"Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 35 қаулысы. Алматы облысының Әділет департаментінде 2015 жылы 02 ақпанда № 3015 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 07 маусымдағы № 284 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 07.06.2016 № 284 қаулысымен.
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 7)-тармақшасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органның үлгілік ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Алматы облысының экономика және бюджеттін жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (Н. Сатыбалдина) "Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыруды қамтамасыз етсін және осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      3. Басқарма басшысына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген интернет-ресурста және облыс әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасарына М. С. Бигелдиевке жүктелсін.
      5. Осы қаулы әділет органында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі А. Баталов

  Алматы облысы әкімдігінің 2014 жылғы "23" 01 № 35 қаулысымен бекітілді

"Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. "Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Алматы облысы аумағындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағадау саласындағы басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3. ,Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Басқарманың орналасқан жері: индекс: 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Шевченко көшесі, № 131.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: Алматы облысы аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттiк басқару функциясын іске асыру.
      15. Міндеттері:
      1) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндiрiстiк базасын дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргiзу;
      2) объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
      16. Функциялары:
      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметті лицензиялау мен аттестаттау;
      2) жобалау-іздестіру, сараптау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жеке және заңды тұлғалармен орындалуына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;
      3) аумақтарда қала құрылысын жобалаудың (облысты немесе оның бiр бөлігiн аудандық жоспарлау жобасының) кешендi схемасын, облыс аумағындағы елдi мекендердiң белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру;
      4) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін жүргізу;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен азаматтардан өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті құжаттар мен мәліметтер суратуға және алуға;
      2) өзінің құзыреті шегінде шешімдер қабылдауға;
      3) өзінің құзыреті шегінде ұйымдар құру, қайта құру және тарату жөнінде ұсыныстар беруге;
      4) жоғары тұрған органдардың тапсырмаларын орындауға;
      5) Басқарма құзыретіне жататын облыс әкімінің, әкімдігінің құқықтық және нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға;
      6) жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын басқа да атқарушы органдардың мамандарын олардың басшыларының келісімі бойынша жұмысқа тартуға;
      7) Басқарма мүдделерін барлық құзыретті, мемлекеттік, әкімшілік органдарда, мекемелерде, ұйымдарда, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарында білдіруге;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Басқарма басшылығын, Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Басқарманың бірінші басшысын Алматы облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
      2) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады және ынталандырады;
      3) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарады;
      4) Басқармадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жеке жауапкершілік алады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді;
      6) өз құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады