Қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2018 жылғы 3 қаңтардағы № 2 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 23 қаңтарда № 16268 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процесстік Кодексінің 58-бабының 6-бөлігіне сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу туралы нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметі:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналасуын;

      4) осы бұйрықтың көшірмелерін қылмыстық қудалау органдарына жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволардың, мекемелер мен прокуратураның білім беру ұйымдарының басшыларына, облыс, аудан прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорларға жолдансын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Қ. Қожамжаров

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2017 ж. 3 қантардағы № 2
бұйрығымен бекітілді

Қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу туралы НҰСҚАУЛЫҚ 1-тарау. Негізгі ережелер

      1. Осы Қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу туралы Нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 42-1 және 58 бабының 6-бөлігі негізінде (бұдан әрі-ҚПК) әзірленді.

      2. Нұсқаулық сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу тәртібін анықтайды.

      3. Осы Нұсқаулықта келесі ұғымдар пайдалынылады:

      1) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі - СДТБТ) – ҚР ҚПК 180-бабының 1-бөлігінде аталған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себептері, олар бойынша қабылданған процестік шешімдері, жүргізілген әрекеттер, қылмыстық іс жүргізудің жылжуы, қылмыстық процестің арыз иелері мен қатысушылары туралы мәліметтер енетін автоматтандырылған деректер базасы, сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізуді іске асырады;

      2) "Электрондық қылмыстық іс" модулі (бұдан әрі – е-ҚІ модулі) – электрондық қылмыстық істі дайындауды, жүргізуді, жөнелтуді және сақтауды ұйымдастыруға арналған СДТБТ-ның функционалы;

      3) электрондық қылмыстық іс – қылмыстық қудалау органымен бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық себебі бойынша е-ҚІ модулінің функционалы арқылы электрондық форматта жүргізілетін бөлек өндіріс;

      4) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      5) СДТБТ-ның тұтынушы (бұдан әрі - тұтынушы) - нақты қызметті орындау үшін, өз құзыреті шеңберінде СДТБТ-ның пайдаланатын лауазымды тұлға;

      6) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      7) медиа-файлдар – қылмыстық процесті жүргізетін адамның шешімі бойынша, электрондық қылмыстық іске тіркелуге жататын, бейне, сурет және аудио материалдар;

      8) қолтаңба планшеті –қолтаңба иесінің қолжазба қолтаңбасының цифрлық аналогын құруға мүмкіндік беретін, жазу қаламынан (стилус) және графикалық планшеттен тұратын, мамандандырылған перифериалық құрылғы;

      9) SMS-хабарлама - ұялы байланыс және (немесе) электрондық пошта арқылы қылмыстық процес қатысушыларына хабарлау немесе қылмыстық процесті жүргізуші тұлғаға келу үшін мәтіндік хабарламалар жолдауға мүмкіндік беретін СДТБТ функционалы;

      10) жария сектор – қылмыстық процеске қатысушыға Интернет арқылы ақпараттық қауіпсіздік және құпиялылық талаптарын сақтай отырып, қабылданған процестік шешімдер туралы және өзге де СДТБТ-да бар мәліметтерге, өзіне немесе қорғалатын адамға қатысты қылмыстық істің материалдарына қашықтықтан қол жеткізуге, шағым және өтінішхат беруге мүмкіндік беретін СДТБТ-ның функционалы.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Электрондық сот ісін жүргізу сотқа дейінгі тергеп-тексеруді электрондық форматта жүзеге асыру, оның ішінде лауазымды адам қабылдаған процестік шешімдер мен әрекеттердің негізінде СДТБТ-ға электрондық құжатты енгізу немесе PDF-құжатты салу арқылы, сондай-ақ ЭЦҚ-мен қол қойылатын электрондық ақпараттық есеп құжаттарының қажетті деректемелерін (бұдан әрі – электрондық нысандар) толтыру болып табылады.

      Электрондық нысандардың қажетті деректемелерін толтыру тәртібі Қазақстан Республиксы Бас Прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларымен (бұдан әрі – СДТБТ-нің Қағидалары) анықталады (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9744 болып тіркелген).

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Бас Прокурорының 30.09.2022 № 195 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында электрондық форматтағы электрондық сот ісін жүргізу е-ҚІ модулінде:

      СДТБТ-да электрондық нысандағы қажетті есеп мәліметтері мен деректемелерді толтыру;

      е-ҚІ модуліндегі үлгіде электрондық құжаттарды және PDF-құжаттарын құру;

      қылмыстық процеске қатысушылардың электрондық құжаттарға ЭЦҚ немесе планшет көмегімен қол қою;

      қылмыстық процеске қатысушыларға хабарлама жолдау немесе шақыру үшін SMS-хабарлама жолдау;

      электрондық форматта қылмыстық істер мен құжаттардың қаралу процесін қамтамасыз ету мақсатында,соттармен электрондық іс-қимыл орнату;

      электрондық форматта зерттеуді тағайындау мен қорытындылар алу тәртібін жүзеге асыру, немесе Нұсқаулықтың 25-тармағына сәйкес қағаз түрдегі материалдарды электрондық форматқа ауыстыру үшін сарапшылармен, мамандармен электрондық іс-қимыл орнату;

      жария сектордың жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Электрондық қылмыстық істе PDF-құжатын құру барысында, қылмыстық процесті жүргізуші тұлға оның түпнұсқамен біртектес, сапалы және толық оқу мүмкіндігі болуын қамтамасыз етеді.

      Қылмыстық қудалау органдары PDF-құжатына аударылған құжаттар мен материалдардың түпнұсқаларының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Аталған құжаттар мен материалдар қылмыстық қудалау органымен тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін электрондық қылмыстық іспен бірге прокуратураға немесе сотқа жолданылуға жатады.

      Қағаздағы құжаттардың түпнұсқаларының сақталу мерзімі қылмыстық істің сақталу мерзімінен шығады.

      ҚПК 118 бабына сәйкес қылмыстық іске маңызы бар құжаттар мен материалдар заттай дәлелдеме ретінде танылады және сол күйінде PDF-құжатын құрмай қылмыстық іс материалдарына тіркеледі.

      Заттай дәлелдемелермен жұмысты ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 1291 қаулысымен бекітілген Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша затттай дәлелдемелерді, алып қойылған құжаттарды, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны, есірткіні, психотроптық заттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Электрондық қылмыстық сот ісін жүргізу тілі ҚПК 30 бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот іс жүргізу тілінен айырмасы бар тілде түсетін өтінішхаттардың, шағымдардың аударма жасалуын және олардың электрондық құжат құру немесе PDF-құжат жолымен е-ҚІ модуліне кіргізуін қамтамасыз етеді.

      Қылмыстық сот ісін жүргізу тілін білмейтін тұлғаларды электрондық құжаттардың көшірмелерімен қамтамасыз ету, оларды аудару және электрондық немесе қағаздағы көшірмесін ұсыну арқылы жүзеге асырылады.

      8. Қылмыстық процесті жүргізетін тұлға, қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу барысында:

      СДТБТ-ға электрондық нысандарды уақтылы енгізілуін;

      қылмыстық істі материалдарына сәйкес СДТБТ-ға енгізілген барлық ақпараттың нақтылығын;

      ҚПК-нің талаптарына сәйкес қылмыстық процестің барлық қатысушыларының құқықтарын сақтауды;

      ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жариялауға жол бермеуді қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Тарау 2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында электрондық форматта қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібі

      9. Қылмыстық қудалау органының лауазымды тұлғасы, авторизациялау және аутентификациялау процесін жүргізу барысында СДТБТ-да электрондық қылмыстық істі жүргізуге қол жеткізуді:

      Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығымен берілген ЭЦҚ;

      өз құзыреті шеңберінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) берілетін, дербес сәйкестендіру нөмір-кодының (бұдан әрі - ДСН-коды);

      биометрлік оқу құралын қолдана отырып, сәйкестендіру арқылы алады.

      Қылмыстық процесті жүргізуші тұлға, саусақ ізі бойынша сәйкестендіруді жүргізу үшін, алдын ала цифрлық сертификаттарды және сауалнамалық деректерді сақтау құрылғысына биометриялық өлшемдерін тіркеу рәсімдерінен өтеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Қылмыстық істің жүргізу форматын (электрондық немесе қағаздағы) таңдау жөніндегі шешім, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жүргізілуі тапсырылған қылмыстық процесті жүргізуші тұлға,оны өз өндірісіне алу барысында өзінің қарауымен қабылдайды.

      Қаулы шығарылғаннан кейін жиырма төрт сағаттың ішінде е-ҚІ модулінде автоматты түрде қадағалаушы прокурорға хабарлама қалыптасады.

      Бұл ретте, электрондық формат таңдалған жағдайда, СДТБТ-да дереу тиісті электрондық нысан, сондай-ақ электрондық құжаттың үлгісі толтырылады.

      Әрі қарай қылмыстық сот ісін жүргізудің қағаздан электрондық форматқа өзгертілуі, қылмыстық істерді біріктіру жағдайларын қоспағанда жол берілмейді.

      Қылмыстық процесті жүргізуші тұлға жиырма төрт сағат ішінде қабылдаған шешім туралы қылмыстық процесс қатысушылары - күдіктіге, айыпталушыға, олардың заңды өкілдеріне, қорғаушыға, жеке айыптаушыға, азаматтық жауапкерге, жəбірленушіге, азаматтық талапкерге, олардың өкілдеріне хабарлайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Бұрын қағаз тасымалдағышта құрылған қылмыстық іс материалдарының құжаттары, қылмыстық істі электрондық форматта жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін дереу, бірақ электрондық сот ісін жүргізу туралы қаулыны шығарғаннан кейін жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей PDF-құжаттар түрінде электрондық қылмыстық іске кірістіріледі.

      Бұл ретте, қылмыстық сот ісін жүргізуді электрондық форматта жүргізу туралы шешім қабылданғанша, СДТБТ-да автоматты түрде бірінші "АЕҚ-ты тіркеу туралы баянат", "Қылмыстық құқық бұзушылық туралы мəліметтерді анықтау туралы баянат", "Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны туралы прокурорға хабарлама" электрондық құжаттары қалыптасады.

      Электрондық қылмыстық істі жүргізу туралы шешім қабылданған жағдайда, жоғарыда көрсетілген баянаттар автоматты түрде жүйемен электрондық қылмыстық іс құжаттарына кірістіріледі, сондай-ақ электрондық қылмыстық іс тізімдемесінде көрсетіледі.

      Сондай-ақ, прокурорға жəне сотқа ілеспе хаттар үшін де автоматты түрде қалыптасу мүмкіндігі қарыстырылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Электрондық қылмыстық істі жүргізу, СДТБТ-ға енгізілген қылмыстық құжаттардың электрондық үлгілерін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

      Электрондық құжаттарды құру барысында, қылмыстық процесті жүргізуші тұлға СДТБТ-да бар үлгілерді пайдаланады, алайда құжат мәтінін өздігінен дайындайды.

      Электрондық түрде құрылған процестік және өзге құжаттарға қол қою, қылмыстық процеске қатысушылармен ЭЦҚ жолымен куәландыру немесе қол қою планшеті арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Қылмыстық процес жүргізуші тұлғаның шешімімен электрондық қылмыстық іске тіркелген медиа-файлдар е-ҚІ модуліне кірістірілуге жатады.

      14. Шығу арқылы жүргізілген тергеу әрекеттерінің (қарап-тексеру хаттамасы, эксгумациялау хаттамасы және басқа) қағаз түрінде құрылған немесе электрондық форматта енгізуге мүмкін болмаған қағаз жүзінде жасалған қылмыстық істің басқа материалдары бойынша, е-ҚІ модуліне кірістіріле отырып PDF-құжаты қалыптасады.

      Қағаздағы форматта келіп түскен және электрондық қылмыстық іс материалдарына тіркелетін құжаттар (өтінішхаттар, қолхаттар), қылмыстық процесті жүргізуші тұлғаға келіп түскеннен кейін осылайша PDF-құжатына ауыстырылады және е-ҚІ модуліне кірістіріледі.

      Көрсетілген құжаттардың PDF-құжатына ауыстыру және е-ҚІ модуліне кірістіру, құжат (материал) жасалған немесе келіп түскеннен кейін дереу, бірақ жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.

      15. Жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары зерттелгеннен кейін PDF-құжаты немесе медиа-файл түрінде электрондық іске енгізіледі.

      16. Электрондық қылмыстық іс жүргізу шеңберінде жолдама хаттарды, хабарламаларды, сұрау салу хаттарын қағаз түрінде жолдау қажеттілігі туындаған жағдайда, әрекет жасалғаннан кейін барлық қағаздағы құжаттар дереу, бірақ жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей PDF-құжатына ауыстырылады және е-ҚІ модуліне кірістіріледі.

      17. ҚПК-нің 43 бабының тәртібімен электрондық форматта жүргізілетін істердің әр қайсысын біріктіру қажет болса, қылмыстық процесті жүргізуші тұлғамен істерді біріктіру туралы қаулыны шығарғаннан кейін дереу, бірақ жиырма төрт сағаттан кешіктірмей е-ҚІ модулінде істердің біріктіруін қамтамасыз етеді.

      Егер біріктірілетін істердің біреуі немесе бірнешесі бойынша өндіріс қағаздағы форматта жүргізілсе, қылмыстық процесті жүргізуші тұлға қылмыстық істерді біріктіру туралы қаулы шығару барысында бір уақытта біріктірілген істің форматын белгілеу туралы сұрақты шешеді.

      Қылмыстық істің одан әрі жүргізілуі электрондық формат болып таңдалған жағдайда, қағазды форматта жүргізілген біріктірілетін қылмыстық істер материалдарының құжаттары дереу, бірақ тиісті шешім қабылданғаннан кейін жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей е-ҚІ модуліне қылмыстық сот ісінің жүргізу форматының өзгергені туралы енгізе отырып, PDF-құжаты түрінде электрондық қылмыстық іске кірістіріледі.

      Қылмыстық істі жүргізуді әрі қарай қағаздыформаты таңдалған жағдайда дереу, бірақ жиырма төрт сағаттан кешіктірмей, Нұсқаулықтың 23 тармағында белгіленген тәртіппен, электрондықтан қағазды форматқа ауыстыру жүзеге асырылады.

      18. ҚПК-нің 44 бабының тәртібімен электрондық қылмыстық істен бөлек өндіріске бөлектеу,е-ҚІ модулінде СДТБТ-нің бөлек нөмірін беру арқылы іс материалдарын бөлектеу жолымен жүзеге асырылады.

      19. ҚПК-нің 45 бабының тәртібі мен сотқа дейінгі тергеу мерзімдерін үзу барысында, е-ҚІ модулінде қылмыстық процесті жүргізуші тұлғаның құқықтары ҚПК-де көзделгеннен басқа, электрондық қылмыстық істің шеңберінде процестік және өзгеде әрекеттер жасауға шектеледі.

      20. Қылмыстық процесті жүргізуші органмен қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданғаннан кейін және қабылданған процестік шешімнің заңдылығы прокурормен зерделенгеннен кейін, электрондық қылмыстық іс мұрағатталуға жатады.

      Мұрағатталу тиісті мәртебені белгілеумен е-ҚІ модулінде автоматты түрде сақтау жолымен жүзеге асырылады.

      21. Қылмыстық процесті жүргізуші тұлғамен ҚПК-нің 186 бабының 1 бөлігіне сәйкес, электрондық қылмыстық істі тергеу реттілігімен жолдау жөнінде шешім қабылдауда, осы қылмыстық іс жолданғаннан кейін, оны жолдаған орган үшін қолжетімсіз (белсенді емес) болады.

      22. Қылмыстық істі жүргізуші тұлғаның қарауымен электрондық форматтан қағаз форматқа ауысу, егер штаттан тыс (мысалы, электр жарығының, байланыстың, е-ҚІ модуліне қосылуның болмауы) немесе төтенше жағдайлар орын алғанда, алайда сондай жағдай орын алған сәттен жиырма төрт сағат өткеннен кейін жол беріледі.

      Қылмыстық іс бойынша кезек күттірмейтін тергеу немесе процестік әрекеттер жүргізу қажет болған жағдайда, штаттан тыс немесе төтенше жағдай орын алған сәттен бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей ауысуға жол беріледі.

      Қылмыстық сот ісін жүргізуді электрондық форматтан қағазды форматқа ауысу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін қылмыстық іс материалдарын шет ел мемлекетіне жолдау қажет болғанда;

      қылмыстық іс материалдарына мемлекеттік құпия не басқа да заңмен қорғалуға жататын мәліметтерді тіркеу қажет болғанда.

      Электрондықтан қағазды форматқа ауысу кезінде, СДТБТ-да электрондық түрде уәжді қаулы және қылмыстық сот ісін жүргізудің форматын өзгерту туралы нысан толтырылады.

      Аталған шешім қабылданғаннан кейін дереу, бірақ жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей, осы Нұсқаулықтың 23-тармағында белгіленген тәрттіппен іс жүргізу электрондықтан қағазды форматқа ауыстырылады.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Электрондық қылмыстық іс жүргізу форматы қағаздағы қылмыстық іс жүргізу форматына ауыстырылған жағдайда, электрондық қылмыстық іс құжаттары басылып шығарылуы жүзеге асырылады. Бұл ретте, бұрын е-ҚІ модуліне енгізілген PDF-құжаттар сақтаулы тұрған жерден сұрату арқылы қағаздағы құжаттар түпнұсқасына ауыстырылады.

      24. Қылмыстық процесті жүргізуші тұлға, қылмыстық процес қатысушыларын хабарлау қажет болған жағдайда, СДТБТ ақпараттық жүйесінде 1414 бірегей номері арқылы SMS-хабарлама жолдау мүмкіндігін қолдана алады.

      SMS-хабарлама қылмыстық процес қатысушысының ұялы номеріне және (немесе) электрондық поштасына түседі.

      Қылмыстық процеске қатысушының ұялы телефоны юәне электрондқ поштасы болмаған жағдайда хабарлау қағаз жүзіндегі құжатты жолдау арқылы жүзеге асырылады.

      25. ҚПК-нің 79, 80-баптары негізінде электрондық қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде тартылатын сарапшылар және мамандар, қорытындыларды ҚПК-нің 116, 117-баптарына сәйкес құрады.

      Бұл ретте, қылмыстық процесті жүргізуші органның сұрауы бойынша, қорытынды қағаздағы данасымен бір мезгілде электрондық қылмыстық іске кірістірілуге жататын электрондық құжат нысанында құрылуы мүмкін.

      Қортындыны электрондық форматта құру мүмкіндігі болмаған жағдайда, қорытындының қағаздағы нұсқасы қылмыстық процесті жүргізуші тұлғамен солайша электрондық қылмыстық іске кірістірілуге жататын PDF-құжатқа ауыстырылады.

      26. Қылмыстық процеске қатысушы процестік мәртебе алған сәттен бастап ҚР ҚПК-нің талаптарын ескере отырып, жария сектор арқылы өзіне қатысты немесе қорғалатын адам туралы қабылданған процестік шешімдер, қылмыстық іс материалдары туралы СДТБТ-да бар және өзге де мәліметтерге қол жеткізуге құқылы.

      Жария секторіне қол жеткізу СДТБТ-нің Қағидаларымен регламенттелген.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Бас Прокурорының 30.09.2022 № 195 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауын қамтамасыз ету үшін, прокурор СДТБТ арқылы электрондық қылмыстық істердің материалдарына қол жеткізуге ие.

      ҚПК-да көзделген жағдайларда, е-ҚІ модулі электрондық қылмыстық істер бойынша қабылданған процестік шешімдер туралы қадағалаушы прокурорды ақпараттандыруды қамтамасыз етеді және прокурор үшін қылмыстық процесті жүргізетін органдардың келісу және бекіту, процестік шешімдердің заңдылығын тексеру рәсімін қарастырады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. ҚПК-нің 58 бабымен көзделген прокурордың өкілеттіктері электрондық құжаттарды немесе е-ҚІ модуліне PDF-құжатты кірістіру, сондай-ақ, электрондық нысандардың қажетті реквизиттерін толтыру арқылы жүзеге асырылады.

      29. Прокурормен немесе қылмыстық процесті жүргізуші тұлғамен электрондық қылмыстық істі сотқа жолданылуы СДТБТ АЖ-сы "Төрелік" сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесімен интеграциялау арқылы жүргізіледі.

3 тарау. Қорытынды ережелер

      30. Қылмыстық қудалау қызметін жүзеге асыратын және ҚПК-нің 58-63 баптарында көрсетілген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, тікелей өздерінің өндірістеріндегі немесе оларға бағынышты қылмыстық процесті жүргізуші тұлғалардың өндірісіндегі электрондық қылмыстық істер бойынша е-ҚІ модуліне қол жеткізуге ие.

      Прокурор өзі қадағалауды жүзеге асыратын немесе процес прокуроры болып белгіленген істер бойынша қол жеткізуге ие.

      31. ҚПК-нің 194 бабына сәйкес, тергеу, жедел-тергеу тобымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде, топтың өндірісіндегі электрондық қылмыстық іске сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын топтың мүшелері е-ҚІ модуліне қол жеткізуге ие.

      32. Қылмыстық процесті жүргізуші органдармен е-ҚІ модуліндегі СДТБТ-нің қолданушылар тізімі, нақты аумақтық және құрылымдық бөлімшелер бойынша электрондық қылмыстық істерге қол жеткізу деңгейін және уәкілеттіліктері анықталады.

      Аталған тізімнің негізінде уәкілетті органмен СДТБТ-ның қолданушыларының қол жеткізу құқықтары анықталады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      33. Қылмысты қудалаудың заңдылығы мен ведомстволық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық процесті жүргізуші орталық, облыстық (және оларға теңестірілген), қалалық (аудандық және оларға теңестірілген) органдардың басшыларын, қылмыстық қудалау мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелерін жетекшілік ететін олардың орынбасарларын, қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын басқармалар мен бөлімдердің бастықтарын, бағынышты және төмен тұрған құрылымдық бөлімшелер бойынша ведомстволық аумақтық бақылауды (кураторлық) жүзеге асыратын қылмыстық процесті жүргізетін органдардың орталық және облыстық аппараттарының қызметкерлеріне е-ҚІ модуліндегі электрондық қылмыстық істерге қол жеткізу қамтамасыз етіледі.

      34. Қылмыстық процесті жүргізуші органдардың кадрлық қызметтері е-ҚІ модуліндегі СДТБТ-ның қолданушылар тізіміне кіретін лауазымды тұлғаны тағайындау, босату, міндеттерді жүктеу туралы бұйрыққа қол қойылған күні, ол туралы уәкілетті органға жазбаша хабарлайды.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 15.02.2021 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      35. Ақпараттық қауіпсіздікен қамтамасыз ету мәселелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес іске асырылады.

      36. Осы Нұсқаулықтың талаптарын бұзғаны үшін, қылмыстық процесті жүргізуші органның лауазымды тұлғасы, сондай-ақ, е-ҚІ модуліне қол жеткізуге ие өзге де тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңамасына сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады