Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 26 ақпанда № 13268 болып тіркелді.

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы:

      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау үшін мерзімді

      баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдасын;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастырсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.

      4. Бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
И. Тасмағамбетов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2016 жылғы 22 қаңтардағы
№ 35 бұйрығына
1-қосымша

Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 16.05.2018 № 323 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі, "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы (бұдан әрі – Заң) Заңдарына сәйкес әзірленді және тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне (бұдан әрі – ҚР ҚМ) ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау тәртібін айқындайды.

      2. Қабылдау әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшеcі (бұдан әрі - құрылымдық бөлімше) әзірлейтін, Қорғаныс министрі бекіткен қабылдау жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мамандықтар мен біліктіліктер арасында орындарды қайта бөлген жағдайда қабылдау жоспарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қабылдау жылының 1 маусымына дейін әскери оқу орындарының бастықтары, ҚР ҚМ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері (бұдан әрі - ҚР ҚК) Бас штабы құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, ҚР ҚК түрлерінің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бас қолбасшылары (бұдан әрі - тапсырыс берушілер) құрылымдық бөлімшеге қабылдау комиссияларының құрамдарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі бұйрығының жобасына қосу үшін кандидаттарды ұсынады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Қабылдау комиссиясының төрағасы әскери оқу орнының бастығы болып табылады.

      5. Қабылдау комиссиясының құрамы мүшелердің тақ санынан тұрады. Шешімдер қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауыс беруімен қабылданады.

      Дауыстар тең болған жағдайда қабылдау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      6. Қабылдау комиссиясының отырыстары қабылдау комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және хаттамалармен ресімделеді.

      7. Қабылдау кезеңдерінен өту нәтижелерімен келіспеген жағдайда оқуға түсуші қабылдау комиссиясы төрағасының атына жазбаша түрде өтініш білдіруге құқылы.

      Хаттамамен ресімделген өтініштің мәнісі бойынша қабылдау комиссиясының шешімі өтініш келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде шығарылады.

      8. Қабылдау жылының 1 маусымына дейін қабылдаудың қорытынды кезеңінен өту үшін құрылымдық бөлімшемен келісу бойынша әскери оқу орындарының басшылары бекітетін рейтингілік балды есептеу кестесі жасалады, ол әскери оқу орнының интернет ресурсында орналастырылады және жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіледі (жоғары оқу орнынан кейінгі білімді қоспағанда).

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Жалпы орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына оқуға қабылдау

      9. "Жас ұлан" республикалық мектептеріне (бұдан әрі - Мектеп) оқуға түсетін жылы он бес жастан жас емес, бірақ он алты жастан үлкен емес, оқуға түсетін жылы орта білім беретін ұйымның 9 (10 - 12 жылдық оқу кезінде) сыныбын аяқтаған және негізгі орта білімі туралы куәлік алған Қазақстан Республикасының жасөспірім азаматтары қабылданады.

      Құрылымдық бөлімше жоспарланған оқушыларды Мектептерге қабылдау туралы ақпаратты қабылдау жылының 1 наурызына дейін жергілікті атқарушы органға (білім беру басқармасына) жеткізеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды оқуға түсушілер қабылдау жылын қоса алғанда 1 – 5 тамыз кезеңінде Мектепке ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) келеді және осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген құжаттарды қоса тіркеумен мектепке қабылдау туралы өтініш береді.

      Қабылдау комиссиясына толық құжаттар тізбесін ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.

      11. Мектепке қабылдау қабылдау жылын қоса алғанда 6 – 20 тамыз кезеңінде конкурстық негізде мынадай 5 (бес) кезеңде жүзеге асырылады:

      І кезең – кәсіби-психологиялық іріктеу;

      II кезең – негізгі орта білім берубағдарламасы бойынша математика және оқыған тілі бойынша тестілеу;

      ІІІ кезең – "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасын және әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережені бекіту туралы" (бұдан әрі – Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасы) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 373 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11846 болып тіркелген) сәйкес түпкілікті медициналық куәландыру;

      IV кезең – "Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік бағдарламалар) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8424 болып тіркелген) айқындалған нормативтер бойынша дене дайындығын тексеру;

      V кезең – конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.

      12. Оқуға түсушілерге қабылдаудың әрбір кезеңнен тек бір рет өтуге жол беріледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.

      13. Оқуға түсушілерді кәсіби-психологиялық іріктеу ынталылык, күйзеліске төзімділік, сыни тұрғыдан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды және оны қабылдау комиссиясы құрылымдық бөлімшемен келісу бойынша Мектептің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімімен бірлесіп жүргізеді. Кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша ұсынылмаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

      14. Математика және оқыған тілі бойынша тестілеу оқуға түсушілердің білім деңгейін анықтау үшін жүргізіледі.

      Математика және оқыған тілі бойынша тестілеу сұрақтары Үлгілік бағдарламалармен көзделген негізгі орта білім беруге арналған бағдарламаны ескере отырып құрылады және әрқайсысына 20 сұрақтан құрады. Тестілеу сұрақтарында 1 сұрақ 1 балға теңестіріледі.

      Келесі кезеңге өту балы әр пән бойынша кемінде 5 бал болып табылады.

      15. Оқуға түсушілерді түпкілікті медициналық куәландыру денсаулық жағдайы бойынша Мектепте оқуға жарамдылығын анықтауды қамтиды.

      16. Оқуға түсушілердің дене шынықтыру дайындығын тексеру Үлгілік бағдарламаларға сәйкес негізгі орта білім беруге көзделген дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді қабылдауды қамиды. Барлық жаттығулар үшін бағалар сомасы бойынша 9 балдан төмен жинаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады, бұл ретте балдарды санау кезінде "қанағаттанарлықсыз" деген баға саналмайды.

      17. Конкурстық іріктеу ең жоғарыдан ең төменгі рейтингілік балға дейін оқуға түсушілердің рейтингісін жасауды қамтиды және оны қабылдау комиссиясы қабылдау жылының 20 тамызында жүргізеді.

      Мектепке рейтингте бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін тұрған оқуға түсушілер қабылданады. Қабылдау жоспарын жалпы саннан 10 %-ға дейін асыруға жол беріледі.

      18. Әскери қызметшілердің балалары Заңның 52-бабы 3-тармағымен көзделген талаптар бар болған кезде Мектепке конкурстан тыс қабылдау құқығын пайдаланады.

      19. Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының 21 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады және Мектептің интернет ресурсында орналастырылады, апелляцияға өтініштер 21 тамызда сағат 18.00-ге дейін қабылданады.

      20. Қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау туралы шешімін қабылдау жылының 22 тамызында Мектептің бастығы бекітеді.

      21. Мектептерге оқуға түскендер оқу үшін қабылдау жылының 29 тамызына дейін келеді.

3-тарау. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламасын іске асыратын әскери оқу орнына оқуға қабылдау

      22. ҚР ҚМ Ш. Уәлиханов атындағы Кадет корпусына (бұдан әрі – Кадет корпусы) Заңның 39-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларына сәйкес азаматтар (әскери қызметшілер) оқуға түсуге құқылы.

      23. Оқуға түсушілер Кадет корпусының қабылдау комиссиясына құжаттар тізбесін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ұсынады.

      Қабылдау комиссиясына құжаттардың толық тізбесін ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.

      24. Азаматтар қатарынан оқуға түсуші қабылдау жылының 1 мамырына дейін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына өтініш жасайды.

      Жергілікті әскери басқару органының басшысы "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - ҚР ҰҚО туралы Заң) 12-бабының 7) тармақшасына сәйкес арнайы тексеру және Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

      Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, үлгерімнің кемінде 3.0 немесе кемінде 2 GPA орташа балы бар білімі туралы құжаты бар оқуға түсушілер қабылдау жылының 30 шілдесіне дейінді қоса алғанда Кадет корпусына келеді.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Әскери қызметшілер қатарынан оқуға түсуші Кадет корпусына оқуға түсу үшін қабылдау жылының 1 маусымына дейін әскери бөлім командирінің атына тиісті баянатпен өтініш жасайды.

      Әскери қызметші Кадет корпусына оқуға түсуге ниет білдірген әскери бөлімнің командирі ҚР ҰҚО туралы Заңға сәйкес арнайы тексеру және әскери қызметшінің Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өтуі жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

      Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, үлгерімнің кемінде 3.0 немесе кемінде 2 GPA орташа балы бар білімі туралы құжаты бар әскери қызметші қабылдау жылының 30 шілдесіне дейін Кадет корпусына келеді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Мектеп және "Арыстан" мамандандырылған лицейі бітірушілерінің қатарынан оқуға түсуші Кадет корпусына оқуға түсу үшін қабылдау жылын қоса алғанда 1 сәуірге дейін оқуға түсуші оқып жатқан білім беру ұйымы басшысының атына өтініш береді.

      Мектеп және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің басшысы арнайы тексеру және Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

      Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды Мектептердің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бітірушілері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен құрылған комиссияға кәсіби-психологиялық тестілеуді және дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру үшін жіберіледі.

      Кәсіби-психологиялық тестілеуден өткен және дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсырған және үлгерімнің кемінде 3.5 немесе кемінде 2 GPA орташа балы бар Мектептердің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бітірушілері қабылдау жылының 5 тамызына дейін Кадет корпусына медициналық куәландырудан өту және оқуға қабылдану үшін келеді.

      27. Қабылдау кезеңінде оқуға түсушілер Кадет корпусының аумағына орналастырылады және "Бейбіт уақытқа арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін азық-түлікпен, азықпен, жабдықпен, асханалық-асүйлік ыдыспен және азық-түлік қызметінің техникасымен жабдықтау нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы № 353 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11844 болып тіркелген) бекітілген нормалар (бұдан әрі – жабдықтау нормалары) бойынша тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

      28. Кадет корпусына азаматтар және әскери қызметшілер қатарынан қабылдау 1 – 20 тамызда мынадай кезеңдер бойынша жүзеге асырылады:

      І кезең – кәсіби-психологиялық іріктеу;

      ІІ кезең – Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес түпкілікті медициналық куәландыру;

      ІІІ кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;

      ІV кезең – конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.

      29. Оқуға түсушілерге әрбір қабылдау кезеңінен тек бір рет өтуге жол беріледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.

      30. Оқуға түсушілерді алдын ала кәсіби-психологиялық іріктеу ынталылық, күйзеліске төзімділік, сыни тұрғыдан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды және оны қабылдау комиссиясы құрылымдық бөлімшемен келісу бойынша Кадет корпусының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімімен бірлесіп жүргізеді. Кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша ұсынылмаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

      31. 30. Оқуға түсушілерді медициналық куәландыру денсаулық жағдайы бойынша Кадет корпусында оқуға жарамдылығын айқындауды қамтиды және оны Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес құрылған медициналық комиссия жүргізеді.

      32. Оқуға түсушілердің дене шынықтыру дайындығын тексеру мынадай дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді қабылдауды қамтиды:

      әскери қызметшілер (оның ішінде запастағы) үшін – "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі дене дайындығы жөніндегі нормативтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2014 жылғы 5 мамырдағы № 195 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9518 болып тіркелген) сәйкес;

      азаматтар үшін – Үлгілік бағдарламаларға сәйкес және қабылдау комиссиясы Кадет корпусының дене шынықтыру дайындығы және спорт жөніндегі оқытушыларымен, нұсқаушыларымен бірлесіп жүргізеді. Барлық жаттығулар үшін бағалар сомасы бойынша 9 балдан төмен жинаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады, бұл ретте балдарды санау кезінде "қанағаттанарлықсыз" деген баға саналмайды.

      33. Конкурстық іріктеуді қабылдау комиссиясы қабылдау жылының 20 тамызында жүргізеді және ең жоғарыдан ең төменгі рейтингілік балға дейін оқуға түсушілердің рейтингісін жасауды қамтиды. Рейтинг осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Кадет корпусы қабылдау комиссиясының хаттамасымен (бұдан әрі – Хаттама) ресімделеді.

      Кадет корпусына рейтингте бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін тұрған оқуға түсушілер қабылданады. Қабылдау жоспарын жалпы саннан 10 %-ға дейін асыруға жол беріледі.

      Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының 21 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады және Кадет корпусының интернет ресурсында орналастырылады. Апелляцияға өтініштер 21 тамызда сағат 18.00-ге дейін қабылданады.

      34. Кадет корпусына қабылдауға конкурстық іріктеуді жүргізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда Заңның 39-бабы 1-тармағында көрсетілген адамдардың басым құқығы бар.

      35. Кадет корпусына оқуға қабылданған оқуға түсуші "Әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың және ұсынымның үлгi нысандарын, сондай-ақ аттестаттау парағының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2018 жылғы 29 қаңтардағы № 36 қбпү бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16594 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша Кадет корпусының бастығымен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт (бұдан әрі – әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт) жасайды.

      36. Кадет корпусының кадрлар бөлімі Кадет корпусына қабылдағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде жергілікті әскери басқару органдарына және әскери бөлімдерге оқуға қабылдау туралы бұйрықтан үзінділерді жолдайды.

4-тарау. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына қабылдау

      37. Білім беру бағдарламаларын іске асыратын ҚР ҚМ-ге ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға азаматтар Заңның 39-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларына сәйкес оқуға түседі.

      38. Оқуға түсушілер қабылдау комиссиясына осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес әскери институттарға оқуға түсу үшін құжаттар пакетін ұсынады.

      Құжаттардың толық пакетін ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.

      39. Азаматтар әскери институтқа оқуға түсу үшін қабылдау жылының 30 сәуіріне дейінді қоса алғандағы мерзімде тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органы басшысының атына өтініш береді.

      Жергілікті әскери басқару органының басшысы ҚР ҰҚО туралы Заңға сәйкес арнайы тексеру және Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

      Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, ҰБТ-ның 5 пәні бойынша кемінде 50 балл жинаған (оның ішінде бір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 4 балл) азаматтар қабылдау жылын қоса алғанда, 20 - 26 шілде кезеңінде құжаттарды тапсыру үшін әскери институтқа келеді.

      Ескерту. 39-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40. Оқуға түсушілер қабылдау кезеңінде әскери институттың аумағында орналастырылады және жабдықтау нормалары бойынша тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

      41. Әскери қызметшілер қатарынан оқуға түсуші әскери институтқа оқуға түсу үшін қабылдау жылының 1 маусымына дейін әскери бөлім командирінің атына тиісті баянатпен өтініш береді.

      Әскери қызметші әскери институтқа оқуға түсуге ниет білдірген әскери бөлімнің командирі ҚР ҰҚО туралы Заңға сәйкес арнайы тексеру және Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және әскери қызметшіні ТКТ тапсыру үшін қызмет орны бойынша ҰБТ қабылдау пункттеріне жібереді.

      Арнайы тексеруден өткен, оқуға жарамды деп танылған және ҰБТ-ның 5 пәні бойынша кемінде 50 балл жинаған (оның ішінде бір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 4 балл) әскери қызметшілерге әскери институтқа келу күнін қабылдау жылының 26 шілдесінен кешіктірмей көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 135-тармағына сәйкес оқу демалыстары беріледі.

      Оқуға түсу үшін келген әскери қызметшілер әскери институтта орналастырылады және жабдықтау нормалары бойынша тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 41-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      42. Әскери институттарға оқуға түсуге ниет білдірген Мектептің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бітірушілері қабылдау жылының 1 сәуіріне дейін өздері оқитын білім беру ұйымы басшысының атына тиісті өтініш береді.

      Мектептің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің басшысы:

      1) арнайы тексеру;

      2) Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту;

      3) кәсіби-психологиялық тестілеуді тапсыру;

      4) дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру;

      5) ҰБТ тапсыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Мектептердің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің жанында құрылған комиссияға кәсіби-психологиялық тестілеуді және дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру жүзеге асырылады.

      Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, кәсіби-психологиялық тестілеуді және дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсырған, ҰБТ нәтижелері бойынша кемінде 50 балл жинаған (оның ішінде бір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 4 балл) Мектептердің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бітірушілері қабылдау жылының 30 шілдесінде түпкілікті медициналық куәландырудан өту үшін әскери институттарға келеді.

      Ескерту. 42-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      43. Азаматтар мен әскери қызметшілерді әскери институтқа қабылдау мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      І кезең – кәсіби-психологиялық іріктеу;

      ІІ кезең – Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес түпкілікті медициналық куәландыру;

      ІІІ кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;

      ІV кезең – конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.

      44. Оқуға түсушілерге қабылдаудың әрбір кезеңінен тек бір рет өтуге жол беріледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.

      45. Оқуға түсушілерді алдын ала кәсіби-психологиялық іріктеу уәждемелілік, күйзеліске төзімділік, сыншылдық және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды және оны қабылдау комиссиясы құрылымдық бөлімшемен келісу бойынша әскери институттың тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімімен бірлесіп жүргізеді. Алдын ала кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша ұсынылмаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

      46. Оқуға түсушілерді түпкілікті медициналық куәландыру денсаулық жағдайы бойынша әскери институтта оқуға жарамдылығын анықтауды қамтиды және оны Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес құрылған медициналық комиссия жүргізеді.

      47. Оқуға түсушілердің дене шыңықтыру дайындығын тексеру мынадай дене шыңықтыру дайындығы бойынша нормативтерді қабылдауды қамтиды:

      әскери қызметшілер (оның ішінде запаста тұрған) үшін – № 195 бұйрыққа сәйкес;

      Үлгілік бағдарламаларға сәйкес және оны қабылдау комиссиясы әскери институттың дене шыңықтыру дайындығы және спорт жөніндегі оқытушыларымен, нұсқаушыларымен бірлесіп жүргізеді. Барлық жаттығулар үшін бағалар сомасы бойынша 9 балдан төмен жинаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады, бұл ретте балдарды есептеу кезінде "қанағаттанарлықсыз" деген баға ескерілмейді.

      48. Конкурстық іріктеуді қабылдау комиссиясы қабылдау жылының 10 тамызында жүргізеді және ең жоғарыдан ең төменгі рейтингілік балға дейін оқуға түсушілердің рейтингісін жасауды қамтиды. Рейтинг әскери институт қабылдау комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.

      49. Әскери институттарға рейтингіде бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін тұрған оқуға түсушілер қабылданады. Қабылдау жоспарын жалпы саннан 10 %-ға дейін асыруға жол беріледі.

      50. Әскери институттарға қабылдауға конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған Заңның 39-бабы 1-тармағында көрсетілген адамдардың басым құқығы бар.

      Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының 11 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады және әскери институттың интернет ресурсында орналастырылады, апелляцияға өтініштер 11 тамызда сағат 18.00-ге дейін қабылданады.

      51. Қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау туралы шешімі қабылдау жылының 12 тамызында әскери институт бастығының бұйрығымен бекітіледі.

      52. Әскери институтқа қабылданған азамат (әскери қызметші) әскери институттың бастығымен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасайды.

      53. Әскери институттың кадрлар бөлімі әскери институтқа қабылдағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде жергілікті әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерге оқуға қабылдау туралы бұйрықтан үзіндіділерді жолдайды.

5-тарау. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына қабылдау

      54. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне (бұдан әрі - ҰҚУ) адамдар Заңның 39-1-бабына сәйкес оқуға түседі.

      ҰҚУ магистратурасында және докторантурасында оқыту күндізгі оқу нысаны бойынша, оның ішінде қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, мынадай басқару деңгейлері бойынша жүзеге асырылады:

      1) жедел-тактикалық басқару деңгейі;

      2) жедел-стратегиялық басқару деңгейі;

      3) стратегиялық басқару деңгейі.

      Ескерту. 54-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      55. ҚР ҚМ, Бас штабы құрылымдық бөлімшелерінің, ҚР ҚК бас басқармаларының, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бастықтары, ҚР ҚК түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің (әскер тектерінің) қолбасшылары, әскери бөлімдердің (мекемелердің) командирлері ҰҚУ-ға оқуға түсуге ниет білдірген кандидаттарды алдын ала іріктеуді, оның ішінде кәсіби-психологиялық тестілеуді жүргізеді және әскери бөлімдерде (мемлекеттік мекемелерде) құрылатын аттестаттау комиссияларының отырыстарында қарайды және оқуға іріктелген кандидаттардың тізімдерін кадр жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесіне қабылдау жылының 15 мамырынан кешіктірмей жолдайды.

      Ескерту. 55-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      56. ҰҚУ-да оқу үшін оқуға түсетін кандидаттардың тізімдерін кадр жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі қалыптастырады және қабылдау жылының 20 маусымына дейінгі мерзімде ҚР ҚК Бас штабының бастығы (ҰҚУ-ның арнайы даярлық факультетіне - 14776 әскери бөлімі) бекітеді.

      ҰҚУ-ның арнайы даярлық факультетіне "Әскери істегі талдамалы жұмыс" мамандығы бойынша алдын ала іріктеуді және қабылдауды 14776 әскери бөлімі ҚР ҚМ жеке бұйрығына сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 56-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      57. Жедел-тактикалық басқару деңгейі бойынша бейіндік магистратураға оқуға түсушілерге қойылатын талаптар:

      1) жоғары білімінің болуы және батальон командирінің орынбасары, оған тең және одан жоғары лауазымдарда кемінде 2 жыл қызмет өткеруі;

      2) жеке мамандықтарға жоғары білім туралы үздік дипломының болуы және кемінде 1 жыл қызмет өткеруі.

      Ескерту. 57-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      58. Стратегиялық және жедел-стратегиялық басқару деңгейлері бойынша бейіндік магистратураға оқуға түсушілерге қойылатын талаптар:

      1) жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуы;

      2) бригада (база) командирі, құрама командирі, өңірлік қолбасшылық (әскер тегі) қолбасшысының орынбасары, ҚР ҚМ немесе ҚР ҚК Бас штабы департаменті бөлімінің бастығы, ҚР ҚК түрі басқармасының немесе бас басқармасының бастығы, оларға тең және одан жоғары лауазымдарда кемінде 2 жыл қызмет өткеруі.

      59. Барлық басқару деңгейлері бойынша ғылыми және педагогикалық магистратураға алдын ала іріктеуді жоғары білімі, кемінде 2 ғылыми жариялымы немесе бір оқу, оқу-әдістемелік, әдістемелік оқу құралы бар оқуға түсушілер арасынан құрылымдық бөлімше жүзеге асырады.

      60. Докторантураға жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, кемінде 3 ғылыми жариялымы немесе 2 оқу құралы бар оқуға түсушілер қабылданады.

      61. ҰҚУ бейіні бойынша оқуға түсу емтихандарына шығарылатын пәндер бойынша үлгі сұрақтар тізбесін әзірлейді және қабылдау жылының 1 мамырына дейін тапсырыс берушілермен келісуді жүргізеді.

      Қабылдау жылының 1 маусымына дейінгі мерзімде ҰҚУ тапсырыс берушілердің мекенжайына бейіні бойынша оқуға түсу емтихандарына шығарылатын сұрақтардың тізбесін жолдайды.

      Ескерту. 61-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      62. Оқуға түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшін ҰҚУ-ға түсетін кандидаттарға оқу демалысы беріледі. Оқуға түсушілер ҰҚУ-ға қабылдау жылының 25 шілдесінен кешікпей келуге тиіс. Қабылдау жылының 25 - 31 шілдесі кезеңінде ҰҚУ-да оқуға түсу емтихандары бойынша консультациялар ұйымдастырылады.

      Ескерту. 62-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      63. ҰҚУ қабылдау комиссиясы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес оқуға түсушілер құжаттарының түпнұсқаларын тексереді.

      64. ҰҚУ-ға қабылдау оқуға түсу емтихандары негізінде жүзеге асырылады:

      1) магистратураға:

      бейіні бойынша;

      дене шынықтыру дайындығы бойынша;

      2) докторантураға:

      бейіні бойынша;

      шет тілі бойынша.

      Ескерту. 64-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      65. Әрбір оқуға түсу емтиханын тек бір рет тапсыруға жол беріледі. Алдыңғы емтиханды тапсырмаған оқуға түсуші келесі емтиханға жіберілмейді.

      Ескерту. 65-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      66. Қабылдау комиссиясының төрағасы қабылдау жылының 25 шілдесіне дейін оқуға түсу емтихандарын тапсыру кестесін қабылдау жылын қоса алғанда 1 - 10 тамыз кезеңінде бекітеді.

      Ескерту. 66-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      67. Дене шынықтыру дайындығы бойынша емтихан әскери қызметшілер үшін № 195 бұйрыққа сәйкес дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді қабылдауды қамтиды және оны дене шынықтыру дайындығы мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК Бас штабы құрылымдық бөлімшесінің өкілдері жүргізеді.

      Ескерту. 67-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      68. Бейіні бойынша емтихан бағдарламалары сұрақтар тізбесін қамтиды және емтиханды өткізу тәртібі мен оқуға түсушілерді бағалау өлшемшарттарын айқындайды.

      Емтихан билеттерін бейіні бойынша емтихан комиссиялары жасайды.

      Емтихан комиссияларының құрамдары қабылдау жылының 20 шілдесіне дейінгі мерзімде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабы бастығының бұйрығымен бекітіледі және:

      1) магистратураға - тапсырыс берушілер өкілдерінен;

      2) докторантураға - ғылыми дәрежесі бар әскери қызметшілер (қызметшілер) қатарынан құрылады.

      Ескерту. 68-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      69. Оқуға түсу етихандарының нәтижелері бойынша жақсы балл жинаған оқуға түсушілер қабылдау жоспарына сәйкес басқа ведомстволар үшін бекітілген орындар санын ескере отырып, рейтингіге сәйкес мамандығы бойынша конкурстық іріктеуге жіберіледі және оны қабылдау комиссиясы қабылдау жылының 11 тамызына дейін жүргізеді.

      Ескерту. 69-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      70. Қорғаныс министрлігінің басшылығы (Қорғаныс министрінің, Бас штаб бастығының орынбасарлары) және ҰҚУ (бастығы және оның орынбасарлары) қатарынан кандидаттар қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалану арқылы докторантураға оқуға түскен кезде емтихан комиссиясының құрамына ғылыми дәрежесі және қорғаныс пен әскери қауіпсіздік саласында кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар басқа ұйымдардың өкілдері қосымша қосылады.

      Ескерту. 70-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      71. Алып тасталды – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      72. Қабылдау комиссиясының жұмысы кезеңіне ҰҚУ-да апелляциялық комиссия құрылады.

      Апелляциялық комиссияның құрамы ҰҚУ бастығының бұйрығымен бекітіледі.

      Апелляциялық комиссиялар оқуға түсу емтихандарының нәтижелерімен келіспеген оқуға түсушілердің өтініштерін қарау үшін құрылады.

      Апелляцияға өтініш апеллециялық комиссияның төрағасы атына оқуға түсу емтихандарының нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күнтізбелік күні сағат 10.00-ге дейін беріледі және сол күнтізбелік күні қаралады.

      Апелляциялық комиссия әр оқуға түсушімен жеке жұмыс істейді. Оқуға түсуші аппеляциялық комиссияның отырысына келмеген жағдайда оның апелляцияға берген өтініші қаралмайды.

      Апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауыс беруімен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы комиссия төрағасы және барлық мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді.

      73. ҰҚУ-ға әртүрлі ведомстволар бойынша орындарды бөлуді ескере отырып, мамандығы бойынша бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша мамандыққа бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін рейтингіде тұрған оқуға түсушілер қабылданады.

      Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының 12 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады.

      Қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау туралы шешімі негізінде кадр жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі қабылдау жылының 15 тамызына дейін ҰҚУ-ға оқуға қабылдау туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығын шығарады.

      Ескерту. 73-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      74. ҰҚУ-ға оқуға қабылдауға конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда бейінді емтихан бойынша анағұрлым жоғары балл жинаған адамдардың басым құқығы бар.

      Ескерту. 74-тармақпен толықтырылды – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Тиісті деңгейдегі білім беру
бағдарламаларын іске асыратын
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігіне
ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға
қабылдау қағидаларына
1-қосымша

Мектепке оқуға түсуші ұсынатын құжаттар тізбесі

      1. Оқуға түсушінің тегін, атын және әкесінің атын (бар болған кезде), туған күнін, тұрғылықты жерінің мекенжайын, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің байланыс деректерін көрсетумен еркін нысанда оқуға қабылдау туралы өтініш.

      2. Туу туралы куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі).

      3. Негізгі орта білімі туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі).

      4. Көлемі 3х4 см 4 фотосурет.

      5. Медициналық құжаттар және Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасының 33-тармағына сәйкес медициналық зерттеулер нәтижелері.

      6. Білім беру мекемесінің директорынан мөрі бар ұсыным хат.

      7. Спорттық разрядты, ағымдағы жылғы орындаушылардың республикалық не халықаралық жарыстардағы, конкурстардағы, жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық олимпиададағы, сондай-ақ ағымдағы жылғы жалпы білім беру пәндері бойынша Президенттік не республикалық олимпиададағы жүлделі орнын растайтын құжат (бар болған кезде).

      8. Жетім балалар және олардың ата-анасы құқықтарының шектелуіне немесе одан айырылуына, ата-анасының хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (шектеулі әрекетке қабілетті) деп танылуына байланысты, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өзге де жағдайларда жалғыз немесе ата-анасының екеуініің қамқорлығынсыз қалған балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған фактісін растайтын мынадай құжаттардың бірінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын) қосымша ұсынады:

      ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік;

      ата-анасын ата-ана құқықтарын шектеу немесе одан айыру туралы сот шешімі;

      ата-анасын хабар-ошарсыз кеткен деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (шектеулі әрекетке қабілетті) деп тану туралы) сот шешімі.

      9. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияларда есепте тұрмағаны туралы анықтама.

      10. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органынан анықтама ұсынады.

  Тиісті деңгейдегі білім беру
бағдарламаларын іске асыратын
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігіне
ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға
қабылдау қағидаларына
2-қосымша

Кадет корпусына және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери институттарға оқуға түсу үшін құжаттар тізбесі

      1. Оқуға түсушінің тегін, атын және әкесінің атын (бар болған кезде), туған күнін, тұрғылықты жерінің мекенжайын, ата-анасының немесе олардың заңды өкілдерінің байланыс деректерін көрсетумен еркін нысанда оқуға қабылдау туралы өтініш немесе баянат.

      2. Жеке куәлігінің көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасы).

      3. Әскери билет көшірмесі (тек әскери қызметшілер, оның ішінде запастағылар, түпнұсқасы).

      4. Білімі туралы құжаттар (түпнұсқасы және көшірмесі).

      5. Кемінде 50 балл, оның ішінде математикадан сауаттылығы немесе математикадан кемінде 7 балл, ал қалған пәндер бойынша – кемінде 4 балл тестілеу нәтижесі бар ҰБТ, ТКТ сертификаты (Кадет корпусына оқуға түсетіндерді қоспағанда).

      6. Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес әскери оқу орнына оқуға түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасы.

      7. Сотталмағандығы туралы анықтама.

      8. Спорттық разрядты, ағымдағы жылғы орындаушылардың республикалық не халықаралық жарыстардағы, конкурстардағы, жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық олимпиададағы, сондай-ақ ағымдағы жылғы жалпы білім беру пәндері бойынша Президенттік не республикалық олимпиададағы жүлделі орнын растайтын құжат (бар болған кезде).

      9. Көлемі 3х4 төрт фотосурет.

      10. Жетім балалар және олардың ата-анасы құқықтарының шектелуіне немесе одан айырылуына, ата-анасының хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (шектеулі әрекетке қабілетті) деп танылуына байланысты, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өзге де жағдайларда жалғыз немесе ата-анасының екеуініің қамқорлығынсыз қалған балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған фактісін растайтын мынадай құжаттардың бірінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын) қосымша ұсынады:

      ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік;

      ата-анасын ата-ана құқықтарын шектеу немесе одан айыру туралы сот шешімі;

      ата-анасын хабар-ошарсыз кеткен деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (шектеулі әрекетке қабілетті) деп тану туралы) сот шешімі.

      11. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органынан анықтама ұсынады.

  Тиісті деңгейдегі білім беру
бағдарламаларын іске асыратын
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігіне
ведомстволық бағынысты
әскери оқу орындарына оқуға
қабылдау қағидаларына
3-қосымша

Кадет корпусы қабылдау комиссиясы шешімінің хаттамасы

      Комиссия құрамы:

      Комиссия төрағасы:

      Комиссия төрағасының орынбасары:

      Комиссия мүшелері:

      Комиссия хатшысы:

      Кадет корпусына оқуға түсу үшін кандидаттарды қабылдау жөніндегі өз отырысында іріктеу кезеңдерінің нәтижелерін зерделеді және қарады және қаулы шығарды:

р/с №

Т А Ә

Туған жылы, күні, айы

Ұлты

Отбасы құрамы

Кәсіби-психиологиялық іріктеу

Дене шынықтыру дайындығы

Медициналық куәландыру

Аттестаттың орташа балы

Бонустық балл

Рейтингілік балл

Қабылдау комиссиясының шешімі

Ескертпе

Әкесі

Шешесі

Ағасы

Апасы














      Жиыны:

      қабылданды –

      бас тартылды –

      бас тартты –

      Қабылдау комиссиясының төрағасы:

      Қабылдау комиссиясы төрағасының орынбасары:

      Қабылдау комиссиясының мүшелері:

      Қабылдау комиссияның хатшысы:

  Тиісті деңгейдегі білім беру
бағдарламаларын іске асыратын
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігіне
ведомстволық бағынысты
әскери оқу орындарына оқуға
қабылдау қағидаларына
4-қосымша

ҰҚУ-ға оқуға түсу үшін құжаттар тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы азаматы жеке куәлігінің көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасы).

      2. Офицердің жеке куәлігінің көшірмесі (бар болған кезде) (салыстыру үшін түпнұсқасы).

      3. Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына сәйкес ресімделген оқуға жарамдылығы туралы әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы бар медициналық куәландыру туралы анықтама.

      4. Н-45 нысанындағы анықтама (әскери оқу орындарына оқуға түсушілер үшін анықтама "Қызмет бабында пайдалану үшін" шектеу белгісінсіз жасалады және келесі бетінде бөлім командирінің қолымен және елтаңбалы мөрмен расталады, құпия емес іс жүргізу бөлімінде тіркеледі және тіркеу журналына қол қою арқылы беріледі).

      5. Жоғары тұрған бастық (командир) куәландырған кәсіби-психологиялық іріктеуден өткенін растайтын құжат.

      Ескерту. 4-қосымша 5-тармақпен толықтырылды – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Тиісті деңгейдегі білім беру
бағдарламаларын іске асыратын
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігіне
ведомстволық бағынысты
әскери оқу орындарына оқуға
қабылдау қағидаларына
5-қосымша

ҰҚУ-ға оқуға түсу емтихандарына шығарылатын пәндер тізбесі

      Ескерту. 5-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Р/с №

Пәндер атауы

Өткізу нысаны

Магистратура жедел-тактикалық басқару деңгейі

1.

Бейіні бойынша емтихан

ауызша-жазбаша

2.

Дене шынықтыру дайындығы бойынша емтихан

практикалық

Магистратура стратегиялық және жедел-стратегиялық басқару деңгейлері

1.

Бейіні бойынша емтихан

ауызша-жазбаша

2.

Дене шынықтыру дайындығы бойынша емтихан

практикалық

Докторантура

1.

Бейіні бойынша емтихан

ауызша-жазбаша

2.

Шет тілі бойынша емтихан

ауызша-жазбаша

  Тиісті деңгейдегі білім беру
бағдарламаларын іске асыратын
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігіне
ведомстволық бағынысты
әскери оқу орындарына оқуға
қабылдау қағидаларына
6-қосымша

Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына оқуға түсушілерге арналған бейінді пәндер тізбесі

      Ескерту. 6-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қорғаныс министрінің 28.07.2020 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Р/с №

ЖОО атауы

Бейінді пәндер атауы

1

Құрлық әскерлерінің Әскери институты

Математика, физика

Математика, география

2

Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты

Математика, физика

3

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты

Математика, физика



  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2016 жылғы 22 қаңтардағы
№ 35 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 11 маусымдағы № 327 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11617 болып тіркелген, 2015 жылғы 23 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2015 жылғы 23 шілдеде № 138 (28616) "Егемен Қазақстан", 2015 жылғы 23 шілдеде № 138 (28014) "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған);

      2. "Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 11 маусымдағы № 328 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11609 болып тіркелген, 2015 жылғы 23 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2015 жылы 23 шілдеде № 138 (28616) "Егемен Қазақстан", 2015 жылы 23 шілдеде № 138 (28014) "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған);

      3. "Әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалармен жалпы орта білімнің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 11 маусымдағы № 330 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11614 болып тіркелген, 2015 жылғы 23 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2015 жылғы 23 шілдеде № 138 (28616) "Егемен Қазақстан", 2015 жылғы 23 шілдеде № 138 (28014) "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған);

      4. "Техникалық және кәсіптік білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 11 маусымдағы № 331 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11616 болып тіркелген, 2015 жылғы 23 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2015 жылғы 23 шілдеде № 138 (28616) "Егемен Қазақстан", 2015 жылғы 23 шілдеде № 138 (28014) "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады