСЖҚКА, ҚР КБА, ҚР ТЖА МӨҚ, ҚР ӘМ ҚАЖК облыстық аппараттарында және оларға теңестірілген департаменттерде (басқармаларда) қадағалауды жүзеге асырады;
      Облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлардың жазбаша тапсырмасы (нұсқауы) бойынша облыстық аппарат тергеушілері тергеу жүргізетін, соттылығы аудандық сотқа қатысты, қоғамдық кең жаңғырық тудырмайтын, сыбайлас жемқорлық болып табылмайтын немесе азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзушылыққа байланысты емес қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша қадағалау қылмыстық қудалау органдарын хабардар етіп, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген прокурорларға жүктелуі мүмкін. Нақты тапсырма (нұсқау) беру облыстық және оларға теңестірілген прокурорларды тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау жағдайы үшін жауапкершіліктен босатпайды;
      5) аудандық, аудандық құқығы бар қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ, ҚР ЭСЖҚКА, ҚР КБА, ҚР ТЖА МӨҚ, ҚР ӘМ ҚАЖК аудандық, қалалық және оларға теңестірілген басқармаларда (бөлімдерде) қадағалауды жүзеге асырады;
      6) аймақтық көлік прокурорлар көлікте жасалған, сондай-ақ көлікте қаржы полиция органдарының және кеден қызметкерлері, темір жол, су, әуе және құбыр көлігі мен көлік инфрақұрылымының құрылысын жүзеге асыратын ұйымдарының жұмыскерлері жасаған лауазымдық қылмыстарды тергеу кезінде тергеу және анықтау органдарымен заңдылықтың сақталуына қадағалау жүргізеді;
      7) табиғатты қорғау прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының тиісті арнайы (экологиялық) бөлімшелерінде қылмыстық істер бойынша қадағалауды жүзеге асырады;
      8) арнайы прокурорлар анықтауды қылмыстық атқару жүйесі органдарының бөлімшелері жүргізетін қылмыстық істер бойынша түзеу мекемелерінде жазаның орындалу заңдылығына қадағалау жүргізеді;
      9) прокуратуралардың өзара іс-қимыл жасау мәселелері Бас Прокурордың "Аймақтық прокурорлардың және арнайы прокуратура прокурорларының құзыреттерін шектеу туралы" 2003 жылғы 03 қарашадағы N 64 бұйрығымен регламенттелген.

      6. Басқа әкімшілік-аймақтық бірлікте қылмыстық қудалау органдарының лауазымды адамдары жасайтын іс жүргізу әрекеттеріне санкция беруді осы органдардың тергеу және анықтау заңдылығын қадағалайтын облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар жүргізеді, сонымен қатар олар қадағалаушы прокурорға аталған әрекеттер қайда жүргізілетіні туралы 24 сағат ішінде хабарлауға міндетті.
      Департаментке құқық қорғау ведомстволардың орталық аппараттарының тергеу органдарының қаулылары бойынша тергеуді, қамауға алуды, тергеу мерзімін ұзартуды және айыпкерлерді қамауда ұстауды жүргізетін лауазымды адамның әрекеттерін санкциялау туралы үш тәулік мерзім ішінде ақпарат берілсін.

      7. Қылмыстық қудалаудан, сотқа тартылудан иммунитеті мен артықшылықтары бар адамдарға қатысты тергеу әрекеттеріне санкция беру және өндіріспен аяқталған істерді сотқа жолдау мәселелері Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (одан әрі ҚР ҚІЖК) талаптарына сәйкес шешіледі.

      8. Соттылығы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған, Қазақстан Республикасының Парламент Палатасы тағайындаған және сайлаған, орталық атқарушы органдар мен ведомстволарды басқаратын лауазымды тұлғаларға, Парламент депутаттарына, судьяларға қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттерге санкция беруді Бас Прокурор мен оның орынбасарлары шешеді.

      9. Қылмыстық істің облыс (қала) шегінде аймақтық тергеуге қатыстылығын облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар, Республика шегінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары белгілейді.

      10. Қылмыстық іс жүргізу заңнамаға сәйкес анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдарды осы Нұсқаулық бойынша анықтау және тергеу заңдылығын қадағалауды тікелей жүзеге асыратын прокурорлар үш және жеті тәулік ішінде қарауы керек.

  3. Тергеу және анықтау заңдылығын
қадағалауды ұйымдастыру

      11. Қадағалау қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын тергеу және анықтау органдарымен қабылданған шешімдердің, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз ететіндей ұйымдастырылуы қажет.

      12. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау қылмыстың жасалғаны немесе дайындалып жатқаны туралы қылмыстық қудалау органына хабарлағаннан бастап қылмыстық істі сотқа жолдағанға дейін - сотқа дейінгі өндірістің барлық деңгейінде жүзеге асырылады.

      13. Саяси мемлекеттік қызметшілер жасаған қылмыстарға байланысты, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға байланысты үлкен қоғамдық жаңғырық болған қылмыстық істерді қозғаудың негізділігі және тергеудің заңдылығы қамтамасыз етілсін. Осы қылмыстық істер бойынша өзара іс-қимыл жасау, тергеу және анықтау заңдылығы мен оларды сотта қараудың заңдылығын пәрменді қадағалау белгіленсін.
      Аса маңызды не үлкен қоғамдық жаңғырық туғызатын қылмыстық іс қозғаған кезде прокурор қадағалаудың толассыз әдісін қамтамасыз ету үшін оперативтік қызметкерлерден топ құру туралы шешім қабылдасын, ол топ қылмыстық іс қозғалған сатыдан бастап аяқталғанға дейін, заңды күшіне енген сот шешімінің заңдылық жағдайына шейін қадағалау жүргізеді.

      14. Үлкен қоғамдық жаңғырық туғызған аса ауыр қылмыстар бойынша, сондай-ақ көлік апаттары, күйреу, қирау және көлікте өзге төтенше жағдайлар болған жергілікті орындарға басқа құқық қорғау органдарымен бірге аудандық, аудандық құқығы бар қалалық және оларға теңестірілген прокурорлардың өздері барсын, не бағынышты прокурорларға тапсырсын. Қажет болған жағдайда тергеу әрекеттерінің өндірісіне қатыссын. Көлік прокуратуралары едәуір алыста болғанда, осындай жағдайлар болған жерге аймақтық прокурорлар барсын. Тергеу және анықтау органдарынан қылмысты ашу үшін заңда көзделген барлық шаралардың қолданылуын талап етсін.

      15. Облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар кідіріссіз үш тәуліктен кешіктірмей Бас прокуратураға мемлекеттің конституциялық құрылысының негізіне және қауіпсіздігіне қарсы қылмыс; ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қоғамдастық жасаған; тапсырыс бойынша кісі өлтіру; шетелдіктер жасаған және шетелдіктерге қатысты жасалған ауыр және аса ауыр қылмыстар; терроризм мен экстремизм фактілері; адамдарды нәпсіқұмарлық, еңбек және өзге де пайдалану үшін заңсыз әкету және сату; жауапты мемлекеттік лауазымды адамдар жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы, сондай-ақ барлық төтенше жағдайлар мен үлкен қоғамдық жаңғырық туғызған қылмыстар жөнінде арнайы хабар жеткізеді. Осындай істердің тергеу барысы туралы ай сайын Департаментке іс жүргізудің соңғы шешімі мен істің сотта қаралуына шейін ақпарат жолдасын. Облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларға аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген прокуратуралардың прокурорлары арнайы хабар ұсынудың көлемі мен мерзімін облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралар белгілейді.

      16. Бас әскери прокуроры, Астана, Алматы қалалық прокурорлары, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы күресті күшейту жөнінде шаралар қолдансын, тоқсан ішінде кемінде бір мәрте ұйымдасқан қылмыстық топтар жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істердің тергеу заңдылығына прокурорлық қадағалау практикасын зерделесін және тоқсан аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күні Департаментке ақпарат берсін.

      17. "Тапсырыс" сипатына жататын және белгісіз жағдайда жасалған қылмыстарға ерекше назар аудара отырып, қасақана кісі өлтірулердің тергеу заңдылығына прокурорлық қадағалау нығайтылсын. Бас әскери прокуроры, Астана, Алматы қалалық прокурорлары, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар Департаментке қасақана кісі өлтірулердің тергеу заңдылығын қадағалаудың жағдайы туралы ақпаратты тоқсан сайын есеп аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күні ұсынсын.

      18. Департамент жылына кемінде екі мәрте осы Нұсқаулықтың 16 мен 17 тармақтарында көрсетілген мәселелер бойынша прокурорлық қадағалау жағдайын жинақтап қорытындыласын.

      19. Қалааудандық және оларға теңестірілген прокурорлар облыс соттылығына қатысты қылмыстар туралы қылмыстық істер прокуратура органдарына келіп түскен күннен бастап 3 тәулік ішінде оларды зерделеуді жүргізеді. Айыптау қорытындысымен келіскен жағдайда қалааудандық және оларға теңестірілген прокурорлар істі соттылығы бойынша жолдау туралы мәселені шешу үшін жоғары тұрған прокурорларға өздерінің қорытындысымен бірге қылмыстық істі жолдайды.

      20. Аудандық, қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар есепке алу-тіркеу тәртібін бұзуға жол бермеу жөнінде дер кезінде шаралар қолданумен қатар, қылмысты есептен бастап қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға шейін жасыру фактілеріне табанды шара қолдана отырып, жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, есепке алу, тіркеу және шешу кезінде он күн сайын заңдылықтың сақталуына тексеріс жүргізсін. Есепке алынған қылмыстар бойынша соңғы шешім қабылданғанға дейін бақылау жүргізсін.

      21. Осы бағытта қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстылықтың, оны ашудың жағдайы туралы статистикалық мәліметтердің, тергеу жұмысы мен анықтау көрсеткіштерінің, тергеу және анықтау заңдылығына прокурорлық қадағалау туралы мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз етілсін.

      22. Тергеу және анықтау органдары қылмыстық істі қозғау, қысқарту не тоқтату туралы шешім қабылдағанда статистикалық карточкалар кідіріссіз толтырылсын. Осы шешімдер заңсыз болған жағдайда статистикалық құжаттарды шығарумен қатар оларды бұзу және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдансын.

      23. Бас әскери прокуроры, Астана, Алматы қалалық прокурорлары, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан ішінде кемінде бір мәрте тиісті қылмыстық қудалау органдарында қылмыстарды есепке алудың және тіркеудің шынайылығына тексеріс жүргізсін, тоқсан сайын жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, есепке алу, тіркеу және шешу кезінде заңдылықтың сақталу практикасын жинақтап қорытындыласын және қажетті шаралар қолдансын. Шара қолдану кесімдерінің жинақ қорытындылары мен көшірмелерін Департаментке тоқсан аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күні ұсынсын.

      24. Департамент жылына кемінде екі мәрте осы мәселе бойынша прокурорлық қадағалаудың жағдайын жинақтап қорытындыласын.

      25. ҚР ҚІЖК  197-бабының  тәртібі бойынша жазбаша нұсқау беруге, қаулы шығаруға, қылмыстық істердің қозғалысын сипаттайтын статистикалық карточкаға қол қоюға, тергеу және анықтау органдарының іс жүргізу әрекеттеріне (қамауға алудан басқа) санкция беруге, қылмыстық істі қысқартудың негізділігі туралы қорытындылар жасауға, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту мен іс бойынша өндірісті тоқтату жөнінде келісімі туралы бұрыштама қоюға, сондай-ақ тергеушілер мен анықтаушылардың, төмен тұрған прокурорлардың қаулыларын бұзуға (немесе осындай қаулыларды бекітуге), қылмыстық істі талап етуге өкілетті:
      1) аудандық және оларға теңестірілген деңгейде - прокурор және оның орынбасарлары;
      2) облыстық және оларға теңестірілген деңгейде (соның ішінде Бас әскери прокуратура) - тек қана прокурор және оның орынбасарлары;
      3) Бас прокуратурада - Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, Департамент бастығы.
      Қылмыстық істер бойынша қаулы ұйғаруға (қылмыстық іс қозғаудан басқа) тек қана Департамент басқармасының қызметкерлері, Бас әскери прокуратураның, Астана, Алматы қалалық, облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралардың тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармаларының (бөлімдерінің) прокурорлары құқылы.

      26. Әр ұйғарылған қаулы бойынша қылмыстық іс қозғаудың заңдылығы тексерілсін. Қылмыстық іс қозғау туралы заңсыз қаулыларды бұзу, қағида бойынша, қаулы шығарылған күннен бастап 10 тәулікке дейінгі мерзім ішінде жүргізілсін.

      27. Прокуратура органдары қадағалау қызметінің әдістері арқылы ең көкейкесті және қоғамдық елеулі қылмыстық жазаланатын әрекеттер бойынша қылмыстық қудалауды жүзеге асыру жөнінде құқық қолдану практикасын белсенді қалыптастырады. Қағида бойынша, есептен жасырылған қылмыстар бойынша, жеке тексеріс материалдары бойынша, үлкен қоғамдық жаңғырық туғызған фактілер мен жағдайлар бойынша қылмыстық істерді прокурорлар қозғайды.
      Прокурорлармен қозғалған қылмыстық істер соңғы іс жүргізу шешім қабылданғанға шейін тұрақты бақылауға алынсын.

      28. Бас әскери прокуроры, Астана, Алматы қалалық прокурорлары, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан ішінде кемінде бір мәрте прокурорлармен қозғалған қылмыстық істердің тергеу және осы санаттағы істер бойынша прокурорлық қадағалау практикасының жағдайын жинақтап қорытындыласын және осындай істердің тізімін қосымша ұсынумен қатар Департаментке тоқсан аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күні ақпарат берсін.

      29. Департамент жылына кемінде екі мәрте осы мәселе бойынша прокурорлық қадағалаудың жағдайын жинақтап қорытындыласын, Қылмыстық істерді сотта қарау заңдылығын қадағалау департаментіне прокурорлармен қозғалған және сотқа жолданған қылмыстық істер туралы мәліметтерді одан ары бақылауға тапсырсын. Облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда прокурорлармен қозғалған және сотқа жолданған қылмыстық істердің тізімін тиісті қылмыстық істерді сотта қарау заңдылығын қадағалау басқармаларына (бөлімдерге) одан ары бақылауға тапсырылсын.

      30. Тергеу жүріп жатқан қылмыстық істерді тек қана тергеу және анықтау органдарының заңсыз әрекеттері туралы шағымдар мен өзге мәліметтер болған жағдайда, азаматтардың бұзылған құқықтарын кідіріссіз қалыпқа келтіру қажет болғанда, тергеудің және айыпкерді қамау мерзімдерін ұзарту туралы қолдаухаттарды қарағанда, сондай-ақ қылмыстық істердің тергеу барысына дер кезінде қадағалауды және прокурордың жазбаша нұсқауының орындалуын тексеруді қамтамасыз ету үшін сұратып алады.

      31. Бас тартылған материалдар бойынша, қысқартылған және тоқтатылған қылмыстық істер бойынша іс жүргізу шешімін қабылдаудың заңдылығын тексеру мерзімі прокуратураға келіп түскен күннен бастап 1 айдан аспайды.

      32. Прокурор қылмыстық іс қозғаудан бас тартумен және іс бойынша өндірісті тоқтату жөнінде келіскен жағдайда қаулыда жазбаша бұрыштама қою арқылы ресімдейді; істі өндіріспен қысқарту жөнінде келіскенде дәлелдейтін қорытынды жазады. Бұрыштамада прокурордың жеке өзі немесе оның орынбасары лауазымын, аты-жөнін, күнді көрсетіп, қол қояды.
      Қылмыстық істі немесе бас тартылған материалдарды Бас прокуратура жазбаша сұратқан жағдайда облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралар қабылданған іс жүргізу шешімдерінің негізділігі туралы дәлелді қорытындысымен бірге оларды ұсынуға міндетті.

      33. Анықталған заң бұзушылықтар кінәлі адамдардың жауапкершіліктері туралы мәселе көтерумен қатар тергеушілер мен анықтаушылардың заңсыз қаулыларын бұзу, заңсыз жолмен алынған мойындауларды болдырмау арқылы жойылуға жатады.

      34. Қылмыстық істі қысқарту туралы және ақтау емес негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы тергеу және анықтау органдарының шешімдеріне адамның кінәлілігі туралы дәлелдемелердің рауалылығы мен қатыстылығына табанды және сынды баға берілсін, күмән тудырған жағдайда тараптарды бітістіру, ақтау кесімдерін қолдануға келісу фактілерінің шынайылығына тексеріс жүргізілсін.

      35. Қылмыстық істер мен іздестіру істер бойынша прокурордың нұсқауы оларды қозғауға негіз болып табылған барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу жедел іс-шараларын жүргізуге қылмыстық органдарды бағдарлауы керек. Прокурордың нұсқауының орындалуы қадағалайтын прокурордың бақылауында болуы қажет.

      36. Қазақстан Республикасы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы"  Заңының  қолданылуын, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істердің тергелуіне прокурорлық қадағалаудың жүзеге асырылуын қадағалауды ұйымдастыру жеке реттеледі.

      37. Бас әскери прокуроры, облыстық, Астана, Алматы қалалық, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери мен арнайы прокурорлар тоқсанның ішінде кемінде бір мәрте Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің аймақтық бөлімшелерімен бірге тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалау туралы статистикалық мәліметтерді салыстырып тексеру жүргізсін.

  4. Қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың
конституциялық құқықтарының қорғалуына
прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру

      38. Қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокуратура органдары қызметкерлерінің маңызды міндеті болып табылады.

      39. Аудандық, қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар ҚР  ҚІЖК  17-тарауының талаптары құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен сақталуын тұрақты тексеріп тұрсын. Қабылдау-тарату бөлімдерінде, әкімшілік қамауға алынған адамдар ұсталатын арнайы қабылдау бөлімдерінде, медициналық айықтырғыштарда, Қалалық ішкі істер басқармасының (аудандық ішкі істер бөлімінің) уақытша ұстау қапастарында, тергеу қапастарында, қылмыстық қудалау органдарының қызметтік жайларында тексерістер жүргізілсін. Түнгі уақытта, мейрам және демалыс күндері оқыс тексерулер жүргізу тәжірибеге енгізілсін. Әр сезіктіні ұстаудың заңдылығы анықталсын. Заңсыз ұсталған жағдайда кінәлі лауазымды адамдарға қатысты шара қолданумен қатар сезіктілер кідіріссіз босатылсын. Кәмелетке толмағандарды, мүгедектерді, әйелдерді, шетел азаматтарын ұстаудың заңдылық мәселелеріне ерекше назар аударылсын. Ұстауды дәлелдер табудың құралы ретінде пайдалану тәжірибесіне жол берілмесін.

      40. Бас әскери прокуроры, облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар он күн сайын сезіктілерді ұстаудың заңдылығына тексеру жүргізсін.

      41. Облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар ҚР ҚІЖК  132-бабының  тәртібі бойынша бір тәуліктен кешіктірмей, қылмыс жасады деп сезік келтірілген қылмыстық қудалау органдарының орталық аппаратының адамын тергеуші ұстағаны туралы Бас прокуратураға кідіріссіз хабарласын.

      42. Прокурорлар қылмыс жасаған адамды қамауға алу туралы мәселені жедел шешсін. Аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және арнайы прокурорлар, қағида бойынша, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік және қаржы полиция органдарының қызметтік жайларында қамауға санкция берсін.

      43. Қамауға санкция беру туралы мәселені шешкен кезде міндетті түрде істің барлық материалдарымен мұқият таныссын, өзі жеке сезіктілер мен айыпкерлерден жауап алсын. Жауап алудың хаттамасы қылмыстық іске тіркеледі.

      44. Санкция беруді есепке алу жеке журналда жүргізіледі, журнал прокурордың сейфінде сақталады. Журналда қылмыстық істің нөмірі, қозғалған күні, тергеу жүргізетін орган мен адам, сезіктінің немесе айыпкердің аты-жөні, туған жылы мен жері, азаматтығы, мекен-жайы мен жұмыс орны, айып тағудың немесе сезік келтірудің бабы, ұсталу күні, қамауға санкция берген адамның лауазымы мен аты-жөні, қамауға санкция берілген тәртіптің ҚР ҚІЖК ( 142 150 267 ) бабы, қамауға алынған күн, қамау мерзімі ұзартылған күн, үкімнің күшіне енгені туралы белгі соғумен қатар тергеудің және сотта қараудың қорытындысы көрсетіледі.

      45. ҚР ҚІЖК  139 141 150-баптарында  мазмұндалған мән-жайларды есепке ала отырып, қамауға алу бұлтартпау шарасы ретінде заңға қатаң сәйкес қолданылсын. Қамауға алуға санкцияны ҚР ҚІЖК 150-бабының 4-бөлігіне сәйкес тек оған құқығы бар прокурорлар ғана берсін.

      46. Ерекше жағдайларда ғана сезіктілерге қатысты қамауға алу қолданылсын. Кәмелетке толмағандарға қатысты өзге бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған жағдайда ғана қамауға алу қолданылсын.

      47. Прокурорлар қамауға алу туралы шешкен мәселенің негізділігі мен дер кезділігі үшін, сондай-ақ санкция беруден негізсіз бас тартқаны үшін жеке жауапкершілік етеді. Санкция беруден бас тарту жазбаша түрде дәлелденуі керек. Анықтау және тергеу сатысында қамауға алуды өзге бұлтартпау шарасына өзгерту кезінде ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамға, сезіктіге және айыпкерге қатысты қамауға алуға санкция беруден бас тартылған әр жағдайда прокурорлар бір тәулік мерзім ішінде бұл туралы жоғары тұрған прокурорға себептерін көрсетіп, жазбаша баяндасын.

      48. ҚР ҚІЖК-інде белгіленген тергеу және қамауға алу мерзімдерін ұзарту тәртібінің мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етілсін. Іс жүргізу мерзімдерін ұзартудың әр жағдайында олардың себептері талқылансын және сөзбұйдаға салған адамға шаралар қолданылсын.

      49. Қылмыстық іс жүргізу заңнаманың талаптарына сәйкес айыпкерді сотқа беру туралы мәселені шешу алдында тергеу мен анықтаудың жан-жақтылығы, толықтылығы және объективтілігі қамтамасыз етілгені мұқият тексерілсін. Осы талаптар орындалмаған жағдайда кінәлі адамдарға өз құзыретінің шегінде шара қолданумен қатар қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтарсын. Прокурорлар істі сотқа жолдаудың негізділігі мен дер кезділігі үшін жеке жауап береді.

      50. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу таңдалған, бірақ соңынан іс бойынша өндіріс қысқартылған немесе тергеу және анықтау сатысында не сотпен тоқтатылған адамдарды қамауға алудың және қылмыстық жауапкершілікке тартудың және ақтау үкімі ұйғарылған істердің заңдылығы мен негізділігі жөніндегі мәселе прокуратураның алқа мәжілісінде қарауға енгізілсін, азаматты дәлелсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуда және заңсыз қамауға алуға кінәлі лауазымды адамның жауапкершілігі туралы мәселе шешілсін.

      51. Бас әскери прокуроры, облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау жөнінде прокурорлық қадағалау тәжірибесін жинақтап қорытындыласын және тоқсан аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күні прокурорлық шаралар қолдану құжаттары мен заңсыз қамауға алынған адамдар тізімінің көшірмелерін қосымша ұсынумен қатар Департаментке ақпарат берсін.

      52. Департамент жылына кемінде екі мәрте осы мәселе бойынша прокурорлық қадағалаудың жағдайын жинақтап қорытындыласын.

      53. Департамент, оның басқармалары мен бөлімдері тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды ұйымдастырудың, қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың қазіргі әдістерін әзірлеу және енгізу жөніндегі жұмысты тұрақты жүргізсін.

  5. Қорытынды ережелер

      54. Қылмыстық қудалау органдарының сотқа дейінгі қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі прокуратура органдарының қызметін бағалаудың негізгі өлшемдері болып мыналар саналады:
      1) заңдылықты бұзушылықты, сондай-ақ оларды тудыратын себептер мен шарттарды дер кезінде анықтау, жою;
      2) прокурорлық қадағалау шаралары арқылы жасаған қылмыстары үшін, соның ішінде жауапты мемлекеттік лауазымды адамдарға қатысты жазадан құтылмаушылық қағидатын қамтамасыз ету;
      3) қылмыстық қудалау органдары қылмыстық іс жүргізу кезінде азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу фактілеріне жол бермеу, алдын алу, сондай-ақ олардың құқықтық қабілеттерін қалыпқа келтіру;
      4) осы салада қадағалаудың толықтылығын қамтамасыз ету есебінен сандық көрсеткіштерін қуғындауды жою;
      5) қылмыстық істер бойынша келтірілген нақты залалды және оның шынайы өтелуін бақылай отырып, залалдың шынайы өтелуін және іс жүргізу шығындарының орнын толтыруды қамтамасыз ету.
      55. Облыстық, Астана, Алматы қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2001 жылғы 03 сәуірдегі N 54/15ө нұсқауына сәйкес "Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау туралы" компьютерлік деректер базасына дер кезінде (апта сайын), сапалы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етсін. Берілген мәліметтер ресми (облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары қол қойған) және жедел ақпарат болып саналады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады