Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының 2010 жылғы 14 сәуірдегі N 38-4 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Еңбекшіқазақ ауданының Әділет басқармасында 2010 жылы 06 мамырда N 2-8-142 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының 2012 жылғы 22 тамыздағы N 9-1 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының 2012.08.22 N 9-1 Шешімімен.

      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

       Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1–тармағы 15-тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабы 2-тармағына сәйкес, тұрмысы төмен отбасыларына тұрғын үй көмегін көрсету мақсатында және аудан әкімінің 2010 жылғы 18 наурыздағы N 7-1/427 хатының негізінде Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері қосымшаға сәйкес айқындалсын.
      2. Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 31 қаңтардағы "Өздері жылытатын жеке меншік үйде тұратын тұрмысы төмен отбасыларына тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшері туралы" N 23-3 шешімінің күші жойылсын (Еңбекшіқазақ аудандық әділет басқармасында 2009 жылғы 20 ақпанында N 2-8-106 тіркелді, жарияланды "Еңбекшіқазақ" газетінде N 10, 2009 жылғы 27 ақпанында).
      3. Осы шешімнің орындалуы "Еңбекшіқазақ аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бастығы Аңсатбаев Мұратбай Аңсатбайұлына жүктелсін.
      4. "Еңбекшіқазақ аудандық экономикалық және бюджеттік жоспарлау бөлімі" (Ахметов Иманғазы Ахметұлы) мемлекеттік мекемесі тұрғын үй жәрдемақыны бюджеттік қаражаттан бөлуді көздесін.
      5.Осы шешімнің орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Қадырбек Мұрат Болатұлына және аудандық мәслихаттың әлеуметтік сала, білім, мәдениет және ұлтаралық қатынастар жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
      6.Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін.

      Аудандық мәслихаттың
      38-сессиясының төрағасы                    Қ. Бұланбаева

      Аудандық мәслихат
      хатшысы                                    Ә. Талқамбаев

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың
2010 жылғы 14-сәуірдегі
"Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі
және мөлшері туралы"
N 38-4 шешіміне қосымша

Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314-ші "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес осы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері әзірленді.

1. Жалпы тәртібі

      1. Осы тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      шекті жол берілетін шығыстар үлесі–отбасының бір айда кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығындардың рұқсат етілген шекті деңгейінің отбасының орташа айлық жиынтық табысына пайызбен қатынасы;
      отбасының жиынтық табысы–тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;
      кондоминиум объектісін басқару органы-кондоминиум объектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      уәкілетті орган–жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыратын, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
      учаскелік комиссия–тұрғын үй көмегін алуға өтініш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия.
      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын, сенім хаты бар жалдаушыға немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі.
      Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      Тұрғын үй көмегі нормалар шегінде кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі және мөлшері

      1. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға жолдаған өтінішімен қоса тұрғылықты жеріндегі қалалық, селолық округтің әкіміне төмендегі құжаттарды ұсынады:
      өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      азаматтарды тіркеу кітабінің көшірмесі;
      отбасының табысын растайтын құжаттар;
      кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
      жергілікті атқарушы органмен келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
      Өтініш иесіне әкімшілік құжаттары қабылданғаны жайлы түбіртек береді, тұрғын үй көмегі тағайындалмаған жағдайда уәкілетті органның себептері көрсетілген шешімі жайлы жазбаша хабарлама беріледі.
      2. Тұрғын үй көмегі жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектерді қоспағанда үйдің иесі немесе жалдаушысы болып табылатын орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігі белгілеген ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларына ақшалай төлем ретінде тұрмыстық-коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемінің шығындары белгіленген әлеуметтік нормалары мен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтерінің шегінде отбасы бюджетіндегі оның жиынтық кірісінің 10 пайыздық үлесінен асқан жағдайда тағайындалады.
      3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері өтініш берген тоқсанға өтемдік шараларымен қамтамасыз етілетін нормалар шегінде коммуналдық қызметке ақы төлеу мен отбасына осы мақсаттарға шекті жол берілетін шығыс деңгейінің айырымы ретінде есептелініп сол тоқсанға төленеді.
      4. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтері) бар немесе тұрғын үйін жалға беруші тұлғалардың тұрғын үй көмегін алу құқығы жоқ. Үй иесінің жақын туыстары пәтер жалдаушы болып саналмайды.
      5. Жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген мүшелері бар отбасылары тұрғын үй көмегін алуға құқығы жоқ. Осының ішіне 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерді, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды күтетіндер, басқаның күтімін керек ететін 80 жастан асқан тұлғаларға күтім жасайтындар (дәрігерлік сараптама негізінде) және 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатындар, сондай-ақ бір айдан астам уақыт бойы ауруханалық немесе емханалық емдеуде жүрген адамдар кірмейді. Жедел әскери қызметтегілер отбасының құрамында есептелмейді.
      6. Тұрғын үй көмегіне алғаш рет өтінген кезде коммуналдық қызмет ақысы үшін берешектері бар отбасыларына, қарыздарына қарамастан, есепке тіркеген сәттен бастап ағымды төлемдерді тұрақты төлеу шартымен тұрғын үй көмегі тағайындалады.
      7. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептiк кезеңде алынған табыстың мынадай түрлерi есепке алынады:
      1) еңбекақы, шаруа қожалығынан түсетін, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыстар;
      2) он сегіз жасқа дейiнгi балаларға арналған ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақы;
      3) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс;
      4) жеке қосалқы шаруашылық табысы – мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындау нормаларының шегінде есептелінеді.
      8. Отбасының кәсіпкерліктен және басқа да қызмет түрлерінен түсетін жиынтық табысын есептеу кезінде:
      1) өнімді (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан;
      2) тауарлық-материалдық құндылықтарды, мүлікті сату кезіндегі құн өсімінен;
      3) шаруа (фермер) қожалығы қызметінің нәтижесінде және шартты жер үлесі мен мүлік жарнасынан алынған;
      4) өзін-өзі жұмыспен қамтудан түскен табыс есепке алынады.
      Жекелеген азаматтарда жұмыс істейтін адамдар жалақысын шарттың көшірмесімен, жалға алушының анықтамасымен немесе өтініш негізінде растайды.
      Жекелеген азаматтарда шарт жасаспай жұмыс істейтін адамдардың жиынтық табысы олардың өтініштері негізінде расталады.
      Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың табысы жазбаша өтінішпен расталады.
      Кәсіпкерлік қызметпен арнаулы салық режимі жағдайында айналысатын адамдардың табысы біржолғы талон, патент, оңайлатылған декларация негізінде расталады.
      Шаруа (фермер) қожалығы қызметінің нәтижесінде алынған табысты қоса алғанда, ресми расталмаған табыс әрбір жұмыс істеушіге шаққанда ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.
      9. Отбасының жиынтық табысында мыналар есепке алынбайды:
      1) мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек;
      2) тұрғын үй көмегi;
      3) жерлеуге арналған бiр жолғы жәрдемақы;
      4) бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақы;
      5) ақшалай және заттай түрдегi (құндық бағадағы) қайырымдылық көмек;
      6) оқушыларды тегін тамақтандыру, жалпыға бірдей оқыту қорынан берілетін көмектер және азық-түлік бағаларының қымбаттауына байланысты әлеуметтік әлжуаз топтарға көрсетілген көмектер;
      7) жеке iсiн ашуға және (немесе) жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек.
      Егер жеке iсiн ашуға немесе жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек мақсатына сай пайдаланылмаса осы факті анықталған тоқсандағы жиынтық табыс көрсетілген көмек сомасын ескере отырып есептеледi;
      8) төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығына және мүлкiне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасына көрсетiлген көмек.
      10. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормалар қабылданады:
      1) газ тұтыну-1 айға 1 кішкене баллон;
      2) электр жүйесін қолдану:
      1 адамға – 45 киловатт;
      2 адамға - 90 киловатт;
      3 адамға - 135 киловатт;
      4 және одан көп адамнан тұратын отбасына – 150 киловатт.
      3) су қамтамасыз ету күніне 1 адамға:
      - көше су құбырынан – 50 л;
      - су құбыры бар үйлер – 120 л;
      - су құбыры бар көп қабатты үйлер – 210 л;
      4) жылдың екі тоқсанында 4 тонна көмір есептелініп төленеді.
      Электр мен газдың бағасы белгіленген тәртіпте бекітілген тариф бойынша қолданылады.
      Сумен қамтамасыз ету тарифы әр қала, селолардағы қызмет берушілердің бағасына сәйкес қолданылады.
      Көмір төлемінің тарифын аудан әкімі бекітеді.
      11. Қалалық, селолық округтiң әкiмi құжаттарды қабылдап алғаннан кейiн қажеттілігіне қарай әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды дайындау үшін учаскелiк комиссияларға тапсырады.
      12. Учаскелiк комиссия жүргiзiлген тексеру нәтижелерi бойынша өтiнiш берушiлердiң құжаттарын отбасына тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындамау жайлы ұсынысымен қалалық, селолық округтiң әкiмiне қайтарады.
      13. Қалалық, селолық округтiң әкiмi өтiнiш берушiлердiң құжаттарын учаскелік комиссия дайындаған ұсыныспен бірге өтiнiш берушiден құжаттар қабылданған күннен бастап жиырма күннен кешiктiрмей тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөнiндегi уәкiлеттi органға тапсырады.
      14. Құжаттарды қабылдап алған күннен бастап он күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы уәкілетті органның басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам қол қойған шешім қабылданылады. Өтініш иесі уәкілетті органның шешімімен келіспеген жағдайда жоғары тұрған уәкілетті органдарға, сондай-ақ сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
      15. Берілген ақпараттың дұрыстығы туралы күмән пайда болған жағдайда, тұрғын үй көмегін тағайындайтын уәкілетті орган немесе учаскелік комиссия отбасы мүшелерінің тұрғылықты жерлері, табыстары туралы қажетті ақпаратты тиісті орындардан сұрап алуға, тексеруге құқығы бар.
      Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеуді ұйымдастырудың дұрыстығына, ал өтініш беруші жалған мәліметтер мен жасанды құжаттарды тапсырғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жауапты.
      Заңды және жеке тұлғалар шындық ақпарат беруге міндетті. Талап етілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда, тұрғын үй көмегі тағайындалмайды. Тұрғын үй қызметіне алдын ала жалған мәліметтер бергені үшін меншік үйдің иесі (немесе жалгерлер) құқықсыз алған сомасын өз еркімен қайтарады немесе келесі тоқсанда қайта есептелінеді, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

3. Тұрғын үй көмегін төлеу

      Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөнiндегi уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң таңдауы бойынша жәрдемақыларды төлеу жөнiндегi уәкiлеттi ұйымдар арқылы жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады