Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 309 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 10 тамызда № 14101 болып тіркелді.

      "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 9-бабының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 29.09.2022 № 308 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Энергетика министрі

Қ. Бозымбаев


  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2016 жылғы 8 шілдедегі
№ 309 бұйрығымен
бекітілген

Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 29.09.2022 № 308 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК) пайдалану объектісі – ЖЭК-ті пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және ЖЭК пайдалану объектісін игеру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және ЖЭК-ті пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым;

      2) уәкілетті орган – ЖЭК пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) электр энергиясын нетто-тұтынушы (бұдан әрі – нетто-тұтынушы) – ЖЭК аралас қондырғыларын қоса алғанда, таратушы электр желісіне қосылған және желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған жалпы белгіленген қуаты бір жүз киловаттқа дейін беру көлемдерін бөлек есепке алу жүйелерімен жабдықталған, өзіне меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқықпен тиесілі ЖЭК пайдалану объектісінен электр энергиясын өзінің толық немесе ішінара тұтынуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға.     

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылған өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы және ЖЭК пайдалануды қолдау туралы заңнамаларына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату тәртібі

      4. ЖЭК пайдалану объектілерін электр желілеріне қосу және артық электр энергиясын сату үшін нетто-тұтынушы ЖЭК пайдалану объектілерін электр желілеріне қосу сәтіне дейін күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша электр желілеріне қосу жүргізілетін энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымға хабарлама ұсынады.

      5. Нетто-тұтынушы хабарламаға мынадай құжаттар мен ақпаратты қоса береді:

      1) ЖЭК пайдалану объектісінің негізгі генерациялайтын жабдығының техникалық сипаттамалары;

      2) ЖЭК пайдалану объектісін электр желілеріне қосу схемасының көшірмесі;

      3) айларға бөле отырып, электр энергиясын өндірудің 1 (бір) жылына арналған болжамды жылдық көлемдері.

      6. Электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу үшін нетто-тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға мынадай құжаттарды ұсынады:

      жеке куәліктің көшірмесі (жеке тұлғалар үшін);

      құрылтай құжаттары (заңды тұлғалар үшін);

      салыстырып тексеру туралы тиісті сертификаттың көшірмесі бар электр энергиясын есепке алудың екі бағытты аспабына арналған паспорттың көшірмесі;

      банк деректемелері.

      Ұсынылған құжаттардың негізінде энергиямен жабдықтаушы ұйым өзі қол қойған электр энергиясын сатып алу-сату шартының жобасын осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қалыптастырады және нетто-тұтынушының атына жібереді.

      7. ЖЭК пайдалану объектісін (объектілерді) энергия беруші ұйымның электр желілеріне қосу үшін энергиямен жабдықтаушы ұйым Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес нетто-тұтынушымен электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасады.

      8. Нетто-тұтынушы ЖЭК пайдалану объектісін электр желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды ала отырып, энергия беруші ұйымның электр желісіне оның өз жағынан шекаралық бөлікке дейін орналасқан нүктесіне қосылады.

3-тарау. Өзара есеп айырысулар тәртібі

      9. Нетто-тұтынушылар Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10403 болып тіркелген) Электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату жөніндегі талаптарды сақтайды.

      Нетто-тұтынушының қолданыстағы электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспабын желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған беру көлемдерін бөлек есепке алу аспабына ауыстыру қажет болған жағдайда, энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым энергия беруші ұйымның трансформаторлық кіші станцияларында орнатылған нетто-тұтынушының коммерциялық есепке алу аспабын ауыстыруды қоса алғанда, нетто-тұтынушыға осындай ауыстырудан бас тартпайды. Коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алу, орнату, ауыстыру және оны одан әрі пайдалану жөніндегі барлық шығындарды нетто-тұтынушы көтереді.

      10. Нетто-тұтынушы өзiне қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйымға оның қолданыстағы тарифi бойынша, электр желiсiнен есеп айырысу кезеңі iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемi үшін, нақ сол кезең iшiнде электр желiсiне өзі берген көлемдi шегере отырып, ақы төлейдi.

      Электр желiсiне есеп айырысу кезеңі iшiнде нетто-тұтынушы берген электр энергиясының көлемi желiден нақ сол кезең iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемiнен асып кеткен жағдайда, қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйым нетто-тұтынушы берген электр энергиясы үшін сатуға арналған өзінің қолданыстағы тарифi бойынша нетто-тұтынушыға жоғарыда аталған асып кету көлемінде ақы төлейдi.

      11. Энергиямен жабдықтаушы ұйым нетто-тұтынушыдан шот фактураларды (жеке тұлғалар үшін – шығыс жүктеме құжатын) және нетто-тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйым арасында қол қойылған коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін салыстырып тексеру актісін алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспабының (аспаптарының) деректеріне сай нетто-тұтынушының желіге берген электр энергиясының көлемі желіден нақ сол кезең ішінде өзі тұтынған электр энергиясының асып кеткен көлемі үшін ақы төлеуді жүзеге асырады.

      12. Ақы төлеу қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізіледі.

  Нетто-тұтынушылардан
  электр энергиясын сатып
алу-сату қағидаларына
қосымша
  Нысан

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін электр желілеріне қосуға және артық электр энергиясын сатуға арналған хабарлама

      20__ жылғы "___" ________ №

      ___________________________________________________________________

      (нетто-тұтынушының толық атауы, заңды мекенжайы немесе тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі)

      Сізге ________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      (энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдардың толық атауын көрсету)

      жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін электр желілеріне қосу

      және артық электр энергиясын сату туралы хабарлайды.

      Қоса берілген құжаттардың тізімі:

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________.

      _____________________________________________________________________

      (Басшы немесе уәкілетті адам, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), қолы, күні)

      М. О. (жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын тұлғаларды қоспағанда)

      Хабарламаны алды ___________________________________________________.

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), қолы, күні)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады