Байланыс формасы

"Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 10 наурыздағы № 157 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 10 сәуірде № 15001 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 12590 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 31 желтоқсанда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар):

      3-тармақ мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-1) қазынашылық сүйемелдеу – Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарында "пилоттық жобаны" іске қосу үшін құрылыс объектілері бойынша құрылыспен байланысты бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын, қазынашылық органдарындағы шоттар арқылы жүргізілген төлемдердің барлық кезеңдерінде жобаның барлық қатысушыларының – бас мердігерлердің және қосалқы мердігерлердің салықтарды төлеуінің толықтығын қамтамасыз етуді бақылау;";

      Қағидалардың 19-қосымшасына сәйкес Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шартта:

      2.5.-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) жеткізілген тауарлардың саны, бірлік бағасы мен жалпы сомасын сипаттай, көрсете отырып, Өнім беруші/Орындаушы Тапсырыс берушіге ұсынған шот-фактура;";

      Қағидаларының 20-қосымшаға сәйкес Жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шартта:

      3.5.-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3.5. Ақы төлеу алдындағы қажетті құжаттар:

      1) <аумақтық қазынашылық органында тіркелген/қол қойылған> Шарт;

      2) орындалған жұмыстардың актісі (актілері)30;

      3) осы Қағидаларға 22-5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі бойынша есеп;

      4) Мердігер/Орындаушы Тапсырыс берушіге ұсынған орындалған жұмыстардың жалпы сомасын сипаттай, көрсете отырып, шот-фактура;

      5) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінің 115-1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша төлем сертификаты (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 5 желтоқсанда № 9934 тіркелді) (бұдан әрі - Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі).

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы қазынашылық сүйемелдеу үшін тапсырыс берушілер айқындаған қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде объектілер құрылысымен байланысты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде қолданылады.";

      4.1.-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4.1. Мердігер/Орындаушы:

      1) Шарт бойынша өзіне алған міндеттемелердің толық және тиесілі орындалуын қамтамасыз етуге;

      2) Шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде <сома> теңгеге тең Шарттың жалпы сомасының үш пайызы мөлшерінде Шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын және <сома> теңгеге тең Шартқа 1-қосымшаға сәйкес Шарт мәндері бойынша көзделген аванс мөлшерлерін, сондай-ақ <сома> теңгеге12 тең Заңның 26-бабына сәйкес соманы енгізуге міндеттенеді, бұл жалпы алғанда мынадай:

      мемлекеттік сатып алу веб-порталында (бұдан әрі – веб-портал) растау құжатының көшірмелерін орналастыра отырып, Тапсырыс берушінің № <кепілдік жарнасына арналған шот> банктік шотына <қала> қаласы бойынша <банктің атауына> кепілді ақшалай жарна;

      не:

      Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына 22-қосымшаға сәйкес веб-порталда электрондық көшірмесін орналастыра отырып, қағаз тасығышта не электрондық құжат нысанында банктік кепілдік. Банктік кепілдікті электрондық көшірмесін веб-порталға орналастыра отырып, қағаз тасығышта ұсынылған кезде банктік кепілдіктің түпнұсқасы қағаз тасығышта тапсырыс берушіге ұсынылады13;

      Бұл ретте Шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын Мердігер/Орындаушы Шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу мерзімі өткенге дейін ол Шарт бойынша міндеттемелерді толық және тиісінше орындаған жағдайда енгізбеуі мүмкін;

      3) Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде орындалатын Жұмыстардың Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын осы Шартқа қосымшаларда көрсетілген талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз етуге;

      4) Тапсырыс берушінің алдын ала жазбаша келісімінсіз Тапсырыс беруші немесе Шарттың талаптарын орындау үшін Мердігер/Орындаушы тартқан персоналды қосқанда, оның атынан басқа тұлғалар ұсынған техникалық құжаттаманың мазмұнын ашпауға міндеттенеді. Көрсетілген ақпарат бұл персоналға құпия және міндеттемелерді орындауға қажетті шамада ұсынылуы тиіс;

      5) Тапсырыс берушінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз жоғарыда тізбеленген құжаттарды және ақпаратты Шартты жүзеге асыру мақсатынан басқа мақсатта пайдаланбауға;

      6) Тапсырыс берушінің бірінші талабы бойынша Шарт бойынша міндеттемелердің орындалу барысы туралы ақпарат ұсынуға;

      7) Мердігердің/Орындаушының Шарт талаптарын тиісінше орындамауымен және/немесе өзге заңсыз іс-әрекеттермен келтірген шығындарды Тапсырыс берушіге толық көлемде өтеуге міндеттенеді;

      8) Тапсырыс берушіге веб-портал арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітілген орындалған жұмыстар актісін жіберу және ресімдеуге;

      9) Тапсырыс беруші орындалған жұмыстар актісін бекіткеннен кейін Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымының қағидаларына сәйкес электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда шот-фактура жазуға;

      10) Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне сәйкес қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде мемлекеттік сатып алу шотын ашуға;

      11) қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде объектілер құрылысымен байланысты инвестициялық жобаны іске асыру кезінде мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша қаражатты жұмсауды қазынашылық органдарында ашылған мемлекеттік сатып алу шоттары арқылы жүзеге асыруға;

      12) қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде объектілер құрылысымен байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қосалқы мердігерлер (бірлесіп орындаушылар) қазынашылық органдарында мемлекеттік сатып алу шоттарын ашу шартымен қосалқы мердігерлерді (бірлесіп орындаушыларды) тартуға. Мұндай талап тиісті қосалқы мердігерлік (бірлесіп орындаушылық) шарттарында көрсетіледі;

      13) қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде қосалқы мердігерлермен жасалатын шарттар бойынша ол қосалқы мердігерлік шарттарында қазынашылық органдарында ашылатын мемлекеттік сатып алу шоттарына ақшалай қаражат аудару туралы талаптың болуын және Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымы қағидаларына сәйкес шот-фактуралардың үзінді-көшірмесін жазып беру шартының болуын қамтамасыз етуге;

      14) талдау жүргізу үшін Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне сәйкес қосалқы мердігерлердің тізбесін мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуға;

      15) тәуекелдердің жоқтығы тұрғысынан талдау жүргізілген қосалқы мердігерлердің тізбесін қазынашылық органдарына ұсынуға;

      16) қазынашылық сүйемелдеу шеңберіндегі мемлекеттік сатып алу туралы шартта қазынашылық органдарында ашылатын мемлекеттік сатып алу шоттың деректемелерін көрсетуге;

      17) қазынашылық органдарында төлем сертификатын ұсынуға және Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне сәйкес қосалқы мердігердің төлем сертификатын ұсынуын қамтамасыз етуге;

      18) қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде объектілер құрылысымен байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шартты Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымы қағидаларына сәйкес электрондық шот-фактуралар арқылы орындауға міндеттенеді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшалары қазынашылық сүйемелдеу үшін тапсырыс берушілер айқындаған қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде объектілер құрылысымен байланысты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде қолданылады.";

      4.3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4.3. Тапсырыс беруші:

      1) Жұмыстарды орындау үшін Мердігер/Орындаушы мамандарының кіруін қамтамасыз етуге;

      2) орындалған Жұмыстардың сәйкес келмеуі анықтаған кезде дереу жазбаша Мердігерді/Орындаушыны хабардар етуге;

      3) Жұмыстарды қабылдау кезінде веб-портал арқылы орындалған жұмыстар актісін бекітуге не Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 426-4-тармағында белгіленген мерзімде оның қабылданбауына дәлелді негіздемелерді көрсете отырып жұмысты қабылдаудан бас тартуға;

      3-1) орындалған жұмыстар актісі бекітілгеннен кейін Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымының қағидаларына сәйкес электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйелері арқылы электрондық нысанда Мердігер жазған шот-фактураны қабылдауға;

      4) осы Шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде ақы төлеуді жүргізуге;

      5) инжиниринг компаниясының мердігерлерге (қосалқы мердігерлерге) Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне сәйкес төлем сертификатын ұсынуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы қазынашылық сүйемелдеуүшін тапсырыс берушілер айқындаған қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде объектілер құрылысымен байланысты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде қолданылады.";

      Қағидаларының 21-қосымшаға сәйкес Көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шартта:

      2.5.-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) осы Қағидаларға 22-5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі бойынша есеп;".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк сатып алу заңнамасы департаментi (С.М. Ахметов) заңнамада белгiленген тәртiппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде онын көшірмелерін баспа және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялануын;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады