Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 173 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 28 сәуірде № 15090 болып тіркелді.

      "Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мырзахметов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2017 жылғы 24 сәуірдегі
№ 173 бұйрығымен
бекітілген

Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жайылымдарды ұтымды пайдалану тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) алып тасталды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен;

      2) жайылым айналымы – Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес жайылымдарды өнімді жай-күйде ұстап тұру үшін оларды кезең-кезеңмен және бірізді пайдалану және оларға күтім жасау жүйесі;

      3) жайылымдарда жайылатын ауыл шаруашылығы жануарлары (бұдан әрі – ауыл шаруашылығы жануарлары) – ірі қара мал, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер;

      4) жайылымдардың оты-суының молдығы – жайылымдар алаңының бірлігіне шаққандағы жайылымдық шалғынның өнімділігі;

      5) жайылымдарды пайдаланушы – Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жайылымдарды пайдалану құқығына ие жеке немесе заңды тұлға;

      5-1) Жерді қашықтықтан зондтау – ғарыш және әуе кеңістігінен құрлық, мұхит және атмосфера элементтерінің өзіндік және шағылысқан сәулеленуін бақылау және өлшеу арқылы Жер беті туралы ақпарат алу процесі;

      6) жайылымдарды ұтымды пайдалану – жайылымдардың азықтық ресурстарын олардың экологиялық ерекшеліктерін ескере отырып және табиғатты қорғау нормаларын (жайылымдардың жалпы алаңына арналған жүктеменің шекті жол берілген нормасын қоса алғанда) сақтай отырып, қалыпты жай-күйі мен молығуы сақталатындай жағдайда пайдалану;

      7) алып тасталды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен;
      8) алып тасталды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен;

      9) шалғайдағы жайылымдар – елді мекендерден алыстағы аумақтарда шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу үшін пайдаланылатын жайылымдар.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.01.2020 № 7 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      2-1. Жайылымдардың ұтымды пайдаланылуын анықтау үшін "Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 3 шілдедегі № 252 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18997 болып тіркелген) сәйкес белгіленген шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуын мониторингтеу деректері пайдаланылады.

      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.01.2020 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      3. Жайылымдарды ұтымды пайдалану мынадай іс-шараларды қамтиды:

      1) жайылымдарды жайылым айналымдары мен су пайдалану көздерін ескере отырып пайдалану;

      2) "Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің шекті жол берілетін нормасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11064 болып тіркелген) бекітілген Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын (бұдан әрі – Жүктеме нормасы) қамтамасыз ету;

      3) жайылымдарды күнтізбелік графикті ескере отырып пайдалану;

      4) жайылымдардың шаруашылық айналымынан шығып қалуын болдырмау жөніндегі шараларды қабылдау, жерге арамшөп пен ағаш-бұта өсімдіктерінің өсіп кетуіне, сондай-ақ тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен қоқыстануына жол бермеу.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Жайылымдарды ұтымды пайдалану тәртібі

      4. Жайылымдарды пайдалану кезінде жайылымды пайдаланушы жүктеме нормасынан аспайтын мөлшерде ауыл шаруашылығы жануарларының болуын дербес қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Жүктеме нормасын қамтамасыз ету мақсатында жайылым пайдаланушының пайдалануындағы ауыл шаруашылығы жануарларының басы, жайылымдардың оты-суының молдығы туралы деректер пайдаланылады.

      Жер пайдаланушыға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарлары басының санын есептеу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан алынған мәліметтер бойынша Жерді қашықтықтан зондтауды жүргізу сәтіндегі деректер қабылданады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Жайылымдарды ұтымды пайдалану ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органы бес жылға бекітетін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлармен реттеледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 21.05.2024 № 169 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Жайылымдардың оты-суының молдығының төмендеуіне жол бермеу мақсатында мынадай іс-шаралар көзделеді:

      жайылым алқаптары алаңдарын жекелеген өрістік учаскелерге бөлу;

      жайылым учаскелерін жыл маусымдары бойынша кеңістікте және уақытпен (маусым, жыл ішінде) кезектестіру;

      жыл сайын жайылым айналымы учаскелерінің бірін өріссіз және ауыл шаруашылығы жануарларынсыз қалдырып отыру.

      8. Республиканың табиғи және шаруашылық жағдайларына байланысты жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстаудың мынадай жүйесі пайдаланылады: жайылымдарды шалғайда және жыл бойы пайдалану.

      Өсіру аймағына байланысты шалғайдағы жүйе жағдайында ауыл шаруашылығы жануарлары көктемде-жазда-күзде жайылымдарда, қыста толыққанды азықтандыруда ұстауда болады.

      Табиғи-климаттық аймақтарға байланысты жайылым пайдаланушылар жайылымды жыл бойына пайдаланады. Қолайсыз ауа-райы жағдайында мал шаруашылығы қора-жайлары пайдаланылады және тиісті ірі азық қоры жасалады.

      9. Алып тасталды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.01.2020 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады