Азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Лисаков қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 16 ақпандағы № 104 қаулысы. Қостанай облысы Лисаков қаласының Әділет басқармасында 2011 жылғы 14 наурызда № 9-4-180 тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Лисаков қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 21 маусымдағы № 326 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Лисаков қаласы әкімдігінің 2011.06.21 № 326 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31-бабы 1-тармағының 1-3)14) тармақшасына, "Жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу" мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіту туралы" Қостанай облысы әкімдігінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 106 қаулысына сәйкес, "Лисаков қаласының 2011-2013 жылдарға арналған бюджеті туралы" Лисаков қалалық мәслихатының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 385 шешімін іске асыру мақсатында Лисаков қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Анықталсын:
      осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Лисаков қаласының бюджетінен төлемдер түрінде әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтардың санаттары;
      осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау үшін қажетті құжаттардың тізбесі.
      2. Әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті орган "Лисаков қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі болып анықталсын (бұдан әрі – уәкілетті орган).
      3. Әлеуметтік көмек тағайындағанда тағайындау туралы немесе бас тарту туралы шешім азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі комиссияның ұсынысын есепке ала отырып қабылданады.
      4. Әлеуметтік көмекті қаржыландыру "Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек" бюджеттік бағдарлама қаражатының шегінде жүргізілсін.
      5. Әлеуметтік көмектің барлық түрлерінің төлемдері уәкілетті орган ұсынған тізімдерге сәйкес екінші деңгейдегі банктер немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банктік операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы әлеуметтік көмек алушының банктік есепшотына ақшалай қаражатты аудару арқылы жүзеге асырылсын.
      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Ә.С. Сапароваға жүктелсін.
      7. Осы қаулы оны алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Лисаков қаласының әкімі                    В. Радченко


Лисаков қаласы әкімдігінің 
2011 жылғы 16 ақпандағы   
№ 104 қаулысына 1-қосымша  

Лисаков қаласының бюджетінен төлем түрінде әлеуметтік
көмек көрсетілетін азаматтардың санаттары

      1. Біржолғы әлеуметтік көмек:
      1) мәжбүрлеп емделуі аяқталған соң арнайы туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға қосымша тамақтануға;
      көмектің мөлшері он айлық есептік көрсеткішті құрайды;
      2) жоғары білім алу кезіңде оқудың құнына байланысты шығыстарды өтеу үшін халықтың әлеуметтік қорғалған топтарына жататын, табыстары күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың, жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқитын жастарға;
      әлеуметтік көмек семестрдің қорытындылары бойынша тағайындалады және жылына 2 рет бөлшектеліп төленеді.
      3) табысы аз отбасылардың қайтыс болған кәмелетке толмаған балаларды жерлеуге он бес есе айлық көрсеткіш мөлшерінде; әлеуметтік көмек, егер бала қайтыс болған күні ата-анасының біреуі немесе өзге заңды өкілі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда төленеді;
      4) отбасындағы жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен қайтыс болған жұмыссыз азаматтарды жерлеуге жиырма есе айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      жерлеуге арналған әлеуметтік көмек қайтыс болған сәтте жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органда жұмыссыз ретінде ресми тіркелген қайтыс болған жұмыссыздардың отбасы мүшелеріне немесе жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға тағайындалады және төленеді;
      5) халықтың әлеуметтік қорғалған топтарына жататын, жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің мөлшерінен төмен азаматтарға;
      әлеуметтік көмектің мөлшері жеті есе айлық есептік көрсеткішті құрайды;
      6) барлық санаттағы мүгедектерге табысына қарамастан жедел емделуге;
      әлеуметтік көмек емделуге байланысты шығындар құнының мөлшерінде тағайындалады, бірақ кемінде елу есе айлық есептік көрсеткіш;
      7) Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің күніне орай Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне бес мың теңге мөлшерінде, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға және соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген басқа санаттағы тұлғаларға екі мың теңге мөлшерінде көрсетіледі.
      2. Ай сайын қосымша әлеуметтік көмек:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне төрт айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
 

Лисаков қаласы әкімдігінің 
2011 жылғы 16 ақпандағы   
№ 104 қаулысына 2-қосымша  

Азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік
көмек тағайындау үшін қажетті құжаттардың тізбесі

      1. Әлеуметтік көмек тағайындау үшін міндетті құжаттар:
      әлеуметтік көмек көрсету үшін өтініш жасаған адамның өтініші;
      өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі;
      азаматтардың тіркеу кітабының көшірмесі немесе тұрғылықты жерін растайтын құжат;
      салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН);
      әлеуметтік көмек алушының банктік есепшотының нөмірі болып табылады.
      2. Біржолғы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қосымша мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) мәжбүрлеп емделуі аяқталған соң арнайы туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға қосымша тамақтануға:
      арнайы туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан аурудың емделуде болғанын растайтын анықтама;
      баланың туу туралы куәліктің көшірмесі (кәмелетке толмаған балалар үшін);
      2) жоғары білім алу кезіңде оқудың құнына байланысты шығыстарды өтеу үшін халықтың әлеуметтік қорғалған топтарына жататын, табыстары күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың жастарына:
      оқу орнын және оқу жылына төлем мөлшерін растайтын тиісті білім ұйымдарымен берілген құжат;
      өтініш иесінің мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі;
      өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанға табыстары туралы мәліметті растайтын анықтама;
      3) табысы аз отбасылардан қайтыс болған кәмелетке толмаған балаларды жерлеуге:
      қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі немесе қайтыс болу туралы анықтама;
      жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органнан ата-анасының, өзге заңды өкілінің жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама;
      өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанға табыстары туралы мәліметтерді растайтын анықтама;
      егер қайтыс болған адамның отбасы мүшелерімен жерлеу іске асырылса, өтініш беруші туыстық қарым-қатынастарын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады;
      егер қайтыс болған адамның заңды өкілімен жерлеу іске асырылса, өтініш беруші оның мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады;
      4) отбасындағы жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен қайтыс болған жұмыссыз азаматтарды жерлеуге:
      қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі немесе қайтыс болу туралы анықтама;
      қайтыс болған адамның жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органнан анықтама;
      өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанға табыстары туралы мәліметтерді растайтын анықтама;
      егер қайтыс болған адамның отбасы мүшелерімен жерлеу іске асырылса, өтініш беруші туыстық қарым-қатынастарын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады;
      егер қайтыс болған адамның отбасы мүшелері жерлеуді іске асырмаса, өтініш беруші салттық қызмет көрсетуші ұйымнан жерлеудің іске асырылғанын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады;
      5) халықтың әлеуметтік қорғалған топтарына жататын, жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің мөлшерінен төмен азаматтарға:
      өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанға табыстары туралы мәліметтерді растайтын анықтама;
      6) барлық санаттағы мүгедектерге табысына қарамастан жедел емделуге:
      емделудің құнын растайтын құжаттар;
      7) Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің күніне орай Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген басқа санаттағы тұлғаларға:
      өтініш иесінің мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.
      3. Ай сайын қосымша әлеуметтік көмек тағайындау үшін:
      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға:
      өтініш иесінің мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады