Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын белгілеу туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімдігінің 2010 жылғы 21 қаңтардағы N 8 қаулысы. Алматы облысының Әділет департаменті Райымбек ауданының әділет басқармасында 2010 жылы 19 ақпанда N 2-15-80 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек ауданы әкімдігінің 2011 жылғы 02 наурыздағы N 60 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек ауданы әкімдігінің 2011.03.02 N 60 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және 2-тармағына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабының 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес, бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітіруші жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру және олардың тәжірибе жинақтау, білім, әдет-дағдыларын алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:  
      1. «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларының Тәртібі қосымшаға сәйкес белгіленсін.
      2. «Жастар тәжірибесін» «Райымбек ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі (Зыкаев Халық Сансызбайұлы) ұйымдастырсын.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Қуанышев Ерлік Қуанышұлына жүктелсін.
      5. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі                         А. Айтжанов

Аудан әкімдігінің 2010ж. «21» қаңтардағы
«Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың 
қосымша шараларын белгілеу туралы»  
№ 8 қаулысына қосымша       

Райымбек ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік
қорғаудың қосымша шараларының
ТӘРТІБІ

      Райымбек ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың қосымша шаралары Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 5-бабына сәйкес бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітіруші жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру және олардың тәжірибе жинақтау, білім, әдет-дағдыларын алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әзірленген.

Жалпы ережелер

      1. Осы тәртіпте мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      а) «Уәкілетті орган» - «Райымбек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі болып табылады;
      б) «Жастар тәжірибесі» - бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітірген 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізуді білдіреді;
      в) «Жұмыс беруші» – «Жастар тәжірибесін» ұйымдастырып өткізетін кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар болып табылады.
      2. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың қосымша шаралары – уәкілетті органның «Жастар тәжірибесін» ұйымдастырып өткізуі болып табылады.
      3. «Жастар тәжірибесі» Райымбек ауданының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында ұйымдастырылып өткізіледі.

Жастар тәжірибесін ұйымдастыру

      4. Уәкілетті орган қаржылық-экономикалық жағынан тұрақты, болашақта даму, өндірісін кеңейту перспективалары және «Жастар тәжірибесіне» қатысушыларды қабылдау мүмкіндіктері бар кәсіпорындар туралы ақпарат жинап, солармен «Жастар тәжірибесін» өткізу жұмыстарын жүргізеді. Жастар тәжірибесін ұйымдастырудың және өткізудің шарттары туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпарат таратады. Кәсіпорын, мекемелер мен ұйымдарға «Жастар тәжірибесіне» қатысу жөнінде ұсыныс білдіреді. Ұйымның басшысы ұсыныс жасалған күннен бастап күнтізбелік 3 күн ішінде іс тәжірибеге қабылданатын жұмыссыздардың шамалы санын немесе қатысудан бас тартқандығы туралы жауап береді. Жауап бермеу «Жастар тәжірибесіне» қатысудан бас тарту болып есептелінеді.
      5. Уәкілетті орган үш күн ішінде тілек білдірген ұйымдармен жастар тәжірибесін өткізу туралы келісім жасайды.
      6. Ұйымдар туралы жинақталған ақпараттарды қорытындылау және талдау негізінде Уәкілетті орган «Жастар тәжірибесіне» қатысу үшін жұмыссыз жастарға іріктеу жүргізеді. Үміткерлерді іріктеу кезінде келесі өлшемдер ескеріледі.
      1) үміткерлер жұмыссыз ретінде Уәкілетті органда тіркелуі;
      2) үміткерлердің кәсіптік білімі болуы;
      3) Жастар тәжірибесіне жіберу кезінде уәкілетті органның мәліметі бойынша лайықты жұмыстың болмауы;
      7. «Жастар тәжірибесіне» бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітірген 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар 6 ай мерзімге бір-ақ рет жіберіледі.
      8. Жұмыссыз азаматтардың Уәкілетті органның шешімі, әрекеті (әрекетсіздігі) бойынша жергілікті атқарушы органдарға, Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына немесе сотқа шағымдануға құқылы.
      9. Жастар тәжірибесін жергілікті атқарушы органдарымен және жастарды жұмысқа орналастыруға мүдделі басқа ұйымдармен бірлесе отырып, уәкілетті орган ұйымдастырады.
      10. «Жастар тәжірибесін» ұқйымдастыруға келісім берген жұмыс беруші жұмыссыз жастарды қабылдайды және «Жастар тәжірибесіне» қатысушылардың мамандығына (кәсібіне) сәйкес кәсіби білім, әдет-дағдыларын үйретуді қамтамасыз ету туралы міндеттеме алады. Жұмыссыздармен алты айдан аспайтын мерзімге еңбек шартын жасайды және еңбек шартына төленетін еңбек ақының бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылатындығы туралы норма енгізеді. Еңбек шарты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасалады, онда жастар тәжірибесіне қатысушы мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері көрсетіледі.
      11. Уәкілетті орган жұмыссыз азаматты бекітілген нысандағы жолдамамен жұмыс берушіге жібереді.
      12. Жұмыс беруші жұмыссыздарды «Жастар тәжірибесіне» алу туралы шешім қабылдайды. Жұмыс беруші жолдаманың жыртпалы талонын толтырып, Уәкілетті органның мекен-жайына жібереді.
      13. Жұмыс беруші, жұмыссызды «Жастар тәжірибесіне» алты айдан аспайтын мерзімге қабылдау туралы бұйрық шығарады, бұйрықта «Жастар тәжірибесіне» қатысушыға білікті маман - тәлімгер бекітеді. Үш күн ішінде бұйрықтың көшірмесін уәкілетті органға өткізеді.
      14. Жастар тәжірибесіне қатысушыны тәжірибе өткізуге қабылдаған «Жұмыс беруші» әр айдың 25-не дейін «Уәкілетті органға» жұмыс уақытын есепке алу табелін ұсынады.
      15. Жастар тәжірибесіне қатысушы еңбек заңдылығын бұзған жағдайда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес еңбек шартын бұзуға құқығы бар.
      16. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыссызбен еңбек шарты бұзылған кезде, ол қабылдаған шешім туралы 3 күн ішінде Уәкілетті органға хабарлайды. Сондай-ақ жұмыссыз азаматта жастар тәжірибесін тоқтату туралы шешім қабылдай алады. Ол бұндай шешім қабылдағаны туралы «Жұмыс берушіге» және «Уәкілетті органға» 3 күннің ішінде хабарлайды.
      17. Шарттың мерзімі өткеннен кейін жұмыс беруші Уәкілетті органға тәжірибенің аяқталғаны туралы бұйрықтың көшірмесін, тәжірибеден өтуші туралы ұсыныс, пікірін қоса жолдайды.
      18. Жұмыс берушінің шешімі бойынша жұмыссыз азамат Жастар тәжірибесінің мерзімі аяқталмай тұрып тұрақты жұмысқа орналастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда Жұмыс беруші Уәкілетті органға Жастар тәжірибесіне қатысушының жұмысқа қабылданғаны туралы бұйрықтың көшірмесін жібереді.
      19. Жастар тәжірибесінен өткеннен кейін осы немесе басқа кәсіпорынға тұрақ-ты (уақытша) орналастырылмаған азамат Уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұруын жалғастырады.

Жастар тәжірибесін қаржыландыру

      20. Жастар тәжірибесін қаржыландыру бюджет қаржысы есебінен «Жұмыспен қамту бағдарламасы» 002 бағдарламасы бойынша «Республикалық бюджеттен әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі бағдарламаларын кеңейтуге ағымдағы мақсатты трансферттерінің» 103 кіші бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
      21. Жастар тәжірибесіне қатысушыларға «Уәкілетті орган» «Жастар тәжірибесіне» қатысушымен жасалған еңбек шартының негізінде нақты жұмыс атқарған уақыты үшін айына 20 мың теңгеден аспайтын мөлшерде еңбек ақы төлейді.
      22. Уәкілетті орган жастар тәжірибесіне қатысушылардың еңбекақысын төлеуді олардың жеке есеп шоттарына аудару арқылы жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады