Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының 2014 жылғы 18 сәуірдегі N 17-5 шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 14 мамырда N 3318 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының 2018 жылғы 13 наурыздағы № 20/3-VI шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының 13.03.2018 № 20/3-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
       РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Күршім аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.
      2. Күші жойылды деп танылсын:
      1) Күршім аудандық мәслихатының 2012 жылғы 10 шілдедегі № 4-5 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2628 нөмірімен тіркелген, 2012 жылғы 10 тамыздағы "Рауан"-"Заря" 64 нөмірімен аудандық газеттерінде жарияланған) шешімі;
      2) Күршім аудандық мәслихатының 2013 жылғы 16 шілдедегі № 12-6 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" 2012 жылғы 10 шілдедегі № 4-5 шешімге өзгеріс енгізу туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3029 нөмірімен тіркелген, 2013 жылғы 21 тамыздағы "Рауан"-"Заря" 66 нөмірімен аудандық газеттерінде жарияланған) шешімі.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Ж. Әзімбаев
      Күршім аудандық
      мәслихаттың хатшысы Қ. Әбілмәжінов

  Күршім аудандық
мәслихатының 2014 жылғы
18 сәуірдегі № 17-5 шешімімен
бекітілді

Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Күршім ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесi;
      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Күршім ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      8) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысы филиалының Күршім аудандық бөлімшесі;
      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Күршім ауданының ауылдық округ әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде Күршім ауданының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай нысанда көрсететiн көмек түсiнiледi.
      3. Осы Қағидалар Күршім ауданының аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.
      4. Әлеуметтік көмек жылына бір рет көрсетіледі.
      5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеудің тәртібі

      6. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:
      1) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;
      2) қадағалаусыз қалған, оның ішінде девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандар;
      3) туғаннан үш жасқа дейінгі бастапқы психофизикалық дамуы мүмкіндіктері шектелген балалар;
      4) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;
      5) әлеуметтік мәні бар аурулары және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдар;
      6) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдар;
      7) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған адамдар;
      8) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);
      9) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;
      10) қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;
      11) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зиян алған адамдар;
      12) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар).
      7. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінде белгіленсін.
      8. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері - 100,0 мың теңгені құрайды.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының 16.03.2015 № 22-7 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      8-1. Әлеуметтік көмек, Күршім ауданының орталық аудандық ауруханасының тізіміне сәйкес, әлеуметтік мәні бар аурулары және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдарға кірісін есепке алмай, тоқсан сайын амбулаториялық ем алған әр күні үшін 300 теңге көлемінде көрсетіледі.
      Ескерту. Шешім 8-1 тармақпен толықтырылды - Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының 11.04.2016 № 2/7-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      9. Атаулы күндер мен мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:
      1) Ауғанстан аумағынан әскерлерді шығару күні, интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні - 15 ақпан - басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарға қатысушыларға - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз:
      "Алтын алқа" алқасымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналарға - 10,0 мың теңге мөлшерінде;
      "Күміс алқа" алқасымен марапатталған көп балалы аналарға - 10,0 мың теңге мөлшерінде;
      төрт және одан аса бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға - 10,0 мың теңге мөлшерінде;
      3) Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні - 26 сәуір - 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      4) Жеңіс күні - 9 мамыр:
      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына - 100,0 мың теңге мөлшерінде;
      қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелдi қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдарына, яки сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептеледі қалаларда болған адамдарға - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк баласы (тәрбиеленушiсi) және теңiзшi бала ретiнде болғандарға - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шетелдердiң аумағында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да антифашистiк құрамалар құрамында қатысқан адамдарға - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      Қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құрамаларының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, бұрынғы КСР Одағы Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, Теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз және жолы Бас басқармасының ұшу - көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезiнде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шептерi, флоттардың оперативтiк аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерiне орай мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында тұтқындалған көлiк флоты кемелері экипаждарының мүшелеріне - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына - 60,0 мың теңге мөлшерінде;
      қайталап некеге отырмаған Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің зайыптарына - 100,0 мың теңге мөлшерінде;
      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталғандарға - 3,0 мың теңге мөлшерінде;
      жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға - 25,0 мың теңге мөлшерінде.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының 16.03.2015 № 22-7 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Атаулы күндер мен мейрам күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша Күршім ауданының әкімдігі бекітетін тізімдер бойынша көрсетіледі.
      11. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 1 қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде береді.
      12. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 2, 3 қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне жібереді.
      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
      15. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсету үшін ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.
      16. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.
      17. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      18. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.
      19. Уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш берушінің құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 15 және 16 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кенттік, ауылдық, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      20. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.
      21. Белгіленген негіздемелердің бірі бойынша әлеуметтік көмек бір күн-тізбелік жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      22. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтiнiш берушiлер ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;
      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн қалалық мәслихат белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      23. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      24. Әлеуметтік көмек келесі жағдайларына тоқтатылады:
      1) алушы қайтыс болғанда;
      2) алушы Күршім ауданы шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      25. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіпте қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      26. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі және есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады