"Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 30 мамырдағы № 343 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 маусымда № 13846 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10768 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 25 маусымдағы № 118 (28596) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларында:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Қашықтықтан білім беру технологияларын (бұдан әрі ҚБТ) іске асыру мынадай түрлер бойынша жүзеге асырылады: теледидарлық технология, желілік технология және кейс-технология.»;
      5-тармақта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) ақпараттық-білім беру ресурсы (бұдан әрі АБР) білім беру сипатында қалыптастырылған ой мен білім, әртүрлі деректер, оларды жинақтау, сақтау және ақпараттар көзі мен тұтынушылар арасындағы алмасу әдістері мен құралдары;»;
      мынадай мазмұндағы 15), 16), 17), 18) тармақшалармен толықтырылсын:
      «15) электронды басылым – бағдарламалық басқару құралы және құжаттамасы бар және кез келген ақпаратты электрондық тасымалдағышта орналастырылған немесе компьютерлік желіде жарияланған цифрлық, мәтіндік, графикалық, аудио, бейне және басқа да ақпараттар жиынтығы.
      Электронды оқу басылымы (бұдан әрі – ЭОБ) – оқытуды автоматтандыруға және білімді бақылауға арналған және оқу курсына немесе оның жекелеген бөліктеріне сәйкес келетін, сондай-ақ оқыту траекториясын таңдауға мүмкіндік беретін және әртүрлі оқу жұмысымен қамтамасыз ететін электронды басылым;
      16) жаппай ашық онлайн-курс (бұдан әрі ЖАОК) электронды оқыту технологиялары қолданылатын, жаппай интерактивті қатысуға және Интернет арқылы ашық қол жеткізуге болатын оқыту курсы;
      17) аралас оқыту – дәстүрлі күндізгі оқыту нысанында және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып жүргізілетін оқыту технологиясы;
      18) жаппай ашық онлайн-курстардың онлайн-платформасы (бұдан әрі ЖАОК ОП) таңдалған онлайн-курстар бойынша қашықтықтан оқуға мүмкіндік беретін ашық онлайн-білім беру порталы.»;
      мынадай мазмұндағы 8-1 тармақпен толықтырылсын:
      «8-1. ҚБТ қосымша білім беруге қатысты да пайдаланылады, профессорлық-оқытушылық құрамды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, оның ішінде шет тілі бойынша қайта даярлау және біліктілігін арттыру.»;
      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «16. Міндетті жиынтық:
      1) пәннің мазмұнын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарды, ұсынылатын әдебиеттер (негізігі және қосымша) тізімін, пәндерді модульдерге бөлуді қамтитын силлабустан;
      2) дәрістердің электрондық конспектісінен және бейнедәрістерден;
      3) практикалық және семинар сабақтарының материалдарынан;
      4) студенттің өзіндік жұмысына және студенттің оқытушының жетекшілігімен орындалатын өзіндік жұмысына арналған тапсырмалардан;
      5) аралық бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (бақылау жұмыстары, тестілеу тапсырмалары, жеке тапсырмалар);
      6) қорытынды бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (тестілеу емтихандық тапсырмалар, емтихан сұрақтары, билеттер, емтихандық бақылау жұмыстары);
      7) қашықтықтан консультациялар жүргізу кестесінен тұрады.»;
      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «21. ҚБТ-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше АБР-ді, электронды оқу басылымдарын, мультимедиалық курстарды, әдістемелік құралдарды әзірлеуге, алуға және игеруге консультативтік көмек көрсетеді, білімді бақылаудың тестілеу жүйесіне және басқа да құралдарына әкімшілік етеді, ҚБТ үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану әдістемесін әзірлейді.»;
      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «23. ҚБТ бойынша оқыту бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу жоспарлары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының барлық оқу жоспары бойынша жүргізіледі.»;
      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «29. «Off-line» режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы қатынас асинхронды түрде жүзеге асырылатын (бейнедәрістер, оқытуды басқару жүйесіндегі тапсырмалар, электронды пошта, кейіннен аралық және/немесе қорытынды бақылау тапсыруымен оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулықпен жұмысы) оқудың өзара іс-әрекеті процесін қарастырады.»;
      мынадай мазмұндағы 3-тараумен толықтырылсын:
      «3. ЖАОК ұйымдастыру
      36. Білім беру ұйымдарында оқыту курсының жоғары деңгейдегі сапасын қамтамасыз ету үшін (әзірлеу, аккредиттеу, білімді бақылау және т.б.) халықаралық тәжірибе (Edx, Coursera, FutureLearn және басқа) негізінде білім алушылардың оқу нәтижелері мен құзыреттерінің сәйкестігін бағалау арқылы ЖАОК жүзеге асырылады.
      37. Білім беру ұйымдары онлайн-платформаға орналастырғанға дейін курстарды оқу-әдістемелік сараптау және апробациялау сапасы жүйесін қамтамасыз ететін ЖАОК ұйымдастырады.
      38. Онлайн-платформадағы бағалау рәсімдеріне қойылатын талаптар:
      1) оқыту нәтижелерін бағалауға байланысты іс-шараларды өткізу кезінде тұлғаны сәйкестендіру (қорытынды бағалауды қалыптастыруда тұлғаны сәйкестендіруге байланысты іс-шаралардың үлесі кемінде 30%-ды құрауы қажет). Тұлғаны сәйкестендіру үшін мынадай технологиялар қолданылады:
      пернетақтада мәтінді терудің бірегей үлгісі (символдарды теру жылдамдығын тексеретін бағдарлама, пернетақтадағы пернелерді басу, пернелер комбинациялары арасындағы кідіру (пернетақтадағы әріптерді іздеуге байланысты) уақыты, ритімдік теру);
      сертификаттау орталықтары (өту барысында тұлғаны сәйкестендіруді және іс-шараның өту жағдайын бақылауды қамтамасыз ететін ұйым ұсынатын жұмыс орындарында іс-шаралар өткізу);
      онлайн-прокторинг (камераларды және білім алушы жұмыс жасап отырған құрылғының экранын трансляциялау құралдарын пайдалана отырып, іс-шаралар барысында білім алушыларды қашықтықтан бақылау);
      биометриялық технология (тұлғаны сәйкестендірудің және іс-шараның өту жағдайларын бақылаудың автоматтандырылған құралдарын пайдалану);
      2) курсты аяқтағаны туралы берілген сертификат негізінде білім алушылардың оқу жетістіктері туралы ақпаратқа қол жеткізіледі (білім алушының сертификатында не есептік жазбасының астында көрсетілген сілтеме бойынша).
      39. Барлық бақылау тапсырмалары мен қорытынды емтихандарды тапсырған онлайн-курстардағы тыңдаушыларға осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті сертификаттар беріледі.
      40. Сертификаттың мазмұны:
      1) сертификат берілген білім алушының жеке басын біркелкі сәйкестендіру қамтамасыз етіледі;
      2) сертификатта оның жоғары оқу орнының онлайн-платформасымен қауымдастырылған Интернет желісінде, доменде орналасқан электронды нұсқасына сілтеме болады;
      3) сертификатта оқу нәтижелерін меңгеру деңгейі туралы (бағалау өлшемшарттары, оқу жоспары немесе басқа да деректер курс туралы ақпаратта, не тікелей сертификатта немесе электронды нұсқасында жазылады) ақпарат қамтылады.
      41. ЖОО (кеңес) бекіткен тізбеге кіретін онлайн-курста оқу нәтижесін растайтын сертификат болған жағдайда, білім алушы оқыған пәнін ағымдағы немесе алдағы академиялық оқу кезеңіне жоспарланған жеке оқу жоспарына қосуға үміттенеді.
      42. Қазақстан Республикасының ЖОО-лары әзірлеген ашық онлайн-курстарды меңгеру нәтижелерін сынау тәртібі мен шарттары, қайта сынақтан өтуге/ қайта аттестаттауға жіберілген ашық онлайн-курстар бойынша онлайн-платформаларда оқу нәтижелеріне қойылатын талаптар ЖОО-лар арасындағы білім алушылардың ішкі академиялық ұтқырлығы жөніндегі келісім шеңберінде іске асырылады.
      43. ЖАОК бойынша білім алушылардың оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын айқындау мынадай негізде жүзеге асырылады:
      1) онлайн-платформада білім алушының оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын бағалау кезінде кредиттерді аударудың және жинақтаудың еуропалық жүйесі (ECTS - The European Credit Transfer System) пайдаланылады;
      2) онлайн-курстарды қайта есептеу кезінде берілген сертификатта көрсетілген кредиттер санын, сынақ бірліктерін немесе академиялық сағаттарды оларды білім алушының таңдаған ағымдағы немесе алдағы академиялық оқу кезеңіндегі мамандықтың оқу жоспарлары мен жеке оқу жоспарларына енгізілген оқу пәндерімен қатаң сәйкестікте қайта есепке алып жазылады;
      3) аралас оқыту технологиясын іске асыру кезінде онлайн-курстар бойынша кредиттер санын қайта есептеу қашықтықтан оқыту технологиясын қолдана отырып, пәннің құрылымына бекітілген пропорционал арақатынасы шеңберінде жүзеге асырылады;
      4) кредитті қайта есептеу ЖОО-ның оқу-әдістемелік комиссиясы айқындайды және ЖОО-ның корпоративті порталында (сайтында) ашық түрде жарияланады.».
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Г.І. Көбенова) заңнамада белгіленген тәртiппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;
      3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі                  Е. Сағадиев

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 30 мамырдағы 
№ 343 бұйрығына қосымша 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады