Байқау кеңестері құрылатын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын критерийлерді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 114 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 19 наурызда № 10507 тіркелді.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 148-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Байқау кеңестері құрылатын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын критерийлер бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика министрі

Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      __________ А. Сәрінжіпов

      2015 жылғы 12 ақпан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау және

      әлеуметтік даму министрі

      __________ Т. Дүйсенова

      2015 жылғы 20 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы
№ 114 бұйрығымен бекітілген

Байқау кеңестері құрылатын шаруашылық жүргізу құқығындағы
мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын критерийлер

      1. Осы критерийлер байқау кеңестері құрылатын, қызметін денсаулық сақтау және білім беру салаларында жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың сәйкестігін айқындау үшін әзірленген.

      2. Тізбеленген барлық критерийлерге сәйкес келу байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды (бұдан әрі - кәсіпорын) құруға, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда байқау кеңесін енгізуге мүмкіндік береді:

      1) кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде 10 000 еселік мөлшерін құрайды;

      2) байқау кеңесі бар кәсіпорынды құру жағдайларын қоспағанда, кәсіпорынның штаттық қызметкерлерінің жалпы саны кемінде 100 адамды құрайды;

      3) байқау кеңесі бар кәсіпорынды құру жағдайларын қоспағанда, кәсіпорынның ағымдағы қаржы жылының алдыңғы бір жылдағы жылдық жиынтық табысы тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде 30 000 еселік мөлшерін құрайды;

      4) байқау кеңесі бар кәсіпорынды құру жағдайларын қоспағанда, кәсіпорынның негізгі қызметінен түсетін табыс жылдық жиынтық табыстың кемінде 70 %-ын құрайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық экономиика министрінің 05.10.2017 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      3. Тізбеленген барлық критерийлерге сәйкес келу байқау кеңесі бар кәсіпорынды құруға, сондай-ақ білім беру саласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда байқау кеңесін енгізуге мүмкіндік береді:

      1) кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде 10 000 еселік мөлшерін құрайды;

      2) байқау кеңесі бар кәсіпорынды құру жағдайларын қоспағанда, кәсіпорынның штаттық қызметкерлерінің жалпы саны кемінде 100 адамды құрайды;

      3) байқау кеңесі бар кәсіпорынды құру жағдайларын қоспағанда, кәсіпорынның ағымдағы қаржы жылының алдыңғы бір жылдағы жылдық жиынтық табысы тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде 10 000 еселік мөлшерін құрайды;

      4) байқау кеңесі бар кәсіпорынды құру жағдайларын қоспағанда, кәсіпорынның негізгі қызметінен түсетін табыс жылдық жиынтық табыстың кемінде 60 %-ын құрайды;

      5) байқау кеңесі бар кәсіпорын құру жағдайларын қоспағанда, кәсіпорынның оқытудың күндізгі нысанында білім алушылардың жалпы саны кемінде 960 адамды құрайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады