Байланыс формасы

Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 25 сәуірде № 10801 тіркелді.

      Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 201-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (Э.К. Өтепов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуден кейінгі он күнтізбелік күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Әділет министрі

      ____________Б. Имашев

      2015 жылғы "___"______

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Инвестициялар және даму

      министрі

      ____________Ә. Исекешев

      2015 жылғы "___"______

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт

      министрі

      ____________А. Мұхамедиұлы

      2015 жылғы "___"______

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Республикалық бюджеттің

      атқарылуын бақылау жөніндегі

      есеп комитетінің төрағасы

      ______________ (Қ.Жаңбыршин) И.П.Ақомбаев

      2015 жылғы "___"__________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрі

      ____________ Е. Досаев

      2015 жылғы 16 ақпан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрі

      ______________ Қ. Қасымов

      2015 жылғы 11 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 26 наурыздағы
№ 207 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 201-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүліктің тізілімін (бұдан әрі - тізілім) жүргізу тәртібін анықтайды.

      2. Мемлекеттік мүлікті тізілімде есепке алу тіркеу және ақпараттық мақсаттарды жүзеге асыруға арналған және оның құқық белгілеу немесе құқық куәландыру мәні жоқ.

      3. Тізілім деректері мемлекетке тиесілі.

      4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аудандық уәкілетті орган - аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілеттік берілген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;

      2) бұйрық - тізілімде тіркелетін және есепке алу объектілері бойынша деректерді өзгертуге бағытталған іс-қимыл;

      3) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі);

      4) облыстық уәкілетті орган - облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілеттік берілген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      5) тармақша халық саны екі мыңнан астам адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2018 бастап, халық саны екі мың және одан аз адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 бұйрығымен.

      5) орындаушы-тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық меншік бойынша) немесе облыстық (аудандық) уәкілетті органның және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ (коммуналдық меншік бойынша) әкім аппаратының мүлікті теңгерімге қою жөніндегі бұйрықтарды қоспағанда, тізілімдегі бұйрықтардың орындалуын жүзеге асыратын қызметкері;

      6) тізілімнің веб-порталы - www.gosreestr.kz мекенжай бойынша Интернет желісінде орналасқан, тізілім деректеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін интернет-ресурс;

      7) тіркеуші - мемлекеттік заңды тұлғаның тізілімде бұйрықтарды тіркеу құқығы берілген уәкілетті тұлғасы;

      8) ұйымдар - жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер;

      9) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

2. Тізілімді жүргізу тәртібі. Тізілімде мемлекеттік мүлікті есепке алуды ұйымдастыру

      5. Тізілімде мемлекеттік мүліктің түрлері бойынша республикалық және коммуналдық мүліктің бөлек есебі, ал жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару деңгейлері бойынша - облыстық және аудандық коммуналдық мүліктің, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудағы коммуналдық мүліктің бөлек есебі жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (халық саны екі мыңнан астам адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2018 бастап, халық саны екі мың және одан аз адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Тізілімнің есепке алу объектілері (бұдан әрі – есепке алу объектілері) мыналар:

      1) мемлекеттік заңды тұлғалар мен оларға бекітіліп берілген мүлік;

      2) жер пайдаланудағы жер учаскелері;

      3) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;

      4) мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілері;

      5) мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілері;

      6) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген шағын өлшемді және өзен кемелері;

      7) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген көлік құралдары және ауыл шаруашылығындағы көлік құралдары;

      8) мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдарға берілген лицензиялар мен рұқсаттар;

      9) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген табиғи ресурстар кадастрларының объектілері;

      10) мемлекеттік мүлік бойынша уәкілетті органның заңды тұлғалар тізіміне сәйкес, заңды тұлғалардың банкроттығы туралы іс қозғау жөніндегі шешімдер (шешімдердің көшірмесі) бойынша және заңды күшіне енген, жекелеген негіздер бойынша мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыруды көздейтін соттардың шешімдері (үкімдері, қаулылары) туралы мәліметтер.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 07.06.2019 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Есепке алу объектілері мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілетін және бекітіліп берілмейтін болып бөлінеді.

      Бекітіліп берілмейтін есепке алу объектілеріне: жер пайдаланудағы жер учаскелері, мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілері жатады.

      Бекітіліп берілетін есепке алу объектілеріне мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік - негізгі құралдарды, инвестициялық жылжымайтын мүлікті, биологиялық активтерді, материалдық емес активтерді, аяқталмаған құрылысты қамтитын ұзақ мерзімді активтер мен сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер жатады.

      8. Тізілімде мемлекеттік мүлікті бірыңғай орталықтандырылған есепке алуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Бекітілетін есепке алу объектілерін тізілімде есепке алуды:

      1) республикалық мүлік бойынша - мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;

      2) облыстық коммуналдық мүлік бойынша - облыстық уәкілетті орган;

      3) аудандық коммуналдық мүлік бойынша - аудандық уәкілетті орган;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақша халық саны екі мыңнан астам адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2018 бастап, халық саны екі мың және одан аз адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 бұйрығымен.

      4) жергілікті өзін-өзі басқару мүлкі бойынша-аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты ұйымдастырады.

      Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган тиісті саладағы уәкілетті органдардың мәліметтері негізінде республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін, сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлік объектілерін есепке алуды ұйымдастырады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

      9. Мемлекеттік органдар тізілімге есепке алу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады және (немесе) есепке алу объектілері бойынша тізіліммен интеграциялау үшін ведомстволық ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті ұйымдастырады, атап айтқанда:

      1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қатысты;

      2) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік техникалық тексеру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган –мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты;

      3) жер қатынастары саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – жер пайдаланудағы жер учаскелеріне қатысты;

      4) облыстық уәкілетті орган – облыстық коммуналдық мүлікке жатқызылған акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне қатысты;

      5) аудандық уәкілетті орган – аудандық коммуналдық мүлікке жатқызылған акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне қатысты;

      6) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілеріне қатысты;

      7) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне қатысты;

      8) көлік және коммуникация саласында басшылық етуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген шағын өлшемді және өзен кемелеріне қатысты;

      9) жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында өз құзыреті шегінде басшылық етуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген көлік құралдарына қатысты;

      10) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласында қызметті реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғалардың және ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігіне қатысты;

      11) байланыс, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", ақпарат және мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту салаларында басшылық етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдарға берілген лицензияларға және рұқсаттарға қатысты;

      12) агроөнеркәсіптік кешен, су, балық, орман және аңшылық шаруашылығы, жер ресурстары, геодезия және картография саласында басшылық етуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте өзінің құзыретіне жатқызылған қызмет саласында мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген ауыл шаруашылығындағы көлік құралдарына қатысты;

      13) қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласында басшылық етуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген табиғи ресурстар кадастрының (орман кадастры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) объектілеріне қатысты;

      14) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстардағы, астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері (соттар әкімшілері) бар жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – заңды тұлғалардың банкроттығы туралы іс қозғау жөніндегі шешімдерге (шешімдердің көшірмесі) қатысты және заңды күшіне енген, жекелеген негіздер бойынша мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыруды көздейтін соттардың шешімдері (үкімдері, қаулылары) туралы.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 07.06.2019 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) тізілімде мемлекеттік мүліктің бірыңғай есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді және ұйымдастырады;

      2) тізілімді жүргізеді және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тізілімді пайдаланушыларға ақпарат береді;

      3) тізілімнің қосымша кіші бөлімінің қосымша мәліметтерінің құрамын қалыптастырады;

      4) тізілімнің жұмыс істеуін қолдаумен байланысты ұйымдастырушылық мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

3. Тізілім деректерінің құрылымы

      11. Тізілім мынадай екі кіші бөлімнен тұрады: негізгі және қосымша.

      12. Негізгі кіші бөлім:

      мемлекеттік заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің, сондай-ақ ұйымдарының атаулы тізбесін;

      мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты меншік құқығы мен ұйымдардың мемлекетке тиесілі акцияларына және/немесе қатысу үлестеріне билік ету құқығы субъектісінің құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган туралы мәліметтерді;

      ұйымды және/немесе мемлекеттік заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган туралы мәліметтерді қамтиды.

      13. Есепке алу объектісі бойынша тізілімнің қосымша кіші бөлімінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) есепке алу объектісінің, оны басқа объектілерден ажыратуға мүмкіндік беретін жеке сипаттамаларын көрсете отырып, сипаттамасы;

      2) Заңның 72-бабына сәйкес шартқа сәйкес есепке алу объектісінің белгілі бір мемлекеттік заңды тұлғаға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаға немесе мемлекеттік емес тұлғаға тиесілі екендігі немесе бекітіліп берілгені туралы мәліметтер;

      3) есепке алу объектісінің теңгерімдік құны;

      4) есепке алу объектісіне үшінші тұлғалардың құқықтарымен салынған ауыртпалықтардың болуы туралы мәліметтер мен ауыртпалықтар түрі;

      5) есепке алу объектісінің күтіп ұсталуына не сақталуына жауапты тұлғалардың деректемелері;

      6) есепке алу объектісіне құқықтардың туындауына және тоқтатылуына негіздемелер, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік мүлікке құқықтарды тіркеу міндетті болған жағдайда - есепке алу объектісінің және (немесе) оған құқықтардың мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер.

      14. Қосымша кіші бөлімде мемлекеттік міндеттерді шешу үшін қажетті әр түрлі серпінді көрсеткіштер қамтылады:

      1) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлік туралы мәліметтер;

      2) бекітіліп берілмейтін есепке алу объектілері туралы мәліметтер;

      3) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау және олардың орындалуы туралы есептер;

      4) квазимелекеттік сектор субъектілері және олардың кеңістіктік (географиялық) деректері туралы мәліметтер;

      5) мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындарды және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды басқару тиімділігінің мониторинг нәтижелері;

      6) мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті түгендеу, паспорттау және қайта бағалау бойынша, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғалардың үй-жай алаңдарына қажеттігі туралы, мемлекеттік заңды тұлғалар орналасып отырған ғимараттардың немесе үй-жайлардың аландары, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғаларды автомобильдермен қамтамасыз ету бойынша ақпарат;

      7) мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға беру үшін ұсынылатын есепке алынатын объектілер туралы мәліметтер;

      8) жасалған мүліктік жалдау (жалға алу) және сенімгерлік басқару шарттары бойынша, атап айтқанда шарттың талаптары, осындай шарт бойынша есептеулер, өсімпұл және бюджетке аударылған төлемдер бойынша мәліметтер;

      9) мемлекеттік меншік объектілерін сауда-саттыққа қою кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпарат пен материалдар;

      10) жасалған концессия шарттары және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша мәліметтер;

      11) республикалық және коммуналдық мүлікке жататын мүлікке құқықты мемлекеттің алуы бойынша жасалған сыйға тарту шарттары жөнінде мәліметтер;

      12) мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жасалған жалға алу шарттары жөнінде мәліметтер;

      13) Ресей Федерациясына мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілген "Байқоңыр" кешеніндегі Қазақстан Республикасының мүлкі бойынша мәліметтер;

      14) жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүлік құрамына түскен мүлік бойынша мәліметтер (дереу жоюға немесе сатуға жататын мүлікті қоспағанда);

      15) кәсіпкерлік ортада мемлекеттің қатысуы орындылығын анықтау мақсатында ұйымдар және мемлекеттік кәсіпорындар бойынша тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау нәтижелері туралы мәліметтер;

      16) мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Тізілімнің деректерін өзгерту

      15. Мынадай бұйрықтар тізілімде тіркелуге жатады:

      1) есепке алу объектісі туралы деректерді тізілімге енгізу;

      2) есепке алу объектісі туралы деректерді өзекті ету;

      3) есепке алу объектісін тізілімнен алып тастау.

      16. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген бұйрықтарды тізілімде тіркеу үшін Заңның 200-бабы 3-тармағына сәйкес ведомстволық ақпараттық жүйелерден есепке алу объектілері туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді және (немесе) ведомстволық ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті ұйымдастырады.

      17. Тізілімнің мәліметтерін өзекті етуді мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі - Бірыңғай оператор) тізілімде есепке алу объектілері туралы объективті және тиісті ақпаратты көрсетуге мүмкіндік беретін жаңарту, толықтыру, өзгерту және өзге де іс-қимылдар жолымен жүзеге асырады.

      17-1. Кәсіпкерлік ортада мемлекеттің қатысуы орындылығын анықтау мақсатында бәсекелестіктің тауар нарықтарындағы жай-күйін талдау нәтижелері бойынша тізілім мәліметтерін өзектендіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұйымдар, мемлекеттік кәсіпорындар бойынша мәліметтерді тізілімінде жаңарту жолымен, оларға мынадай:

      1) мемлекеттік меншікте тұрақты/уақытша сақтау;

      2) тарату;

      3) қайта ұйымдастыру;

      4) жекешелендіру;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі мәртебелерін бере отырып жүргізеді.

      Ескерту. 4-тарау 17-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті тізілімге енгізу, өзекті ету және алып тастау, сондай-ақ олармен жасалатын мәмілелер тізілімге бұйрықтарды енгізу (тіркеу) және орындау арқылы мемлекеттік заңды тұлғаның бухгалтерлік есеп жүйесінде өзгерістерді көрсету күнінен бес жұмыс күні ішінде бастап мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) тіркеуші тізілімнің веб-порталы арқылы тіркеушінің ЭЦҚ қойылған бұйрықты төмендегідей тіркеп, сақтайды:

      бұйрықта оны тіркеу үшін негіздемені көрсете отырып, мүлік жөніндегі деректерді толтырады;

      оның негізінде мүлік мемлекеттік заңды тұлғаға бекітілген (сатып алынған) немесе оның негізінде мәміле жасалған "Acrobat Reader" электрондық форматында сканерленген құжатты, мәмілені мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік органмен немесе облыстық (аудандық) уәкілетті органмен, тиісті саланың уәкілетті органымен келісу туралы құжатты оған қоса бекітеді;

      мүлікті теңгерімге қою жөніндегі бұйрықты орындайды;

      2) орындаушы тізілімде тіркеуші сақтаған бұйрықты үш жұмыс күні ішінде тексереді және оны орындайды не бас тарту себебін көрсете отырып, орындаудан бас тартады;

      3) бұйрық тізілімде орындалғаннан кейін бұйрықтың орындалуы туралы есеп электронды форматта қалыптастырылады.

      19. Бұйрықты орындау немесе орындаудан бас тарту туралы есепті тіркеуші тізілімнің веб-порталынан басып шығаруға және олардың негізінде бұйрықты тіркеу жүргізілген немесе жүргізілмеген құжаттармен бірге сақтауға жатады.

      20. Тіркеуші сақтаған бұйрық осы Қағидалардың 18-тармағының тармақшасының талаптарына сәйкес болмаған жағдайда орындаушы бұйрықтың тізілімде орындалуын тоқтата тұрады.

      21. Тіркеуші анықталған сәйкессіздіктерді жоймаған жағдайда, бұйрықты тоқтата тұрған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде орындаушы бұйрықты тізілімде орындаудан алып тастайды.

      22. Есепке алу объектісі оған мемлекет құқығының тоқтатылуына байланысты тізілімнен алынып тасталған кезде бұл объектіні қадағалау тоқтатылады. Тізілімнің есепке алу объектісін бір мемлекеттік органның басқаруынан екіншісіне беру, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың иеленуіне және (немесе) пайдалануына беру есепке алу объектісін тізілімнен алып тастауға негіз болып табылмайды.

      Тізілімінен алынып тасталған есепке алу объектілері туралы деректер тізілім деректері базасының мұрағатына көшіріледі.

      23. Мемлекеттік заңды тұлғалар "Мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алу объектілері деректерін енгізу пішімін, сондай-ақ бірдей мерзімдерде мемлекеттік мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізудің бірыңғай әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 636 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7375 тіркелді) сәйкес мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгерімінде бекітілген мүлікке жүргізілген түгендеу нәтижелерінің тізілімге енгізілуін қамтамасыз етеді.

      24. Жүргізілген түгендеу нәтижелері бойынша тізілімнің деректері мен мемлекеттік заңды тұлғалардың бухгалтерлік есебінде анықталған алшақтықтарды мемлекеттік заңды тұлғалар тізілімде осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген тәртіппен күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейінгі екі ай ішінде жояды.

      25. Мемлекеттік заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін, сондай-ақ ұйымдарды тіркеу, қайта ұйымдастыру (қайта құру, біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару), тарату, қайта тіркеу үшін:

      мемлекеттік заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ ұйымдар "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі N 112 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4625 тіркелді) сәйкес Бірыңғай операторға заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - тіркеуші орган) белгілеген нысан бойынша толтырылған және уәкілетті адам қол қойған өтініштің бланкісін береді;

      бірыңғай оператор өтінішті алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініште көрсетілген мемлекеттік заңды тұлға немесе ұйым бойынша тізілімде қамтылған ақпаратты тексереді, қажетті өзгерістер мен толықтыруларды тізілімге енгізеді және өтініштің бланкісіне тиісті белгіні қояды;

      мемлекеттік заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ ұйымдар тіркеуші органға бірыңғай оператордың белгісі бар өтінішті береді.

      26. Ұйымның жарғылық капиталының мөлшері өзгерген кезде тіркеуші органға осы Қағидалардың 25-тармағында көзделген тәртіппен бірыңғай оператор растаған өтініш беріледі.

      27. Тіркеуші орган тізілімге өзгерістер енгізу үшін жүргізілген мемлекеттік заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін, сондай-ақ ұйымдарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы не тіркеуден (қайта тіркеуден) бас тартқаны туралы бірыңғай операторға бес жұмыс күні ішінде хабарлайды.

      28. Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздармен мәмілелерін бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінде тіркеу үшін мемлекеттік мүлікті басқару бойынша уәкілетті органның, облыстық уәкілетті органның, аудандық уәкілетті органның бағалы қағаздарымен мәмілесін тіркеу үшін бұйрығы бірыңғай оператордың белгісімен беріледі.

      Бағалы қағаздар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірыңғай оператор болып айқындалған, өзгерістер мен толықтыруларды тізілімге енгізу үшін, келесі мәліметтерін:

      бағалы қағаздар эмитентінің атауы мен бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН);

      бағалы қағаздың ұлттық сәйкестендіру нөмірі;

      бағалы қағаздарды ұстаушылардың атауы мен БСН;

      мәмілені тіркеу күні мен уақыты;

      мәмілені тіркеуге дейін және соң бағалы қағаздардың саны көрсетумен, мемлекетке тиесілі бағалы қағаздармен мәмілелерін тіркеуден бас тарту не тіркеудің қорытындылары туралы бірыңғай операторды екі жұмыс ішінде хабарландырылады.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      29. Мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату, кепілге немесе сенімгерлік басқаруға беру шарттарының бір тарапы болып табылатын мемлекеттік орган мәмілені тіркегеннен кейін бес жұмыс күні ішінде тізілімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін шартты жасасу туралы бірыңғай операторға хабарлайды және тиісті шартта бірыңғай оператордың белгісі қойылады.

      30. Осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген шарт бұзылған жағдайда, шарттың бір тарапы болып табылатын мемлекеттік орган бес жұмыс күні ішінде тізілімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін бірыңғай операторға шарттың бұзылғандығы туралы хабарлайды.

      31. Орталық атқарушы орган құзыреті шегінде банкроттық рәсімдердің жүргізілуін бақылау (банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) саласында іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган мемлекеттік заңды тұлғалар, ұйымдар таратылған жағдайда, тарату туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай операторға тарату рәсімінің басталғаны туралы хабарлайды.

5. Тізілімге қолжетімділік

      32. Тізілімді жүргізу тізілімді басқаруды оңтайландыруға және деректердің сенімділігі мен сақталуын қамтамасыз ететін ақпаратқа қолжетімділікті әкімшілендіруге мүмкіндік беретін мамандандырылған бағдарламалық-техникалық кешендер негізінде ақпаратты жинаудың, өңдеудің және сақтаудың электрондық жүйе құралдарының көмегімен жүзеге асырылады.

      33. Тізілім деректеріне қолжетімділік Бірыңғай оператор тізілімнің веб-порталы арқылы қамтамасыз етіледі.

      34. Тізілім веб-порталына қолжетімділік деңгейі бойынша пайдаланушылар мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) жеке және заңды тұлғалар;

      2) мемлекеттік заңды тұлғалар;

      3) тиісті саланың уәкілетті органдары;

      4) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;

      5) республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;

      6) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган;

      7) облыстық уәкілетті орган және облыстық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;

      8) аудандық уәкілетті орган және аудандық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;

      9) акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакеті мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыруға және коммуналдық заңды тұлғаларды басқаруға өкілеттілік берілген жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар.

      Ескерту. 34-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      35. Тізілім деректеріне қолжетімділікті беру үшін:

      1) осы Қағидалардың 34-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген пайдаланушылардың ұлттық куәландырушы орталық берген ЭЦҚ-лары болуға тиіс;

      2) тиісті саланың уәкілетті органы, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган, облыстық (аудандық) уәкілетті орган және облыстық (аудандық) бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган жыл сайын бірыңғай операторға тізілімге қолжетімділік беру үшін өз қызметкерлерінің өзекті етілген тізімін жолдайды.

      Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      36. Жеке және заңды тұлғалар үшін тізілімнің веб-порталында мынадай функцияларға:

      1) ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалар мен оларға бекітіліп берілген жылжымайтын мүлік бойынша мәліметтерді қарау;

      2) тізілім бойынша құқықтық және анықтамалық ақпаратпен танысу;

      3) мемлекеттік меншік объектілерінің сауда-саттыққа қойылу кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпаратты, оның ішінде "Acrobat Reader" электрондық форматында мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі есептерді, сондай-ақ баспа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бойынша алдағы сауда-саттық туралы ақпараттық хабарламаларды қарау;

      4) мемлекеттік мүлікті жалға алушылардың, сенімгерлік басқарушылардың олармен жасалған жалға алу және сенімгерлік басқару шарттары бойынша, атап айтқанда шарттың талаптары, осы шарт бойынша есептеулер, өсімпұлдар мен бюджетке аударылған төлемдер жөніндегі ақпаратты қарауы;

      5) кәсіпкерлік ортада мемлекеттің қатысуы орындылығын анықтау мақсатында ұйымдар және мемлекеттік кәсіпорындар бойынша тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау нәтижелері туралы мәліметтерді қарау;

      6) мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін түгендеу бойынша ақпаратты қарау;

      7) ұйымдардың және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарлары мен даму жоспарларының орындалуы жөніндегі есептерді қарау қолжетімді.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 07.06.2019 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      37. Мемлекеттік заңды тұлғалар үшін тізілімде осы мемлекеттік заңды тұлғаға қатысты мынадай функцияларға:

      1) мыналарға:

      байланыс деректерін өзгертуге;

      2) мүлікпен жасалатын мәмілені жүргізуге арналған бұйрықтарды тіркеу;

      тіркелген бұйрықтың мәртебесін қарау:

      бұйрықтың тіркелген уақыты мен күні;

      тіркелген бұйрықтың орындалу уақыты мен күні;

      бұйрықтың орындалу нәтижесі қолжетімді.

      38. Тиісті саланың уәкілетті органы үшін тізілімде мынадай функциялар:

      1) тиісті саланың уәкілетті органы басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелерін және олар бойынша тізілімнің қосымша кіші бөліміне енгізілген ақпаратты қарау;

      2) тиісті саланың уәкілетті органы басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі бойынша тізілімде сақталған және орындалған бұйрықтарды қарау;

      3) басқаруды тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асыратын ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар бойынша есептілікті қалыптастыру қолжетімді.

      39. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган үшін тізілімде мынадай функцияларға:

      1) коммуналдық және республикалық меншіктегі ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелері мен олар бойынша мәліметтерді қарау;

      2) республикалық және коммуналдық мүлік бойынша талдамалық және статистикалық есептілікті қалыптастыру қолжетімді.

      40. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган үшін тізілімде мынадай функцияларға:

      1) коммуналдық және республикалық меншіктегі ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелері мен олар бойынша мәліметтерді қарау;

      2) республикалық және коммуналдық мүлік бойынша талдамалық және статистикалық есептілікті қалыптастыру қолжетімді.

      41. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган үшін тізілімде мынадай функцияларға:

      1) республикалық және коммуналдық меншіктегі ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелерін қарау;

      2) тізілімнің қосымша кіші бөліміне республикалық меншікке жатқызылған ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      3) республикалық меншікке жатқызылған мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкімен мәмілелер жүргізуге арналған бұйрықтарды орындау;

      4) республикалық меншіктегі мемлекеттік мүлік жөніндегі талдамалық және статистикалық есептілікті қалыптастыру қолжетімді.

      42. Облыстық уәкілетті орган үшін тізілімде мынадай функцияларға:

      1) облыстық коммуналдық меншіктегі ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелерін қарау;

      2) облыстық коммуналдық меншікке жатқызылған ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар бойынша өзгерістер мен толықтыруларды тізілімнің қосымша кіші бөліміне енгізу;

      3) облыстық коммуналдық мүлікке жатқызылған мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкімен мәмілелер жүргізуге арналған бұйрықтардың орындалуы;

      4) облыстық коммуналдық мүлік бойынша талдамалық және статистикалық есептілікті қалыптастыру қолжетімді.

      43. Аудандық уәкілетті орган үшін тізілімде мынадай функцияларға:

      1) аудандық коммуналдық меншіктегі ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелерін қарау;

      2) аудандық коммуналдық меншікке жатқызылған ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар бойынша өзгерістер мен толықтыруларды тізілімнің қосымша кіші бөліміне енгізу;

      3) аудандық коммуналдық мүлікке жатқызылған мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкімен мәмілелер жүргізуге арналған бұйрықтардың орындалуы;

      4) аудандық коммуналдық мүлікке жатқызылған мемлекеттік мүлік бойынша талдамалық және статистикалық есептілікті қалыптастыру қолжетімді.

      44. Акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакеті мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыруға және коммуналдық заңды тұлғаларды басқаруға өкілеттілік берілген жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін тізілімде мынадай функциялар қолжетімді:

      1) басқаруды жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар жүзеге асыратын ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелерін және олар бойынша тізілімнің қосымша кіші бөліміне енгізілген ақпаратты қарау;

      2) басқаруды жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі бойынша тізілімде сақталған және орындалған бұйрықтарды қарау;

      3) басқаруды жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар жүзеге асыратын ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар бойынша есептілікті қалыптастыру.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      44-1-тармақтың бірінші абзацы, 1), 2) тармақшалары халық саны екі мыңнан астам адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2018 бастап, халық саны екі мың және одан аз адаммен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 бұйрығымен.

      44-1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты үшін тізілімде мынадай функциялар қолжетімді:

      1) басқаруды аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жүзеге асыратын ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелерін және олар бойынша тізілімнің қосымша кіші бөліміне енгізілген ақпаратты қарау;

      2) басқаруды аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі бойынша тізілімде сақталған және орындалған бұйрықтарды қарау;

      3) басқаруды аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жүзеге асыратын ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар бойынша есептілікті қалыптастыру.

      Ескерту. 5-тарау 44-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

      44-2. Облыстық немесе аудандық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган үшін тізілімде мынадай функциялар қолжетімді:

      1) облыстық немесе аудандық коммуналдық меншіктегі ұйымдар мен мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбелері мен олар бойынша мәліметтерді қарау;

      2) облыстық немесе аудандық деңгейдегі коммуналдық мүлік бойынша талдамалық және статистикалық есептілікті қалыптастыру.

      Ескерту. 5-тарау 44-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      45. Тізілімге қолжетімділік тәулік бойындағы режимде қамтамасыз етіледі.

      46. Бірыңғай оператор осындай ақпаратты тізілімнің веб-порталында орналастыра отырып, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органды тізілімнің жұмысында жоспарланып отырған техникалық үзілістер туралы бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.

      47. Тиісті салалардың уәкілетті органдары, жергілікті атқарушы органдар және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты бірыңғай оператордың жазбаша сұрау салуы бойынша тізілімнің негізгі және қосымша кіші бөлімдерінің көрсеткіштерін өзекті ету және нақтылау үшін сұрау салынған деректерді өтеусіз береді.

      Ескерту. 47-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 08.09.2017 № 548 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      48. Республикалық меншікті есепке алуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды қаржыландыруды республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      49. Коммуналдық меншікті есепке алумен, қолдаумен және тізілімге қолжетімділікті қамтамасыз етумен байланысты жұмыстарды қаржыландыруды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады