Талғар ауданы аумағындағы тұрғын үйлердің, аулалардың санитарлық жағдайын және көркейтілуін қамтамасыз етудің әкімшілік ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Талғар аудандық мәслихатының 2008 жылғы 5 наурыздағы N 8-37 шешімі. Алматы облысының әділет департаменті Талғар ауданының әділет басқармасында 2008 жылы 17 сәуірде N 2-18-65 тіркелді. Күші жойылды - Талғар аудандық мәслихатының 2008 жылғы 28 шілдедегі N 11-65 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Талғар аудандық мәслихатының 2008 жылғы 28 шілдедегі N 11-65 шешімімен.
      
      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Заңының 6 бабы, 8 тармағына Қазақстан Республикасының "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық" Кодексiнің 3 бабы 2 тармағына сәйкес және Талғар ауданы аумағындағы тұрғын үйлердің, аулалардың санитарлық жағдайын және көркейтілуін қамтамасыз ету үшiн аудандық мәслихат ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Талғар ауданы аумағындағы тұрғын үйлердің, аулалардың санитарлық жағдайын және көркейтілуін қамтамасыз етудің әкімшілік ережелері 1 қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Талғар аудандық мәслихатының 2001 жылы 28 желтоқсандағы N 17-108 "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген ережелерді бекіту туралы" шешімінің күші жойылсын.

      3. Осы шешiм аудандық әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өтіп, алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың                 Аудандық мәслихаттың
      сессиясының төрайымы                 хатшысы
      Мақатов Амангелді Айдосұлы           Ыдралиева Рая Мұсақызы

Аудандық мәслихат сессиясының
2008 жылғы 05 наурыздағы
N 8-37 шешіміне
1 қосымша

Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы тұрғын үйлердің, аулалардың санитарлық жағдайын және көркейтілуін қамтамасыз етудің әкімшілік ережелері

1. Жалпы ережелер

      1.1. Осы ережелер Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 6 бабы, 8 тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексінің 3 бабы, 2 тармағына сәйкес әзірленген және көркейту, тазалықты сақтау мәселелері мен азаматтардың тұрғылықты жері бойынша санитарлық жағдайын және көркейтілуін қамтамасыз етудің басқа да салаларындағы жеке және заңды тұлғалардың қатынастарын реттейтін әкімшілік ережелер жинағы болып табылады.

      1.2. Ережелер тұрғын үйлерді, кіреберістердегі, аулаларды, үй жанындағы телімдерді, аулалық жолдарды, өткелектерді және азаматтардың тұрғылықты жеріне байланысты басқа да аумақтарды күтіп ұстауды қамтамасыз етудің тәртібін белгілейді.
      Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша санитарлық тазалықты қамтамасыз ету деп азаматтардың өмір сүруі үшін басқа да қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін ұйымдық және техникалық шаралар түсініледі.

      1.3. Ережелер барлық кәсіпорындар мен ұйымдарға, пәтер (үй-жай) иелері кооперативтеріне және Талғар ауданының аумағында орналасқан ғимараттардың, құрылыстар мен ғимараттардың жалға алушылары, салушылары, иелері, басқарушылары болып табылатын азаматтарға міндетті болып саналады.

2. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша санитарлық жағдай мен көркейтуді қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      2.1. Тұрғын үйлер, кіреберістер, аулалар, аулалық жолдар, өткелектер, үй жанындағы телімдер және азаматтардың тұруына байланысты басқа жерлер құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес көрсетілуі, жабдықталуы, белгіленген санитарлық және техникалық талаптарға жауап беруі тиіс. Олардың санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық жай-күйі адамдардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуі тиіс. Нормативтік талаптардан ауытқу анықталған жағдайда оларды жою жөніндегі жұмыстар жүргізілуі керек.

      2.2. Халық Қазақстан Республикасының Заңдарында, осы Ережелерде және (немесе) арнайы келісім-шарттарда қарастырылған сапа деңгейіне сәйкес белгіленген нормалар мен нақты қажеттілікке орай санитарлық және коммуналдық қызметтердің барлық түрлерімен қамтамасыз етілуі тиіс.

      2.3. Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен үйлер тұрғындарының және қызмет көрсетушілердің арасында келісім-шарт жасасқан кезде қызметтер тізбесіне мынадай жұмыстардың кешенді орындалуы енгізіледі:
      1) баспана қоры мен инженерлік жабдықтарды профилактикалық байқау;
      2) өртке қарсы қауіпсіздік;
      3) үй иелік-жайларының аумағын санитарлық тазалау;
      4) қоқыс шығарып әкету;
      5) көгалдандыру;
      6) дезинфекциялау;
      7) желдеткіш желілер мен мұржаларды тазалау;
      8) апатты жою;
      9) ғимаратты күрделі және ағымдағы жөндеу;
      10) тараптар келісімі бойынша қарастырылған басқа да жұмыстар мен қызметтер.

      2.4. Баспана қорын, аулалық аумақты және оларға кіреберістерді баспаналық емес мақсатқа пайдалану олардың бүлінуіне, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзуға, қоршаған ортаға залал келтіруге әкеліп соқпауы тиіс.

      2.5. Баспаналық және қосалқы үй-жайларды, аулалық аумақтарды, жолдар мен кіреберістерді қайта құру мен қайтадан жоспарлау аудандық сәулет және  сәулет құрылысы өкілетті органының рұқсаты негізінде ғимараттардың құрылмалы және сәулеттік ерекшеліктерін әрі инженерлік коммуникацияларды бұзбай жүргізілуі тиіс.

      2.6. Осы Ережелердің орындалуына бақылау жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

3. Үй-жайлардың (пәтерлердің, үйлердің) меншік иелерінің, олардың отбасы мүшелерінің сақтауға тиістілері.

      3.1. Баспаналық үй-жайлардың (пәтерлердің) және қосып салынған баспаналық емес үй-жайлардың меншік иелері:
      1) белгіленген нормаларға немесе нақты қажеттілікке сәйкес (коммуналдық қызметтерді есептегіш аспаптардың көрсетімдері бойынша) санитарлық және коммуналдық қызметтердің барлық түрлерін алуға;
      2) үй-жайдағы баспалдақ қуыстарын, подвалдарды және үй жанындағы аумақтағы белгіленген санитарлық және техникалық талаптарға сай келуге тиісті басқа да құрылғыларды пайдалануға;
      3) пәтерлерде, үйлерде қауіпсіз тұруға;
      4) пәтер ішіндегі және сыртқы инженерлік жүйелер мен коммуникацияларға тұрақты әрі дер кезінде техникалық және апаттық қызмет көрсетілуіне;
      5) тұрғын үйлер маңындағы аумақтарды және оларға кіретін жолдарды қауіпсіз пайдалануға;
      6) санитарлық-гигиеналық және ветеринарлық-санитарлық ережелерді әрі хайуанаттар мен құстарды ұстау ережелерін қадағалаған жағдайда үйлер мен жеке пәтерлерде хайуанаттар мен құстар ұстауға;
      7) үй жанындағы аумақтардың тазалығына, санитарлық күтілуіне және көркейтілуіне тиіс.

      3.2. Баспаналық үй-жайлардың (пәтерлердің) және қосып салынған баспаналық емес үй-жайлардың меншік иелері:
      1) осы Ережелерді орындауға;
      2) тұрғын үйлердің, инженерлік жабдықтардың және үй жанындағы аумақтардың сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) тұрғын үйлердің ортақ бөліктерін, жасыл өсімдіктерді, инженерлік жабдықтарды дер кезінде жөндеуге, аулалар мен аулалық алаңдарды көркейтуге және көгалдандыруға қатысуға;
      4) тұрғын үйлерге кіреберістерді ыбырсытпауға;
      5)инженерлік коммуникациялардың қалыпты пайдаланылуын қиындататын ақаулар жайында ПИК басқармасын дер кезінде хабардар етуге;
      6) азаматтардың тұрғылықты жері бойынша аумақты санитарлық жағдай мен көркейту жағдайының бұзылу оқиғалары жайында учаскелік инспектор мен ПИК басқармасын хабардар етуге;
      7) пәтер иесінің немесе онымен бірге тұрып жатқан адамдардың кінәсінен баспана қорына және оның жабдықтарына келтірілген ақауға байланысты шығындарды Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес орнына салуға;
      8) насекомдар мен кеміргіштер залалдаған үй-жайларға жүйелі дезинфекция жүргізуге;
      9) көпшілікпен тұру Ережесін, соның ішінде түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын сақтауға тиіс.

      3.3. Аулалық аумақты мақсаттық емес пайдалануға, сондай-ақ ПИК, кәсіпорындар иелері кооперативтері (КИК) және басқа да баспаналардың меншік иелері бірлестіктері тұрғындарының жалпы жиналысының шешімінсіз үй жанындағы телімдердің "қызыл сызығы" сыртында әртүрлі құрылыстар салуға тыйым салынады.

      3.4. Көше комитеттерінің ұсынысы және жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша үй жанындағы телім мен аула маңындағы аумақ қоршалуы және санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге орай кезекшілік ұйымдастырылуы тиіс.

      3.5. Шатыр астына кіруге және төбеге шығуға тек баспананы ұстаумен айналысатын қызметкерлерге ғана рұқсат етіледі. Шатыр астындағы үй-жайды шеберхана ретінде, кір жаюға және қойма ретінде пайдалануға тыйым салынады.

4. Өкілетті органдар мен қызметтердің міндеттері

      4.1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшелерді, аулаларды және басқа көпшілік орындарды күтіп ұстаудың санитарлық, ветеринарлық ережелерін орындауға бақылауды санитарлық, ветеринарлық бақылау қызметтерімен және басқа өкілетті органдармен бірлесе отырып, полиция органдары жүзеге асырады.

      4.2. Жергілікті атқарушы органдар:
      1) механикаландырылған жинап-тазалауға жататын көшелердің, алаңдар мен өткелектердің титулдық тізімін, сондай-ақ жазғы және қысқы жыл мезгілдерінде оларды жиып-тазалаудың кезектілігін;
      2) бір жылда бір адамға шаққанда жиналатын қатты қалдықтар нормаларын;
      3) меншік түріне тәуелсіз, кәсіпорындар мен ұйымдар күшімен жинастырылуға жататын аумақтардың тізімін;
      4)қоршаған ортаны күзету және ластанудан қорғау, табиғат байлықтарын сақтау жөніндегі шараларды;
      5) жағалаулардың, саябақтардың, гүлзарлардың, жаяу жүргіншілер жолдарының және басқа да көпшілік пайдаланыстағы нысандардың санитарлық жай-күйіне жауапты ұйымдарды;
      6) азаматтардың тұрғылықты жері бойынша санитарлық жағдайды қамтамасыз етуге байланысты басқа шараларды бекітеді.

      4.3.Ғимараттарды пайдалану жөніндегі мекемелер, пәтерлердің (үй-жайлардың) меншік иелерінің кооперативтері және үйлердің жеке иелері:
      1)тұрмыс қалдықтарының тасып әкетілуіне уақтылы келісім-шарт жасасуға;
      2) тұрғылықты жерлер аумағын күтіп ұстаудың санитарлық ережелерін қадағалау жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізуге және халықты осы орайдағы іс-шараларды орындауға жұмылдырып ұйымдастыруға;
      3) қоқыс салғыштарды қою үшін су өтпейтін жаппалы алаң жабдықтауға;
      4) тұрмыс қалдықтары мен қоқысты жинау үшін қолданылатын қоқыс жинағыштармен және құралдармен қамтамасыз етуге;
      5) қоқыс қабылдағыш камераларды, алаңдарды, сондай-ақ тамақ қалдықтарын жинағыштарды жүйелі жууды және дезинфекциялауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға;
      6) азаматтардың тұрғылықты жері бойынша санитарлық жағдайды қамтамасыз етуге байланысты басқа да шараларды іске асыруға тиіс.

      4.4. Аумақты жинастыру және тазалау жөніндегі мекемелер:
      1) (келісім-шартқа) сәйкес үйлердің, ұйымдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың аумақтарынан қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтардың уақтылы тасылып әкетілуін іске асыруға;
      2) әрбір арнайы мәшиненің қозғалыс бағытымен бірге маршруттық кестесін жасауға;
      3) пайдалану жағдайларының өзгеруіне сәйкес маршруттық кестелерге түзету енгізуге;
      4) бекітілген маршруттық кестелердің міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етуге;
      5) азаматтарға жекеменшік құқығымен тиесілі үйлер салынып жатқан аудандарда қатты тұрмыстық қалдықтардың аптасына кемінде екі рет жүйелі түрде тазалануын іске асыруға тиіс.

      4.5.Санитарлық және ветеринарлық қызметтер мекемелерінің мамандары мына төмендегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге:
      1) елді мекендерде санитарлық және ветеринарлық тазалауды ұйымдастыру жөнінде жергілікті басқару органдары шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға, қатты тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды орналастыру және олардың полигондарын жобалау жөніндегі материалдарды, қаланы санитарлық тазалау схемасын және тағы сол сияқтыларды қарауға және келісіп шешуге;
      2) тұрғылықты жерлердің санитарлық жай-күйіне байланысты халықтың науқастануын зерттеуге және талдауға;
      3) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдарының басшыларына эпидемиологиялық ахуалға байланысты аумақтардың тазалығы мен жинастырылуын тексеру рейдтерін өткізу туралы ұсыныстар беруге;
      4) баспаналық органдардың және қоқыстарды жинау, шығарып әкету жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кәсіпорындардың мамандары үшін эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, жылына бір рет, қажет жағдайда одан да жиірек санитарлық минимум жөніндегі нұсқаулықтар мен сабақтар өткізуге;
      5) жоспарға сәйкес қоғамдық санитарлық және ветеринарлық инспекторлар оқуын өткізуге, санитарлық және ветеринарлық инспекторлардың қоғамдық кеңестерін құруға және олардың жұмысына жетекшілік етуге тиіс.

      4.6. Аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторлары:
      1) өздеріне бекітілген аймақтағы аумақтың санитарлық, ветеринарлық жай-күйіне тұрақты бақылауды іске асыруға;
      2) санитарлық тәртіп пен басқа да әкімшілік ережелерді бұзған адамдарды анықтауға және белгіленген тәртіпке орай олардың материалдарын тиісті органдарға беруге, Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқық бұзушылық" Кодексіне байланысты тиісті шара қолдануға;
      3) тұрғындарға, кәсіпорындар мен ұйымдарға, меншік түріне тәуелсіз, аулалар мен көшелерде өз беттерінше қоқыс үйінділерін тұрғызу әрекеттеріне және оларды өртеуге үзілді-кесілді тыйым салуға және кедергі жасауға тиіс.

      4.7. Аумақты жинастыруды ұйымдастыру кезінде қолданыстағы мынадай нормативтік құжаттар басшылыққа алынуы тиіс:
      1) қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды жобалау және пайдалану жөніндегі нұсқаулар;
      2) тұрғылықты жерлер аумағын механикаландырылған жинап-тазалау технологиясы және оны ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулар;
      3) тамақ қалдықтарын жинау және оларды мал азығы үшін пайдалану тәртібі туралы ветеринарлық-санитарлық ережелер;
      4) тамақ қалдықтарын жинау және тасып әкету жөніндегі нұсқаулықтар;
      5) үй хайуанаттарын (мысықтарды, иттерді) ұстау ережелері;
      6) Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексіне сәйкес басқа да әкімшілік нормалар.

      4.8. Осы Ережелердің бұзылуына кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексінің 238, 300, 310, 311 және 387 баптары бойынша, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 4 желтоқсандағы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық есендігі туралы" Заңында, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі "Ветеринария туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Аумақты көркейту, санитарлық тазалау, тазалықты сақтау және жинауды ұйымдастыру

ЕРЕЖЕЛЕРІ

1. Жалпы ережелер

      1.1. Осы ережелердің мақсаты көркейтуді, санитарлық тазалауды, тазалық сақтау үшін қажетті басқа да жағдайларды қамтамасыз ететін жұмыстарды орындау кезіндегі тәртіпті айқындау және талаптарды белгілеу болып табылады.

      1.2. Санитарлық тазалау мен жинау жүйесі тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасып әкету, залалсыздандыру және қайта кәдеге жарату тетігін қарастырады әрі ортақ пайдаланыстағы жерлерді: аулалық (үй жанындағы) аумақтарды, өткелектерді, тротуарларды және басқаларды күтіп ұстау мен жинауды ұйымдастыруды көздейді.

      1.3. Тиісті санитарлық деңгейді қамтамасыз ету үшін тұрмыстық қалдықтарды жинау мен тасып-әкету жөніндегі барлық жұмыс түрлерінің ұйымдастырылуы бірегей жүйеге, белгіленген тәртіпке, тарифтерге және басқа нормативтерге бағындырылуы тиіс.

      1.4. Өкілетті органдардың шешімдеріне сәйкес аулаларды, аулалық өткелектерді жинау және санитарлық тазалау мамандандырылған коммуналдық ұйымдарға, сондай-ақ меншік түріне тәуелсіз, әртүрлі коммуналдық емес, шаруашылық жүргізуші субъектілерге, сонымен қатар жеке үйлердің иелері мен баспана меншік иелері бірлестіктеріне (ПИК және КИК) жүктеледі, олар өз кезегінде өздеріне бекітілген аумақтың жинастырылуын қамтамасыз етуі және қоқысты өз бетімен немесе шарттық негізде, мамандандырылған кәсіпорындарды тарта отырып, тасып әкетуге тиіс.
      Тұрғын үйлерде орналасқан дүкендердің, шатырлардың, дүңгіршектердің, ларектердің және осы төңіректегі, радиусы бес метрден кем емес, аумақтағы басқа да сауда нүктелерінің аумақтарын санитарлық тазалау және жинау жөніндегі жұмыстарды осы аталған кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары қамтамасыз етеді.
      Тұрғын үйлерде орналасқан шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен кеңсе-жайларының, қоймалардың, базалардың, басқа да кәсіпорындар мен ұйымдардың аумақтары және оларға кіреберістер осы ұйымдардың өздерінің күш-қаржысымен немесе келісім-шарт бойынша, мамандандырылған ұйымдар арқылы жиналады. Тұрғын үйлер маңындағы аумақтардағы құрылыс нысандарын жинау және тазалықта ұстау жөніндегі жауапкершілік осы жұмыстарды атқарушы жөндеу-құрылыс ұйымдарына жүктеледі.
      Бақылағыш және жаңбыр қабылдау құдықтарын, сондай-ақ су ағатын және арық жүйелерін тазалауды қажеттілігіне қарай, бірақ маусымда кемінде екі рет осынау ғимараттар балансына кіретін немесе жеке меншік иелігіне жататын тиісті пайдалану қызметтері жүргізеді.

      1.5.Санитарлық тазалауды коммуналдық шаруашылық жүйесінің қалдықтарды тасып-әкету жөніндегі ұйымының қадағалауымен арнайы автокөлік іске асырады.

      1.6. Қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтарды сақтау мен залалсыздандыруды арнайы бөлінген телімдерде немесе сақтау, залалсыздандыру және қайта өңдеу жөніндегі арнайы имараттарда жүргізеді, бұған қойылатын талаптар санитарлық нормалар мен ережелерде баяндалған. Қалдықтарды бұл мақсатқа арналмаған басқа орындарға апарып сақтауға, сондай-ақ оларды ауылшаруашылық алқаптарында көмуге тыйым салынады.

      1.7.Аумақты көркейту және жинастыру жөніндегі жұмыстар қысқы және жазғы болып бөлініп, олар жүйелі, мерзімді түрде және апаттық тәртіпте атқарылып тұрады.
      Жүйелі дегенге: сыпыру, жуу, суару, тырмалау, қоқыс пен қарды күреу және сыпыру, мұзды уатып опыру және үйлердің төбелеріндегі қар, мұз шөгінділерін жою.
      Мерзімдіге – топырақ үйінділерін, түскен жапырақтарды жинау, жаңбыр суы канализациясының құдықтарын тазалау, жол жиектеріндегі шөпті шабу жатады.
      Апатты дегенге–(қар жауған, көк тайғақ, боран соққан кездерде) –жол бетіндегі төсеніш қабаттарын құм-тұз қоспасымен, хлориттермен және басқа химиялық реагенттермен өңдеу; жол қиылыстары мен қалалық көлік аялдамаларындағы, қақпалардан шыға берістегі және басқа жерлердегі қарды күреп тазалау жатады.

2. Ортақ пайдаланыстағы жерлерді жинау және күтіп ұстау

      2.1. Үй жанындағы (иелік-жай) аумақ, сондай-ақ аулалық алаңдар, жолдар, үйлердің кіреберіс жолдары тұрғын үй қоры маңындағы ортақ пайдаланыстағы телімдер болып табылады. Оларға санитарлық қызмет көрсету технологиялық ұсынымдар мен нормаларға сәйкес жүргізілуі тиіс.

      2.2. Аулалардың, аулалық алаңдардың және ортақ пайдаланыстағы басқа жерлердің аумақтары осы әкімшілік ережелердің 1 бөлімінде белгіленген талаптарға сәйкес күтіліп ұсталады.

      2.3. Мыналарға:
      1) аулаларда және осы мақсатқа арналмаған басқа да ортақ пайдаланыстағы жерлерде автомашиналарды жууға;
      2) өкілетті органдардың рұқсатынсыз аулалық құрылыстар (гараждар, сарайлар, дуалдар және басқа да құрылыстар) салуға;
      3) көркейту мен көгалдандыру жөніндегі құзырлы органдардың рұқсатынсыз ағаштарды қайта отырғызуға немесе кесуге;
      4) осыған арнайы бөлінген жерлерден тыс ортақ пайдаланыстағы аумақта иттерді серуендетуге;
      5) балалар алаңдарының, көгалдардың аумақтарында және осы мақсатқа бөлінбеген ортақ пайдаланыстағы басқа жерлерде автомобильдерді қоюға;
      6) жолдардың өткелектерінде және үйлерге кіреберіс жолдарда өз бетімен әртүрлі кедергілер орнатуға;
      7) белгіленбеген жерлерде (кіреберістерде, аулаларда, жолдарда, автомобиль жолдарының бойында және тағы сол сияқты) қоқыс төгуге;
      8) терезелерден қоқыс және тамақ қалдықтарын лақтыруға;
      9) баспаналық ғимараттардың кіреберістері мен шатырларының астын үйме-жүйме етіп ыбырсытуға тыйым салынады.

      2.4. Баспаналық ғимараттарда немесе олардың тікелей жанында орналасқан сауда, тұрмыстық және басқа нүктелер мен кәсіпорындардың иелері өз кәсіпорындары мен кеңсежайларының, саудалық үй-жайларының алдыңғы жағындағы кіреберістері мен шығаберістерінде, шатырлардың, дүңгіршектердің, павильондардың алдында жәшіктер, сондай-ақ осыған арнайы бөлінген жерлерде тамақ және тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сақтауға арналған контейнерлер қоюы тиіс.
      Жәшіктер мен контейнерлер ақаусыз әрі мұнтаздай күйде ұсталуы, біртіндеп жиналуына қарай қоқыстан тазартылуы, жуылып, дезинфекцияланып тұруы, қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет сырлануы тиіс.

      2.5. Дүңгіршектердің, шатырлардың, ұсақ бөлшек-сауда павильондары мен дүкендердің қасында жәшік-ыдыстар мен тауар қорын үюге, сондай-ақ соған жалғасып жатқан аумақтарды осы мақсатқа пайдалануға тыйым салынады.

      2.6. Тұрғын үйлердің тікелей маңайындағы көшелерде кәуап және басқа азық-түлік өнімдерін, жеміс-жидектер сататын шатырлар мен дүңгіршектер, жайма-сөрелер орнату санитарлық-эпидемиологиялық қызметтермен келісілуі тиіс. Олардың қақпасынан радиусы кемінде 5 метр жердегі жалғасып жатқан аумақты жинауды аталмыш сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет кәсіпорындары іске асырады.

      2.7. Көлік құралдарын пайдалану мен жөндеуге байланысты ортақ байланыстағы жерлердің аумақтарын  ластауға, көлік құралдарының балалар алаңдарында, аулалық аумақтың адам жүретін жағында тоқтап тұруына, сондай-ақ бөлшектелген көлік құралдарын осыған арнайы бөлінбеген орындардан басқа қандай да болмасын жерлерде қалдырып кетуге тыйым салынады.

      2.8. Ведомстволық жағынан кімнің қарауында екендігіне қарамастан жасыл өсімдіктер қол сұғуға жатпайтын мемлекеттік қорды құрайды және заңмен қатаң қорғалады.
      Бекітілген аумақтағы заңды және жеке тұлғалар жасыл өсімдіктердің сақталуын қамтамасыз етуге, сол орайда агротехникалық шаралардың толық кешенін жүргізуге, атап айтқанда: суаруға, қурап қалғандарын кесіп-қиюға, шіріп-құлаған ағаштарды жинауға, діңдерді тазалауға, діңдер мен қабықтардағы бұтақша өскіндерді аластауға, тыңайтқыш енгізуге, жас көшеттердің жанынан шұңқыршалар қазуға, жараларын дезинфекциялап, дәрі-дәрмек жағуға, қуыстарды тығындауға, сондай-ақ арамшөптерді (арам шырмауық, жусан, сора және басқалар) құрту жөніндегі механикалық өңдеу жұмыстарын атқаруға, ауылшаруашылық зиянкестеріне және ауруларына қарсы, карантиндік арамшөптерге қарсы өз күштерімен немесе өсімдік қорғау стансаларымен жасасқан келісім-шарттар бойынша ұдайы күрес жүргізуге тиіс.

      2.9. Жапырақ түскен мезгілде жерге шашылған жапырақтарды уақтылы жинап отыру қажет. Жиналған жапырақтар арнайы бөлінген телімдерге немесе алқаптарға шығарылады. Баспаналық құрылыс аумағында, гүлзарларда, саябақтарда және аулаларда жапырақтарды өртеуге тыйым салынады.

      2.10. Төбешатырлардағы қарды күреу және мұз сүңгілерін түсіру құрылыс иелерінің міндеттеріне кіреді және ол жұмыс қауіпсіздік шаралары (кезекшілер бөлу, тротуарларды қоршау) қадағалана отырып жүргізілуі тиіс. Төбешатырлардан лақтырылған қарды дереу бір жерге үйіп, қажет жағдайда тасып әкету керек.
      Қарды тасып-төгу мынадай мерзімдерде:
      1) елді мекендердің маңызды жолдарында қар қабатының қалыңдығы кемінде 6 сантиметр болып жауған кезде – екі тәуліктен асырмай, қалған жағдайларда – төрт тәуліктің ішінде;
      2) қар 6 сантиметрден артық жауған кезде – тиісінше 4 және 7 тәулік ішінде атқарылуы тиіс.

3. Азаматтардың тұратын жерлеріне тікелей жақын орналасқан оқшау аумақтағы нысандарды жинап-тазалау

      Адамдардың тұратын жерлеріне тікелей жақын орналасқан оқшау аумақтағы нысандарда (базарлар, саябақтар, гүлзарлар) санитарлық-эпидемиологиялық стансалардың келісімінсіз санитарлық қондырғыларды орнатуға және қайта жабдықтауға, автокөлікті жууға, ыдыс-жәшіктер мен отынды осы мақсатқа бөлінбеген жерлерде сақтауға тыйым салынады.

      3.1. Базарлар:
      1) Базар аумағында (соның ішінде шаруашылық алаңдарда, кіретін жолдар мен кіреберістерде) жаңбыр мен еріген судың ағып кетуін қамтамасыз ететін көлбеулі қатты жабыны (асфальт, бетон, жақтау бөрене) болуы керек.
      Базарларды, 2.07.01-89 СНиП және басқа нормативтік құжаттар талаптарын ескере отырып, оқшау аумақтарда, баспаналық құрылыстардан кемінде 50 метр санитарлық қашықтықта орналастыру қажет.
      Аумағы 0,2 га базарларда, ерекшелік ретінде, кемінде 3 сантиметр қалыңдықтағы құм аралас, нығыздалған топырақ жабын төселеді.
      2) Базар аумағында канализация мен су құбыры болуы тиіс.
      3) Канализациясы жоқ базарларда терең шұңқырлы қоғамдық дәретханалар сауда орындарынан кемінде 50 метр қашықта орналастырылуы керек. Олардағы есептік орын саны әрбір 50 сауда орнына кемінде біреуден келуі тиіс.
      4) Шаруашылық алаңдарды сауда орындарынан кемінде 30 метр қашықта орналастыру керек.
      5) Жәшіктер санын анықтаған кезде базар алаңының әрбір 50 шаршы метріне бір жәшік қойылуы керек деген қағидаға сүйену керек. Бұл орайда олардың сауда жаймаларының өнебойындағы арақашықтығы 10 метрден аспауы тиіс. Сыйымдылығы 100 литрге дейінгі қоқыс жинағыштар санын анықтаған кезде 200 шаршы метр базар алаңында кемінде біреуі қойылуы керек және оларды сауда жаймаларының өнебойына орналастырғанда бір-бірінен арақашықтығы 20 метрден аспауы тиіс. Тамақ қалдықтарын жинау үшін арнайы сыйымдылықтар қойылуы тиіс.
      6) Алаңы 0,2 га және одан да кең базарларда аумақтан жиналған қалдықтарды сыйымдылығы 0,75 текшеметрлік контейнерлерде сақтау керек.
      7) Базарлардың жұмыс сағаттары жергілікті басқару органдарының шешімі негізінде белгіленеді. Аптаның бір күні бүкіл базар аумағын, негізгі және қосалқы үй-жайларды, сауда орындарын, жайма-сөрелерді, үстелдерді, құралдарды жинау және дезинфекциялау үшін санитарлық күн деп жарияланады.
      8) Базар жабылғаннан кейін оның техникалық қызметкерлері аумақтың негізгі жинастырылуын атқаруы тиіс. Күндіз патрульдік жинау және қалдықтар толы жинағыштарды тазалау жүргізіледі.
      9) Жылдың жылы кезеңінде қатты жабынды базар аумағы міндетті түрде сыпырылудан бөлек, әр күн сайын жуылып тұруы керек.

3.2. Саябақтар, скверлер

      1) Ауыспалы қоқыс жинағыштарды қоюға арналған телімдері бар шаруашылық аймағы тынығушылар шоғырланған жерлерден (би алаңдары, эстрада, су бұрқақтар, басты аллеялар, көрме павильондары және басқалар) кемінде 50 метр қашықта орналасуы тиіс.
      2) Жәшік санын анықтаған кезде: 800 шаршы метр саябақ алаңына бір жәшіктен келеді деп есептеледі. Басты аллеяларда жәшіктердің ара қашықтығы 10 метрден аспауы тиіс. Әрбір дүңгіршектің, киоскінің (азық-түлік, кәдесыйлық, кітап және басқа) қасына сыйымдылығы кемінде 10 литрлік жәшік қойылуы қажет.
      3) Тынығушылар көп шоғырланған орындардан қашықтағы қалдықтарды жинаудың қолайлылығы үшін қалдықтарды уақытша сақтауға арналған аралық жинағыштар қойылуы керек.
      4) Шаруашылық алаңдардағы контейнерлер санын анықтаған кезде қалдықтардың әрбір үш күндегі орташа жинақталуын ескеру керек.
      5) Қоғамдық дәретханаларды тынығушылар көп шоғырланған жерлерден кемінде 50 метр қашықтықта, 500 келушіге бір орын деген есеппен қою қажет.
      6) Негізгі жинауды саябақтар жабылғаннан кейін таңғы сағат 8-ге дейін жүргізу керек. Күндіз қалдықтар мен түскен жапырақтарды жинап, патрульдік жинауды жүргізіп, жасыл өсімдіктерді суару қажет.

4. Тротуарларды, орамдар ішіндегі өткелектер мен аулалық аумақтарды жинау мен күтіп ұстау

      4.1. Жазғы уақытта тратуарларды, орам ішіндегі өткелектер мен аулалық аумақтарды жинау дегеніміз, көшелердің жүргіншілік бөлігін жинау сияқты, су шашу мен сыпыру арқылы жол беттерінен шаң мен қоқысты аластау болып табылады.

      4.2. Қысқы уақытта тротуарлар мен аулалық өткелектерді жинауды қар жауғаннан кейін көп ұзамай бастап, оның жеделдігі мен ұзақтығына қарамастан, қар жауып біткенге дейін жалғастыру керек.
      Әдетте, тратуарларды жинауды таңертеңгі, күндізгі және кешкі уақыттарда қар жауу басталған соң 0,5-1 сағаттан, ал түнгі уақытта 2-3 сағаттан кешіктірмей бастау керек.
      Көктайғаққа қарсы күрестің барлық құралдары және қардың құрғақ үйінділерін орналастыру телімдері аудандық санэпидстансалармен келісілуі, нақты жергілікті жағдай ескеріліп есепке алынуы қажет. Осы ретте оның қоршаған ортаға теріс әсер ету мүмкіндігі аласталады. Жасыл өсімдіктер алаңдарында мұз кесектерін, лас қарды үюге және тасып апаруға тыйым салынады.

      4.3. Орам ішіндегі өткелектер мен тротуарларды жинауды мамандандырылған пайдалану ұйымдары, ал аулалық аумақтар мен оған кіретін жолдарда – пәтерлердің (үйлердің) меншік иелерінің кооперативтері жүзеге асырады.

5. Тұрғын үйлер мен жеке үй иелік-жайларын жинау мен күтіп ұстау

      5.1. Тұрғын үйлер мен жеке үй иелік-жайларында тұрмыс қалдықтарын жинау тек осы мақсаттарға арнайы бөлінген көлікпен және жүйелі жүргізілуі тиіс.

      5.2. Тұрғын үйлер мен үй иелік-жайларының аумағында контейнерлерді орналастыру үшін көлік жақындап келуге ыңғайлы арнайы алаңдар бөлінуі тиіс. Алаң ашық болуы, төбесі су өтпейтін қалқамен жабылуы және мүмкіндігінше жасыл өсімдіктермен қоршалуы тиіс.

      5.3. Қойылатын қоқыс жинағыштар (контейнерлер) санын анықтау үшін қоқыс салғыштарды пайдаланатын тұрғындар саны, қалдықтардың жинақталу нормасы, олардың сақталу мерзімі еске алынады. Қоқыс жинағыштардың есептік көлемі сол қалдықтардың іс жүзіндегі жинақталу мөлшеріне сәйкес келуі тиіс.

      5.4. Қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс тасығыш көлікпен, үй иелік-жайларындағы сұйық қалдықтар – ассенизациялық вакуумды көлікпен шығарып әкетіледі.

      5.5. Тұрғындардың шумен мазаланбауын қамтамасыз ету үшін тұрмыстық және тамақ қалдықтары үй иелік- жайларынан таңғы сағат 7-ден кейін және түнгі сағат 23-ке дейін тасылып әкетіледі.

      5.6. Тұрмыс қалдықтары мен қоқысты уақытша сақтауға арналған алаңның (контейнерлердің) меншік иесі өз күшімен немесе мамандандырылған ұйыммен жасасқан келісім-шарт бойынша қоқыстың тасылуын уақтылы жүргізуге, контейнер алаңдарын жинау мен дезинфекциялауды іске асыруға міндетті.
      Қоқысты өз күшімен тасыған кезде қоқыс пен тұрмыс қалдықтарының уақтылы шығарылмауы үшін жауапкершілік меншік иесіне жүктеледі.
      Меншік иесінің қоқыс пен тұрмыс қалдықтарын шығарып әкету жөнінде жасасқан келісім-шарты, оны тасудың кестесі, орындалған жұмысы үшін мамандандырылған ұйымға төлемі бар болған жағдайда қоқыстың уақтылы шығарылмауы үшін жауапкершілікті келісім-шарт жасасқан мамандандырылған ұйым арқалайды.

Тұрмыс қалдықтарын жинау:

      5.7. Қалдықтардың аулалық жинағыштарда уақытша сақталған кезінде олардың иістеніп шіруіне жол берілмеуі тиіс. Сондықтан сақтау мерзімі жылдың суық уақытында (0-ден төмен температурада) үш тәуліктен, ал жылы уақытта (плюстік температурада) – 1 тәуліктен аспауы керек (күн сайынғы тасу). Әрбір елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтардың шығарып әкетілу мерзімділігі жергілікті санэпидқызмет мекемелерімен келісіледі.

      5.8. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін жайлы тұрғын үй қорында стандартты металл контейнерлер (0,75 текше метр) қолданылуы керек. Канализациясы жоқ үй иелік-жайларында ағаш немесе металл жинағыштарды қолдануға рұқсат етіледі.

      5.9. Контейнерлерді қоюға арналған алаңдар баспаналық және қоғамдық ғимараттардан, спорт алаңдары мен халықтың дем алатын орындарынан кемінде 20 метр, бірақ 100 метрден артық емес қашықтықта болуы тиіс. Алаңдардың мөлшері контейнерлердің қажетті санын (бірақ бесеуден артық емес) қоюға есептелуі, контейнерлердің алаң шетінен қашықтығы кемінде 1 метр болуы тиіс.
      Әсіресе тұрғылықты аумақта қалдықтарды уақытша сақтайтын орындардың орналастырылуы аудандық сәулетшімен және аудандық санэпидстансамен келісілуі қажет.
      Ерекше жағдайларда, аулалық дәретханалардан, қалдықтарды уақытша сақтау орындарынан белгіленген алшақтықтарды қадағалауға мүмкіндік жоқ құрылыс аудандарында бұл қашықтықты аудандық сәулетші, тұрғын үй-пайдалану ұйымы, санитарлық дәрігер қатыса отырып арнайы комиссия белгілейді. Комиссия актілерін жергілікті басқару органдары бекітуі тиіс.
      Жеке үй иелік-жайларының аумақтарында қоқыс жинағыштардың, аулалық дәретханалардың және жуынды шұңқырларының орналасу орындарын үй иелерінің өздері белгілеуі тиіс. Олардың қарастыруы бойынша баспаналық үй-жайға дейінгі қашықтық 8-10 метрге дейін қысқартылуы мүмкін.

      5.10. Металл қалдық жинағыштарды жазғы уақытта (ауыспайтын жүйеде кемінде 10 күнде бір рет, ауыспалы жағдайда – босағаннан кейін) жуып отыру, ағаш жинағыштарды – (әрбір босаған сайын) дезинфекциялап отыру қажет. Энтомонологиялық көрсеткіштер бойынша дезинсекция жүргізіледі.

Сұйық қалдықтарды жинау:

      5.11.Сұйық қалдықтарды жинау үшін канализациядан тыс үй иелік-жайларында жуынды төгетін құдықтар жасалады. Бұл шұңқырға су өтпеуі, қатты денелерді ажырату үшін жер бетіндегі бөлігі қақпақпен және тормен жабылуы тиіс. Торды тазалаудың ыңғайлылығы үшін жуынды төгетін құдықтың алдыңғы қабырғасы алып-салмалы және ашылмалы болуы тиіс. Аулалық дәретханалар бар жағдайда шұңқыр-қуыс ортақ бола алады.

      5.12. Канализациялық емес және қоғамдық аулалық дәретханалар баспаналық және қоғамдық ғимараттардан, балалар ойнайтын және халық дем алатын алаңдардан кемінде 20 метр және 100 метрден артық емес қашықтықта болуы тиіс.
      Үй иелік-жайларының аумақтарында аулалық дәретханалар мен үй иелік-жайларының арасындағы қашықтықты үй иелерінің өздері анықтайды және ол 8-10 метрге дейін қысқартыла алады.
      Сумен жабдықтау орталықтандырылмаған жағдайда аулалық дәретханалар құдықтар мен бұлақ көздерінен кемінде 50 метр қашықтықта болуы тиіс.

      5.13. Аулалық дәретхананың жер үстіндегі бөлігі және шұңқыр құдығы болуы тиіс. Жер үстіндегі үйшігі берік материалдардан (тақтайлардан, кірпіштерден, блоктардан және басқалардан) құрастырылады. Шұңқыр-құдыққа су кірмейтін болуы тиіс, оның көлемі дәретхананы пайдаланатын жұрттың санына қарай есептеледі. Шұңқыр-құдықтың тереңдігі жер асты суларының деңгейіне байланысты болады, бірақ 3 метрден аспауы тиіс. Шұңқыр-құдықтың жер бетінен 0,35 метрден артық толып кетуіне жол берілмейді.

      5.14. Шұңқыр-құдықты оның толуына қарай, бірақ кемінде жарты жылда бір рет тазартып отыру керек.

      5.15. Аулалық дәретханалардың үйшіктері тазалықта ұсталуы тиіс. Оны күн сайын жинап отыру керек. Үйшік ішін аптасына кемінде бір рет дезинфекциялық құралдар қосылған ыстық сумен жуып отыру қажет. Жуындыханалар мен аулалық дәретханалардың жер бетіндегі бөлігіне кеміргіштер мен насекомдар өте алмауы тиіс.
      Канализациясы жоқ дәретханалар мен шұңқыр-құдықтарды құрамында хлорлы ізбес (10%), натрий гидрохлориді (3-5%), натрий метасиликаты (10%), лизол (5%), нафтализол (10%), креолин (5%) бар ерітінділермен дезинфекциялайды. (Осы ерітінділерді ағаш қоқыс жинағыштарды дезинфекциялау үшін де пайдаланады. Жанасу уақыты кемінде 2 минут). Құрғақ хлорлы ізбесті қолдануға тыйым салынады. Тек тамақ нысандары мен медициналық емдеу-профилактикалық мекемелерде ғана рұқсат етіледі. Шыбындарға қарсы дезинсекция энтомологиялық көрсеткіштер бойынша іске асырылады.

6. Инженерлік ғимараттар мен коммуникацияларды күтіп ұстау мен тазалау тәртібі

      6.1. Қарауында жерасты жүйелері бар меншік иелері газ люктерінің, канализациялық, су құбыры, жаңбырлық және басқа құдықтардың қақпақтары жол төсеніштерінің деңгейінде болуын, үнемі ақаусыз жағдайда ұсталуын жүйелі бақылап отыруға тиіс.

      6.2. Имараттар мен жерасты коммуникациялары құрылыстарының жобаларын әзірлеген кезде жобалаушы ұйымдар құрылыс телімдеріндегі ағаштар мен бұталардың барынша сақталуын қамтамасыз ететін жұмыстарды ұйымдастыру тәртібін ойластыруға; құрылыс жұмыстарының сметаларында жасыл өсімдіктерді қалпына келтіргені үшін ақы төленуін, ал оларды басқа жерге көшіріп отырғызған жағдайда – жасыл өсімдіктерді қайта отырғызу жөніндегі жұмыстардың қосымша құнын қарастыруға тиіс.

      6.3. Жер бетіндегі және көшелер мен жолдардан құйылған топырақ суларын әкетуге арналған каналдарды, құбырлар мен кәріздерді жинау мен тазалау, нөсерлік канализация коллекторларын, жаңбыр қабылдағыш құдықтарды тазалау қажеттігіне қарай, қоқыс дереу төгіле отырып жүргізіледі. Қоймалардың, базалардың, карьерлердің, құрылыс алаңдарының және басқа нысандардың иелері:
      1) кіретін жолдардың, көліктің айналып бұрылу алаңдарының ақаусыз ұсталуын (кірме және ішкі құрылыс жолдарының қатты жабыны болуы тиіс);
      2) аталмыш нысандардан көшеге лас автомәшинелер мен құрылыс тетіктерінің шығып кетуіне жол бермей, көліктің доңғалақтары мен қораптарының жуылуын қамтамасыз етеді.
      Құрылыс жүргізген кезеңге құрылыс ұйымына күн сайын былғаныштан тазалап тұру үшін салынып жатқан нысаннан екі жақтағы ұзындығы 600 метрлік негізгі жол телімі бекітіліп беріледі.

      6.4. Бұзылып жатқан құрылыс орнындағы құрылыс алаңдары жан-жағынан белгіленген үлгідегі берік дуалмен айнала қоршалуы тиіс.
      Дуалдарда өткелектердің ең аз мөлшері болуы тиіс. Әдетте, өткелектер екінші дәрежедегі көшелерге шығуы және шлагбаумдармен жабдықталуы тиіс.

      6.5. Көшелердегі, бас жолдардағы, орам ішіндегі аумақтардағы жер қазу және құрылыс жұмыстары өндірісінің басталуын өз күшіндегі бағамдарға сәйкес төлеммен, осындай жұмыстарды атқару құқығына рұқсат ордерін беретін өкілетті органның келісімімен, белгіленген тәртіпке сәйкес Заңды және жеке тұлғалар іске асырады.

      6.6. Көлік құралдарының иелері, жеке автокөлік жүргізушілері көлік құралдарын таза ұстауға тиіс.
      Лас көлік құралдарымен елді мекендерде жүруге рұқсат етілмейді. Көшелерді ластауы мүмкін сусымалы және басқа жүктер көшені ластамайтындай етіп мұқият қымталып жабылуы тиіс.

7. Осы Ережелерді сақтау үшін жауапкершілік

      7.1. Осы Ереженің бұзылуына кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексінің 300,387 баптары бойынша, Қазақстан Республикасының 4.12.2002 жылғы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық есендігі туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Саябақтарда, скверлерде, аулаларда және ортақ пайдаланыстағы басқа жерлерде хайуанаттарды ұстау

ЕРЕЖЕЛЕРІ

1. Жалпы Ережелер

      1.1. Осы Ережелер ведомстволық бағыныштылығына және меншік түріне қарамастан барлық ұйымдар мен кәсіпорындарды қосып алғанда, Талғар ауданының барлық мысықтар, иттер және басқа үй хайуанаттары мен малдарының иелеріне таралады.

      1.2. Хайуанаттарды ұстаудың міндетті шарты:
      1) жыл сайын қайта тіркеуден өткізе отырып тіркелу, ерекше қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егу, 2,5-3 айлық жастан бастап тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік аудандық ветеринарлық емханаларда паразиттік ауруларға қарсы өңдеу және диагностикалық зерттеуден өткізу. Жаңадан алынған хайуанаттар екі апта мерзім ішінде аудандық ветеринарлық емханаларда тіркеліп, тіркелу куәлігі алынуы тиіс;
      2) санитарлық-гигиеналық, ветеринарлық-санитарлық ережелер мен нормаларды қадағалау.

      1.3. Тіркеу куәлігі болмаған жағдайда хайуанаттар көрмеге және асыл тұқымдық байқауға қатысуға жіберілмейді.

      1.4. Хайуанаттарды көлдерде, тоғандарда және басқа су қоймалары мен өзендерде шомылдыруға үзілді-кесілді тыйым салынады.

      1.5.Тиісті өкілетті органдар қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, күтімін қамтамасыз етуге тиіс.

2. Хайуанаттар иелерінің міндеттері мен құқықтары

      2.1. Хайуанаттардың иелері:
      1) оларды биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес ұстауға, хайуанаттарға ізгілікпен қарауға, оларды қараусыз қалдырмауға, ал ауырған жағдайда дер кезінде ветеринарлық көмекке жүгінуге;
      2) оларды ұстайтын және серуендететін жерлерде тиісті санитарлық жағдай жасауға;
      3) мемлекеттік ветеринарлық мекеме маманының талабы бойынша хайуанаттарды дер кезінде қарап байқауға, диагностикалық зерттеуге және емдік-профилактикалық өңдеуден өткізуге әкелуге;
      4) айналадағы адамдар мен хайуанаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қажетті шараларды қабылдауға;
      5) хайуанатты одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда оны басқа иеге беруге немесе ветеринарлық мекемеге табыстауға;
      6) хайуанаттың сатып алынуы, жоғалуы немесе опат болуы туралы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік ветеринарлық қызмет органына хабарлауға;
      7) хайуанат адамды немесе хайуанатты тістеп жарақаттаған жағдайда иелері бұл туралы жақын жердегі медициналық және ветеринарлық мекемелерге дереу хабарлауға, хайуанаттарды тексеру үшін және ветеринар мамандардың бақылауымен карантинге қою үшін мемлекеттік ветеринарлық емханаға жеткізуге тиіс.

      2.2. Өліктерді тасып әкету және жою үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды тасып шығару жөніндегі арнайы автокөлік кәсіпорнына хабарлау керек. Өліктерді лақтырып тастауға немесе жерге көмуге тыйым салынады.

      2.3. Азаматтар хайуанаттарды иеленуге құқылы.

      2.4. Кез-келген хайуанат иесінің меншігі болып табылады және әрбір меншік сияқты Заңмен қорғалады.

3. Иттер мен мысықтарды ұстау

      3.1. Мыналарға:
      1) баспаналық үй-жайларда, соның ішінде туыстық қатынаспен байланыспаған екі немесе одан да көп отбасы тұратын пәтерлерде, олардың келісімі болған және көршілердің медициналық қарсы көрсетілімі жоқ жағдайда, хайуанаттарды ұстауға;
      2) ұйымдарда, кәсіпорындар мен мекемелерде, азық-түліктік емес дүкендерде және басқа жерлерде, итті қысқа қарғыбаумен, тұмылдырық кигізіп жетектеп келуге;
      3) жолаушылардың мазалануын болдырмайтын шарттарды қадағалаған жағдайда хайуанаттарды барлық көлік түрлерінде тасымалдауға рұқсат етіледі.

      3.2. Мыналарға:
      1) иттерді ортақ пайдаланыстағы қоғамдық орындар мен көлікте қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз, сондай-ақ мас күйдегі адамдардың және 14 жасқа дейінгі балалардың, серуендетуіне және ертіп жүруіне;
      2) хайуанаттарды жалпы пайдаланыстағы орындарда: асүйлерде, дәліздерде, баспалдақ алаңшаларында, төбешатыр астында, подвалдарда, сондай-ақ балкондар мен лоджияларда ұстауға;
      3) хайуанаттардың кіреберістерді, баспалдақ алаңшаларын, лифтілерді, сондай-ақ спорттық, балалар алаңдарын, көгалдарды, тротуарларды, саябақтар аумағын ластауына (егер жануар осы жерлерде тезек қалдырса) оны иелері жинап алуы тиіс;

      3.3. Иелері дүкендердің, емханалардың, дәріханалардың, тұрмыстық қызмет кәсіпорындарының және басқаларының жанында байлаулы қалдырғаннан басқа, қоғамдық орындарда өз бетімен жүрген иттер мен мысықтар иесіз деп саналып, арнайы қызметтердің аулауына жатады.

      3.4. Иттер мен мысықтарды скверлерде, саябақтарда, аулаларда және осыған арнайы бөлінбеген және жабдықталмаған жерлерден тыс аулалық алаңдарда серуендетуге тыйым салынады.

      3.5. Иттерді серуендеткен кезде:
      1) тұрғын үйлердің жанында тыныштық қамтамасыз етілуі, иттерді үргізбеу керек. Иттер осы мақсатқа арнайы бөлінген алаңдарда серуендетіледі;
      2) көшені кесіп және үлкен жолдардың қасынан өткен кезде жол-көлік оқиғасын болдырмау үшін итті қарғыбауда ұстау керек.

4. Ауылшаруашылық мақсатындғы үй жануарларын, құстар мен араларды ұстау

      Санитарлық аймақта ауылшаруашылық жануарларын, құстар мен араларды ұстауға, бағуға, айдауға тыйым салынады. Санитарлық аймақ аудан әкімінің шешімімен анықталады.

      4.1. Ауылшаруашылық үй жануарлары, құстар мен аралар жеке сектордың тұрғын үйлерінен, мектептердің, емдеу және балалар мекемелерінің, саябақтардың, қоғамдық тамақтандыру, сауда, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының, көп пәтерлі үйлердің, жаппай демалыс орындарының, балалардың сауықтыру лагерлерінің, демалыс үйлерінің, санаторийлердің, жасанды су қоймаларының, артезиан құдықтары мен олардың ағындарының аумақтарынан қашық орналасқан, арнайы жабдықталған жабық жайларда, өз күшіндегі нормативтерге сәйкес ұсталып бағылуы тиіс.
      Бірнеше отбасы тұрып жатқан бір қабатты үйлерде хайуанаттарды, құстар мен араларды ұстауға осы үйде тұрушы көрші отбасылардың келісімімен, белгіленген ветеринарлық-санитарлық ережелер қадағаланған жағдайда рұқсат етіледі.

      4.2. Малға арналған қора-жайды ай сайын ізбеспен әктеп және апта сайын дезинфекциялап отыру; қи-тезегін, азық қалдықтары мен қоқысты осыған арнайы бөлінген орындарға уақтылы шығарып тұру қажет.

      4.3. Шыбындармен, әртүрлі жұқпалы ауруларды таратушылармен күрес мақсатында сәуір-қараша айлары аралығында үй хайуанаттары мен құстар ұсталатын жерлерді аптасына кемінде бір рет инсектицидті препараттармен өңдеп отыру керек.

      4.4. Малды көшелерде, алаңдарда, скверлерде, саябақтар мен ортақ пайдаланыстағы басқа да жерлерде серуендетуге үзілді-кесілді тыйым салынады.

5. Хайуанаттар иелерінің осы Ережелерді орындау үшін жауапкершілігі

      5.1. Осы Ережелерді орындамағаны үшін хайуанаттардың иелері Қазақстан Республикасының 10.07.95 жылғы "Ветеринария туралы" Заңына және Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексінің 311 бабына сәйкес жауапкершілік арқалайды.

      5.2. Хайуанаттар тарапынан азаматтардың денсаулығына келтірілген зиян немесе дүние-мүлікке жасалған шығын Заңда белгіленген тәртіпке сай хайуанаттардың иелері есебінен өтеледі.

"Үлгілі елді мекен" байқау-конкурсының
ЕРЕЖЕСІ

1. Байқау-конкурстың мақсаттары мен шарттары

      Байқау-конкурс ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың елді мекендерді санитарлық тазалау, көркейту, көгалдандыру, тұрмысқа салауатты өмір салты қағидаттарын кеңінен енгізу жөнінде қойған міндеттерін орындау орайында жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, кәсіпорындардың, ұйымдардың жұмысын жандандыру, осыған барша халықты жұмылдыру мақсатын көздейді.
      "Үлгілі елді мекен" байқау-конкурсын да бағалаудың негізгі өлшемі 5 баллдық жүйе болып табылады.

      Баллдар мына төмендегідей көрсеткіштер бойынша беріледі:

      1.Үстіміздегі жылда елді мекендердің аумақтарын, ауыз сумен  жабдықтау жүйесін, канализацияларды санитарлық тазалау, елді мекендерді көгалдандыру және көркейту мәселелерін шешу жөнінде селолық округ Әкімі шешім қабылдады:
      1) "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Заңының барлық мәселелерін қамтитын Кешенді бағдарлама қабылданды 5 балл;
      2) жекелеген мәселелер бойынша  шешім қабылданды 3 балл;
      3) жекелеген мәселелер бойынша қайталама шешімдер қабылданды 2 балл;
      4) жобалық шешім дайындалды 1 балл;
      5) қабылданбады, қаралмады 0 балл

      2. Санитарлық тазалықтың, сумен жабдықтаудың, канализацияның, көркейтудің, көгалдандырудың жай-күйін жақсарту мәселелері бойынша тұрғындар жиынын өткізу:
      1) ай сайын өткізіледі 5 балл;
      2) тоқсан сайын өткізіледі 4 балл;
      3) жарты жылда бір рет 2 балл;
      4) жылына бір рет 1 балл;
      5) өткізілмейді 0 балл.

      3. Қалыптасқан санитарлық-тазалық жүйесі:
      1) жоспарлы-жүйелі (ай сайын) 5 балл;
      2) мерзімді (тоқсан сайын) 3 балл;
      3) айлық кезінде ғана 2 балл;
      4) мүлде өткізілмейді 0 балл.

      4. Қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтарды, қоқыстарды және басқаларды жинау, тасып әкету, қайтадан кәдеге жарату жөнінде бригадалар (шаруашылық жүргізуші нысандардың басқа түрлері) жұмыс істейді.
      1) тұрақты негізде жұмыс істейді 5 балл;
      2) тек санитарлық тазалау кезеңінде ғана жұмыс істейді 2 балл;
      3) құрылмаған 0 балл.

      5. Қатты тұрмыстық қалдықтарға, қоқысқа және басқаларға арналған полигондардың (үйінділердің) бар болуы:
      1) бар, жер бөлініп, қалдықтарды, қоқысты орналастыруға рұқсат алынып, СЭС-пен, ООС-пен келісілген 5 балл;
      2) бар, СЭС-пен, ООС-пен келісілмеген, жер бөліну актісі жоқ, қалдықтарды, қоқысты орналастыруға рұқсат жоқ 3 балл;
      3) полигон, үйінді төгетін орын жоқ 0 балл.

      6. Қоғамдық орындарда (клубтарда, кітапханаларда және басқаларда), сауда нүктелерінде, базарларда, аялдамаларда, мектептерде жәшіктердің (басқа ыдыстардың) қойылуы:
      1) әрбір нүктеде бар 5 балл;
      2) бар, бірақ сирек 3 балл;
      3) бар, бірақ некен-саяқ 1 балл;
      4) еш жерде жоқ 0 балл.

      7. Өзендер мен арықтарды ластанудан, қалдықтардан, қоқыстан тазартуды жүргізудің жүйелілігі:
      1) ай сайын жүргізіледі 5 балл;
      2) тоқсан сайын жүргізіледі 3 балл;
      3) жарты жылда бір рет жүргізіледі 2 балл;
      4) жылына бір рет жүргізіледі 1 балл;
      5) жүргізілмейді 0 балл.

      8. Елді мекендердің көшелерінде, шет жақтарында:
      1) қоқыс, күл, қи, құрылыс материалдары үйінділері жоқ 5 балл;
      2) қоқыс бар, сирек 3 балл;
      3) барлық жерде қоқыс 0 балл.

      9. Елді мекендердің сыртқы келбеті:
      1) жекеменшік үйлер күтілген, сыртқы келбеті мұнтаздай, құрылыстар жөнделген, қоғамдық ғимараттар көркейтілген 5 балл;
      2) үйлердің, құрылыстардың сыртқы түрлері негізінен жөндеп, жаңартуды талап етеді, жөндеу ішінара жүргізілген 2 балл;
      3) елді мекеннің түрі негізінен күтім көрмеген 0 балл.

      10. Қолда бар көрнекі үгіт құралдары, жарнама қалқандары, тарих пен мәдениет ескерткіштері:
      1) көкейкесті, уақтылы жаңартылады, осызамандық идеологиялық және басқа талаптарға сай келеді 5 балл;
      2) сирек жаңартылады, жөндеу тілейді 2 балл;
      3) қараусыз қалған 0 балл.

      11. Көшелердің, қоғамдық орындар, мекемелер, базарлар аумақтарының қатты жабыны (асфальт, тақталар, көмкермелер) болуы:
      1) бар, жақсы жағдайда 5 балл;
      2) бар, қирап бүлінген 1 балл;
      3) жоқ 0 балл.

      12. Сумен жабдықтау:
      1) орталықтандырылған жүйе 5 балл;
      2) дербес жүйе 4 балл;
      3) сырттан тасылады 2 балл;
      4) жоқ 0 балл.

      13. Судың сапасына бақылау жасайтын зертхана:
      1) бар, жұмыс істейді 5 балл;
      2) бар, жұмыс істемейді;
      3) жоқ 0 балл.

      14. Жүйеге берер алдында ауыз суды тазалауға, залалсыздандыруға арналған имараттар:
      1) бар, жұмыс істейді 5 балл;
      2) бар, жұмыс істемейді 0 балл.

      15. Жасыл өсімдіктердің жай-күйі:
      1) жыл сайын көшеттер егіліп, күтім жасалады 5 балл;
      2) жыл сайын көшеттер отырғызылады, күтім жасалмайды 3 балл;
      3) көшеттер отырғызылмайды 0 балл;
      4) екпе көшеттер жаппай кесіп шабылады.

      16. Көшенің атауы және үйлердің рет саны көрсетілген тақташалар:
      1) бар, әрбір үйде 5 балл;
      2) әрбір екі үйдің бірінде бар 3 балл;
      3) тек көшенің басында ғана бар 2 балл;
      4) жоқ 0 балл.

      Балдардың жиынтығы____________________

"Үлгілі көше" байқау-конкурсының

Е Р Е Ж Е С І

2. Байқау-конкурстың мақсаттары мен шарттары

      Байқау-конкурс халықты өз көшелерін, елді мекендерді санитарлық тазалау, көркейту, көгалдандыру жөнінде белсенді ету мақсатын көздейді.

      "Үлгілі көше" байқау-конкурсында бағалаудың негізгі өлшемі 5 балдық жүйе болып табылады.

      Баллдар мынадай көрсеткіштер бойынша беріледі.

      1. Тұрғын үйлердің, құрылыстардың сыртқы келбеті:
      1) жөнделген, барлығы сырланған, әктелген 5 балл;
      2) жекелеген үйлер, құрылыстар сырланған, әктелген 2 балл.

      2. Дуалдардың, қоршау шарбақтардың сырт көрінісі:
      1) барлығы жөнделген, сырланған 5 балл;
      2) әр жерде бір жөнделген, сырланған 2 балл.

      3.Қоқыстың, күлдердің, құрылыс, басқа материалдар қалдықтарының болуы:
      1) жоқ 5 балл;
      2) некен-саяқ кездеседі 2 балл;
      3) барлық жерде бар 0 балл.

      4. Көшелердің жабыны:
      1) асфальтталған, жақсы жағдайда 5 балл;
      2) асфальтталған, нашар жағдайда 2 балл;
      3) қиыршық немесе басқа материалдар төселген 3 балл;
      4) жабын жоқ 0 балл.

      5. Арық жүйесінің жай-күйі:
      1) арықтар жүйелі тазаланады 5 балл;
      2) арықтар санитарлық тазалау кезеңінде тазаланады 3 балл;
      3) арықтар мүлдем тазаланбайды, бірақ пайдалануға болады 1 балл;
      4) арықтар жоқ 0 балл.

      6. Тротуарлар, көше бойларындағы көмкермелер:
      1) бар, жақсы жағдайда 5 балл;
      2) бар, бірақ әр жері қирап бүлінген 3 балл;
      3) жоқ 0 балл.

      7. Қоқыс жинағыштар:
      1) металл контейнерлер әрбір үйде бар 5 балл;
      2) металл контейнерлер үйлердің жартысынан астамында бар 3 балл;
      3) металл контейнерлер жекелеген үйлерде бар 2 балл;
      4) металл контейнерлер жоқ 0 балл;
      5) ағаш немесе басқа қоқыс жинағыштар бар 3 балл;
      6) қоқыс жинағыштардың ешбір түрі жоқ, қоқыс үйінділерге, қаптарға жиналады 0 балл.

      8. Көше тұрғындарын сумен жабдықтау:
      1) орталықтандырылған су құбыры жүйесі арқылы 5 балл;
      2) дербес нүктелер (колонкалар) арқылы 3 балл;
      3) сырттан тасылатын сумен 2 балл;
      4) ашық су көздері арқылы 0 балл.

      9. Су алатын колонкалардың болуы және ақаусыздығы:
      1) әрбір 100 метр сайын бар, ақаусыз 5 балл;
      2) 100 метрден астам қашықтықта бар, ақаусыз 3 балл;
      3) бар, бірақ ақаулы 0 балл;
      4) жоқ.

      10. Жасыл өсімдіктер:
      1) жасыл өсімдіктер күтіледі, суарылып тұрады, көшеттер жыл сайын отырғызылады, гүл-жүйектер жасалған 5 балл;
      2) жасыл өсімдіктер бар 3 балл;
      3) жасыл өсімдіктер күтілмейді, суарылмайды, кей жерлерде кесіліп-шабылады 0 балл;

      11. Көшелердің атаулары және үйлердің рет сандары көрсетілген тақташалар:
      1) бар, әрбір үйде 5 балл;
      2) екі үйдің бірінде бар 3 балл;
      3) тек көшенің басында ғана бар 1 балл;
      4) жоқ 0 балл.

      Балдардың жиынтығы_________________

"Үлгілі үй" байқау-конкурсының

Е Р Е Ж Е С І

3. Байқау конкурстың мақсаттары мен шарттары

      Байқау-конкурс халықтың елді мекендерді, өз көшелерін санитарлық тазалау, көркейту, көгалдандыру жөніндегі белсенділігін арттыру мақсатын көздейді.

      "Үлгілі үй" байқау конкурсында бағалаудың негізгі өлшемі 5 балдық жүйе болып табылады.

      Балдар мынадай көрсеткіштер бойынша беріледі:

      1.Үйдің сыртқы түрі:
      1) "Тонмен", көркем пластикпен әрлендірілген 5 балл;
      2) әктелген, сырланған, ағаш кесектермен және басқалармен көмкерілген 3 балл;

      2. Үйді дуалдау:
      3) шойыннан және басқа материалдардан, көркем кірпіштерден жасалған селдір дуал 5 балл;
      4) түгелдей металл дуал 3 балл;
      5) түгелдей ағаш дуал 2 балл.

      3. Жылыту:
      1) құрамалы (қатты, сұйық, газбен) 5 балл;
      2) сұйық отынмен 4 балл;
      3) қатты отынмен 3 балл;
      4) газбен 5 балл.

      4. Сумен жабдықталған:
      1) асүйде, санитарлық торапта, ваннада, моншада 5 балл;
      2) асүйде, моншада 3 балл;
      3) асүйде 2 балл.

      5. Ауланың жай-күйі:
      1) асфальт, малтатас, көркем кірпіш төселген 5 балл;
      2) инертті масса (қиыршық тас, құм және басқалар) төселген 3 балл.

      6. Шаруашылық құрылыстар, гараж:
      1) бар, күтімі жақсы 5 балл;
      2) бар, бірақ жөндеуді талап етеді 3 балл;
      3) жоқ 0 балл.

      7. Үй жанындағы телім:
      1) бар, жеміс ағаштары, көкөністер, гүлдер отырғызылған 5 балл;
      2) бар, тек көкөніс қана отырғызылған 4 балл;
      3) бар, тек жеміс ағаштары ғана отырғызылған 4 балл;
      4) пайдаланылмайды 0 балл.

      Балдардың жиынтығы_____________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады