Сайлау қорларын мемлекеттік тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2010 жылғы 19 тамыздағы N 7/8 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 19 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6401 болып енгізілді

      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12 және 34-баптарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы туралы ереженің 15-тармағы 37) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/213 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. Қоса беріліп отырған Сайлау қорларын мемлекеттік тіркеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
      2. Осы қаулы облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жіберілсін.
      3. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары Сайлау қорларының тізілімін әзірлесін және округтік сайлау комиссияларына жіберсін.
      4. Осы қаулы бірінші ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Төраға                                     Қ. Тұрғанқұлов

      Хатшы                                      Б. Мелдешов

Қазақстан Республикасы    
Орталық сайлау комиссиясының 
2010 жылғы 19 тамыздағы   
№ 7/8 қаулысымен бекітілген 

Сайлау қорларын мемлекеттік тіркеу жөніндегі нұсқаулық

      1. Осы Нұсқаулық «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12 және 34-баптарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы туралы ереженің 15-тармағы 37) тармақшасына сәйкес әзірленген және Президенттікке кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, мәслихаттарының депутаттығына және Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне (бұдан әрі - әкімдікке) кандидаттардың сайлау қорларын мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша заңнаманың қолданылуын нақтылайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/213 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Президенттікке кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау қорларын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы тіркейді.
      Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларын тиісті облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары тіркейді.
      Мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларын тиісті округтік сайлау комиссиялары тіркейді.
      Әкімдікке кандидаттардың сайлау қорларын тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары тіркейді.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/213 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау қорларын тіркеуді тиісті сайлау комиссиялары кандидат, саяси партияның уәкілетті өкілі сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасаған күнінен бастап бір күнтізбелік күннің ішінде жүргізеді, ол туралы Сайлау қорларының тізілімінде жазба жасалады.
      4. Орталық, облыстық, Астана және Алматы қалалық, аудандық (қалалық), округтік сайлау комиссиялары Сайлау қорларының тізілімін осы Нұсқаулыққа қосымшаға сай нысан бойынша жүргізеді.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/213 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      5. Орталық, облыстық, Астана және Алматы қалалық, аудандық (қалалық), округтік сайлау комиссиялары кандидаттың, саяси партияның уәкілетті өкілінің өтініші негізінде:
      Сайлау қорларының тізіліміне сайлау қоры туралы деректерді енгізеді;
      банк мекемесінде кандидаттың, саяси партияның сайлау қорының арнаулы уақытша шотын ашады.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/213 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      6. Сайлау қорларының қызметін тоқтату тиісті сайлау комиссиясының немесе соттың шешімі негізінде жүзеге асырылады, ол туралы Сайлау қорларының тізілімінде жазба жасалады.
      7. Сайлау қоры өз қызметін:
      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 555 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларына (бұдан әрі – Сайлау қағидалары) сәйкес кандидатты, партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайда;
      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 34-бабы 9-тармағына, Сайлау қағидаларының 44-тармағына сәйкес кандидаттың, саяси партияның сайлау қорлары қаражатын жұмсауы туралы есебін қабылдау туралы тиісті сайлау комиссиясының шешімі бойынша;
      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңына, Сайлау қағидаларына сәйкес сайлау жарамсыз деп танылған жағдайда;
      сот шешімі бойынша тоқтатады.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/213 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      8. Кандидатты, партиялық тізімді тіркеудің күшін жою туралы шешім бойынша сотқа не жоғары тұрған сайлау комиссиясына шағым жасалған жағдайда, сайлау қорларының қызметі тиісті шешім қабылданғанға дейін тоқтатыла тұрады.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 23.12.2015 № 45/78 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
 
 

Сайлау қорларын мемлекеттік 
тіркеу жөніндегі нұсқаулыққа
қосымша          

Нысан

Сайлау қорларының тізілімі

      Ескерту. 1-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 23.12.2015 № 45/78 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Тізілімнің реттік нөмірі, жазбаның енгізілген күні

Сайлау қорының тіркелгені немесе қызметінің тоқтатылғаны туралы жазба

Атауы (сайлау қорының тиесілілігі)

Кандидаттың тұрғылықты жері (саяси партияның орналасқан жері)

Жазбаны енгізген адамның Т.А.Ә. және сайлау комиссиясының деректері






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады