Орта білім беруді жан басына қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 30 қазандағы № 439 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 7 қарашада № 8884 тіркелді

      «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-2) тармақшасын іске асыру және бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Орта білім беруді жан басына қаржыландыру қағидалары бекітілсін.
      2. Қаржы және инвестициялық жобалар департаменті (Т.А. Нұрғожаева):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жауапты хатшы Ә.Қ. Ғалымоваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі және 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап пайда болған қатынастарға қолданылады.

     Министр                                          А. Сәрінжіпов

Қазақстан Республикасы 
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 30 қазандағы 
№ 439 бұйрығына қосымша 

Орта білім беруді жан басына қаржыландыру қағидалары

1. Жалпы ережелер 

      1. Осы Орта білім беруді жан басына қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-2) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      2. Қағидалар тараптардың құзыретін және шағын жиынтықты мектептерден басқа орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдары) білім беру үдерісін және білім беру ортасын қаржыландыру тәртібін реттейді.
      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жан басына қаржыландыру нормативі – азаматтардың міндетті тегін орта білім алу құқығының мемлекеттік кепілдігін қаржылай қамтамасыз ету нормативі;
      2) білім беру үдерісі – білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың іске асыратын білім беру бағдарламаларын іске асыру шеңберіндегі педагогикалық тұрғыда негізделген оқыту, тәрбиелеу үдерісі;
      3) білім беру ортасы – білім беру үдерісінің іске асырылуын қамтамасыз ету үшін жасалатын жағдайлардың жиынтығы;
      4) білім беру үдерісін қаржыландыру көлеміне кіретін ынталандыру бөлігі – мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне сыйлықақылар төлеуге және олардың еңбекақысын қызмет нәтижелеріне қарай саралау мақсатында ынталандыру төлемдерін белгілеуге, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының білім беру үдерісімен байланысты басқа да қажеттіліктерді өтеуге көзделген республикалық бюджет қаражаты;
      5) қамқоршылық кеңесі – орта білім беру ұйымының алқалы басқару органы;
      6) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласында басқаруды және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      7) оқушылардың қозғалысы – оқу жылы ішінде білім беру ұйымына қабылдану, білім беру ұйымынан шығу, себептерін көрсете отырып бір сыныптан екінші сыныпқа ауысу барысында орта білім беру ұйымындағы оқушылар контингентінің өзгеруі.

2. Жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру
ұйымдарында білім беру үдерісін қаржыландыру тәртібі 

      4. Жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында білім беру үдерісін жан басына қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттердің есебінен іске асырылады.
      5. Жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында білім беру үдерісін қаржыландыруға арналған республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын бөлу және пайдалану осы Қағидалардың ерекшеліктері есепке алына отырып, Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
      1) жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында бір оқу жылына бір оқушыға шаққандағы білім беру үдерісін жан басына қаржыландыру нормативін бекітеді;
      2) жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында оқушылар контингентінің жиынтығы туралы облыстар бойынша мәлімет қалыптастырады және оқушылардың қозғалысын мониторингілеуді жүзеге асырады;
      3) жан басына қаржыландыру іске асырылатын облыстардың әкімдерімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінің 93-қосымшасындағы нысанға сәйкес ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер жасасады және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес ай сайын ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын аударады;
      4) оқушылардың қозғалысын мониторингілеудің нәтижелері бойынша ағымдағы нысаналы трансферттердің көлемдері өзгерген жағдайда республикалық бюджет нақтыланған кезде облыстардың әкімдерімен жасалған ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерге және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына тиісті өзгерістер енгізеді;
      5) жыл бойындағы оқушылардың нақты контингентінің жан басына қаржыландыру іске асырылатын облыстардың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын оқушылар контингентінің жиынтығы туралы мәліметтермен және оқушылар қозғалысын мониторингілеудің нәтижелері туралы ақпаратпен сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.
      7. Жан басына қаржыландыру іске асырылатын облыстың жергілікті атқарушы органы:
      1) жан басына қаржыландыру іске асырылатын аудандар (облыстық мәні бар қалалар) бойынша жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы оқушылар контингентінің жиынтығы туралы мәлімет қалыптастырады және оқушылардың қозғалысын мониторингілеуді жүзеге асырады;
      2) міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес және ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша білім беру саласындағы уәкілетті органмен жасалған келісімнің негізінде республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын нысаналы мақсатта пайдалану туралы міндеттеме алады;
      3) жан басына қаржыландыру іске асырылатын аудандардың (облыстық мәні бар қалалардың) әкімдерімен ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім жасасады және ай сайын төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын аударады;
      4) оқушылар қозғалысын мониторингілеудің нәтижелері бойынша ағымдағы нысаналы трансферттердің көлемдері өзгерген жағдайда облыс бюджеті нақтыланған кезде жан басына қаржыландыру іске асырылатын аудандардың (облыстық мәні бар қалалардың) әкімдерімен жасалатын ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерге және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына тиісті өзгерістер енгізеді;
      5) ай сайын білім беру саласындағы уәкілетті органға оқушылардың қозғалысын мониторингілеудің нәтижелері, жан басына қаржыландыруды іске асыру барысы, облыстың жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы білім беру үдерісіне бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпарат ұсынады.
      8. Жан басына қаржыландыру іске асырылатын ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жергілікті атқарушы органы:
      1) ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымындағы оқушылар контингентінің жиынтығы туралы мәлімет қалыптастырады және оқушылардың қозғалысын мониторингілеуді жүзеге асырады;
      2) міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес және ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша облыстың жергілікті атқарушы органымен жасалған келісімнің негізінде республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттер сомаларының нысаналы мақсатта пайдаланылуы туралы міндеттеме алады;
      3) төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес ай сайын ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын аударады;
      4) оқушылардың қозғалысын мониторингілеудің нәтижелері бойынша ағымдағы нысаналы трансферттердің көлемдері өзгерген жағдайда ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының жеке жоспарларына өзгерістер енгізеді;
      5) ай сайын облыстың жергілікті атқарушы органына оқушылардың қозғалысын мониторингілеудің нәтижелері, жан басына қаржыландыруды іске асыру барысы, облыстың жан басына нормативті қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы білім беру үдерісіне бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпарат ұсынады.
      9. Жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдары:
      1) оқушылар контингентін жиынтықтауды жүргізеді;
      2) ай сайын ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жергілікті атқарушы органына оқушылардың жиынтығы мен қозғалысы, жан басына қаржыландыруды іске асыру барысы, білім беру үдерісіне бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпарат ұсынады;
      3) шығыстардың бөлек есебін жүргізеді, оның ішінде жалпы білім беру оқыту, орта білім беру ұйымдарының құрамында шағын орталықтар бар болған жағдайда мектепке дейінгі тәрбие және оқыту (мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру) бюджеттік бағдарламалары бойынша жоспарлау кезінде;
      4) мектептің барлық құрылымдық бөлімшелері (мектеп, мектеп жанындағы шағын орталық, мектеп жанындағы интернат және т.б.) бойынша осы бөлікте қызметкерлердің жалақысын көрсете отырып (бөлу арқылы) штаттық кесте құрады;
      5) қамқоршылық кеңестің ұсыныстарын есепке ала отырып, Білім беру үдерісін қаржыландыру көлеміне кіретін ынталандыру бөлігін жұмсайды.

3. Жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру
ұйымдарының білім беру ортасын қаржыландыру тәртібі 

      10. Жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының білім беру ортасын қаржыландыру тиісті жергілікті бюджеттердің қаражаты есібінен Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      11. Жан басына қаржыландыру іске асырылатын облыстың жергілікті атқарушы органы ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымының білім беру ортасын қаржыландыру нормативін келіседі.
      12. Жан басына қаржыландыру іске асырылатын ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жергілікті атқарушы органы ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының білім беру ортасын қаржыландыру нормативін әзірлейді және оны облыстың жергілікті атқарушы органымен келіседі.
      13. Жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдары ауданның (облыстық мәні бар қаланың) жергілікті атқарушы органына жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының білім беру ортасын қаржыландыру нормативін есептеу үшін мәліметтер ұсынады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады