Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 4 мамырдағы № 108-891 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2016 жылы 15 маусымда № 1029 болып тіркелді

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңы 9-бабының 34) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру және пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. «Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары С.М. Хорошунға жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланған кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Әкім                                       Ә. Жақсыбеков

Астана қаласы әкімдігінің
2016 жылғы 4 мамырдағы 
№ 108-891 қаулысымен  
бекітілген       

Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру және
пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағида) «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңына, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және Астана қаласының аумағындағы жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін ендірудің және пайдаланудың негізгі қағидаттарын белгілейді.
      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) басқарушы компания – жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін ендіру және пайдалану функцияларын жүзеге асыратын компания.
      2) уәкілетті орган – Астана қаласының жолаушылар көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;

2. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін ендірудің
мақсаты және міндеттері

      3. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізудің мақсаты Астана қаласының тұрғындары үшін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету, оның ішінде көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін жоғарылату, апаттылықты азайту, қоғамдық көліктің жұмыс істеу тиімділігін арттыру болып табылады.
      4. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің міндеттері:
      1) көлік жүйесінің пайдалану тиімділігін арттыру:
      а) көлік ағындарының өткізу қабілеттілігін ұлғайту;
      б) көліктің әр түрлерін пайдаланумен байланысты жолдағы кідірістерді азайту;
      2) жолдағы ыңғайлық пен жайлылықты арттыру:
      а) қоғамдық көліктің көліктік қолжетімділігін ұлғайту;
      б) жолдың жоспарланған учаскесін өту уақытының сенімділігі;
      в) жол жүрісі учаскелерінің жалпы және жеке қауіпсіздігі;
      3) жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету:
      а) жол жүрісі қатысушыларының қауіпсіздігін ұлғайту;
      б) жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту;
      5. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру, пайдалану және басқару басқарушы компаниямен жүзеге асады.

3. Басқарушы компанияның функциясы

      6. Басқарушы компания:
      1) жол жүрісін ұйымдастыру және жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесі мәселелері бойынша жолдарды қайта құру және салу кезінде техникалық шарттарды әзірлеу және келісуді;
      2) тұрғын үй объектілерін, коммерциялық жылжымайтын мүлікті, өндірістік кәсіпорындарды, өзге де инфрақұрлым объектілерін қайта құру мен салуды ескеріп, көше-жол желісіндегі жол жүрісін қолданыстағы және болжамды ұйымдастыруды көліктік талдауды;
      3) жаңадан әзірленетін және енгізілетін жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің техникалық ерекшеліктерін әзірлеу және келісуді;
      4) жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін біріктіруді жүзеге асырады.

4. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін ендіруге
қойылатын талаптар

      7. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін ендіру тәртібі:
      1) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу;
      2) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу;
      3) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;
      4) тестік сынаулар;
      5) жол жүрісін басқару жүйесін пайдалануға енгізу.
      8. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және ендіру туралы шешім қабылдағанға дейін басқарушы компания бастапқы деректерді жүйелі зерттеу жүргізуі тиіс:
      1) көше-жол желісінің паспорттарын;
      2) көше-жол желісін құру және қайта құру жоспарын;
      3) көлік түрлері мен көлік құралдарының типтері бойынша қозғалыс қарқындылығы мен жылдамдығы туралы алдын ала деректерді;
      4) жолаушыларды тасымалдаудың жоспарлы сызбанұсқасы мен жолаушылар ағынының санағын;
      5) жол қозғалысының қиындау және жол-көлік оқиғаларының ошақтары бойынша статистиканы;
      6) интелектуалды көлік жүйесін енгізу аймағының топологиялық картасын;
      7) көлік ағындарының қарқындылығы, жылдамдығы және оларды көше-жол желісінде көлік құралдарының типтері бойынша ажыратуды;
      8) таңғы, кешкі және маусымдық (саяжайлық) кезең бойынша қарбалас жүктемелерін;
      9) көше-жол желісі учаскелерінің өткізу қабілеттілігіне сұраныс сызбанұсқасын.

5. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін
пайдалануға қойылатын талаптар

      9. Интеллектуалды көлік жүйесінің орталық және перифериялық жабдығын күтіп-ұстау, пайдалану, ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстары өндіруші зауыт нұсқаулықтарына сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс.
      Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін объектілерін ұзақ мерзімді пайдалану мақсатында жабдықтың толығымен қолданыста болу кезеңіндегі олардың тұрақты функционалдық жарамдылығы қамтамасыз етілуі тиіс.
      10. Орталық және перифериялық жабдықты ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстарын басқарушы компания жүзеге асырады.

7. Қорытынды ережелер

      11. Қағиданың талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады