Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 81 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 20 наурызда № 10518 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 37 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Энергетика министрінің 05.02.2016 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» 1998 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуден өтуін;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде  оның мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберуді жолдануын;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрі                        В. Школьник

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _______________ Е. Досаев
      2015 жылғы 27 ақпан

Қазақстан Республикасы 
Энергетика министрінің 
2015 жылғы 12 ақпандағы
№ 81 бұйрығымен     
бекітілген      

Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін
персоналға қойылатын біліктілік талаптары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптары «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 23 сәуірдегі Заңына сәйкес әзірленген және атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптарын анықтайды.
      2. Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персонал үш негізгі санатқа бөлінеді: мамандар, техниктер және жұмысшылар.
      3. Мамандар санаты жоғары буын басшылары; аға басшылар (бөлімдер мен секторлардың бастықтары); кіші буын басшылары (аға операторлар, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау топтарының бастықтары (және олардың орынбасарлары) сияқты басшы лауазымдардағы персоналдан; атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдаланумен байланысты қызметпен айналысатын инженерлік және (немесе) ғылыми персоналдан тұрады.
      4. Техниктер санаты бақылау-өлшеу құралдарының техниктерінен, радиациялық бақылау техниктерінен, химиялық зертхана техниктерінен, техник-механиктерден, техник-электриктерден және электрондық аппаратура техниктерінен, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдаланумен байланысты қызметпен тікелей айналысатын өзге де мамандандырылған персоналдан тұрады.
      5. Жұмысшылар санаты дәнекерлеушілерден, слесарьлардан, механиктерден, электриктерден, шахтерлерден, механизмдердің операторларынан және басқа атом энергиясын пайдалану объектіде жұмыс істейтін басқа да білікті жұмысшы персоналдан тұрады.

2. Мамандарға қойылатын біліктілік талаптары

      6. Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін мамандар мынадай біліктілік талаптарына сәйкес және:
      1) инженерлік немесе тиісті пәндер саласында (физика, ядролық ғылым және техника) тиісті дипломмен расталған жоғары техникалық білімі;
      2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес атом энергиясын пайдалану объектілерінде құжат түрінде расталған кемінде бес жыл жұмыс стажы;
      3) тиісті лауазымның қызметтік міндеттеріне сәйкес дайындығын және біліктілігін растайтын сертификаттар мен куәліктер;
      4) жұмыс рұқсатына медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын құжаттар болуы тиіс.

3. Техниктерге қойылатын біліктілік талаптары

      7. Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін техниктер мынадай қажетті біліктілік талаптарға сәйкес және:
      1) тиісті дипломмен расталған инженерлік пәндер бойынша жоғары немесе орта арнайы білімі;
      2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес функционалдық және лауазымдық міндеттерге сәйкес құжат түрінде расталған кемінде екі жыл жұмыс стажы;
      3) техникалық дайындықты және жұмыс істейтін қызмет саласы үшін базалық болып табылатын ғылым мен техника бөлімдерінің білімін растайтын сертификаттар, куәліктер;
      4) ауызша, жазбаша және техникалық ақпаратпен алмастыру дағдылары, сондай-ақ ядролық техника саласындағы және өз қызметі жүзеге асырылатын нақты қондырғының құрылғысы бойынша, пайдаланушы ұйым өткізетін емтиханның нәтижелерімен расталған радиациялық қорғау және бақылау, техникалық қауіпсіздік және өртке қарсы қорғау жөніндегі білімі;
      5) жұмыс рұқсатына медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын құжаттар;
      6) пайдаланушы ұйым өткізетін емтиханның нәтижелерімен расталған функционалдық міндеттерге сәйкес міндеттерді немесе жұмыстарды орындау үшін алғашқы кәсіби даярлығы болуы тиіс.

4. Жұмысшыларға қойылатын біліктілік талаптары

      8. Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін жұмысшылар мынадай біліктілік талаптарына сәйкес және:
      1) тиісті дипломмен расталған жалпы техникалық пәндер бойынша, физика саласындағы пәндер бойынша жоғары немесе орта арнайы білімі;
      2) мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы;
      3) жұмыс рұқсатына медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын құжаттар;
      4) пайдаланушы ұйым өткізетін емтиханның нәтижелерімен расталған функционалдық міндеттерге сәйкес міндеттерді немесе жұмыстарды орындау үшін алғашқы кәсіби даярлығы болуы тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады