Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарын (жиындарын) өткізу және шешімдер қабылдау Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2010 жылғы 30 шілдедегі № 23-6 шешімі. Батыс Қазақстан облысының Әділет басқармасында 2010 жылғы 31 тамызда № 3051 тіркелді. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2013 жылғы 28 тамыздағы № 12-5 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2013.08.28 № 12-5 шешімімен

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Облыстық мәслихаттың "Батыс Қазақстан облысында жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарын (жиындарын) өткізу және онда шешім қабылдау Тәртібі туралы" 2009 жылғы 18 тамыздағы № 13–8 шешімі жойылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Батыс Қазақстан облысында жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарын (жиындарын) өткізу және шешімдер қабылдау Қағидасы бекітілсін.
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы                  А. Василец
      Облыстық мәслихат хатшысы        М. Құлшар

Облыстық мәслихаттың
2010 жылғы 30 шілдедегі
№ 23-6 шешімімен бекітілді

Батыс Қазақстан облысында
жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарын
(жиындарын) өткізу және онда шешім қабылдау
ҚАҒИДАСЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңын жүзеге асыру мақсатында қабылданды және Батыс Қазақстан облысында жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) өткізу және шешімдер қабылдау тәртібін анықтайды.
      2. Негізгі түсініктер:
      жергілікті қоғамдастық - шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
      жергілікті өзін-өзі басқару - халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
      жергілікті өзін-өзі басқару органдары - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөнінде міндеттер жүктелген органдар;
      жергілікті маңызы бар мәселелелер - реттелуі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық (селолық) округтер, ауылдық (селолық) округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл (село) қызметінің мәселелері;
      жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары (жиындары) - жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылауға, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің тікелей қатысуға ерік білдіруі. Қазақстан Республикасының азаматын жергілікті қоғамдастық мүшесі деп тануға жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асыратын әкімшілік–аумақтық бөлініс шекарасының аумағындағы тұрғылықты жері бойынша оны тіркеу фактісі негіз болып табылады.
      Жергілікті қоғамдастық аумағында тұрақты тұратын жері бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Заңда немесе халықаралық шартта белгіленген шектерде жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға қатысуға құқығы бар.
      3. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) өткізудің жалпы принциптері:
      жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) жалпыға бірдей, тең және төте өз еркін білдіру негізінде өткізіледі;
      Қазақстан Республикасының азаматтары жергілікті қоғамдастықтың жиналысына (жиынына) дербес қатысады және олардың әрқайсысында бір дауысы болады;
      жергілікті қоғамдастықтың жиналысына (жиынына) қатысу өз ықтиярында және ерікті болып табылады;
      жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) ашық және жариялы өтеді.

2. Жергілікті қоғамдастықтың
жиналысын (жиынын) шақыру

      4. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын органның шешімі негізінде шақырылады және өткізіледі.
      5. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын органдардың немесе жергілікті қоғамдастықтың кемінде 1/3 мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі.
      6. Жергілікті қоғамдастық мүшелері жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын тиісті органға немесе жергілікті атқарушы органдарға азаматтардың жиналысын (жиынын) шақыру бастамасымен ұсыныс беру жолымен өз құқығын жүзеге асырады.

3. Жергілікті қоғамдастықтың
жиналысын (жиынын) әзірлеу

      7. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) әзірлеу және өткізуді, оны өткізу туралы шешім қабылдаған орган қамтамасыз етеді.
      8. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) өткізуді ұйымдастыру үшін, жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын орган немесе жергілікті арқарушы органға, жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) өткізу туралы акт қабылдаумен, бірмезгілде аталған жиналысын (жиынын) ұйымдастыру және өткізу жөнінде комиссия құрады, оның құрам санын және өкілеттігін анықтайды, әзірлік іс-шараларының жоспарын бекітеді.
      9. Жиналысты (жиынды) өткізудің бастамашылары, жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын органдар, қоғамдастық мүшелері жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) әзірлеу кезеңінде, бірақ оны өткізуге дейін 7 күннен кешіктірмей, жиналыстың (жиынның) күн тәртібі бойынша қосымша ұсыныстар енгізуге құқылы.
      Ұсыныстар аталған мәселені қоюдың мән-мағынасы негізделген жазбаша түрінде жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) өткізу туралы шешім қабылдаған органға енгізіледі.
      Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) өткізу туралы шешім қабылдаған орган оны қабылдауға немесе қарамауға құқылы, ол туралы жергілікті қоғамдастықтың жиналысында (жиынында) күн тәртібін бекіту кезінде хабарлануы тиіс.
      10. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын органның немесе жергілікті атқарушы органның жиналысты (жиынды) өткізу туралы шешімі, оның өткізілу мерзіміне дейін екі аптадан кешіктірілмей, күні, уақыты, өткізілетін орны, қаралатын мәселелері және жергілікті қоғамдастық мүшелерінің тізімімен танысу тәртібі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе жергілікті қоғамдастық мүшелері тұратын елді мекенде хабарландыру арқылы қоғамдастық мүшелеріне жеткізіледі.
      Жиналысты (жиынды) өткізу туралы хабарлама жергілікті қоғамдастық мүшелеріне жазбаша түрде жолдануы мүмкін, сондай-ақ жергілікті қоғамдастық мүшелерінің назарына өзге түрде де жеткізіледі.
      11. Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің тізімі тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс әкімімен әзірленеді және жиналысты (жиынды) өткізу туралы шешім қабылдаған, жергілікті басқаруды жүзеге асыратын органға жиналысты (жиынды) өткізгенге дейін бес күннен кешіктірмей тапсырады.
      12. Жиналысты (жиынды) жергілікті қоғамдастық мүшелерінің барлығын бірмезгілде қатыстырып өткізу мүмкін болмаған жағдайда, жиналыстар (жиындар) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жекелеген бөлігімен өткізілуі мүмкін немесе жиналысты (жиынды) өткізу туралы шешім қабылдаған орган, квотаға сәйкес әрбір әкімшіліктік-аумақтық бөліністің жекелеген бөлігінен өкілетті өкілдердің қатысуымен өткізуі мүмкін.

4. Азаматтардың жиналысын (жиынын) өткізу

      13. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысына (жиынына) қатысушыларды тіркеу, оны өткізер алдында тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс әкімімен берілген тізім бойынша жүргізіледі.
      14. Азаматтардың жергілікті қоғамдастық жиналысы (жиыны) жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы санының жартысынан көбі қатысқанда ол құқықты болып саналады.
      15. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) аталған жиналысты (жиынды) өткізу туралы шешім қабылдаған жергілікті басқаруды жүзеге асыратын органның уәкілетті өкілі ашады.
      16. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) жүргізу үшін төраға, хатшы және қажеттілігіне қарай санақ комиссиясы сайланады.
      17. Жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) күн тәртібі келіп түскен ұсыныстарды ескерумен құралады және қатысушылар санының қарапайым көпшілік даусымен бекітіледі. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) шақырудың бастамашылары енгізген мәселелер бірінші кезекте қаралады.
      18. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысының (жиынының) жұмыс регламенті жиналыспен (жиынмен) белгіленеді.

5. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысында
(жиынында) шешімдер қабылдау,
хаттаманы рәсімдеу

      19. Жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) шешімі ашық дауыспен қабылданады.
      20. Жиналыстың (жиынның) шешімі, егер жиналыста (жиында) оған қатысушы жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жартысынан көбі дауыс бергенде қабылданды деп саналады.
      21. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысында (жиынында) хаттама жүргізіледі, онда күні және жиналыстың (жиынның) өткізілетін орны, аталған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны, жиналысқа (жиынға) қатысушылардың немесе өкілдердің саны, төрағаның, хатшының және сайланған жағдайда санақ комиссиясы мүшелерінің аты-жөні, тегі, күн тәртібі, сөйленген сөздердің мазмұны, дауыс нәтижесі және қабылданған шешім көрсетіледі.
      Хаттама екі дана етіп жасалады, оған жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) төрағасы, хатшысы қол қояды және жергілікті қоғамдастықтың аталған жиналысын (жиынын) өткізу туралы шешім қабылдаған жергілікті басқаруды жүзеге асыратын органға тапсырылады.
      22. Тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жекелеген бөліктері бойынша немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің жекелеген бөліктерінің өкілдері қатысқан жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары (жиындары) өткізілген жағдайда, жергілікті қоғамдастық мүшелері пікірлерінің жалпы нәтижелерін анықтау тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің барлық аумағында өткізілген жиналыстардың (жиындардың) шешімдерін жинақтау немесе жиналысқа қатысқан өкілдердің жартысынан көбінің дауыс беруі жолымен жүзеге асырылады.
      Аталған жиналысты (жиынды) өткізу туралы шешім қабылдаған, жергілікті басқаруды жүзеге асыратын орган әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша тұтастай алғанда халықтың пікірлерін белгілейді және қорытынды хаттаманы бекітеді.
      Қорытынды хаттамаға мынадай мәліметтер енгізіледі:
      өткізілген жиналыстар (жиындар) саны;
      тапсырылған жиналыстар (жиындар) хаттамаларының саны;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны;
      жиналыстарға (жиындарға) қатысқан жергілікті қоғамдастық мүшелерінің немесе өкілдерінің жалпы саны;
      жиналыстың (жиынның) қарауына ұсынылған мәселені қолдауға дауыс берген жергілікті қоғамдастық мүшелерінің немесе өкілдердің жалпы саны;
      жиналыстың (жиынның) қарауына ұсынылған мәселеге қарсы дауыс берген жергілікті қоғамдастық мүшелерінің немесе өкілдердің жалпы саны.
      Қорытынды хаттамаға тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жекелеген бөліктерінде өткізілген жиналыстардың (жиындардың) хаттамалары, жиналыстарда (жиындарда) тіркелген жергілікті қоғамдастық мүшелерінің немесе өкілдердің тізімі қоса беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады