"Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру Ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы мәслихатының 2009 жылғы 7 тамыздағы № 224 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2009 жылғы 8 қыркүйекте № 3691 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес Қостанай облыстық мәслихат ШЕШТІ:

      1. "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Кезекті, тоғызыншы


сессияның төрайымы

Л. Гальцова

Қостанай облыстық


мәслихатының хатшысы

Ғ. Сағиев

КЕЛІСІЛДІ:


Қостанай облысы әкімі


аппаратының басшысы


_________ А. Твердохлебов


2009.08.07 ж.


"Қостанай облысы


әкімдігінің қаржы басқармасы"


мемлекеттік мекемесінің бастығы


_______________ С. Аймұхамбетова


"Қостанай облысы


әкімдігінің экономика және


бюджеттік жоспарлау басқармасы"


мемлекеттік мекемесінің бастығы


____________________ М. Щеглова



  Қостанай облыстық мәслихатының
2009 жылғы 7 тамыздағы
№ 224 шешіміне қосымша

"Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы"
атағын беру Ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" Ережесі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 23) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру тәртібін айқындайды.

      2. "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" (бұдан әрі – Атақ) атағын беру аса маңызды моралдық ынталандыру, еңбегі сіңген азаматтардың жемісті қызметіне, олардың таланты мен бастамашылығына қоғамдық ілтипат сезімін білдіру болып табылады.

      3. Атақ облыс (қала, аудан) алдындағы ерекше сіңірген еңбегінің белгісі ретінде:

      облыс (қаланың, ауданның) экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің, өнерінің, білімінің, денсаулық сақтау және әлеуметтік саласының дамуына үлкен үлес қосқаны;

      мемлекеттік және қоғамдық қызметте, демократияның, жариялылық және әлеуметтік прогресті, рухани және зияткерлік әлеуетті, бизнесті, шығармашылықты, спортты дамытуда, мемлекеттік және әскери қызметте жетістіктерге жеткені;

      заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткені;

      азаматтардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді қызметі, қайырымдылық және ізгілікті қызметі;

      облыста мекендейтін халықтардың арасындағы ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты, бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жемісті еңбегі;

      облыстың (қаланың, ауданның) еліміздегі және шет елдегі бейнесін арттыруға қосқан зор үлесі үшін беріледі.

2. Атақты беру тәртібі

      4. Атақты беру туралы қолдаухатты қоғамдық мүдделерді білдіретін еңбек ұжымдары, қоғамдық және діни бірлестіктер, шығармашылық одақтар, ынталы топтар берулері мүмкін.

      Аудандардың (облыстық маңыздағы қалалардың) әкімдері Атақты беру туралы облыс әкіміне ұсыныс енгізеді.

      Қолдаухатқа тиісті басшының қолы қойылады және облыстың, ауданның (облыстық маңыздағы қаланың) әкіміне жіберіледі.

      Қолдаухатта кандидаттың негізгі өмірбаяндық деректері, оның облыс (қала, аудан) алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегін растайтын құжаттармен бірге қысқаша сипаттама, сондай-ақ жиналыс хаттамасының немесе шешімінің көшірмесі, кандидаттың 3 те 4 көлеміндегі фотосуреті (2 дана) қоса беріледі.

      Өзінің кандидатурасын ұсынған тұлғалардан атақ алу үшін келіп түскен қолдаухат қаралмайды.

      5. Атақ облыс, аудан (облыстық маңыздағы қала) әкімінің ұсынысы бойынша тиісті мәслихат арқылы беріледі.

      6. Атақ беру туралы ұсынысты облыстық (қалалық, аудандық) мәслихатқа облыс, аудан (облыстық маңыздағы қала) әкімі тиісті мәслихат сессиясында осы мәселені қарауға дейін бір ай мерзімнен кешіктірмей енгізуге тиіс.

      7. Атақ беру туралы тиісті мәслихаттың шешімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      8. Атақ:

      атақты беруге ұсыну кезінде белгіленген заңдылық тәртіпте сотты болушылығы өтелмеген немесе алынбаған адамдарға;

      сот арқылы іс-әрекетке қабілетсіздігі анықталған адамдарға берілмейді.

3. Куәлікті, төсбелгіні және
ескерткіш лентаны беру тәртібі

      9. Атақ берілген тұлғаға төсбелгі, куәлік және лента тапсырылады. Тапсыру қоғамдық-маңызды іс-шарада салтанатты жағдайда өткізіледі.

      10. Төсбелгі "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" деген жазу мен тиісті аумақтың елтаңбасы (рәмізі) бар металда орындалады.

      Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматының куәлігі қатты мұқабамен жасалады, оған облыс, аудан (облыстық маңыздағы қала) әкімі және тиісті мәслихаттың төрағасы қол қояды.

      Ескерткіш лента ұзындығы екі метр және ені 20 сантиметр, алтын түспен жазылған жібек лентадан немесе көгілдір түсті материалдан дайындалады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы мәслихатының 11.12.2023 № 91 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11. Егер Атақты куәландыратын құжаттар жоғалған жағдайда, телқұжаттарды Атақты берген орган береді.

      12. Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматын тіркеу мерзімдік ретімен "Құрмет Кітабында" тіркеледі.

      13. Төсбелгіні, оған қоса куәлік пен ескерткіш лентаны, "Құрмет Кітабын" ресімдеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Төсбелгілерді, куәліктерді және ескерткіш ленталарды, "Құрмет Кітабын" ұстауды қаржыландыру:

      "Облыстың Құрметті азаматы" атағын беру кезінде облыстық бюджеттен;

      "Қаланың (ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру кезінде қалалық (аудандық) бюджетте қарастырылған қаражаттар есебінен ұсталады.

      15. Құрметті азамат қайтыс болған жағдайда туған-туыстарының немесе мұрагерлерінің тілектері бойынша құжаттар сақтауға және экспонаттау үшін мұражайға тапсырылады.

4. Атақтан айыру негізі

      16. Атақ берілген тұлға одан тиісті мәслихат сессиясының шешімімен мынадай жағдайларда айырылуы мүмкін:

      үлкен қоғамдық дабыл туғызған жағымсыз іс-әрекет жасаса;

      қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін.

      Заңсыз сотталған және толық ақталған адамдарға Атақ құқығы толық қалпына келтіріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады