Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидаларын белгілеу туралы

Жаңартылған

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 26 маусымдағы № 11-3 шешімі. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 19 шілдеде № 4867 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес және "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығын (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 маусымда № 11434 тіркелді) басшылыққа ала отырып, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары қосымшаға сәйкес белгіленсін.

      2. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы (А.Сұлтанов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы А. Амирханян
      Облыстық мәслихат хатшысы М. Құлшар

  Батыс Қазақстан облыстық
мәслихатының
2017 жылғы 26 маусымдағы
№11-3 шешіміне қосымша

Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары

      1. Осы Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 38-бабының 1) тармақшасына, 65-бабының 4-тармағына, 92-бабының 2-тармағына және 95-бабының 5-тармағына, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексінің 364-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 15) тармақшасына және "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 маусымда № 11434 тіркелді) сәйкес әзірленді.

      Осы Қағида Батыс Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық шекараларында орналасқан су объектілерінде ортақ су пайдалану тәртібін анықтайды және меншік нысанына қарамастан, барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті.

      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) ортақ су пайдалану – халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектілері жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекітіліп берілмей және судың жай – күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылатын су пайдалану;

      2) су пайдалану – жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;

      3) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға.

      3. Ортақ су пайдалануға:

      1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;

      2) судың жай-күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құралдарды қолданбай, жер үсті көздерінен су алу кезінде;

      3) рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;

      4) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;

      5) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.

      4. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      5. Қазақстан Республикасының Су кодексімен көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне рұқсат етілмейді.

      6. Халықтың экологиялық, техникалық және санитарлық – эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақсатында ортақ су пайдалану шектелуі немесе оған тыйым салынуы мүмкін.

      7. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      8. Халықтың экологиялық, техникалық және санитарлық – эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақсатында, мынадай жерлерде:

      1) халықтың шомылуы:

      ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде;

      шлюздерге, ағынды суды жіберетін орындарға, малдардың тұрағына және суарылатын жерлерге және басқа да ластау көздеріне, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген ластау көздеріне кемінде 500 метр жақын ара қашықтықта;

      температурасы төмен жер асты сулары шығатын, су иірімдері мен шұңқыр жерлерде;

      судың ағысы секундына 0,5 метрден асатын жерлерде;

      сазбалшықты учаскелерде, сондай-ақ қолайсыз және қауіпті табиғи факторлары бар кезде (жағалауы жайпақ, құлама жарсыз және шұңқырсыз, ал су айдынының түбі құмды, шылаусыз, балдырсыз, бұталарсыз және үшкір тастарсыз болуға тиісті).

      2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның оң қорытындысынсыз және облыстың жергілікті атқарушы органында міндетті тіркелмеген тікелей жер үсті және жер асты су объектілерінен ауыз суға және тұрмыстық қажеттіліктер үшін су алуға;

      3) зардап шеккендерді құтқару үшін пайдаланатын шағын кемелерден және басқа да жүзу құралдардан, сондай-ақ ұйымдастырылған жағажайларда пайдаланылатын шағын кемелер мен жабдықтардан басқа, адамдар көп шоғырланатын жерлердегі су айдындарында шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу тыйым салынады деп белгіленсін.

      8-1. Батыс Қазақстан облысының әкімшілік шекаралары шегінде орналасқан су объектілерінде шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу және оларды пайдалану Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы №354 "Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтауға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11197 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      Халықтың қауіпсіздігін және шағын көлемді кемелердің өтуін қамтамасыз ету үшін су пайдалануды оқшау немесе бірлесіп жүзеге асыратын су пайдаланушы келесі жұмыстарды ұйымдастырады:

      1) адамдардың шомылу аймағынан тысқарыда шағын көлемді кемелердің өтуі үшін қадалармен және ашық түсті қалқыма белгілермен қоршалған, "ДӘЛІЗ АЙМАҒЫНДА ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!" деген ескерту және шектеу белгілері бар, ені кем дегенде 10 метр және ұзындығы кем дегенде 100 метр дәліз жарақтайды;

      2) халықтың шомылу аймағын "ҚАЛҚЫМА БЕЛГІЛЕРДЕН ТЫСҚАРЫДА ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!", "ХАЛЫҚТЫҢ ШОМЫЛУ АЙМАҒЫНДА ШАҒЫН КӨЛЕМДІ КЕМЕЛЕРДЕ ЖҮЗУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!" деген ескерту және шектеу белгілері бар қадалармен және ашық түсті қалқыма белгілермен қоршайды.

      Ескерту. Шешім 8-1-тармақпен толықтырылды - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 30.09.2020 № 38-4 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша облыстың жергiлiктi атқарушы органы белгiлейдi.

      10. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.

      Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi.

      12. Облыстың жергілікті атқарушы органы тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады.

      13. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер облыстың өкiлдi органының шешiмдерiнде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасы Су кодексінің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды.

      14. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы облыстың өкілді органына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.

      15. Облыстың жергілікті өкілді органы ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.

      16. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.

      17. Су пайдаланушы жергілікті өкілді органынан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салынатыны және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      18. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:

      1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;

      2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;

      3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;

      4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитарлық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.

      19. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:

      1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;

      2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;

      3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;

      4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;

      5) су объектісі аумағында жанар-жағар май материалдарын сақтауға;

      6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;

      7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.

      19-1. Жергілікті атқарушы органмен бекітілген Батыс Қазақстан облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарда қозғалтқыштарының қуаты 40 ат күші және одан жоғары шағын көлемді кемелерді пайдалануға шектеу салынады.

      Ескерту. Шешім 19-1-тармақпен толықтырылды - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 30.09.2020 № 38-4 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      20. Осы Қағиданы бұзғаны үшін, кінәлі тұлғалар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.

      21. Осы Қағидаларда реттелмеген құқықтық қатынастар Кодекстің қолданыстағы нормаларымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен регламенттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады