Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидасы туралы

Күшін жойған

Астана қаласы мәслихатының 2011 жылғы 27 желтоқсандағы N 538/77-IV шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2012 жылғы 19 қаңтарда нормативтік құқықтық кесімдерді Мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 711 болып енгізілді. Күші жойылды - Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 220/25-VI шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы мәслихатының 12.12.2017 № 220/25-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің 38-бабының 1) тармақшасын, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2-тармағын басшылыққа ала отырып, Астана қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      Кіріспесі жаңа редакцияда - Астана қаласы мәслихатының 2012.12.06. № 91/11-V (осы шешім алғашқы ресми жариялаған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Шешімімен

      1. Қоса берiлiп отырған Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидасы бекiтiлсiн.

      2. Осы шешiм оны алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енедi.

Астана қаласы мәслихаты


сессиясының төрайымы

Г. Данбаева

Астана қаласы


мәслихатының хатшысы

Ж. Нұркенов

КЕЛІСІЛДІ:


"Астана қаласының Табиғи


ресурстар және табиғат пайдалануды


реттеу басқармасы" (ТР ж ТПР) ММ


бастығы

М. Іргебаев

"Мемлекеттік санитарлық-


эпидемиологиялық қадағалау


комитетінің Астана қаласы


бойынша департаменті"


(МСЭҚКД) ММ бастығы

С. Бейсенова

27 желтоқсан 2011 жыл



  Астана қаласы мәслихатының
2011 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 538/77-IV шешiмiмен
бекiтiлген

Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану
ҚАҒИДАСЫ
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидасы (бұдан әрі – Қағида) 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексiнің 38-бабының 1) тармақшасына, 65, 92-баптарына, "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы № 1215 қаулысына сәйкес әзірленді.

      1-тармақ жаңа редакцияда - Астана қаласы мәслихатының 2012.12.06. № 91/11-V (осы шешім алғашқы ресми жариялаған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Шешімімен

      2. Қағида азаматтығы мен меншік түріне қарамастан, барлық заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың орындауына міндетті Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекаралары аумағында орналасқан су объектілерінде ортақ су пайдалану тәртібін реттейді.

      3. Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану бойынша қызметтерді үйлестіруді және ұйымдастыруды қала әкімдігінің лауазымды тұлғалары, уәкілетті басқарма органдары, қаланың су пайдалану мекемелері, кәсіпорындарының басшылары жүзеге асырады.

2. Осы Қағидада қолданылатын негізгі ұғымдар мен түсініктер

      4. Жер үсті су объектілері - шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанында сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы.

      5. Ортақ су пайдалану - халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылатын су пайдалану.

      6. Өзендерге теңестірілген каналдар - суды бір бассейннен екіншісіне, сондай-ақ бір өзен жүйесінен екіншісіне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар.

      7. Санитарлық қорғау аймағы - су сапасы нашарлауының алдын алу үшін сумен жабдықтау көзін (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатында белгіленген режим сақталуға тиіс сумен жабдықтау көзі мен су құбыры құрылыстарының төңірегінде арнайы бөлінетін аумақ.

      8. Су бұру - сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы.

      9. Су қорғау аймағы - судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметінің арнайы режимі белгіленетін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарына іргелес аумақ.

      10. Су объектілерін қорғау - су объектілерін сақтауға, қалпына келтіруге және ұдайы молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған қызмет.

      11. Су объектілерін пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін су объектілерінің пайдалы табиғи қасиеттерін алу.

      12. Су объектісінің бассейні - гидравликалық жағынан байланысты су айдындары мен ағын сулардың су жинау алаңдарын қамтитын аумақ.

      13. Су пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану.

      14. Су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға.

      15. Су режимі - су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі.

      16. Су тұтынушы - су объектілерінен су тұтынушы немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерін пайдаланушы және сумен жабдықтау жүйелерінен су алушы жеке немесе заңды тұлға.

      17. Сулар - су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығы.

      18. Сумен жабдықтау - суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы.

      19. Табиғатты пайдалануды реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өкілеттігі Астана қаласының әкімдігімен анықталатын сумен қамтамасыз ету және су бұру саласындағы басшылық пен үйлестіруді жүзеге асыратын орган.

3. Ортақ су пайдалану

      20. Ортақ су пайдалануға келесі су объектілерін пайдалану жатады:

      техникалық құралдарын қолданбай, жер үсті көздерінен су алу кезінде;

      рекреациялық мақсатта, бұқаралық демалыс, туризм және спорттық мақсатта, сел қауіптілігін ықтимал туындатуы мүмкін су объектілерін қоспағанда;

      кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;

      мал суару үшін.

      21. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      22. Ортақ су пайдалану ортақ су пайдалану объектілерімен қатар ортақ су пайдалануға жатпайтын су объектілерінде жүзеге асырылады және арнайы рұқсаттың болуын қажет етпейді. 2003 жылғы 9 шілдедегі № 481 Қазақстан Республикасы Су кодексімен көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне қоршаулар, күзет қосындарын, тыйым салатын белгілер орнатумен халықтың кіруіне шектеу қоюға тыйым салынады.

      23. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.

      24. Көліктік бақылау саласындағы инспекциямен келісілген, жолаушылар көлігі саласындағы уәкілетті органға ұсыну бойынша Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі Есіл өзені мен арналар бассейніндегі кеме қатынасы жолдарына жол жұмыстарын жүргізу Астана қаласы әкімдігімен қамтамасыз етіледі.

      25. Жыл сайын көпшілік шомылатын орындарды Астана қаласы аудандарының әкімдері анықтайды.

      26. Жағажайлардың, демалыс аймақтарының аумағын тазалау, жыл сайын таза құм төгу, құмның үстiңгi бетiн механикалық қопсыту, жиналған қалдықтарды жою жұмыстарын меншiк иелерi, жалға алушылар және ол аумақтар бекiтiлiп берiлген (жалға алған) тұлғалар атқарады. Жағажай аумағы шешiнетiн орындармен және қоғамдық әжетханалармен жабдықталады. Жағажайдың техникалық персоналы жағажай жабылғаннан кейiн жағалауда, шешiнетiн орында, әжетханада, көгалда негiзгi тазалау жұмыстарын жүргізіп, астауларды тазалап, әжетханаларды залалсыздандырады. Күндiз ағымдағы тазалық жұмыстары жүргiзiледi.

      27. Жағажайдың порттарға, шлюздерге, гидроэлектростанцияларға, ағынды суды жіберетін орындарға, малдардың тұрағына және суарылатын жеріне және басқа да ластау көздеріне алыс немесе жоғарыда көрсетілген ластау көздерінен кемінде 500 метр ара қашықтықта жоғары орналасады:

      1) жағажайларды шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғау аумағының бірінші белдігінің шекарасында орналастыруға жол берілмейді;

      2) жағажайдың аумағын таңдаған кезде қолайсыз және қауіпті табиғи факторлардың мүмкіндігін болдырмау қажет. Жағалау шөккен, жарсыз және шұңқырсыз болуы тиіс. Сазбалшықты учаскелерге жағажай құруға жол берілмейді;

      3) шомылатын жерлерде су айдынының температурасы төмен жер асты суларының шығатын көздері, айқындалған және жылдам су иірімдері, шұңқырлар және үлкен толқындар болмауы тиіс;

      4) судың ағу жылдамдығы 0,5 метр секундқа аспауы тиіс. Су айдынының түбі құмды болуы тиіс, балдырлардан, бұтақтардан, үшкір тастардан таза болуы тиіс. Судың шомылатын жерінің тереңдігі 1,3 метрден аспауы тиіс;

      5) жағажайдың ең кіші алаңы бір орынға 4 шаршы метр болуы тиіс.

      28. Жағажайдың аумағында күннен тасалайтын қалқандар, сырланған жататын орындар мен орындықтар, себезгілер, киім ауыстыруға арналған кабиналар, әжетханалар, ауыз су бұрқақтары мынадай есеппен жабдықталады:

      1) киім ауыстыруға арналған 50 адамға бір кабина;

      2) 40 адамға бір себезгі кабина;

      3) 75 адамға бір әжетхана;

      4) 100 адамға бір ауыз су бұрқағы.

      29. Шомылуға арналған су бетінің шекарасы қызыл түсті қалқымалы белгілермен белгіленеді.

      30. Су өткізбейтін шұңқыры бар әжетханалар су айдынынан кемінде 50 метр қашықтықта және жағажай шекарасынан кемінде 30 метр арақашықтықта орналасады.

      31. Жағажайлар медициналық көмек қосынымен жабдықталады.

      32. Су айдынындағы суды шомылатын кезеңнің басында жыл сайын кемінде екі рет химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша химиялық-микробиологиялық тексеруден өткізу қажет. Шомылу кезеңінде су айдынындағы су айына кемінде екі рет химиялық-микробиологиялық тексеруден өткізіледі (сынама кемінде екі жерден алынады). Су шомылу аймағынан бір километр жоғары ара қашықтықтағы ағыннан және шомылу аймағының екі жағынан 0,1-1,0 километр ара қашықтықтағы судан, сондай-ақ шомылу аймағының шекарасында алынады.

      33. Суаттық алаңдарды жайластыру бойынша іс-шараларын Астана қаласы аудандарының әкімдері жүргізеді.

      34. Кіші кеме және басқа да жүзу құралдарына жүзуге тыйым салынған орындар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 шілдедегі № 798 қаулысымен бекітілген кіші кемелерді және олардың тұрақтауы үшін базаларды (құрылыстарын) пайдалану қағидасымен бекітіледі.

      35. Су пайдаланушылар су қорғау іс-шараларын жүзеге асыруға, белгіленген нормативтерден асатын зиянды заттардың ағызылуына жол бермеуге, жер үсті және жер асты суларынан су жинау алаңының ластануына жол бермеуге, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органның және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөніндегі уәкілетті органның тиісті негіздемесі мен шешімінсіз ауыз су сапасындағы суды өндірістік және басқа мұқтаждарға пайдалануға жол бермеуге тиіс.

      36. Су шаруашылығы құрылыстарының меншік иелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың техникалық жай-күйінің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікте болады.

      37. Суда азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, су объектілері иелерінің, су пайдаланушылар мен ұйымдардың (меншік нысанына қарамастан) міндеттері мен жауапкершіліктері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен анықталады.

      38. Су шаруашылығы құрылыстарының қауiпсiздiгi меншiк иелерінің қамтамасыз етуін қадағалауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

4. Ерекше жағдайдағы ортақ су пайдалану

      39. Мемлекеттің қауіпсіздігі және еліміздің қорғанысын, халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны және тарихи-мәдени мұраларды, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес басқа тұлғалардың заңды және құқықтық мүдделерін қорғау мақсатында жеке су объектілері мен олардың бөліктері пайдалануға шектелуі, тоқтатылуы және тыйым салынуы мүмкін. Су объектілерін ауыл шаруашылығы мұқтажына пайдалану жалпы және арнайы су пайдалану тәртібімен Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - Астана қаласы мәслихатының 24.06.2015 № 384/54-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      40. Су жағдайына әсер ететін кәсіпорындардың құрылысы мен басқа да құрылыстарға жер учаскелерін бөлу (пайдалануға рұқсат) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 ақпандағы № 130 қаулысымен бекітілген Судың жай-күйiне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды келісу, оларды орналастыру және пайдалануға беру, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс және басқа да жұмыстар жүргiзу шарттарын бекiту ережесiне сәйкес, Астана қаласы әкімдігінің тиісті құрылымдық бөлімшелерімен жүзеге асырылады.

      41. Оқшау немесе бірлесе пайдалануға берілген су айдындарында осы Қағидамен белгіленген орта су пайдаланудың талаптары ескеріледі.

      42. Ортақ су пайдалануға шарттар немесе тыйым салуды белгілеу үшін оқшау немесе бірлесе су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы Астана қаласының мәслихатына ортақ су пайдалану шарттарын белгілеу немесе тыйым салу қажеттілігін негіздейтін ұсыныс ұсынуы қажет. Ортақ су пайдалану шарттарын белгілеу немесе тыйым салу негізсіз болған жағдайда, Астана қаласының мәслихаты себептерін көрсетумен, ортақ суды пайдаланудың ұсынылған шарттары немесе тыйым салудан бас тарту туралы су пайдаланушыға жазбаша хабарлайды.

      43. Су пайдалану құқығын шектеу халықтың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждары үшін су ресурстарын пайдалану жағдайын нашарлатпауға тиiс.

      44. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезiнде жеке және заңды тұлғалар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен оны жергiлiктi атқарушы органдарында мiндеттi түрде тiркеп, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның тұтас алғанда осы су объектiлерiне оң қорытындысы болған жағдайда тiкелей жер үстi және жер асты су объектiлерiнен су алуға құқылы.

      45. Су объектілерін және су шаруашылығы құрылыстарын санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау үшін ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен жолдарын белгілейді.

      46. Ортақ су пайдалануға тыйым салу немесе оны шектеу жөніндегі ақпараттық белгілерді орнату бойынша шығындарды осы су объектілері оларға жеке немесе бірлесіп пайдалануға берілген жеке және заңды тұлғалар өткереді.

      47. Бекітілмеген су объектілеріне Қағиданы бұзғаны үшін айыппұлдар мөлшерлері туралы ескертуімен тыйым салатын белгілер, плакаттарды орнату жергілікті атқарушы органдармен қамтамасыз етіледі.

      48. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан сонымен қатар, көпшілік демалу орындарынан, мәдени-тұрмыстық, рекреациялық және спорттық мақсаттағы жерлерден тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртiбiмен жол берiледi.

      49. Астана қаласының мәслихаты суда жүзетін жабайы құстар, бағалы терілі аң түрлері, балық ресурстары және су жануарларының тіршілік ортасы болып танылған су объектілерінде ұя салу және уылдырық шашу кезеңінде ортақ суды пайдалану құқығына шектеу белгілейді.

      50. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 наурыздағы № 246 қаулысымен бекітілген Балық аулау ережесін сақтаумен, орталықтандырылған шаруашылық-ауыз суды қамтамасыз ету ретінде пайдаланылатын бірінші санаттағы су айдындарын, су алуды қорғау аумақтарын, қорықтарды, балық питомниктерін, тоғандар мен басқа да мәдени тауарлық балық шаруашылықтарын қоспағанда, балықшыға бір шыққанда бес килограммға дейін әуесқой және спорттық балық аулау, басқа су жануарлары мен өсімдіктерін кез-келген су айдындарында жеке қажеттігіне олжа етуге барлық азаматтарға ақысыз рұқсат етіледі.

      51. Астана қаласының жер үсті су объектілері – Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекараларында орналасқан кеме қатынасы санатына жататын Есіл өзені бассейніндегі су айдындары ортақ су пайдаланудың су жолдары болып табылады.

      52. Қауіпсіздік және кеме қатынасы, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, жүктерді сақтау мақсатында жүзеге асырылатын кеме қозғалыстарын шектеу немесе тыйым салу 2004 жылғы 6 шілдедегі "Ішкі су көлігі туралы" және 2002 жылғы 17 қаңтардағы "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарымен реттеледі.

      53. Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекараларындағы су объектілерінде кеме тоқтайтын орындар көліктік бақылау саласындағы тиісті инспекциямен келісім бойынша Астана қаласы аумағында жолаушылар көлігі саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын Астана қаласы әкімдігімен уәкілетті атқарушы органның рұқсатымен белгіленеді.

      54. Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекараларындағы су объектілерінде арнайы бөлінген жерлерден тыс орындарда кемелердің тоқтауына тыйым салынады.

      55. Су объектілеріне, жағалауға және жағалауға жақын су айдыны аумақтарына сұйық (оның ішінде мұнай өнімдері) мен қатты қалдықтарды тастауға, сондай-ақ кемелерден ағынды ағызуға жол берілмейді. Кемелерді пайдалану кезінде қалыптасатын мұнай өнімдерін, қатты қалдықтар және қоқыстарды жинау және бейтараптандыру, ағынды суларды ағызу Қазақстан Республикасының санитарлық ережелері мен нормалары талаптарымен және экологиялық заңдарына сәйкес тұрақтау орындарында жүзеге асырылады.

      56. Тұрғындарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, арнайы ақпараттық белгiлермен немесе басқа да тәсілдермен шомылуға тыйым салу және ортақ су пайдаланудың басқа шарттары туралы хабарландырады.

5. Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалануды бақылау

      57. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Қағиданың сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау, көліктік бақылау, санитарлық қадағалау және өз құзыреті шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы органдар жүзеге асырады.

      58. Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалануды бақылауды мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының комиссиялық тексерулері мен зерттеулерін жүргізген кезде, үйлестіруді уәкілетті орган жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады