Шиелі ауданы аумағын көріктендіру ережесі туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәслихатының 2010 жылғы 30 маусымдағы N 33/4 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаменті Шиелі аудандық Әділет басқармасында 2010 жылы 21 шілдеде N 10-9-122 тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәслихатының 2011 жылғы 14 қарашадағы N 51/4 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәслихатының 2011.11.14 N 51/4 шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 3 бабының 2 тармағын және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 1 тармағының 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, аудан әкімінің 2010 жылғы 23 маусымдағы N 1-/881 ұсыныс хатына сәйкес аудандық мәслихат (кезекті XXXIII сессиясы) ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Шиелі ауданы аумағын көріктендіру Ережесі" бекітілсін.
      2. Осы шешім ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың хатшысы                   С.Қ. Оразымбетов

      КЕЛІСІЛДІ

      Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы            Е.К. Ахметов

      Аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық
      қадағалау басқармасының бастығы                  Ғ. Бержаппаров

      Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің
      бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі        М. Абдраимов
 

2010 жылғы "30" маусымдағы
N 33/4 шешімімен бекітілген

Шиелі ауданы аумағын көріктендіру Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Шиелі ауданы аумағын көріктендіру Ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 3 бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабына сәйкес әзірленді.
      2. Ереже Шиелі ауданы елді мекендерін көріктендіру саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қарым-қатынасын реттейді.
      3. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) көріктендіру - адамның өмір тіршілігіне ыңғайлы, жайлы және
қауіпсіз ортаны қамтамасыз ететін элементтер мен жұмыстар кешені;
      2) бекітілген аумақ - санитарлық ұстау және көріктендіруді ұйымдастыру жұмыстары кезінде бекітілген аумақ субъектілерінің келісімі бойынша тазарту және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу үшін бекітіліп берілген учаске;
      3) бөлінген аумақ - заңнамада қарастырылған, құқықтарымен жеке және заңды тұлғаларға берілген (бекітілген), құрылыс құжаттарында және мемлекеттік жер кадастрында белгіленген ауданы, шекарасы, тұрған жері, заңдық мәртебесі және басқа сипаттарға ие болатын елді мекен аймағының бөлігі;
      4) жерді пайдаланушы - мақсаты мен меншік түріне қарамастан аудан, елді мекен шегіндегі жер телімдерін пайдаланушы заңды немесе жеке тұлғалар;
      5) шағын сәулеттік пішіндер - әсемдік үшін және іске жарамды
сипаттағы нысандар;
      6) өтпе жолдар (жүргін бөлік, өтетін жол) - тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорыңдарға және шағын мөлтек аудандар, орамдар ішіндегі қалалық құрылыс нысандарына көліктердің кіруін қамтамасыз етуші жол элементі;
      7) тротуар - жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолға жалғасып немесе одан көгалдармен немесе көгалдармен бөлініп жатқан жолдың бөлігі;
      8) өндірістік және тұтыну қалдықтары - өндіру және тұтыну кезінде өздерінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан шикізат қалдықтары, материалдар, жартылай өңделген өнімдердің, басқа да бұйымдар мен тағамдардың қалдықтары;
      9) қатты тұрмыстық қалдықтар - тұтынудың тұрмыстық қалдықтары;
      10) коммуналдық қалдықтар - елді мекендерде, оның ішінде адамның тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болған тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы және жиналу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндіріс қалдықтары;
      11) ірі көлемді қалдық - өзінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан, өздерінің көлемі бойынша қоқыс жинайтын автокөлікпен тасымалдауға келмейтін қолданыстың және шаруашылық қызметінің қалдықтары;
      12) жөн-жосықсыз төгілетін қоқыстар үйінділері - заңды және жеке тұлғалардың жұмысы кезінде пайда болған коммуналдық қалдықтар, ірі көлемді қалдық, өндіріс және құрылыс қалдықтары, басқа да қоқыстар, қар, мұздарды шығару (орналастыру) немесе үю;
      13) қатты тұрмыстық қалдықтар және ірі көлемді қалдықтарды шығару-қалдықтарды шығару және ауданы тазалау және оларды арнайы орындарға апаруға байланысты шаралар кешені;
      14) уәкілетті орган - аумақта көріктендіру жұмыстарын жүргізуге
(ұйымдастыруға) тиісті уәкілдік берілген жергілікті атқарушы органдар.

2. Елді мекендерді таза ұстау

      4. Жалпы пайдаланудағы орындардың тазалануы мен ұсталуы келесі жұмыстарды қамтиды:
      1) шағын көлемді қалдықтарды шығару;
      2) ірі көлемді қалдықтарды шығару;
      3) жазғы маусымда сыпыру, су шашу мен жуу;
      4) қамыс пен басқа да жабайы өсімдіктерді шабу және шығару;
      5) қоршаулар мен шағын сәулетті пішіндерді жөндеу мен сырлау;
      6) қысқы маусымда көлік жолдарын тазалау;
      7) механикаландырылған түрде қарды тазалау және артып шығару.

3. Көлік жолдарын тазалау

      5. Көшелердің көлік жолдарын, алаңдарды, аудандық және ауылдық жол желілерін, көлік тоқтайтын орындарды тазалауды уәкілетті органмен шарт жасасқан тұлғалар жүргізеді.
      6. Жолдардың жиектері ірі көлемді және басқа да қоқыстардан тазартылуы тиіс. Жұмыстарды жүргізу кезінде қоқыстарды көшелердің жүргін бөлігіне және көлік жолдарына шығаруға болмайды.

4. Жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту жұмыстары

      7. Тротуарларды   тазалау,    сондай-ақ   инженерлік   құрылыстар   мен баспалдаққа шығатын жерлерге жалғасқан техникалық тротуарларды (кіре беріс   жолдарын)   жинауды   осы   инженерлік   құрылыстардың   иесі   болып табылатын тиісті тұлғалар жүргізуі тиіс.
      8. Көшелердің көлік жолдарынан көгалмен бөлінген тротуарларды және тұрғын үй ғимараттарынан тікелей шығатын жолдары бар аулаларды, мекеме, кәсіпорындар, сауда-саттық және қызмет көрсету нысандарының аулаларына кіретін жолдарын тазартуды бекітілген аумақтарға сәйкес тиісті тұлғалар жүргізуге тиіс.
      9. Тротуарлар   толығымен   топырақ-құмнан, әртүрлі қоқыстардан тазартылуы қажет.

5. Қысқы маусымда аудан аумақтарын тазалаудың ерекшеліктері

      10. Саябақтардағы, бақтардағы, скверлердегі, бульварлардағы жолдарды және басқа жасыл аймақтарды тазалау кезінде, осы мақсаттарға дайындалған алаңшаларға, жасыл отырғызғылардың сақталуы мен еріген сулардың ағуын қамтамасыз еткен жағдайда, құрамында химиялық қоспалары жоқ қарларды үюге рұқсат беріледі.
      11. Қысқы кезеңде жолдар, бақ орындықтары, қоқыс салатын жәшіктер және басқа да элементтер мен кіші сәулет пішіндері, сондай-ақ олардың алдындағы және бүйірлеріндегі жерлер, оларға баратын жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы керек.
      12. Қар үйінділерін жинауға болмайтын жерлер:
      бір деңгейде барлық жолдар мен көшелердің және кіру жолдарының қиылыстарында және теміржолға жақын жолдарда;
      көліктік қоршаулармен жабдықталған немесе көтеріңкі жиектемелері бар жол учаскелерінде;
      тротуарлар мен көгалдарға.
      13. Жолдан қарды арнайы дайындалған орындарға шығару қажет.
      14. Тротуарлар түскен және қатып қалған мұзды қардан бүкіл ені
бойынша толығымен тазартылу керек.
      15. Үйлердің аулаларынан және жолдардан тазартылған қар автокөліктер мен жаяулар қозғалысына кедергі жасамайтын орындарға жиналу қажет.
      16. Тұрғын үй аулаларының ішкі жағына қарды жинағанда еріген қар суының қалай ағатынын алдын ала ескеру керек.

6. Тазалықты қамтамасыз ету

      17. Елді мекен аумағында тұрмыс және құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, бос ыдыстарды, ағаш кесінділерін, түскен жапырақтарды тастауға, шығарылған қарды үюге жол берілмейді.
      18. Көшелерде, жалпы пайдалану орындарында қоқыстарды,
жапырақтарды, бос ыдыстарды, өндіріс, тұрмыстық және коммуналдық
қалдықтарды өртеуге, от жағуға жол берілмейді.
      19. Су айдынына өндірістік кәсіпорындардан шыққан тазаланбаған суды және жеке меншік секторының ағын суларын жіберуге жол берілмейді.
      20. Жалпы пайдаланатын жерлерде, суағар жанында мал суаруға, су айдындарында, көпшілік демалатын орындарда, тұрғын үйлердің кіре берістерінде автокөліктерді жууға, тазалауға және жөндеуге болмайды.
      21. Топырақты, қоқысты, шашылатын құрылыс материалдарын, жеңіл ыдыстарды, жапырақтарды, кесілген ағаштарды жолдарды ластауға жол бермейтін брезентпен немесе басқа материалмен жабылмаған күйінде тасуға болмайды.
      22. Көшелер мен саябақтарда, стадион, мектеп жанындағы учаскелер мен басқа да қоғамдық орындарда мал, құсты бағуға, жаюға болмайды.
      23. Арнайы белгіленген жерлерден басқа орындарға хабарландырулар, баспа, үгіт материалдарын, көрнекі ақпараттық материалдарды орналастыруға болмайды. Осы өнімдердің басқа да жерлерге ілінуі тиісті нысанның меншік иесінің келісімімен жүргізіледі.

7. Қалдықтарды жинау, уақытша сақтау және шығару

      24. Елді мекендер аумағында, тұрғын үйлер мен ғимараттар, мекеме, кәсіпорындарда, сауда-саттық нысандарында тұрмыстық және коммуналдық қалдықтарды жинау үшін арнайы орындар болуы керек.
      25. Вокзалдарда, базарларда, сауда үйлерінде, тамақтандыру
орындарында, әуежайларда, саябақтарда, демалыс орындарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде және басқа көпшілік пайдаланатын орындарда, көшелерде, жолаушылар тасымалдау көліктері аялдамаларында, сауда нысандарының кіре берістерінде қоқыс жәшіктері орнатылуы тиіс.
      26. Қоқыс жәшіктерін орнату мен тазалау тиісті шарт жасасқан
тұлғалармен немесе иелігінде (қолданысында) қоқыс жәшіктері бар
субъектілермен жүргізеді.

8. Шағын сәулеттік пішіндерді күтіп ұстау

      27. Тұрғын үй ғимараттары аумағы, қоғамдық аймақтар, гүлзарлар, көшелер, саябақтар, алаңдар демалу үшін шағын сәулеттік пішіндермен гүлзарлар, орындықтар, арнайы жәшіктермен, субұрқақтармен, балалар ойындарына арналған қондырғылармен, ересек адамдардың демалуына арналған орындармен жабдықталады. Шағын сәулеттік нысандардың иелері заңды және жеке тұлғалар оларды ауыстыруы және күтіп ұстауы тиіс.

9. Ықшам аудандар мен тұрғын үй аумақтарының көгалдандырылуы

      28. Ықшам аудандар мен тұрғын үй аумақтарына бөлінген жерлерде төмендегі тәртіп сақталуы тиіс:
      аулаларға өздігінен түрлі шаруашылық немесе қосалқы құрылыс (гараждар және басқа) салуға жол бермеу;
      ауланың ішкі аумақтарына құрылыс материалдарын үюге жол бермеу;
      өзінің  теңгеріміндегі  (шаруашылық  жүргізуші  немесе  жедел  басқару) инженерлік желілерді қалыпты жағдайда ұстау, құдықтарды уақытында қарап, тазарту;
      шағын сәулет пішіндерін, спорттық, ойын, балалар мен шаруашылық алаңшаларының жабдықтарын, қоршауларын қалыпты жағдайда ұстау, олардың сыртқы түрінің ұқыптылығын сақтау.

10. Апаттық жұмыстарды жүргізу

      29. Қалыпты жұмыс тәртібінің бұзылуына, не болмаса азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруге, су нысандарының ластануына әкелетін жер асты және жер үсті коммуникацияларында құрылыс жүргізу барысында апаттар орын алған жағдайда, тез арада олардың қалыпты жұмыс істеуі үшін жедел шаралар қабылдануы керек.
      30. Апат туындаған жағдайда инженерлік коммуникациялар мен құрылғылардың иесі, пайдаланушы ұйымға апатты және оның салдарын жоюдың жедел шараларын жасауды ұсынуы тиіс. Бұл жағдайда мыналар: адамдар мен көлік қозғалысының қауіпсіздігі, сондай-ақ қатар орналасқан жерасты және жерүсті ғимараттарының, инфрақұрылым нысандарының, жасыл желектердің сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс.
      31. Апаттық бригаданы апат орнына жіберумен қатар пайдаланушы ұйым апаттың сипаты мен орны жайында аудан әкімдігіне, осы апат ауданында жерасты және жерүсті құрылғылары бар ұйымдарға және басқа да мүдделі қызметтерге хабарлауы тиіс.
      32. Жер асты инженерлік коммуникацияларының иелері жолдардың төсемдермен, тротуарлармен, көгалдармен және құдықтардың қақпақтарымен бір деңгейде, қалыпты жағдайда ұстауды, сонымен қатар коммуникациялардың қанағаттанарлықсыз жағдайынан пайда болған жолдардың бұзылған шегінде төсемдерін қалпына келтіріп, жөндеуді қамтамасыз етуі тиіс;
      Құдықтардың қақпақтарының бар болуын және қалыпты жағдайда болуын бақылауды және оларды уақытында., ауыстырып, жоғалған кезде орнына қоюды жүзеге асыруы тиіс.

11. Шиелі ауданы елді мекендерінің аумағын көріктендіру Ережесінің талаптары бұзылмауын жүзеге асыратын органдар

      33. Осы Ереженің сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау, ішкі істер, сәулет-құрылыс, өртке қарсы және санитарлық бақылау, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдар мен олардың құзыретінің шегінде Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жүргізеді.
      34. Елді мекенді көріктендіру жағдайын жалпы бақылауды және функционалдық міндеттерге сәйкес мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының іс-қимылдарын үйлестіруді (оның ішінде аралап өту, зерттеулер және басқалар) жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады