"Білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартты және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы үлгілік келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 63 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі № 452 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 5 қазанда № 15847 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартты және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы үлгілік келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 63 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10610 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 5 маусымда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартта:

      1-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "1. Шартта мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) білім беру жинақтау салымы (бұдан әрі – салым) – салымшының немесе енгізушілердің жарналарын, капиталдандырылған қатысушы банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысын қамтитын, салымшының қатысушы банк шотындағы ақшасы;

      2) білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы (бұдан әрі - мемлекет сыйлықақысы) - білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына бюджет қаражаты есебінен жыл сайын белгіленген мерзімде төленетін ақша;

      3) білім беру жинақтау салымы туралы шарт - салымшының қатысушы банкпен жасасқан білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банктік салым шарты;

      4) білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімі (бұдан әрі - бірыңғай тізілім) - оператор мемлекет сыйлықақысын есепке жазатын салым шарттарын тіркеудің бірыңғай базасы;

      5) білім беру қызметтері - білім беру ұйымының білім алушыға жеке адамның білім алу қажеттіліктерін іске асыруға және білім беру бағдарламаларын меңгеруге бағытталған қызметтерді көрсету жөніндегі қызметі;

      6) білім беру ұйымы - Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлға;

      7) енгізуші - салымшының пайдасына білім беру жинақтау салымына жарна салуды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті немесе резиденті емес;

      8) қатысушы банк - Заңда белгіленген талаптарға сай келетін және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;

      9) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (бұдан әрі - МБЖЖ) - Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін және қатысушы банктердің халықтың салымдарын тартуына және оларға сыйақылар мен мемлекет сыйлықақыларын есепке жазуға негізделген білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған ақшалай жинақтар жүйесі;

      10) МБЖЖ саласындағы оператор (бұдан әрі - оператор) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және оның Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген шекте жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;

      11) салымшы - салым шартының тарабы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      12) банктік шот - клиенттің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақшасының қозғалысын, сондай-ақ клиентке банк қызметін көрсету бойынша клиент пен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасындағы шарттық қатынастарды көрсету және есепке алу тәсілі;

      13) банктік шотты тікелей дебеттеу - банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақша жөнелтушіден ақшаны алып қоюы және ақша жөнелтушінің осындай алып қою туралы алдын ала рұқсатының негізінде оларды бенефициардың пайдасына беруі.";

      11 және 12-тармақтар мына редакцияда жазылсын:

      "11. Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес салымшының банктік шотына үшінші тұлғалардан жарналар қабылданады.

      12. Салым қаражатын нысаналы мақсатта алу жағдайларын (ақшаны білім беру ұйымына үлестермен аудару) қоспағанда, салымшының банктік шотынан ақшаны ішінара алуға жол берілмейді.";

      20-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "20. Мемлекеттің есептеген сыйлықақысын қатысушы банк оператордың мемлекет сыйлықақысының мөлшері туралы анықтама-үзіндісі бойынша оператордан көрсетілген анықтаманы алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде мына жағдайларда:

      1) салымшының бастамасы бойынша Шарт бұзылған немесе мерзімінің аяқталуына байланысты салым Шарты бойынша міндеттемесі нысаналы мақсатын сақтамай тоқтатылғанда;

      2) салымшы білім беру ұйымынан шығарылған күннен бастап күнтізбелік үш жыл өткенде;

      3) Заңда белгіленген мерзімге жетпей мемлекет сыйлықақысының төлену фактісі анықталғанда;

      4) салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқанда;

      5) мемлекет сыйлықақысының артық есептелу фактісі анықталғанда бюджетке қайтаруы тиіс.";

      23-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "23. Қатысушы банк:

      1) Шарттың 20-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде республикалық бюджетке қайтарылуы тиіс мемлекет сыйлықақысының сомасын салымшының қатысушы банктегі кез келген банктік шотынан банктік шотты тікелей дебеттеу арқылы алып қоюға;

      2) салымшыдан/заңды өкілінен Шарт шеңберінде қажетті құжаттарды ұсынуын талап етуге;

      3) салымшының банктік шотына қате аударылған ақшалай соманы салымшының келісімінсіз алып қоюға;

      4) ұсынылған енгізу кезеңділігін және салымға қосымша жарнаның мөлшерін есептеуге;

      5) қатысушы банктің салымшының банктік шоты бойынша операциялар жасаған қызметі үшін комиссиялық сыйақыны қатысушы банктің шот бойынша операция жүргізген күні қолданыста болған тарифтеріне сәйкес, бұл ретте тікелей мемлекеттің сыйлықақы сомасынан ұстамай, өндіріп алуға құқылы.";

      25-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) салымшының банк шотына ақша қабылдайды;";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) мемлекет сыйлықақысы түскен жағдайда Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес оны салымшының банк шотына есепке жазады;";

      "26-тармақ мына мазмұнда жазылсын:

      26. Салымшы/заңды өкіл:

      1) ақшаны ұлттық валюта - теңгемен енгізеді;

      2) салым қаражатынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымындағы білім беру қызметтеріне ақы төлейтін жағдайда қатысушы банкке білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттың түпнұсқасын не көшірмесін ұсынады;

      3) салым қаражатынан шетелдік білім беру ұйымындағы білім беру қызметтеріне ақы төлейтін жағдайда қатысушы банкке оқуға қабылдану туралы растау құжаттарын (инвойс, шақыру хаты/білім беру қызметін көрсету туралы шарт) нотариалды куәландырылған мемлекеттік не орыс тіліндегі аудармасымен бірге ұсынады;

      4) білім алу үшін салымшыға білім беру гранты тағайындалуына байланысты салым қаражаты алынатын жағдайда "Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 23 қазандағы № 502 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4991 болып енгізілді) бекітілген нысанға сәйкес білім беру грантының тағайындалуы туралы куәлікті ұсынады;

      5) салымшының қаза болуына, соттың оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп тануы не қайтыс болды деп жариялауы немесе оның денсаулық жағдайы салдарынан оқуын жалғастыра алмауына байланысты салым қаражатын алу жағдайында растау құжаттарын ұсынады;

      6) барлық оқу кезеңі үшін білім беру қызметтерінің ақысы төленуіне байланысты салымда қалған қаражатты алу жағдайында білім беру ұйымының/шетелдік білім беру ұйымының растау құжатын ұсынады;

      7) салымшының тұрғылықты орны, жеке басын куәландыратын құжатының деректемелері өзгерген жағдайда өзгеріс енгізілген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде бұл туралы қатысушы банкке еркін нысанда хабарлайды;

      8) мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуына байланысты әрбір күнтізбелік жылдың 1 қаңтары мен 28 ақпаны аралығында салымды бір қатысушы банктен басқа қатысушы банкке аудармайды;

      9) салым қаражатын бір қатысушы банктен басқа қатысушы банкке және үшінші тұлғаның атындағы салымға аудару кезінде салым қаражатын алмайды;

      10) Шарттың 20-тармағында көзделген жағдайлар болғанда салымшының қатысушы банктегі кез келген банктік шоттарынан республикалық бюджетке қайтаруға жататын мемлекет сыйлықақысының сомасын қатысушы банктің алуына келісімін береді;

      11) Шарттың және Қазақстан Республикасы банк заңнамасының талаптарына сәйкес қатысушы банктің алдында өзге де міндеттерді орындайды.";

      38-тармақ алынып тасталсын;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы үлгілік келісімде:

      1-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "1. Келісімде мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) білім беру жинақтау салымы (бұдан әрі – салым) – салымшының немесе енгізушілердің жарналарын, капиталдандырылған қатысушы банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысын қамтитын, салымшының қатысушы банк шотындағы ақшасы;

      2) білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы (бұдан әрі - мемлекет сыйлықақысы) – білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына бюджет қаражаты есебінен жыл сайын белгіленген мерзімде төленетін ақша;

      3) білім беру жинақтау салымы туралы шарт (бұдан әрі - салым шарты) – салымшының қатысушы банкпен жасасқан білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банктік салым шарты;

      4) білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімі (бұдан әрі - бірыңғай тізілім) - оператор мемлекет сыйлықақысын есепке жазатын салым шарттарын тіркеудің бірыңғай базасы;

      5) білім беру қызметтері - білім беру ұйымының білім алушыға жеке адамның білім алу қажеттіліктерін іске асыруға және білім беру бағдарламаларын меңгеруге бағытталған қызметтерді көрсету жөніндегі қызметі;

      6) білім беру саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;

      7) білім беру ұйымы - Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлға;

      8) енгізуші - салымшының пайдасына білім беру жинақтау салымына жарна салуды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті немесе резиденті емес;

      9) кредитор – банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензиясы бар және мемлекет уәкілеттік берген ұйымның кепілдігімен білім беру кредиттерін ұсыну туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;

      10) кредиттік желі – қарыз алушыға кредитордың білім беру кредиті шартында айқындалған уақыт ішінде келісілген лимит шегінде оған ақша беру жөніндегі заңды түрде ресімделген міндеттемесін ұсыну;

      11) қарыз алушы – білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін жетіспеген сомаға кредитормен білім беру кредиті шартын жасасқан салымшы;

      12) қатысушы банк – Заңда белгіленген талаптарға сай келетін және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;

      13) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (бұдан әрі – МБЖЖ) – Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін және қатысушы банктердің халықтың салымдарын тартуына және оларға сыйақылар мен мемлекет сыйлықақыларын есепке жазуға негізделген білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған ақшалай жинақтар жүйесі;

      14) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және оның Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген шекте жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;

      15) салымшы – салым шартының тарабы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      16) салымшылардың басым санаты – Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес көтермеленген мемлекет сыйлыақысы есептелетін азаматтар санаты.

      17) банктік шот - клиенттің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақшасының қозғалысын, сондай-ақ клиентке банк қызметін көрсету бойынша клиент пен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасындағы шарттық қатынастарды көрсету және есепке алу тәсілі;

      2-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "2. Қатысушы банк енгізушілерден/салымшылардан жарналарды қабылдайды, салымшылардың банктік шоттарына сыйақыны есепке жазады және мемлекет сыйлықақысын есептеп аударады, ал оператор бірыңғай тізілімде тіркелген салымдарға есептелуге жататын мемлекет сыйлықақысының сомасын есептеуді жүзеге асырады және оны қатысушы банкке ұсынады.";

      7-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "7. Мемлекет сыйлықақысын алғаннан кейін қатысушы банк екі жұмыс күні ішінде берілген сыйлықақыларды салымшылардың банк шоттарына аударады. Мемлекет сыйлықақысы салымның негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады). Мемлекет сыйлықақысын уақтылы есепке жатқызбаған жағдайда қатысушы банк мерзімі өткен әрбір күн үшін 0,01 % мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.";

      мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Мемлекеттің сыйлықақыны артық есептеу фактісі анықталған жағдайда мемлекет сыйлықақысының артық есептелген сомасы бюджетке қайтаруға жатады.";

      13-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "13. Келісімнің 11-тармағының 2) және 3) тармақшаларында және 12, 12-1-тармақтарында көрсетілген фактілер анықталған жағдайда оператор үш жұмыс күні ішінде олар туралы қатысушы банкке хабарлайды.";

      20-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) салымшылар, банк шоттарының жай-күйі, салымшылар ақшасының қозғалысы, мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы мен оның сомасы туралы мәліметтерді алмасу жұмысын оңтайландыру мақсатында оператормен тиісті ақпараттық жүйені біріктіруге;";

      22-тармақта:

      4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) оператордың сұратуы бойынша салыстырып тексеру мақсатында мына құжаттардың көшірмелерін ұсынуға:

      салымшының жеке куәлігі;

      салым шарты;

      салымшының оқитындығын растау;

      салым қаражатын білім беру ұйымының банк шотына аударуға негіздеме;

      мемлекет сыйлықақысын төлеумен салымды алуға негіздеме;

      қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес ұсынылатын басқа да құжаттар;

      5) тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың онына дейін операторға салымшылар, банк шоттарының жай-күйі, салымшылар ақшасының қозғалысы, мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы және сомасы туралы мәліметтерді ұсынады;";

      10) және 11) тармақшалар алынып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті (С.А. Жақыпова) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е.Сағадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ___________ Б.Т. Сұлтанов

      2017 жылғы 19 қыркүйек

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады