Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасының 2016 жылғы 3 қарашадағы № 41 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 7 желтоқсанда № 14487 болып тіркелді.

      "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 4-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру қағидалары бекітілсін.

      2. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсталғандарды және қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүрудің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 23 бұйрығының күші жойылған деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12988 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылы 15 ақпанда жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (бұдан әрі – Ұлттық бюро) заңнамамен белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Ұлттық бюроның интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрықтың Ұлттық бюроның құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарының назарына жеткізілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ұлттық бюро басшысы Т.М. Татубаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы
Қ. Қожамжаров

  Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі төрағасының
2016 жылғы 3 қарашадағы
№ 41 бұйрығымен бекітілген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 4-тармағына сәйкес әзірленді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ҚПК) 128, 131-баптары негізінде және тәртібінде ұсталған, қылмыстың жасалуына сезікті, сондай-ақ ҚР ҚПК 147-бабының негізінде сот қамауға алуға санкция берген, қылмыстың жасалуына айыпты ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды (бұдан әрі - ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар) айдауылмен алып жүру тәртібін айқындайды.

      2. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру бойынша міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстар бойынша департаменттерінде (бұдан әрі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органы) басшының бұйрығымен топтар, ал Астана және Алматы қалалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органдарында штаттық айдауылмен алып жүру бөлімшелері құрылады.

      Айдауылдау бөлімшелері:

      1) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының ғимараттарынан уақытша ұстау изоляторларына (бұдан әрі – УҰИ) дейін айдауылмен алып жүруді;

      2) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды амбулаторлық куәландыру және тексеру үшін УҰИ-ден медициналық мекемелерге және кері қарай айдауылмен алып жүруді;

      3) іс жүргізуі УҰИ, тергеу изоляторлары (бұдан әрі – ТИ) жағдайларында және мүмкін болмайтын тергеу әрекеттерін жүргізу үшін ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру, оларды тергеу әрекеттерін жүргізу уақытында және кері қарай оларды күзетуді;

      4) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды УҰИ-ден, ТИ-ден сотқа санкция алуға, бұлтартпау шараларын өзгертуге айдауылмен алып жүрудің және кайта әкелу, сот отырыстары кезінде оларды күзетуді;

      5) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды ҚР ҚПК 150-бабының 2-бөлігіне сәйкес тергеу амалдарын жүргізу үшін бір тергеу изоляторынан басқа тергеу изоляторына прокурордың қаулысы бойынша не прокурор бекіткен сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын тұлғаның қаулысы бойынша айдауылдауды;

      6) айдауылдау кезінде қашқан ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды іздеу және ұстауды жүзеге асырады.

      3. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру белгілі бір бағыттар бойынша (негізгі, қосалқы) жүзеге асырылады, оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысы (оны алмастыратын тұлға) бекітеді.

      4. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру елді мекен шегінде арнайы көлік құралында жүзеге асырылады.

      Ерекше жағдайларда, арнайы көлік құралы болмаған кезде, ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органы басшысының (оны алмастыратын тұлғаның) жазбаша рұқсатымен жеңіл қызметтік көлікте жүзеге асырылады.

      5. Айдауылмен жүрушілерді жолаушылар пойыздарының вагондарында, ұшақтарда (тікұшақтарда) тасымалдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органы басшысының (оны алмастыратын тұлғаның) жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады.

      Айдауылмен жүрушілерді қала маңы пойыздарында, қалааралық және қалааралық және қалалық автобустарда, троллейбустар мен трамвайларда тасымалдауға жол берілмейді.

      6. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған әйел адамдарды айдауылмен алып жүру кезінде айдауылдың құрамына әйел қызметкерлер қосылады.

      7. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды жаяу айдауылмен алып жүру тек:

      1) арнайы көлік құралдарында не қызметтік жеңіл көлік құралдарында - соттардың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының ғимараттарындағы ұстауға арналған камераларға, УҰИ-дің, ТИ-дің режимдік аймағына, тергеу әрекеттерін жүргізу орындарына, емдеу мекемелеріне дейін;

      2) қашқындарды ұсталған жерден бастап, егер көлік құралдарын пайдалану мүмкін болмаса, жақын маңдағы УҰИ немесе ТИ дейін жүргізіледі.

      8. Ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың қозғалыс қауіпсіздігін және сенімді күзетілуін қамтамасыз ету мақсатында, арнайы көлік құралдары жарқылдағыш маяктармен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының кезекші бөлімінің пультіне белгі беретін радиостанциялармен, кабина мен шанақ арасындағы сөйлесу құрылғыларымен жабдықталады.

      9. Айдауыл қозғалысын бақылауды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының кезекші бөлімі орнатылған радио және телефон байланысының арналары бойынша жүзеге асырады.

2-тарау. Айдауылды тағайындау, қамтамасыз ету, қаруландыру

      10. Ұсталғандарды және қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру үшін құрамында айдауыл жетекшісі және айдауылшылар бар айдауыл тағайындалады.

      Айдауылмен алып жүру қауіпсіздігінің үш деңгейі белгіленеді – қарапайым, күшейтілген, ерекше.

      Айдауылдың құрамын, түрін, саны мен қарулануын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысы (оны алмастыратын тұлға) айқындайды:

      1) қарапайым айдауыл мынадай есеппен тағайындалады: бірден-екіге дейінгі ұсталғандарға және күзетпен қамауға алынған адамдарға - екі айдауылшы; үштен-алтыға дейін - үш айдауылшы; жетіден-онға дейін - жеті айдауылшы. Егер айдауыл құрамында бес және одан көп айдауылшы бар болса, айдауыл жетекшісінің көмекшісі тағайындалады;

      2) күшейтілген айдауыл ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың қандай да біреуінің қашуға әрекет жасайтыны, күзетке шабуыл жасауы, өзіне және айналасындағыларға зиян тигізу ниеті бар екендігі туралы мәліметтер бар болғанда, айдауылмен алып жүру бағытының ұзақ болуына байланысты, әуе немесе теміржол көлігімен айдауылмен алып жүру үшін тағайындалады.

      Күшейтілген айдауыл мынадай есеппен тағайындалады: ұсталған және күзетпен қамауға алынған бір адамға - үш айдауылшы, екі-төрт адамға – алты айдауылшы, бес немесе одан көп адамға – сегіз айдауылшы;

      3) ерекше айдауыл:

      ауыр, аса ауыр қылмыстар жасаған, қашуға, айдауылшылар мен қамауда ұстау орындарының персоналына шабуыл жасауға бейім сезіктілер мен айыпталушыларды айдауылмен алып жүру кезінде;

      үлкен қоғамдық резонанс тудырған қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру кезінде тағайындалады.

      Ерекше айдауыл жетекшісі болып аға офицер құрамы қатарынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының қызметкері тағайындалады.

      Айдауылдың барлық түрлерінің құрамы міндетті түрде қорғаныш кеудешемен жабдықталады; атыс қаруымен қаруланады; өзімен бірге арнайы құралдар: газды қару, қол-кісендер, резеңке таяқтар, сондай-ақ байланыс құралдары (радиостанция); белгі беру тапаншасы, металліздегіш болуға тиіс.

      Айдауылға жүктелген міндеттемелерді орындау кезінде айдауылшылардың "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару-жарақты, күш қолдану және арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысы (оны алмастыратын тұлға) айдауылды тағайындау кезінде айдауыл жетекшісіне осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қабылдау (тапсыру) құқығына берілетін ұйғарымда (бұдан әрі - ұйғарым):

      1) құрамын белгілейді және айдауыл жетекшісін тағайындайды;

      2) тапсырмалар, тәсілдер және олардың орындалу мерзімдерін айқындайды;

      3) байланыс, қаруландыру тәртібін, айдауылшылардың ерекше міндеттемелерін белгілейді.

      Бұл ретте бағыттық кесте белгіленеді, қаржы-шаруашылық жұмысы бөлімшесінің (бұдан әрі – ҚШЖБ) және кезекші бөлімнің басшыларына айдауыл үшін тиісті құжаттарды, көлікті, жанар-жағар май материалдарын, қажетті күзет құралдарын, байланыстар мен дабыл беру құралдарын, қаруландыруды және жабдықтауды әзірлеуге өкім береді, олардың қызмет өткеру және қойылған міндеттерді орындауын бақылау ұйымдастырылады.

      11. Айдауылға ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге және оларды күзетуге байланысты емес міндеттемелерді жүктеуге жол берілмейді.

      Айдауылдың барлық жеке құрамы табельді қарумен қаруланған болуға тиіс.

      Айдауылды қаруландыру түрін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысы (оны алмастыратын тұлға) алға қойылған міндеттерді орындау тәртібі мен түріне, жағдайға қарай белгілейді.

      Арнайы көлік құралдарының камераларын және ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды ұстайтын немесе оларды орналастыру жүргізілетін басқа да үй-жайларды тексеру кезінде қару айдауыл жетекшісіне өткізіледі.

      12. Әрбір айдауылшыда өзімен бірге полицейлік типтегі ысқырық, жеке таңу пакеті, ал айдауыл жетекшісінде осылармен қоса құжаттарға арналған сөмке, айдауылмен жүрушілердің санына қарай қол кісендері болуға тиіс.

      13. Басқа елді мекеннен айдауылмен алып жүру жүргізгенде айдауыл және ұсталғандар мен күзетпен қамауға алынған адамдар іссапар құжаттарымен және ақшалай аванспен, жүріп-тұруына, тамақтануына, тұрғын үйді жалдауына, белгіленген жерге жетуіне тәуліктік жолақымен қамтамасыз етіледі.

      14. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының жедел кезекшісі айдауылды жедел басқаруды қамтамасыз етеді және:

      1) айдауылдың қызметті өткеруін ұйымдастырады, уақтылы дайындықты, нұсқаманы, көлікті, байланысты және басқа да техникалық құралдарды дұрыс пайдалануды және олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      2) арнайы көлік құралдарының шығуы мен қайта келуін бақылайды;

      3) қарулардың, оқ-дәрілердің және де басқа мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, қызмет өткеру аяқталған соң нарядтардың қаруларды, оқ-дәрілерді және басқа да оларға берілген арнаулы және техникалық құралдарды уақтылы және толық тапсыруын қадағалайды.

      15. Айдауыл жетекшісі ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру бойынша берілген тапсырмалардың дәл және уақытылы орындалуын және қарамағындағылардың заңдылықты сақтауын, қызметтік құжаттардың, айдауылданушылардың қару-жарақтардың, арнаулы, техникалық және басқа да айдауылдың пайдалануындағы материалдық құралдардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      Айдауыл жетекшісі:

      1) айдауылмен алып жүрудің бағытын және оның ерекшеліктерін, ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар туралы негізгі мәліметтерді зерделейді;

      2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес айдауыл жетекшісіне берілетін қызметтік құжаттардың тізбесінде көрсетілген қажетті қызметтік құжаттарды, қару-жарақтарды, айдауылға берілетін арнаулы техникалық құралдарды және басқа да материалдық заттарды алады, олардың дұрыс пайдаланылуын ұйымдастырады;

      3) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша айдауылдың жол журналын (бұдан әрі – Жол журналы) жүргізеді;

      4) белгіленген жерге айдауылдың жүрушілерді уақтылы жеткізуі бойынша айдауылдың іс-әрекетін білікті және сауатты басқарады, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде оларды күзетуді қамтамасыз етеді;

      5) оқиға болған жағдайда айдауылдың әрекет ету тәсілдерін айқындайды, айдауылмен алып жүрудің негізгі бағытындағы жағдай асқынғанда, қосалқы бағытқа ауысқанда, қашқан кезде қашып кеткен адамдарды дереу қудалау және ұстауды ұйымдастырады.

      16. Айдауыл жетекшісіне:

      1) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру тәртібін өзгертуге;

      2) талап етілмейтін жағдайда айдауылды уақытша қалдыруға тыйым салынады.

      17. Айдауылшы айдауыл жетекшісіне бағынады.

      Айдауылшы:

      1) өз міндеттемелерін нақты біледі және оларды дәл орындайды;

      2) айдауыл жетекшісі белгілеген жерде болады және оның рұқсатынсыз кетіп қалмайды;

      3) қаруын ақаусыз және іс-әрекетке үнемі дайын етіп ұстайды;

      4) ұсталғандармен және күзетпен қамауға алынған адамдармен сөйлесу барысында талапты және сыпайы болады және оларды ұдайы қадағалайды;

      5) айдауыл жетекшісінің нұсқауы бойынша ұсталғандарға және күзетпен қамауға алынған адамдарға тінту жүргізеді, олардан сақтауға тыйым салынған нәрселер мен заттарды алып қояды және айдауыл жетекшісіне береді.

      18. Айдауылшыға:

      1) қызметін өткеру кезінде басқа жағдайларға алаңдауға;

      2) айдауылмен алып жүру кезінде мінез-құлық талаптарын сақтау және қозғалыс тәртібі туралы нұсқау беру қажет болған жағдайларды қоспағанда, ұсталғандармен және күзетпен қамауға алынған адамдармен сөйлесуге;

      3) олардан немесе оларға бөтен адамдардан қандай да бір заттарды, хаттарды, тамақ өнімдерін қабылдауға және беруге;

      4) айдалу қозғалысының бағытын және оның соңғы пунктін жариялауға жол берілмейді.

      19. Арнайы көлік құралының жүргізушісі айдауыл құрамына кіреді, айдауыл жетекшісіне бағынады.

      Арнаулы автомобиль жүргізушісі:

      1) айдауылмен алып жүру бағытын және оның ерекшеліктерін зерделейді;

      2) арнайы көлік құралының пайдалануға дайындығын ұдайы қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелері) қатаң сақтайды;

      3) бағыт бойындағы қозғалыс жылдамдығы туралы айдауыл жетекшісінің нұсқауларын дәл орындайды, оның командасы бойынша немесе мұндай белгіні шанақтағы айдауылшылардан алған кезде дереу арнайы көлік құралын тоқтатады;

      4) арнайы көлік құралын қараусыз қалдырмайды, кабинадан түскен кезде оталдыруды өшіреді, оталдыру құлпының кілтін өзінде сақтайды;

      5) өзімен бірге Қазақстан Республикасының жол жүру ережесіне сәйкес құжаттары болуға тиіс.

      20. Арнайы көлік құралының жүргізушісіне:

      1) өзінің атына бекітілген арнайы көлік құралын қараусыз қалдыруға;

      2) арнайы көлік құралын басқа адамға басқаруға беруге жол берілмейді.

      21. Ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар қашқан жағдайда айдауылдау бөлімшесі оларды қудалау және ұстау, қозғалыстардың ықтимал бағыттары мен олардың жасырынуы ықтимал жерлерді тексеру бойынша тез арада бірінші кезектегі шараларды қабылдайды. Айдауыл жетекшісі тез арада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының кезекші бөліміне ұсталғандардыңн және күзетпен қамауға алынған адамдардың қашқаны туралы хабарлайды және айдауыл арасынан арнайы топ тағайындайды және ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды ұстау жөнінде нұсқама береді.

3-тарау. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге арналған негіздері

      22. Ұсталғандарды және қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру сондай-ақ:

      1) айдауылмен алып жүру туралы сот қаулысының;

      2) прокурордың, тергеушінің жекелеген тергеу әрекеттерін жүргізу туралы қаулысының негізінде жүзеге асырылады.

      23. Тергеу әрекеттерін жүргізу үшін ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды алып жүру осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды тұлға ұсынатын ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге берілетін жазбаша өтінімнің (бұдан әрі – Өтінім) негізінде 2 данада (1-сі УҰИ немесе ТИ, 2-сі айдауылға) жүзеге асырылады.

      24. Өтінімге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысы (оны алмастыратын тұлға) қол қояды және елтаңбалы мөрмен бекітіледі.

      25. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге берілетін өтінімнің бір данасы тергеу әрекеттерінің басталуына 1 тәулік қалғанда оларды ұстау орындарына (УҰИ,ТИ), екінші данасы айдауылдау бөлімшесіне жіберіледі.

4-тарау. Айдауылмен алып жүру үшін ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қабылдау

      26. Айдауылдауға тапсырма алған айдауыл ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынғандарды қабылдайтын пунктке барады, онда айдауыл жетекшісі:

      1) УҰИ, ТИ кезекшісіне өтінімді және ұйғарымды көрсетеді;

      2) дайындалған құжаттарды алады және олардың дұрыс ресімделуін тексереді, ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды арнайы көлік құралының камераларына орналастыру тәртібін айқындайды, күшейтілген қадағалауды талап ететін сезіктілер мен айыпталушылар туралы айдауылшыларға хабарлайды;

      3) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды оларды айдауылмен алып жүру үшін қабылдау кезінде жеке тінту мен күзету үшін айдауыл құрамының есебін белгілейді, орналастыруға тінтуді жүргізуге және ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды арнайы көлік құралының камераларына орналастыру үшін бөлінген айдауылшылардың қаруын уақытша сақтауға қабылдайды;

      4) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынғандарды қабылдау, сондай-ақ тергеу амалдары жүргізілетін үй-жайды қарайды, сондай-ақ қашуға немесе шабуыл жасауға пайдаланылуы мүмкін құралдарды алып тастайды.

      Ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың құжаттары айдауыл жетекшісіне тапсырылады.

      Егер айдауылмен алып жүрілуге тиіс ұсталған және күзетпен қамауға алынған адам қашуға немесе айдауылға шабуыл жасауға бейім болса, құжаттарында "қашуға бейім" деген жазба жасалуы керек.

      27. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қабылдау жүргізілетін үй-жайларда айдауылмен алып жүру үшін оларды қабылдаушы мен тапсырушы тұлғалар ғана болады.

      Ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың жеке басына күмән туған жағдайларда айдауыл жетекшісі тиісті түсініктемелер алу үшін УҰИ, ТИ кезекшісіне өтініш жасайды және одан әрі алынған түсініктемелерге сәйкес әрекет етеді.

      Науқасы туралы шағым айтқан айдауылмен жүруге тиіс ұсталушыны және күзетпен қамауға алынған адамды дәрігер (фельдшер) қарайды, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 314 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылы 27 мамырда № 11206 болып тіркелген) бекітілген Бас бостандығы шектеулі азаматтарға, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларына 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтамаға жазба жасайды.

      Туберкулез ауруымен ауыратын және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүрудің барлық жағдайларында айдауылшылар мен айдауылмен жүрушілердің беттеріне тағатын дәке таңғыштар беріледі.

      28. Айдауылмен алып жүруге қабылданатын ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар олардың қолда бар құжаттарына сәйкес Жол журналына тіркеледі.

      29. Айдауылмен алып жүруге қабылдауға жатпайтындар:

      1) құжаттары дұрыс ресімделмеген және құжаттары жоқ ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар;

      2) дәрігердің (фельдшердің) қорытындысы бойынша айдауылмен алып жүруге жатпайтын аурулар;

      3) мас күйіндегі адамдар.

      30. Айдауыл медициналық қобдишамен қамтамасыз етіледі.

      Қажет болған кезде кенеттен науқастанғанда, жарақаттанғанда немесе бақытсыз жағдай болғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының жедел кезекшісінің рұқсатымен айдауыл ұсталушыны және күзетпен қамауға алынған адамды медициналық мекемеге медициналық көмек көрсету үшін жеткізеді.

      31. Ұсталушы және күзетпен қамауға алынған адам жол үстінде қайтыс болған жағдайда, айдауыл жетекшісі аталған факті туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының жедел кезекшісіне хабарлайды, ол арнайы тергеу амалдарын жүргізу үшін жақын маңдағы ішкі істер органының жедел тобын шақырады.

      Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін айдауыл қайтыс болған адамның мәйітін тергеушінің қаулысымен сот-медициналық сараптама жүргізу үшін жақын арадағы мәйітханаға жеткізеді.

5-тарау. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды арнайы көлік құралымен айдауылдау

      32. Айдауыл жетекшісі айдауылға шығу алдында арнайы көлік құралы шанағының жай-күйін, жарықтың дұрыстығын, сөйлесу құрылғыларын, байланыс құралдарын, желдеткішті, камера мен есіктердің құлыптарын, орындықтар мен басқа да жабдықтар бекіткіштерінің беріктігін тексереді; қашу немесе шабуыл жасау үшін пайдаланылуы мүмкін заттарды алып тастауға және анықталған кемшіліктерді жою шараларын қабылдайды.

      Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды, ер адамдар мен әйел адамдарды бір-бірінен оқшауламай айдауылмен алып жүруге жол берілмейді. Туберкулездің ашық түрімен, басқа да жұқпалы аурулармен ауыратындар өзара оқшауланып, басқа ұсталғандардан және күзетпен қамауға алынған адамдардан бөлек айдауылданады.

      33. Айдауылмен алып жүру кезінде ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар санаттары бойынша орналастырылады:

      әйел адамдар – ер адамдардан бөлек;

      топтық іс бойынша өтетін ұсталғандар және қамауға алынған адамдар сот және тергеу органдарының нұсқаулары бар болған жағдайда – бір-бірінен бөлек;

      кәмелетке толмағандар – ересектерден бөлек;

      шетелдің азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар – бірге, бірақ барлық басқа санаттардан бөлек;

      бацилла бөлетін туберкулездің белсенді түрімен ауыратындар бірге;

      психикалық бұзушылықтардан зардап шегетіндер – барлық басқа санаттардан бөлек;

      құқық қорғау органдары мен арнаулы органдардың бұрынғы қызметкерлері, сондай-ақ судьялар – басқа санаттағылардың барлығынан бөлек.

      34. Арнайы көлік құралының камераларындағы айдауылшы ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың тәртібіне үнемі қадағалау жүргізеді. Арнайы көлік құралдарында бақылау торларын іштен көлегейлеуге, шулауға, темекі шегуге, шанақтың жабдықтарын бүлдіруге, сондай-ақ басқа камераларда отырғандармен сөйлесуге немесе тықылмен белгі білдіруге жол берілмейді. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда, айдауылшы айдауыл жетекшісімен бірге тоқтау туралы дабыл береді және тәртіп бұзушылықтың жолын кесу шараларын қабылдайды, тек айдауыл жетекшісіне камералар есіктерін ашуға рұқсат етіледі.

      35. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды белгіленген түпкілікті орынға түсіру кезінде арнайы көлік құралының жүргізушісі айдауыл жетекшісінің нұсқауы бойынша арнайы көлік құралын алдын ала белгіленген орынға, мүмкіндігінше, бөтен адамдар жіберілмейтін орынға тоқтатады.

      Ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар бір-бірден қатарға тұрғызылады және айдауыл жетекшісінің бұйрығы бойынша үй-жайға қарай жүреді.

      36. Жеңіл қызметтік көлік құралында тек бір ұсталушы және күзетпен қамауға алынған адам артқы орындыққа екі айдауылшының ортасына отырғызылып тасымалданады.

      Осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру схемасы (бұдан әрі - схема) жолда оның қолдарын алдына қаратып немесе айдауылшының (екі) қолдарына біріктіріліп кісен салынады. Арнайы көлік құралының есіктері жабық күйінде бекітіледі, терезелер ашылмайды.

      37. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды жабдықталмаған немесе жүк тиелген көлік құралдарында, сондай-ақ төңкерілетін шанақтары бар көлік құралдары мен мотоцикльдерде тасымалдауға жол беріледі.

      38. Айдауыл жетекшісі жол үстінде белгіленген орынға жеткенге дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының жедел қызметшісімен байланыста болады.

6-тарау. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды әуе жол көлігімен айдауылмен алып жүру

      39. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды әуе кемелерінде тасымалдау айдауылмен алып жүру бағытының қашықтығы 500 км артық болған жағдайда не әуе көлігі жалғыз қатынас құралы болып табылатын кезде рұқсат етіледі.

      Ұсталушыны және күзетпен қамауға алынған адамды әуе кемесінің бортында тасымалдауды күшейтілген немесе ерекше айдауыл жүзеге асырылады

      40. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды тасымалдау болжанған күнді, тасымалдау жоспарланған рейстің нөмірін әуежай компаниясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысының (оны алмастыратын тұлғаның) қолы қойыла отырып, бір тәулік бұрын хабардар етіледі.

      41. Әуе компанияларының өкілі әуе кемесі командирінің нұсқауынсыз қандай да бір әрекеттер қабылданған жағдайда, айдауылшыларға әуе кемелерінің ұшуы үшін ықтимал қатерлер туралы хабарлайды.

      42. Айдауылшылар ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың өздерімен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 317 қаулысымен бекітілген Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесінде көрсетілген әуе кемесінде тасымалдауға тыйым салынған заттардың болмауын қамтамасыз етеді.

      43. Айдауылшыларда ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың іс-әрекеттеріне шектеу қоятын құралдар (қолкісендер) болады.

      44. Айдауылшыларға әуе кемесінің бортына жас ағызғыш газ контейнерлерін немесе ол тектес қатардан шығаратын газ түрлендіретін құрылғыларды алып кіруге болмайды.

      45. Айдауылшылар авиациялық қауіпсіздік қызметінің персоналына, көліктегі ішкі істер органдарының өкілдеріне және борт жолсеріктеріне қызметтік немесе басқа да қажетті құжаттарды ұсынады.

      46. Әуе кемесінің бортында атыс қаруын алып жүруге құқылы басқа да жолаушыларға айдауылдар мен ұсталғандардың немесе күзетпен қамауға алынғандардың тасымалдануы туралы хабарлайды.

      47. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды әуе кемесінің бортына отырғызу, бірінші кезекте, ал түсіру барлық жолаушылар түсіп болғаннан кейін жүргізіледі.

      48. Ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар отырғызылатын орындар жолаушылар салонының артқы жағындағы орындарға орналастырылады.

      49. Ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар тек екі немесе одан да көп орындықтары бар қатарда орналастырылады, бір айдауылшы ұсталушының және күзетпен қамауға алынған адамның ортасында және кез келген өту орнында болады.

      50. Айдауылшылар ұсталғандарға және күзетпен қамауға алынған адамдарға үнемі ілесіп жүреді, оның ішінде дәретханаға барған уақытта да олардың бақылауында болады.

      51. Әуе кемесінің бортындағы айдауылшылар мен ұсталғандарға және күзетпен қамауға алынған адамдарға алгоколь сусындары берілмейді.

      52. Айдауылшылардың қалауы бойынша ұсталғандарға және күзетпен қамауға алынған адамдарға металл емес бұйымдармен және пышақсыз тамақ беріледі.

      53. Қашуға немесе айдауылға шабуыл жасауға бейім ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды тасымалдау кезінде әрбір ұсталушыға және күзетпен қамауға алынған адамға, кемінде, екі айдауылшы бөлінеді.

      54. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды әуе кемесінде тасымалдау барлық жағдайда қолдарын кісендеумен (әйелдер мен кәмелетке толмағандардан басқа) жүзеге асырылады. Бұл ретте олардың қолдары схемада көрсетілген жағдайда кісенделуге тиіс.

      55. Айдауылшы әуе кемесінің бортында ұсталушыға және күзетпен қамауға алынған адамға тиісті бақылау жасайды, өз орындарынан тұруға, жолаушылармен сөйлесуге немесе қандай да бір заттарды қабылдауға немесе беруге рұқсат бермейді.

      Айдауыл жетекшісі ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың тәртібін және айдауылдардың әуе кемесінің бортында өз міндеттемелерін орындауларына тұрақты түрде бақылау қамтамасыз етілетін салонның артқы бөлігінде (айдауылмен жүрушілерге бөлінген орындарда) орналасады.

      56. Әуе кемесінің ұшу кідірісі ұзаққа созылған жағдайда (1,5 сағатқа және одан көп уақытқа) ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар әуежай әкімшілігі бөлетін жолаушылардан оқшауланған үй-жайға ауыстырылады. Әуе кемесі аралық әуежайда түнгі уақытта кідірген жағдайда, ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар УҰИ күзетіне тапсырылады.

7-тарау. Жолаушылар пойыздарының вагондарында ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру

      57. Теміржол көлігімен айдауылмен алып жүру жолаушылар пойыздарының купелік вагондарында жүзеге асырылады.

      Айдауылмен алып жүруді тек күшейтілген немесе ерекше айдауыл жүзеге асырады.

      Ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар мен айдауыл вагонның соңғы купесіне бөлек орналастырылады.

      Айдауылмен алып жүру бағыты полицияның көліктегі желілік бөлімдерімен келісіледі.

      Ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдарды плацкарт вагондарда тасымалдауға жол берілмейді.

      Тасымалдау қолдарына "алдынан" кісендер тағу жағдайында ғана жүзеге асырылады, осы орайда купедегі терезе берік жабылған жағдайда болады.

      Айдауылмен жүрушіні әжетханаға шығаруды олардың алдында және соңында жүріп отыратын айдауыл жетекшісі мен айдауылшы бір-бірден жүргізеді.

      Әжетхана есігі ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар онда болған кезде сәл ашық қалады, кісендері шешіледі, терезе жабық жағдайда болады.

      58. Айдауыл жетекшісі ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды купелік жолаушылар вагонына отырғызудың алдында айдауылмен жүруші отырғызылатын соңғы купеге және вагонға тексеріс жүргізеді.

      59. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды купелік вагондарға отырғызу жолаушыларды жалпы отырғызуға дейін, ал түсіру - барлық жолаушылардан кейін жүргізіледі.

      60. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды пойызға жеткізу кезінде арнайы автокөлік вагонның тамбурына тақалып қойылады, ал отырғызу аяқталғаннан кейін автокөлік поезд жүріп кеткенге дейін тұраққа қойылады. Арнайы автокөлікті қою орны алдын ала теміржол станциясының әкімшілігімен келісіледі.

8-тарау. Айдауылдың төтенше оқиғалар кезіндегі әрекеттері

      61. Оқиғалар болған кезде (шабуыл жасау, қашу, ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың бағынбауы, кепілге адам алу, өрт, табиғи апаттар, авариялар) айдауыл жетекшісі дереу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысына (оны алмастыратын тұлғаға) баяндайды және оқиғалар кезінде айдауылдың әскери іс-қимылына сәйкес әрекет етеді.

      62. Айдауылға, айдауылшыларға шабуыл жасалған жағдайда айдауыл жетекшісі айдауыл күшімен тойтаруды ұйымдастырады, қарулы шабуыл жасағанда "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес табельді қаруды қолданады.

      63. Айдауылға, айдауыл құрамына немесе ұсталғандарға және күзетпен қамауға алынған адамдарға анық шабуыл жасалғанда, айдауыл "Шабуыл" деген белгі беріп, шабуылды тойтару үшін шаралар қабылдайды.

      Қажет болған жағдайда өзін, айдауылды немесе басқа адамдарды қорғау үшін қоян-қолтық айқасқа шығады.

      Қарулы шабуыл жасағанда өзін, басқа адамдарды немесе айдауылды қорғау үшін "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табельді қаруды қолданады.

      Ол батыл және табанды әрекет етуге тиіс, қажеттілік туындаған жағдайда қаруды, арнайы құралдар мен өз күшін қолданады. Сондай-ақ қашуға немесе айдауылмен жүрушілерді күштеп босатуға жол бермеу шараларын қабылдайды.

      64. Айдауылмен жүретін ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар:

      арнайы көліктен қашқан кезде – арнайы көлік тоқтатылып, ұсталғандар және күзетпен қамауға алынған адамдар бұзылған камерадан дұрыс камераға немесе басқа арнайы көлікке ауыстырылады, ондай мүмкіндіктер болмаған жағдайда бөлімшеден дұрыс арнайы көлік құралы шақыртылады.

      сот мекемесінен қашқан жағдайда – айдауылшы тез арада қашушылардың ізіне түседі, айдауыл жетекшісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының басшысын (оны алмастыратын тұлғаны) хабардар етеді, егер қашушылар сот мекемесінің ғимаратынан шықпаса, айдауылдардың күшімен ғимарат ішінде мұқият іздеу ұйымдастырылады.

      65. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айдауыл жетекшісі қажет болатын кезде зардап шеккендерге көмек көрсетуді, қарулар мен мүліктерді сақтауды ұйымдастырады, күзеттегі ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды барынша қауіпсіз жерге орналастырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органы басшысының (оны алмастыратын тұлғаның) нұсқауы бойынша оларды эвакуациялауды жүзеге асырады, мүліктерді күзетуге және белгіленген режимді сақтауға шаралар қабылдайды.

      66. Арнайы көлік құралы аварияға ұшыраған жағдайда, егер ол өздігінен жүре алмаса, айдауыл жетекшісі авариялвқ жағдай белгілерін қояды, бөлімшеден басқа арнайы көлік құралын шақыртады, оған ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды отырғызуды және одан әрі белгіленген орынға айдауылмен алып жүруді ұйымдастырады.

      Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды ауыстырып отырғызу мүмкін болмаған жағдайда (көліктің қатты қозғалысы, азаматтардың жиналып қалуы және басқасы), айдауыл жетекшісі сынған көлікті жақын тұрған уақытша ұстау изоляторына, немесе ішкі істер органына сүйретіп апаруды ұйымдастырады. Егер апат елді мекеннің сыртында болса және арнайы көлік құралының ақауы елеулі болса, айдауыл жетекшісі ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды басқа ақаусыз арнайы көлік құралы келгенге дейін күзетуді ұйымдастыру үшін неғұрлым қауіпсіз орынға шығарады.

9-тарау. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды тергеу әрекеттерін жүргізу, сараптамалар жасау, медициналық қызмет көрсету кезінде күзету

      67. Ұсталған адамды және күзетпен қамауға алынған адамды соттың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының ғимараттарында уақытша ұстау бөлмесіне (бұдан әрі – УҰБ) орналастырғаннан кейін айдауылшы оларды үнемі қағалайды, олардың басқа тұлғалармен (туыстары, қорғаушылары) сөйлесуіне, қандай да бір заттарды қабылдауына немесе беруіне рұқсат етпейді.

      68. Айдауыл сот бұлтартпау шараларын санкциялау кезінде ұсталған адамды және күзетпен қамауға алынған адамды күзетуді қамтамасыз етеді.

      69. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының әкімшілік ғимаратына тұлғаны алып келгеннен кейін айдауыл жетекшісі алып келген ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды кезекші бөлімде тіркейді, кететін кезінде шыққаны туралы белгі қояды.

      Тергеу әрекеттері басталғанға дейін (үзілістерде) оларды УҰБ-ға орналастырады, онда олардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмайтын жағдайларда ұстау жүзеге асырылады.

      УҰБ ғимараттың бірінші қабатында (шатырасты, жертөле қабаттарында орналасуына үзілді-кесілді жол берілмейді) жеке бөлмеде орналастырылады, төбеге дейін қалқандармен қоршалады, есігі соққыға төзімді шыны материалдан, еденге бекітілген орындықпен, желдеткішпен, есіктері құлыптармен, қауіпсіздік жүйелерімен (терезелерінде металл торлары, кезекші бөлімнің мониторына шығарылған бейнебақылау, нарядты шақыратын дабыл тетігі), айдауылдың жұмыс орнымен жабдықталған болуға тиіс.

      Тергеу әрекеттерін жүргізу үшін айдауыл тек ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қабылдау-тапсыру журналына тіркеп, арнайы үй-жайлар – тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған бөлмеге жеткізу талабын жіберген тергеушіге ғана береді.

      Тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған бөлмелер ғимараттың бірінші қабатында (шатырасты, жертөле қабаттарында орналасуына үзілді-кесілді жол берілмейді) орналастырылады, УҰБ ұқсас қауіпсіздік жүйелерімен, сондай-ақ тергеушінің, қорғаушының (қоғам өкілінің) жұмыс орнымен, сезікті, айыпталушы үшін жеке орындармен (төбеге дейін соққыға төзімді шыны қалқандармен қоршалған, еденге бекітілген орындықпен, желдеткішпен, есіктері құлыптармен жабдықталған), тергеу әрекетінің екі қатысушысының, айдауылдың жеке орындарымен, нарядты шақыратын дабыл тетігімен жабдықталған болуға тиіс.

      Айдауыл жетекшісі тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған бөлмені тексереді, анықталған кемшіліктерді жоюға шаралар қабылдайды.

      Тергеушінің талабы бойынша айдауылшы өзінің қатысуын қамтамасыз етеді, бұл ретте айдауылшылар терезелердің, айдауыл жетекшісі есіктің жанында тұрады.

      Жергілікті жерде тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде айдауыл жетекшісі тергеу әрекеттерін жүргізу белгіленген жергілікті жерді (үй-жайды) қарап шығады және оны жүргізетін адамның келісуі бойынша ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қорғау тәртібін белгілейді, айдауылшылар ешқайда кетпестен айдауылмен жүрушілердің қасында болады, қолкісендерді қолданады, әрбір ұсталған адамды және күзетпен қамауға алынған адамды тергеу әрекеттеріне байланысты олардың барлық орын ауыстыруларында еріп жүреді, арнайы көлік құралына отырғызу алдында жеке қарауды жүргізеді.

      Тергеу әрекеттерінің аяқталғаны немесе келесі күндері оларды жалғастыру қажеттілігі туралы тергеуші (анықтау жүргізетін тұлға) айдауылмен алып жүруге арналған талаптарға белгі қояды және оған өзі қол қоя отырып бекітеді.

      70. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының ғимаратында тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін айдауыл жетекшісі ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды тергеушіден қабылдап алады және ұстау орны бойынша айдауылмен алып жүргенге дейін УҰБ-ға орналастырады.

      71. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды ТИ-ге, УҰИ-ға айдауылмен алып жүруге дейін 3 сағаттан артық емес мерзімге УҰБ-да орналастыруға жол беріледі.

      72. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды әжетханаға шығаруды ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың алдында және соңында жүріп отыратын айдауыл жетекшісі мен айдауылшы бір-бірден жүргізеді.

      Әжетхана есігі ұсталған адам және күзетпен қамауға алынған адам онда болған кезде сәл ашық қалады, қолкісендері шешіледі, терезе жабық жағдайда болады.

      73. Жалпы мақсаттағы медициналық мекемелерде медициналық куәландыру, түрлі сараптамалар жүргізу кезінде айдауылмен алып жүруді бір-бірден айдауылдың жетекшісі және айдауылшы жүзеге асырады, сондай-ақ айдауылдың жеке өзінің қатысуы қамтамасыз етіледі, қажет болған жағдайда кіреберіс есікте және терезенің алдында тұрады.

      74. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды медициналық мекемелерде стационарлық емдеу үшін орналастыру ТИ білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік болмайтын шұғыл жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

      Медициналық мекемеге стационарлық емдеу үшін орналастырылған ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органының күшімен күзетуге жол берілмейді.

  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
қызметтің ұсталғандарды және
күзетпен қамауға алынған
адамдарды айдауылмен алып
жүру қағидаларына 1-қосымша
  Форма

      Мөртабан

  Кімге___________________
(лауазымы, тегі, аты, әкесінің
аты (бар болған кезде))
________________________

Айдауыл жетекшісіне ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қабылдауға (тапсыруға) құқық беретiн ұйғарым (айдауылдың жеке құрамының тiзiмiмен бiрге)

      Осы ұйғарымды ұсынатын адам айдауыл жетекшісі болып тағайындалды

      ________________________________________________________________________________

      ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылдау және қабылдау (тапсыру) үшін

      ________________________________________________________________________________

      (соттың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органының атауы)

      Ұйғарым

      20__жылғы "___" _____________ дейін жарамды.

      М.О.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органының басшысы

      __________________________________
__________________________________

      (тегі, қолы)

      Келесі беті

Айдауылдың құрамы

р/с №
 

Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде)

Лауазымы

Қарудың түрі, нөмірі





  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
қызметтің ұсталғандарды және
күзетпен қамауға алынған
адамдарды айдауылмен алып
жүру қағидаларына 2-қосымша

Айдауыл жетекшісіне берілетін қызметтiк құжаттар тізбесі

      1. Қала шегінде айдауылдаумен алып жүру кезiнде:

      1) айдауыл жетекшісіне ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қабылдауға (тапсыруға) құқық беретiн ұйғарым (айдауылдың жеке құрамының тiзiмiмен бiрге);

      2) әрбiр ұсталған адамға және қамауға алынған адамға арналған құжаттар салынып, мөрленген пакеттер;

      3) айдауылдың жол жүру журналы;

      4) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қабылдау-тапсыру журналы;

      5) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылдаумен алып жүруге берілетін өтініш.

  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
қызметтің ұсталғандарды және
күзетпен қамауға алынған
адамдарды айдауылмен алып
жүру қағидаларына 3-қосымша
  Форма
  Титул парағы

Айдауылдың жол жүру журналы

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органының атауы)

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (айдауыл бөлімшесі)

      Басталды: 20 __ жылғы " " _________

      Аяқталды: 20 __ жылғы " " ________

      Келесі беті

р/с №

Кету орны, күні және уақыты

Қозғалыс бағыты

Келу орны, күні және уақыты

Айдауыл жетекшісінің белгісі






  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
қызметтің ұсталғандарды және
күзетпен қамауға алынған
адамдарды айдауылмен алып
жүру қағидаларына 4-қосымша
  Форма

Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылдаумен алып жүруге берілетін өтініш

      Мөртабан

  ____________________________
  __________________басшысына
  (органның атауы)

      _____________________________________________________ келесі бетте аталған адамдарды

      (күні, уақыты)

      _________________________________________________________мекенжайында орналасқан

      ________________________________________________________________________________

      (сот мекемесінің, тергеу әрекеттері жүргізілетін орынның атауы)

      айдауылдаумен алып жүру үшін айдауыл жiберуiңiздi сұраймын.

      Айдауылдаумен алып жүруге тиіс адамдар ___________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (лауазымын, тегiн көрсету)

      _________________________________________________ қарамағында болады.

      Сот процесiнiң (тергеу әрекетін жүргізудің) басталуы

      ______________________________________,

      (уақыты)

      Болжамды ұзақтығы ____________________

      (уақыты)

      _________________________________

      (тегі, қолы)

      Келесі беті

р/с

 

Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде)

Туған жылы

ҚК-нің қандай бабы бойынша сезікті болып табылады, айыпталады

Ұстау орны, Тергеу изоляторының, уақытша ұстау изоляторының атауы






      Кестенің жалғасы

Ішкі оқшаулау жөніндегі талап (бірге қатысушылардан бөлек көрсету)

Айдауылдың түрін көрсету (кәдімгі, күшейтілген,ерекше)

Айдауыл-дау тәртібі бойынша басқа да ұйғарымдар

Айдауылмен жүрушілерге тінту жүргізген адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде)

Тергеу изоляторы бастығының, уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды қабылдау туралы мөр басылған қолхаты,






      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

      органының басшысы

      ________________________________

      ________________________________

      (тегі, қолы)

  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
қызметтің ұсталғандарды және
күзетпен қамауға алынған
адамдарды айдауылмен алып
жүру қағидаларына 5-қосымша

Ұсталғандар мен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру схемасы



"Артқы жағынан" тағылатын қолкісендер



"Алдыңғы жағынан" тағылатын қолкісендер



Қолкісендер ұсталған адамның және күзетпен қамауға алынған адамның екі қолына және айдауылшының қолына тағылған



Қолкісендер ұсталған адамның және күзетпен қамауға алынған адамның екі қолына, айдауылшылардың оң және сол қолына тағылған



Иілгіш металл арқанмен жалғанған қолкісендер айдауылшылардың ортасында колоннада тұрған ұсталған адамның және күзетпен қамауға алынған адамның және айдауылшылардың оң қолына - сол қолына тағылған



Қолкісендер ұсталған адамның және күзетпен қамауға алынған адамның оң - сол қолдарына тағылған



Иілгіш металл арқанмен жалғанған қолкісендер колоннада тұрған ұсталғандардың және күзетпен қамауға алынған адамдардың және айдауылшылардың оң - сол қолдарына тағылған





  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
қызметтің ұсталғандарды және
күзетпен қамауға алынған
адамдарды айдауылмен алып
жүру қағидаларына 6-қосымша
  Форма
  Титул парағы

Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды

қабылдау-тапсыру журналы

      __________________________________________________

      (органның атауы)

      Басталды: 20 __ жылғы " " _________

      Аяқталды: 20 __ жылғы " " ________

      Келесі беті

р/с №
 

Ұсталған адамның және күзетпен қамауға алынған адамның тегі, аты, әкесінің аты

Қабылдаушы қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болатын кезде)

Қабылдау уақыты

Қабылдау кезінде қойылатын қолы

Тапсыру уақыты

Тапсыру кезінде қойылатын қолы









Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады