Сот сарапшысының әдеп кодексін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 наурыздағы № 304 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 30 наурызда № 14957 болып тіркелді.

      "Сот-сараптама қызметі туралы" 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сот сарапшысының әдеп кодексі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған осы бұйрықтың қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр М.Бекетаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2017 жылғы 27 наурыздағы
№ 304 бұйрығымен
бекітілді

Сот сарапшысы этикасының кодексі

1-тарау. Жалпы қағидалар

      1. Қазақстан Республикасы сот сарапшысы этикасының осы кодексі (бұдан әрі – Кодекс) "Сот-сараптама қызметі туралы" 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.

      2. Кодекс Қазақстан Республикасының сот сарапшылары басшылыққа алатын сарапшылық этиканың жалпы принциптері мен нормаларының жиынтығынан тұрады.

      3. Сот сарапшыларының Кодекс қағидаларын білуі және сақтауы, олардың кәсіби қызметі мен еңбек тәртібінің сапасын бағалау өлшемшарттарының бірі болып табылады.

      4. Осы Кодекстегі этикалық нормалар мен талаптар барлық сот сарапшылары үшін міндетті, олар оны бұлжытпай сақтауы тиіс.

2-тарау. Сот сарапшысы қызметінің этикалық принциптері

      5. Сот сарапшысы өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде мынадай принциптерді сақтауы тиіс:

      1) тәуелсіздік:

      сот сарапшысының тәуелсіздігі оның сот ісін жүргізуге қатысушылардың кез келгеніне: сараптама тағайындаған тұлғаларға, істің нәтижесіне мүдделі тараптар мен басқа да тұлғаларға қатысты тәуелсіздік пен турашыл көзқарасты ұстануын ұйғарымдайды. Сот сарапшысының тәуелсіздігі олардың қызметінің негізге алынатын принципі болып табылады;

      2) адалдық және объективтілік:

      сот сарапшысының адалдығы және объективтілігі оның кәсіби және жеке мінез-құлықтың мінсіз нормаларын ұстануын, өзінің тұжырымдары мен шешімдерінде тұрашылдықты сақтай отырып өз жұмысын білікті, ұқыпты орындауын ұйғарымдайды. Оның тұжырымдары мен сарапшылық қорытындыларына ағат түсінік немесе оған жасалатын қысым емес, тек қана заңды және шынайы ақпарат қана негіз болуы тиіс;

      3) әдептілік:

      сот сарапшысы адамдарға тілектес, өзінің кәсіби қызметіне ұқыпты және адал болуы, өзінің абырой-атағымен өз мүддесін білдіретін ұйымның абырой-атағын нығайтуы тиіс;

      4) кәсіби құзыреттілік:

      сот сарапшысы біліктілігі мен жұмыс сапасын, процестік заңнаманы, нормативтік құқықтық актілерді, әдістемелер мен әдістемелік ұсыныстарды, оқу құралдарын білудегі білімдерін ұдайы арттырып отыруы, сондай-ақ проактикалық дағдыларын жетілдіріп отыруы тиіс;

      5) мінсіз мінез-құлық:

      сот сарапшысы сот сараптамасы органының беделін нығайтуға әрдайым жәрдем көрсетіп отырады, құқық бұзушылық жасамайды және өзінің беделі мен сот сараптамасы органының беделіне зиян келтіретін мінез-құлықтан аулақ болады. Сот сарапшысы өзінің кәсіби қызметінде заңнама нормаларын, өзінің лауазымдық міндеттерін және жалпыға бірдей этикалық нормаларды бұлжытпай басшылыққа алады;

      6) ниеттестік:

      сот сарапшысы, өзінің немесе мекеменің беделіне нұқсан келтіруі, мүдделер жанжалын туындатуы, сот сараптамасы органының қызметіне тікелей немесе жанама түрде зиян келтіруі мүмкін жөнсіз қызметке тартылмауы тиіс;

      7) ақпараттың құпиялығы:

      сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізуге байланысты істің мән-жайлары туралы өзіне мәлім болған мәліметтер мен өзге де мәліметтерді жарияламауы тиіс.

3-тарау. Сот сарапшысына қойылатын этикалық талаптар

      6. Сот сарапшысы өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, "Сот-сараптама қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, сот-сараптама қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, осы Кодекстің ережелерін бұлжытпай сақтайды.

      Сот сарапшысы:

      1) қызметтік міндетін адал және жоғары кәсіби деңгейде орындауы;

      2) сот-сарапшылық зерттеулер жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді тиімді пайдалану үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруы;

      3) жоғары моральдық және адамгершілік өлшемдерге сай болуы тиіс. Адал, әділетті, қарапайым болуы, жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормаларды сақтауы, құқық қорғау, арнайы органдардың қызметкерлерімен және соттармен, сондай-ақ азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық және ізеттілік көрсетуі;

      4) қызметтік міндеттерін жүзеге асыруы кезінде заңдылықты қамтамасыз етуі;

      5) еңбек тәртібін бұлжытпай орындауы, кәсіби этика нормалары мен іскерлік мінез-құлық қағидаларын ұқыпты сақтауы, жұмыс уақытын тиімді әрі ұтымды пайдалануы;

      6) өзінің пайдалануындағы материалдық, техникалық және ғылыми-әдістемелік ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізуге арналған шығыс материалдарын ұтымды, тиімді және тек қана қызметтік мақсатта пайдалануы;

      7) әріптестерімен, сондай-ақ сот сараптамасын тағайындайтын адамдармен қарым-қатынаста әдепті және ілтипатты болуы;

      8) іскерлік этикет пен ресми мінез-құлық ережелерін сақтауы;

      9) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларды қабылдауы тиіс.

      8. Сот сарапшысы:

      1) өзінің лауазымдық міндеттерін ұқыпты орындауына күмән туғызарлық мінез-құлыққа;

      2) сот сарапшысының және ұйымның атына немесе абырой-атағына нұқсан келтіруі мүмкін жанжалдық ахуалдарға;

      3) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, лауазымдық тұлғалардың, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың қызметіне ықпал жасауы үшін қызмет бабын пайдалануға;

      4) заңмен тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген теріс қылықтармен құқық бұзушылық жасауға;

      5) айналасындағылар заңсыз сыйақы алу келісімі ретінде қабылдауы мүмкін мінез-құлықтарға (пікірлерге, қылықтарға, әрекеттерге);

      6) қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарға пайдалануға;

      7) шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратуға, соның ішінде сот мәжілісі барысында басқа сарапшылардың кәсіби сапасын немесе олардың қорытындыларының кәсіби деңгейін талқылауға және түсініктеме беруге, басқа сот сарапшысына кір келтіретін, сондай-ақ оған қатысты сыни ескертпелер мен пікір айтуларға жол бермеуі керек.

      9. Сот сарапшысы қызметтен тыс уақытта:

      1) жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларын болдырмауы;

      2) өзін сыпайы ұстауға және өзінің лауазымдық жағдайына басымдық бермеуі;

      3) өз тарапынан қоғамдық адамгершілік, тәртіп пен қауіпсіздікке қол сұғумен орайлас заңнаманың талаптарын бұзуға жол бермеуі және басқа азаматтарды заңға және қоғамға қарсы әрекеттер жасауға тартпауы тиіс.

      10. Сот сарапшысы өзінің міндеттерін орындау кезінде оның сырт келбеті қызмет жағдайы мен іс-шаралар форматына байланысты ресмилік, ұстамдылықты, дәстүрлікті, ұқыптылықты танытатын жалпыға бірдей іскерлік стильге сәйкес болуы тиіс.

4-тарау. Этикалық шиеліністер және оларды шешу

      11. Сот сарапшысы өзінің абырой-атағына немесе іскерлік беделіне зиян келтіруі мүмкін шиеліністі жағдайлардан аулақ болуы тиіс.

      12. Шиеліністі жағдай туындаған кезде сот сарапшысы тікелей басшысына хабарлауы және тиісті шаралар қабылдау үшін жанжал мәселесін талқылауы тиіс.

      13. Сот сарапшыларының осы Кодекстің ережелерін сақтау мәселесі аттестаттау, жоғары тұрған лауазымдарға ұсыну үшін кадр резервін қалыптастыру, сондай-ақ тәртіптік жазалар қолдану кезінде ескерледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады