Халықтың нысаналы топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың және қаржыландырудың ережесі туралы

Күшін жойған

Атырау облыстық әкімиятының 2005 жылғы 26 шілдедегі N 232 қаулысы. Атырау облыстық әділет Департаментінде 2005 жылғы 8 тамызда N 2438 тіркелді. Күші жойылды - Атырау облысы әкімиятының 2009 жылғы 27 наурыздағы N 62 қаулысымен

      Ескерту: Күші жойылды - Атырау облысы әкімиятының 2009.03.27 N 62 қаулысымен.
      Атырау облысы халқын жұмыспен қамтудың 2005-2007 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148-II Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 27-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 149-II "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 5-бабы 2 тармағының негізінде халықтың нысаналы топтарын әлеуметтік қорғау жөнінде қосымша шаралар белгілеу үшін облыс әкімияты қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Халықтың нысаналы топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың және қаржыландырудың ережесі бекітілсін.
      2. Атырау қаласы мен аудандар әкімдері:
      1) әлеуметтік жұмыс орындарын құру жөніндегі ұйымдастыру жұмысын жүргізсін;
      2) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға арналған қаражатты қаржыландыруды қарастырсын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Б.С. Рысқалиевқа жүктелсін.
 
 

      Облыс әкімінің міндетін атқарушы


Облыс әкімиятының
2005 жылғы 26 шілде N 232
қаулысымен бекітілген

Халықтың нысаналы топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың және қаржыландырудың ережесі

      Халықтың нысаналы топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың және қаржыландырудың ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 149-II "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 5-бабы 2 тармағының негізінде, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148-II "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 27-бабына сәйкес, нысаналы топтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шараларды қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 31-бабын орындау мақсатында әзірленген.
 

І. Жалпы ережелер

      1. Ереже жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарда тіркелген, нысаналы топтарға жататын жұмыссыздар үшін әлеуметтік жұмыс топтарын ұйымдастырудың және қаржыландырудың тәртібін айқындайды, меншік нысанына қарамастан, нысаналы топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілермен (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) есеп айырысудың негізгі шарттары мен жүйесін реттейді.
      2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) әлеуметтік жұмыс орны - жұмыс берушілердің халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құратын немесе ұсынатын, жұмыс берушілердің қабылданған жұмыссыздардың еңбегін төлеуге жұмсаған шығындары толықтай немесе жартылай жергілікті бюджет есебінен өтелетін жұмыс орны;
      2) нысаналы топтар - жұмысқа орналасуда қиындық көріп жүрген және әлеуметтік қорғауды қажет ететін адамдар ретінде Қазақстан Республикасының "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңымен белгіленген адамдар топтары.
      Нысаналы топтарға:
      - аз қамтылғандар;
      - 21 жасқа дейінгі жастар;
      - 23 жасқа дейінгі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;
      - кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеп отырған жалғызбасты, көп балалы ата-аналар;
      - Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте тұрақты күтімді, көмекті немесе қадағалауды қажет етеді деп танылған адамдарды бағып-күтіп отырған азаматтар;
      - зейнеткерлік алды жасындағы азаматтар (жасы бойынша зейнеткерлікке шығуына екі жыл қалған);
      - мүгедектер;
      - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрамынан босатылған адамдар;
      - репатрианттар (оралмандар).
      3) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган - қалалық және аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері.
      3. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасы таралады.
      4. Жұмыссыздарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары Атырау қаласы мен аудандар әкімдерінің бастамасы бойынша құрылады.
 

ІІ. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың және жұмысқа орналастырудың тәртібі

      5. Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар жұмыс берушілермен нысаналы топтарға кіретін адамдарды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, олардың шығындарын жергілікті бюджеттер есебінен толықтай немесе жартылай өтеу арқылы олардың еңбегіне ақы төлеу жөнінде шарттар жасасады.
      6. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру мақсатында қалалық және аудандық әкімияттар халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындары құрылатын ұйымдардың тізбесін айқындайды.
      7. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру қалалық және аудандық жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардың жолдамасы бойынша жүзеге асырылады. Тіркелген, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар жұмыссыздардың есебінен шығарылады.
      8. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мерзімі жұмыс беруші мен әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналастырылған адамның арасында жасалатын жеке еңбек шартында белгіленеді, алайда ол алты айдан аспауы тиіс.
 

ІІІ. Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландырудың көздері мен шарттары

      9. Жұмыс берушілердің әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың еңбегіне ақы төлеуге жұмсалған шығыстары жергілікті бюджеттер қаражатынан Қазақстан Республикасының тиісті жылға арналған республикалық бюджеті туралы Заңымен белгіленген жалақының ең төменгі мөлшері мөлшерінде өтеледі.
      Жұмыс беруші орындалатын жұмыстың сипаты мен күрделілігіне қарай әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналастырылған адамның жалақысына белгіленген ең төменгі жалақыдан артық өз қаражатынан үстемеақы төлеуге құқылы.
      10. Жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдар жұмыс берушілердің есеп айырысу шоттарына бюджет қаражатын аударуды жүргізеді.
      11. Жұмыс беруші ай сайын жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес орындалатын жұмыстың санына, сапасы мен күрделілігіне қарай, нақты орындалған жұмыс көлемі үшін әлеуметтік жұмыс орындарына қабылданған жұмыссыздардың еңбегіне ақы төлеуді жүзеге асырады.
      12. Жұмыс берушілер әкімшісі Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті болып табылатын "Қоғамдық жұмыстар" бағдарламасы бойынша ақшаны аударуды жүргізеді.
 

ІV. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бақылау

      13. Жергілікті атқарушы органдар заңнамамен белгіленген тәртіпте ұйымдастыру ережесінің сақталуын және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға арналған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады